Бостандық философиясы
22.10.2024 602

Алаш қозғалысы еркіндікке бағытталған қозғалыс болғандықтан, бастаушыларының көзқарастарында ұлттық тәуелсіздік пен халықтың дербестігін ең басты мақсат етіп қойды. Олар қазақ халқының саяси, экономикалық және мәдени тәуелсіздігін қамтамасыз етуді көздеді. Алаш зиялылары ұлттық мемлекеттіліктің негіздерін құруға, саяси бостандық пен құқықтардың сақталуына ерекше мән берді. 


Ұлт қайраткері үшін ең маңызды, ең қажетті дүние – оның ұлттық теңдікке, халық бостандығы үшін күреске шығып, жанын да беруге даяр бола алатыны. 

Тарихи деректерден белгілі болғандай, Әлихан Бөкейхан 1905 жылғы Қарқаралы петициясына қол қоятын ең ауқымды жиында бүкіл «Дала қазақтарының діни жетекшісі, саяси серкесі» ретінде танылған. Бұл уақытқа дейін қазақ жерінің үштен екісін түгел аралап, түрлі экспедицияға қатыса жүріп, туған халқының жан саны, ұлттық ерекшелігі және олардың тұрмыс қалпы мен шаруашылығы, эко­номикалық айырмашылығы жайлы баға жетпес құнды материалдармен байытқан ғалымның потенциалы ұлтқа қызмет етуімен бірге анық қожасы болуға әбден лайық еді. 

Міне, осындай халық үшін аса қажетті жолдан өтіп, сеніміне ие болған Әлихан Бөкейхан бүкіл қазақтардың екінші құрылтай жиналысында (Орынбор, 1917 жылғы 12 желтоқсан) ең көп дауысты алып, демократиялық жолмен алты Алаштың көсемі болып сайланды. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдас­тық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген Әлихан Бөкейхан қазақ мемлекетіне автономия құруды көздейді. 

Орыс патшалығының отары болған елі үшін, алғашқы этапта автономияға қол жеткізсе, кейіннен тәуелсіздіктің ақ таңы да алыс емес екеніне сенімді еді. Бұл жағынан Ататүріктің жолы болды: шебер стратег, асқан дарынды қолбасшы бол­ғанының арқасында елде әскери жетістіктерге қол жеткізіп, республика құра алды. Тәж бен тақтан тұратын, өркениет ағысынан кеш қалған ескі жүйедегі империяны күйретіп, жаңаша жасау, өзгеше ел ету – оның ең зор бақыты! 

«Ұлттық егемендік – шынжырларды бал­қытып, тәж бен тақты күйрететін күшті нұр. Ұлттың құлдығына негізделген құрылымдар қайда болса да құлайтыны анық» дейді түрік көсемі. Өмірде қапысыз аңдалып, сәтті орындалған, сөйтіп тарих­тың өзі талай мәрте дәлелдеген бұл тұжырым Әлиханда «Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды» деген оймен айшықталады. 

Міне, осындай бар дүниенің, жаратылыстың ең әуелгісі де сөз еді. Әлемдегі барлық әрекет, іс-қимыл сөзден басталады. Сөз – ойдың қаймағы. Ой – сөздің тұнбасы. Қазақ халқының сөз өнерін ерекше қастерлейтінін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінің беташарында: «Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. 

«Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан», – деп пайымдайды. 

Адамзат ақыл-ойының, дана парасатының мәйегіне айналған ұлы сөздер мыңжылдықтар бойы өлмес-өшпес жазуларға айналып, мұқым қоғамды тәрбиелеуде қызмет етіп келеді. Еуразия кеңістігіндегі алып тас кітаптағы сөздер де біздің жүрегімізді тулатады. Бұл – біздің өз асыл сөздеріміз, жай отындай жасын ойларымыз! Олар біздің мерейімізді өсіреді! Жігерімізді жаниды! Намысымызды қайрайды! Рухымызды асқақтатады! Сол кездегі Түрік жұртынан ортадағы Алаш еліне шейінгі, одан бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тізілген сөздер атойына, рухына еріксіз бас иеміз. 

