«Қазақ» газетіндегі оқу-ағарту, әдебиет мәселесі
30.09.2024 420

ХХ ғасырдың басы – қазақ қоғамының жаңғыру кезеңі. Алаш арыстары қазақ ұлтының өркендеуін мақсат тұтып, қазақ халқы өз дербестігін алу жолында аянбай еңбек етті. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақша кітаптар жарық көріп, баспасөз ісі ілгері дамып, ұлт зиялылары қазақ мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. «Қазақ» газеті зиялылардың саяси орталығы болып бүкіл іс-әрекеттің ұйымдастырушысы болды. Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі»-деп халықтың көзін ашуға, рухын оятуға әрекет етті. Алаш арыстары идеялық-саяси бағыттарының мақсат-мәнін халыққа толық жеткізу үшін халықтың «көз-құлағына» айналар, шын мәніндегі газетаны шығаруды мақсат тұтты.


Жалпы «Қазақ» жарық көрген 1913 жылы қазақ ұлттық баспасөзі үшін жаңа бір өрлеу жылы десе де болады. «Қазақстан» газеті қайта шыға бастаса, 1913 жылдың сентябрь айынан Петропавл қаласында екі тілде (қазақ, татар) «Ешім даласы» газеті бір жыл шамасы шығып тұрды. Бұл газет шағын көлемде, жетісіне үш рет «Ишимский край» газетінің баспаханасында басылып тұрды. Яғни 1913 жылы қазақ оқырмандарына 4 басылым ой тастады: «Айқап», «Қазақстан», «Қазақ», «Ешім даласы». Бұлардың ішіндегі беделдісі де, мол тираждысы да "Қазақ". Бұл газет қазақ зиялыларының 1905 ж. күресіне адалдығын сақтаған, қазақ халқының ұлттық тұтастығын, ел мен жер бірлігін жақтаған, сол арқылы бостандық жолындағы күрестен айнымаған басылым болды. Яғни бұл басылымның төңірегіндегі зиялы қауым таптық мүддені емес, жалпыұлттық, жалпы демократиялық мақсаттарды жүзеге асыруға күш салды, Сондықтан да «Қазақ» алғашқы бейресми жалпыұлттық саяси газет болып табылады [1,30].

Газетте XX ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә. Бөкейханның, Ш. Құдайбердіұлы мен С. Дөнентаев, Б. Майлин, С. Торайғыp, F Қараш, А. Мәмет сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалармен қатар Л. Толстойдан, А. Чеховтан, М. Лермонтовтан, B. Қороленкодан, Ш. Крыловтан алғашқы аудармалар жарық көрген [2,30].

Қазақ зиялыларының өзіндік баспасөзін өмірге келтіріп, сол арқылы қазақ ұлтының көкейкесті мәселелерін көтеріп, газетті ұйымдастыру орталығына айналдыруға ұмтылуы бірден-бір дұрыс бағыт, сара жол болатын-ды. Қазақ халқының қоғамдық өмірінде,  даму тарихында ерекше роль атқарған «Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 февралінде Орынбор қаласында «Қаримов, Хусаиновтар баспаханасынан» шықты.  Жоғарыда аталғандай, газет саяси орган болуымен қатар, қазақ мәдениеті, әдебиеті мен өнері, журналистикасының дамуындағы үлкен бір биік белес болды.  «Қазақ»- ұлт азаттығы мен мәдени-ағарту жолында салиқалы қызмет атқарған, тұшымды ой, татымды пікірлерге жол басшы саяси үні батыл басылым. «Қазақ» жетісіне бір рет апталық газет ретінде шығып тұрды. Басылымның «Қазақ» аталуында екі түрлі мағына барлығы аңғарылады. Біріншіден, газет жалпыұлттық газет болғандықтан, мақсаты жері бөлшектеніп, елі бытырап жүрген қазақ халқын топтастырып, бір ортаға біріктіру болғандықтан да ұлт атын иемденіп «Қазақ» аталды. Екіншіден, кітәби, әдеби, ғылыми айналымда қазақ атының өз аты аталмай, қырғыз аталып келгендігі белгілі, сондықтан, туған халқының төл атын қайта оралту мақсатында, қазақ зиялылары өз баспасөзін осылай атауды мақұл көрген. Ахаң сөзімен айтсақ: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздыз аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық» Мұның өзі газеттің символикалық  белгілерінен де көзге шалынады, «Қазақтың» бірінші бетінің оң жақ шекесіне казақтың киіз үйі, оның етегінде ірі араб графикасымен «Қазақ» деп жазылған. Газет үлкен форматты, 4 беттік болып жарық көрген, Тұрақты айдарларының ішінде «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар», «Басқармадан» ,«Өлең-жыр» үнемі сақталған, кей-кейде «Оқшау сөз» айдарымен де мақалалар жарияланған, ал тарихи, қоғамдық өзгерістерге байланысты «Соғыс», «Газеталардан» деген айдарлары болған, Сонымен қатар, келелі ойлар, кең толғаныстар бас мақалаларда айтылып, оларда көбіне саяси-әлеуметтік тақырыптар сөз болған. Ал экономикалық, шаруашылық және мәдени-ағартушылық мәселелерін сөз етер мақалалар бірнеше номерлерге жалғасып, сериялы түрде шығып отырған [1,32].

 «Қазақ» газетінің көп көңіл аударған мәселесі мәдени-ағартушылық істері болатын. Ұлт зиялылары қазақ жастарының оқығаның қалады. Өзге өркениетті елдер секілді қазақ жастарыда бәсекеге қабілетті болып, өз алдына қазақ ұлтының дербес мемлекет болуы үшін өмірлерін сарп етті. Қазақ халқының көзін ашу үшін алдына бірнеше мақсат міндеттер қойды. Ең алдымен халықты жаппай сауаттандыру жолын қарастырды. Шағын ауылдар мен аудандарға мектеп медреселер ашып, қаладан оқыған жастарды жіберіп ауыл азаматтарының санасын оятып, білімге құштарлығын арттырды.

Оқу-ағарту мәселесі – «Қазақ» газетінің ең өзекті тақырыптарының бірегейі. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы билікке мүлде қызықпаған адам. Әлихан Нұрмұхамедұлы сонда да Ахмет Байтұрсынды оқу-ағарту саласына жауапты болу қызметіне тағайындаған. 1919 жылдың 14 наурызынан кейін алаш зиялыларына кешірім жариялап, бітім орнайды. Алаш көсемі өз еркімен кеңес өкіметіне беріліп, ҚазАКСР-дің білім министрі болған. Сол кезде қазақтың оқу құралдарын шығарып, оқу саласында өлшеусіз еңбек еткен. Кеңсе тілін, құжат тілін жасаған. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газеті арқылы оқу-ағарту саласындағы мәселелерге сыни көзқарасын білдіріп, қате жерін дөп басып отырған. Билік басындағы Сәкен Сейфуллин ұлт көсеміне барынша жағдайын жасап, құрмет тұтқан болатын. Сәкеннің «Шамиль Манап» есімді бүркеншік есіммен «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы жарық көрген. Бірақ қазақ пен қырғыздың айырмасын ашып берген мақала «Түрік баласы» деген лақап атпен 1913 жылы жарық көрген. Тарихтан өз бағасын ойып тұрып алатын осы мақала.

«Қазақ» газеті көтерген басты мәселенің бірі – ағартушылық мәселесі. Білім және өнерді қоса алып, ағартушылық мәселесіне бас-көз болды. Ахмет Байтұрсынұлының  жолы үш тағанды бірліктен тұрады. Бірінші жолы – ұстаздық қызмет; екінші жолы – мектептің өркендеуін мақсат тұтқан журналист; үшіншісі – оқулықтар жазушы ғалым. «Қазақ» газетінде оқу жайы, оқу барысы туралы ұлт тұлғаларының мақалалары жарық көріп отыратын «Басқармадан», «Ішкі хабарлар» атты айдарлар болған. 