Қазақ «сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білген» халық деп дұрыс таныған Ахмет Байтұрсынұлы «қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» деген тұжырым жасайды. Әдебиет тарихында ұзақ жылдар бойы Асан Қайғы бабамыздікі деп телініп келген әйгілі жолдар да өзінің әділетті орнын тапты. Орыс ақыны Ю.Жадовскаядан аударып ана тілімізде:

«Таза мінсіз асыл сөз 

Ой түбінде жатады... 

...Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады» деп сөйленген өлең жолдары ұлт танымына сай үйлесе кетті. Дәл осы асыл сөзді телтумадан гөрі төлтума деп қарау өзектілігі өз алдына бөлек әңгіме.

Ахмет Байтұрсынұлы көсемі болып танылған Алаш ұлттық-азаттық қозғалысының дәуіріндегі ұлт сөзі тарихи миссиясын мінсіз атқарды. Профессор Т. Жұртбайдың пайымдауынша, «сол асыл сөзіміз ұлт боп ұйысқан, алаштап ұрандаған тұста ерекше сынақтан өтті, сол сын мезетінде айырықша көсемдік танытты. Оған өзінің даму тарихында бұрынды-соңды көтеріп көрмеген ауыр салмақ жүктелді. Ол ұлтты ұйытты. Ұйымдастырушылық, насихаттық, ұрандық қызмет атқарды. Сол асыл сөзіміз бір түп көдеден бастап, аспан аясындағы Алаш кеңістігін тұтас қамтыған атаулардың басын біріктіріп: жер дауы, жесір дауы, ру тартысы деген түсініктерді – ұлттық сана, ұлттық ойлау жүйесі, ұлттық идея, ұлттық мемлекеттік құрылым, тəуелсіз үкімет алқасы, Алаш кеңесі, ұлттық саясат, ұлттық мүдде, ұлттық саяси экономика, ұлттық тіл, ұлттық ғылым, ұлттық қорғаныс, алаштың ортақ отаны, ұлттық намыс, ұлттық мойынсұнбау, ұлттық əдеби тіл, ұлттық ғылым тілі деген ұғымдардың дəрежесіне дейін қасиеттендіре көтеріп, мұқым қазақты Біртұтас Алаш идеясы деген киелі тудың астына біріктірді. 

...Біртұтас Алаш идеясын ұйытқан сол ұлы сөздердің əрқайсысына басымызды иеміз жəне ол үғымдарға мəңгілік қарыздармыз».

Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздерін оқығанда ойыңа ой қосады, санаға салмақ түсіріп, пікіріңді ұштайды. Сөзіңнің бұлдырын анықтайды, тайғағын түзейді, қисығын тезге салады. Ойыңды алға жетелейді, ерік-жігеріңді ұмтылдырады, көзқарасыңды қалыптайды. Сөйтіп «айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамаған» (Абай) «жүректі» азамат, әділетті қоғам болуға үндейді. 

Ардақтылардың асыл сөздері – Алаштың алтын дәуірінің айна-қатесіз айнасы ғана емес, қазақ ұлтының мыңжылдықтар бойғы саяси-азаматтық және рухани-ағартушылық күрестегі атойшыл рухы, ұлт жолында құрбан болуға даяр ұлттық сана-сезімнің қайнары. 

Заманнан заман ауысып, жылдар жылжығанда қандай қоғамдық формациялар орнаса да, Алаш қайраткерлерінің шер толқытып шыққан асыл сөздері мағынасын ешқашан жоймайтын ұлт қазынасына айнала берері анық. Әрбір сөзінің қыры мен сырына қайта қарап, астарына үңіліп, ойымызға ой, сөзімізге дәлел, пікірімізге тиянақ болумен қызметі мәңгілікке арта бермек.