«Қазақ» газетінің бетінде  әліппе, оқу құралдары жайы, әсіресе, мектеп күйі қомақты да ауқымды ғылыми тұрғыдан терең әңгімеленеді. Мұның субъективтік себебі – газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынұлының бұл салада көп ойланып, ой-пікірін практикалық істе сынап көргендігін айрықша айту керек. «Қазақ» авторларының мектеп жайында нобайлай ұсыныс түрінде айтқандарын А.Байтұрсынұлы нақтылы мәселеге айналдырып, бір ойын екінші мақаласында дамыта, өмірдің қажетіне жақындата ірілендіріп отырды. Жалпы бастауыш мектептің жай-күйіне, келешекте қандай болуға тиісті екеніне, педагогикалық және оқу-методикалық мәселелер жайында білімдарлықпен пікір айтады.

Ең алдымен, өзінің ағартушылық ой-пікірін практикалық негізге сүйеніп айтуы арқасында ел-жұрттың ынтасы оқуға ауғандығын үгіт-насихатты сөзге айналдырмай, нақтылай айтады. Қазақтың оқу оқығанын медет етеді. Екіншіден, осындай ел біле бастаған елді қайда бастау керек, қандай бағыт-бағдар сілтеу керек деген келелі мақсатты алдына қойып, бүкіл оқу жүйесін тәртіптеу мәселесін көтереді. Үшіншіден, мектеп ашу, оқу құралдарымен қамтамасыз ету әңгімелерін мұғалімдердің атқарар міндетімен сабақтастырып, бір-бірінен ажырамас бірлікте, қарастырады. Төртіншіден, оқудың түпкі мақсаты не болмақ, кім қандай саясат жүргізу керек деген мәселені де қоса қамтиды.

Осы проблемалардың әрқайсысын тарата баяндар болсақ, ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлы өзі басқарып отырған «Қазақ» газетінің позициясы әшейінгі ағартушылық идеясын насихаттау емес, нақты практикалық тұрғыдан шешуге, іске айналдыруға тырысқандығымен дараланады, түбегейлі өзгерісті қалаған төңкерісшілдікті аңғартады. Ахмет Байтұрсынұлы тіпті оқу ісінің өзінде-ақ реформаторлықтан асып, революционер-демократ болғандығын әркез танытып отырады [3,95-98].

Қазақтың басты бағыты ағартушылық мәселесі болды. Қазақ жастарының білімге құштарлығын ояту мақсатында қызмет етті. Мысалы, "Оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтын шаруасына, бір жақтан, надандықтан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен, теңдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына киянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер білімге мезгіл өтпей түрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік», десе «орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқып, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек», - дейді. Газет 1913 жылы жариялаған материалдарында оқудың мән-жайын, маңының айтып көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№ 61), «Мектеп керектері» (№ 62), «Оку мезгілі» сияқты мақалаларында мектеп, медресе жайларын нақты көрсетіп, мұқтаждарын айтады [2,31].

1913 жылы «Оқу жайы» атты мақала жарық көрген. Авторы – Ахмет Байтұрсынұлы. Білім алу тек оқумен емес, әлеуметтік жағдайға да байланысты екенін айтады. Мектепт хал-ахуалын, амалдарын келтіреді. Әлі күнге дейін маңызды болып отырған қазақтың тек шикізат шығарушы екенін айтады. Шығарған шикізатты өзіміз өндіру керектігін айтады. Бұған себеп – надандықтың зиянынан деп біледі. Надан болмау үшін білімді болу керектігін, бірақ қазақ даласында білім беретін орындар аз екеніне күйінеді. 

Мысалы, Торғай уезінде 1912 жылдың 1 январында 570.109 қазақ тұрған болса, қазақ балалары оқитын мектептің саны 132; Қостанай уезінде 1909 жылы 112.657 қазақтан қазақша оқыған еркектер саны 6065, әйелдер саны 379, орысша оқып хат танығандар еркектен 690, әйелден 29 деп санақ мәліметтерін келтіріп, тұрғындар санына шаққанда, мектептер санының аз екендігін жазады. Мектеп саны аз болғанымен қатар, мұғалімдердің де саны аз екенін айтады. Аз болуының сыры – мұғалім дайындайтын орындарда тегін оқуға аз-маз орын бөлінетінін айтады. Өз қаражатымен оқуға жағдайы жетпейтінін айтады. Кедей балаларына қаражат қысастық танытып отырса, бай-бағланның балалары оқуға ниеті жоқтығын баяндайды. 6 млн қазаққа алты ат жегіп, тарта алмайсың деп өкпелеп керек еместігін айтады  [4, 20-21].

1914 жылдың 9 майдағы нөмерінде «Бастауыш мектeп» атты мақаласын жарық көреді. «Қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек?» және «Ол мектептердің қажеті не?» деген сауалдарға қазақтың ұлы ағартушысы А. Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында-ақ: «Правила бойынша, қазақ тілімен, қазақ әрпімен бастап оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ, халықтың өз тілімен, өз әрпімен оқығанын әркімдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерімен ана тілімен, ұлт әрпімен бастап оқытамыз дей қоймады. Сөйтіп, правила қазақ жүзінде бар болса да, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғанның бәрі де үкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған жайлар. Бастауыш мектептер жалғыз үкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Үкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталуы. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс болуға керек, яғни қазақтың діні, тілі жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек»,- деп жауап берген болатын [2,31].

 Бастауышта қалыптасқан білім мықты болса, тамыры берік болатынын түсінеді. Бастауыш мектеп бес жыл болсын дейді. Алғашқы үш жылында қазақ тілінде білім алса, 2 жылында орыс тілін оқыса жеткілікті деп есептейді. Бастауышта оқуды, жазуды, дінді, тарихты, тілді, есепті, георграфияны, шаруа мен кәсіпті, жаратылыстанудың пәндері оқытылсын дейді. Ауылдық жерлерде оқу бағдарламалары, құралдары, тәртібі қалыптасуын, оқытушылар жіберу керектегін айтады. 

1913 жылдың 8 тамыздағы тағы бір нөмерінде жарияланған «Земство» деп аталатын бас мақаласы біздер үшін өте құнды тағы бір мәлімет береді: «Россиядағы халықтың бәрін қосып жіберіп, топтап санағанда, жүз адамнан 20 адам-ақ хат білетін болып шығады, біздің қазақ облыстарында жүз кісіден 5 кісі-ақ хат біледі». Бұл – күні бүгінге дейін қазақ халқының революциядан бұрын 2%-ті сауатты болған деп келгенімізді жоққа шығарады. Жоғарыда келтірген Қостанай уезіндегі цифрларға қарасақ, 1909 жылдың өзінде сауатты қазақтардың проценті 8-ден асып түседі, ал А.Байтұрсынұлы шамамен 5 пайыздан деп келтіріп отыр.

1914 жылғы санында «Мектеп керектері» атты мақала жарық көреді. Мектептің жаны–мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һəм сондай болмақшы», – деп негізгі жүктің оқытушыда екенін ескер-теді. Екінші, «оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һəм сайлы болу керек»дейді, бұл жол да ұстаз-əдіскер өзісімен өнеге болды. Əдіскер-ғалым мектептің үшінші керегі«жоспарлы жосық»деп білген, яғни, келісілген кемел бағдарлама. Осы бастапқы үш керекті дұрыс жолға қоя білу  –  басты міндет дейді. Жəне: «Ана тілмен оқытамыз деген пікір – кіл орыс-танбасқа, тілі басқа жұрттың бəрі қуаттайтын пікір.  Ана тілмен оқу бізгеде керек екендігін де ешталас болмасқа керек» деп қорытады [5,12].

А.Байтұрсынұлы 1913 жылы жазылған «Қазақша оқу жайынан» мақаласын жариялайды. Мақалада қазақты оқыту ісі алдыға басып, әркім өзінің білетін ісімен айналысса екен деп бастайды. Қазақ оқумен ғана алдыға басатының оқыту жұмыстарында бірнеше кемшіліктерді атап өтеді. Қазақтың болашағы оқыған жастардың қолында деп жастарға үлкен үміт,зор сенім артады. «Бiз болысымыз, басқа жұрттың болысындай, елдi баға алмайтын мiнiн айтып жатырмыз, билерiмiзде содиядай əдiлдiк жоқ, мiнiн айтып жатырмыз, дəрiгерлерiмiз, бақсыларымыз доқтырдай ауруды емдей алмайтын мiнiн айтып жатырмыз, халқымыздың басқа жұрттай бiлiмдi емес, надандық мiнiн де айтып жатырмыз. Бұлардың мiнiн айтқанда бала оқытуымызда қандай мiн барын да айтып, əуелi бiз елдi түзеудi бала оқыту iсiн түзеуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, билiк те халықтық та – оқумен түзеледi. Қазақ iсiндегi неше түрлi кемшiлiктiң көбi түзелгенде оқумен түзеледi.  Бұл күндегi үлкендердiң бiздiң   жаңалық          iсiмiздi        жатырқап, жаңалық      пiкiрiмiздi түсiнбей, айтқанымызды тыңдамай, iстегенiмiзге қосылмай отыр. Олар өтiп, кейiнгi жастарымыздың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуiнiң үмiтi жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып  қалай  тəрбиеленуi бəрiнен бұрын ескерiлiп,          бəрiнен жоғары қойылатын жұмыс» - деп қазақ жастары оқумен ғана жетістікке жететінің, оқу үшін бірнеше міндетерді орындау керектігі айтып қортындылайды [7, 432-434].

М.Дулатұлы 1915 жылы жазылған «Торғайдағы орысша оқу» мақаласын «М.Д» деген бүркеншік атпен  жариялайды. Торғайда елдің он үш ұлысы бар. Торғай егін салуға жарамсыз болғандықтан мужиктер келмегенін айтады. Жүз төрт мың үш жүз он екі пенде мекен етеді. Бұлар болса екі мың жеті жүз адамға үш мектептен берген. Орыс тілін оқу ары қарай дамытпаса, ұмытып қалатынын меңзейді. Бұл мақаласынан оқу жағдайын жан-жақты ойластырғанын, оқушылар мен мұғалімдерге жалпы халыққа тиімді болуын ойластырғанын байқаймыз [6,256].

1915 жылдың 4 сәуір санында «Школдарда ана тілімен оқу» мақаласы жарық көрді. Кезінде жарияланған патша манифесі дұрыс орындалмай, әуре-сарсаңға түскенін жазады. Кейін қателіктер шығып, оны түзетуге арнайы адамдар барғанын жазады. Алғашқы 2 жылдық оқыту ана тілінде, соңғы жылдары орыс тілінде болатынын айтады. Қаулы шыққалы 5 жыл болғанын, оқу министрлері ауысқанын ескереді.

Оқу-ағарту жүйесін жөнге салу үшін мектеп статусын, оның ішкі құрылысын жолға салу айрықша қажет деп білді. «Елді түзеуді біз бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген қағиданы әрқашан ұстанып отырды. Және 1913 жылы айтқан ойларын келесі жылдарда өсіре, дамыта түскенін де айқын байқаймыз. Осы уақытқа дейінгі ауыл және болосной мектептің жай-күйін айтқанда қазақша оқытатын ауыл мектептерін өркендете беру жайына көп көңіл бөлсе, 1914 жылы бүкілресейлік мәжілісте бұратана елдердің бастауыш мектебін дұрыстап жүйелеуді ұсынады.

1870 жылы Оқу ағарту министрлігінің жарлығы өсіп-дами келе 1910 жылы Мемлекеттік думада «мектептерде оқу орыс тілімен оқылсын» деп тұжырымдалды. Бұл тежеусіз отаршылдықтың асқынған анайы түрі екені сөзсіз. Осыны Ахмет, Міржақыптар мықтап түсінгендіктерін әр сөзі мен ісінде танытып отырады. «Оқу-білім әр жұртқа, халыққа әлемдік даму деңгейінде болып, басқалалармен аазаматтық тұрғыдан тең, өзінің рухани-эстетикалық тұрғысынан мәдени өресінің биік болуы үшін, өзінің тілін, дінін, ұлттық келбетін дамыта беру үшін керек болса, патша отаршыларына, үкіметіне қараңғы, надан болғаны керек» дегенді 1914 жылы ашық айта білді. Қазақ арасына орыс мектептерінің терең тамыр жая алмай жатуының себептерін батыл айтып, ашық жазды. Сол ойын жүзеге асыру үшін әр түрлі айла-амалдар жасалып жатқанын тартынбай көрсетті. Ауыл мектебіне қарағанда орыс школдарының бар жағынан жабдықталуының бір сыры орыстандыру саясатында жатқанын именбей айтты. «Балалар ана тілімен оқыса да, орыс харпімен оқысын деді. Бұл айтылғанның бәрі хүкімет пайдасын көздегендіктен істеліп жатқандығын Ахмет  дер кезінде айтып, ескертіп отырды.

Байтұрсынұлының 1913 жылғы Усыл сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппесінен бергі уақытқа шыққан кітаптардың бәрі осы негізде болғанын, оқу-жазуды жеңілдеткенін мақтана айтуға тиіспіз. Күні бүгінге дейін ғұмыр кешіп келеді. Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық жазу тәртібі өз нәтижесін берді [3, 95-98].

 

«Қазақ» газетіндегі әдебиет мәселелері

 

 «Қазақ» газетінде әдебиет пен мәдениетке арналған мақалалар көркемдік таным-білік жағынан да, тарихи түсінік жағынан да тереңдей түсіп, әдебиеттің жалпы мәселелері жанрлық шолу, кейде баяндама түрінде, кейде нақты ақын-жазушыларға арналған ғұмырнама түрінде көрініс беріп жатты. Тіпті, әдебиет тарихын дәуірлеу талабы да кездесті [3,98].

Жазба әдебиеттегі «Қазақ» газетінің рөлін М.Әуезов айрықша бағалаған. «Жазба әдебиетте Ибарһимнен кейін аты алатын – «Қазақ». «Қазақтың» уақыты әдебиетте ұлтын сүйген ұлтшылардың уақытымен ұқсас» [8, 231] – деп өз еңбегінде келтірген. 

 «Қазақ» әдебиет мәселелерін талдағанда әдеби-эстетикалық принципті, пайымды ұлт тарихы мен мүддесіне байланысты пайдаланды. «Тіл мен әдебиет жойылса – ұлт жойылады» сынды тұжырым-ойлар осы кезеңде жарық көрді. Жәдитизм өрістеп, Алаш зиялыларының қозғалысына айналар тұста «Қазақта» әдеби концепциялар өмірге келді. Жиырмасыншы ғасырдың басында әдеби эстетикалық концепциялар болуына түрткі ой – қазақ әдебиет әлеміне Ресей арқылы Еуропа әдебиеті мен жәдитизм татар мәдениеті арқылы Шығыс мәдениеті келуінде еді. Әдебиет алыптарын тану мен ұлықтауда «Қазақ» өлшеусіз еңбек еткені белгілі. Сондай-ақ, қазақ ұлтынан бөлек, татар, орыс қаламгерлерінің еңбегін бағалап отырған [9,184-186].

Әдебиеттің жалпы мәселелері мен жанрлары жайындағы мақалалар мен зерттеу «Қазақ» газетінде там-тұмдап көріне бастаған уақытта жалпы қазақ баспасөзі өз халқының данышпан ұлдарына, дарынды ақындарына, жалынды жырауларына, елді өнер бұлағынан сусындатып жүрген өнерпаздарына ілтипат білдіріп, олардың артында қалған мол мұраларын насихаттау, үлгі-өнегесін көпке таныстыру үздік-создық болса да жүріп жатты. Соның ең үлкен де мағыналы көрінісі – Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан туған «Қазақтың бас ақыны» дейтін атақты мақаласы. Ол – Абайға арналғандығымен ғана емес, тереңдігімен, білгірлігімен, талап-талғамының қомақты да ажарлылығымен дараланатын ғылыми қисынды кесек еңбек. 1913 жылдың №39, №40, №43 сандарында жарық көрген. 

Ахмет  Абай өлеңдерімен 1903 жылы танысқан. Өнерін қызыға да тұшына оқып, құдіретті сөздің бар болмысын, асылдың қыры мен сырын ұғып тереңнен шыққан тұнық сезімі мен тың ойларын оқырманмен бөлісуге асығады. Абай шығармашылығының ерекшеліктерін тамыршыдай дөп басып, нақты көрсеткен мақала қазақ көркемдік танымының алуан иірімдерін аңғарып алатын мүмкіндігін танытты. 

Мақалада Абайдың өмірбаянына қатысты деректердің жүйелі баяндалуы, Абай заманының өзгешелігі, одан өзгеше өнер көрсетуге себепкер болғандығын айтқанда бір мәнді арнаға, яғни кеңес мәдениеті мен әдебиетіне жанасу жайына айрықша мән бере баяндайды. Абай орыс ақындарымен танысқаннан соң, сөз қадірін жете білгені айтылады. Мақаланың ең бір өзекті тұсы – өлең жазудың қадірлі іс екенін Абай ұққаны турасында. Әрине, профессионалдық даму жолына түсу тек қана сөзді, ойды салмақтандыра да көркемдей түсудің ғана айла-амалымен шектелмейтін кезеңдегі ерікті де еріксіз жағдайдың, яғни заман дамуының әсері еді деп қорытуға негіз бар еді. Әйтпесе «айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең еместігі, өлең жазушылар болғанымен, келістіріп жазушылар таңдама екендігі, жұрт мағыналы терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді тыңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген [10,218]» деген түйіні дұрыс ойдың ішінде кейіннен етек алған, басқалар даурықтырып әкеткен теріс көзқарастың ұрығы жатқанын аңғармасқа болмайды. Орыс, батыс үлгісіне іш тарту керек болғанымен өзіңнің ғасырлық көркемдік тәжірибеңді жүдетпеу, төмендетпеу керек еді. Әсіресе, осы пікір кеңес заманында лаулаған отқа айналды, құбыламыз батыс болып, ұлттық дәстүрлер аяқ асты болды. Белинский «орыс әдебиеті Пушкинге дейін жоқ еді [6;250]» деді деп біз де осы пікірге иландық. Тіпті, Белинский болсын, одан кейінгілер болсын не өзіміздің сыншыл-ойшылдарымыз болсын бір халықтың ғасырлар бойына азықтанып, рухани қуат тұтып келе жатқан көркемдік арналарын кемсітіп дұрыс еместігін анық көріп отырмыз [3,98-100].

А.Байтұрсынұлының бұл шығармасы – сын элементтері кездескенімен, таза әдеби сын емес, танымдық мақала. Мақаладан автордың білімдарлығы, сыншылығы, біреудің табысына шын жанымен қуана білетіндігі, адалдығы, өнерге, өлеңге деген махаббаты айқын аңғарылады. Мақала соңында Абай кітаптарының кейбір облыстарға тарамай жатқанына қынжыла отырып, бұдан былай ақын шығармаларын газеттерінде жиі беріп тұратынын хабарлайды. Абайтану мәселесі «Қазақ» газетінде толыққанды түрде көрініс тапқан. Өмірхан Әбдімановтың «Қазақ» газеті» еңбегінде нақты зерттеліп, деректермен келтірген. 

«А.Құнанбайұлынан асқан бұрын-соңды дәуірде қазақта біз білетін ақын болған емес». Сындарлы да сырбаз, асыра мақтап, артық айтуға жоқ сарабдал сыншы Ахмет мақаласын осылай бастауы неліктен? Оқушы назарын бірден аудару үшін бе, әлде басқа бір мақсаты бар емес пе? Біздіңше, әңгіме Абайдың ақындық ұлылығында емес, ол талассыз тұжырым, оны Ахмет кейінірек оралымды ой, орнықты пікірлермен нақты дәлелдейді. Әңгіме басқада. Ахмет «Қазақ» газеті арқылы Абайды жалпақ жұртқа танытпақ ойда болған.

Бірақ, «Қазақтан» бұрын Абай туралы пікірлер айтылған. Т.Кәкішев «Сын сапары» атты еңбегінде: Абай ақындығына баспасөзде («Дала уалаяты, 1989) алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев [11,70], - деп бағалайды. 

Абай өмірі мен творчествосының білгірі Қ.Мұхамеджанов: «Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов [12,15]», - екенін айтады.

Алаш арыстарының дені Абай шығармашылығын тануда біраз қызмет атқарған. Солай дегенмен де, бұл мақалаларда өмірбаянына баса назар аударған. Ақындығы туралы, өлеңді дамытудағы атқарған қызметі айтылғанымен, терең зерттелмеген. Демек, нағыз әдеби талдауды, жүйелі сөз, жоғары талғаммен Ахмет қазақтың бас ақынына көркемдік тұрғыдан алғашқы әділ, нағыз бағасын берген.

Абайдың дәуір жүгін арқалаған сөзінің құпиясына үңіліп, Абай әлемінің әсемдік сырын ашуға ұмтылады.

«...Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас, бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік»,- деп бір түйіп алады. Сөйтіп, Абай сөзін ұғынудың қиындығы Абай поэзиясының жылтыр сөзден құралмай,  мағынасы терең ойлы сөзден жатқандығынан деп біледі. «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, үздік, артық. Ол оқшаулық , артықтық басқа ақындардан Абайдың сөзінде ғана емес, өзінде де болған» -дейді Ахмет. Абайдың өскен ортасына, тәлім-тәрбиесіне, өмір жолына көз жіберіп, осылардан қалыптасар адамдық болмысына ой тастап, одан туындаған пікірлерін автор ортаға салады. 

«Әрбір сөзі оқырманға сын» Абай ақындығының өзгелерден оқ бойы озықтығын оның өмірден түйгенімен қатар, терең білімпаздығынан деп таныған Ахмет, Абай білімінің құнары европалық ғылым-білімде деп есептейді. Абай білімінің негізі жайлы жаза келе «Михаэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен бәлки кетер еді, қандай үлгілі, қандай мағыналы, қандай асыл, қандай терең сөздер жерге көмілер еді. Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ» деген ой айтады.

Абай туралы мақаласында Ахмет ақын шеберлігінің сыры неде деген сұраққа жауап іздейді. «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Міне, Ахмет тапқан Абай шеберлігінің сыры осыларда жатыр. Жалпы ақынға, өнерпазға тән қасиеттің бәрі бойына жинақталған Абай ақындығының табысы да, табиғи ерекшелігі де әлгі Ахмет айтқан үш нәрседен күш алады, сондықтан да шығармасы «қай жағынан болса да толық».

Ахмет мақаласында Абай шығармашылық тұлға ретінде толық болмысымен көрінді. Абай шығармаларының төл ерекшеліктерін нақты мысалдар, өлеңдерінде өрілген көркемдік белгілер арқылы ашып көрсете алады. Сондықтан да бұл мақала қазақ көркемсөз танымының алғашқы ірі қадамы болып саналады. Өйткені қазақ сөз өнерінде жеке ақын творчествосына эстетикалық талдау жасап, биік  көркемдік талғамнан өткізу – онша жиі кездесе бермеген құбылыс. Қазақ әдебиетіндегі осынау соны сүрлеуді Ахмет Байтұрсынұлы салып,  әдеби творчествоны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан талдауды қалыптастыруға талпынғаны, өскен мәдениеттің белгісі еді. 

Міржақыптың «Абай» мақаласы – Абайды тануда орны бар көлемді мақала. 1914 жылдың №67 санында жарияланған. Абай Құнанбайұлының өмірден өткеніне 10 жыл толғанына орай жазылған мақаланың  басты құндылықтары бар. Бірінші, Абай ақындығын, мұрасын, ұлылығын ұғынудың алғашқы соқпағын салушылардың еңбегін көрсетіп, зерттеушілер есімін нақты атауымен бағалы. Екінші, Абайдың қазақ әдебиетіндегі төрден алар орнын көрсетудегі өзіндік пайымдауларымен құнды.

Міржақып осы мақаласында Абайды елге танытушы Әлихан мен Ахмет екенін айтып, оларға жоғары орын береді. Творчествосы туралы түйіндеулерінде әдебиеттің халық өміріндегі орны жайында айтқан Ахметтің қадау-қадау пікірлерін дамыта отырып, «тарихи әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес» деп түйеді. Сондықтан да ол Абайды қазақ әдебиетінің көркі көріп, Абайдың ұмытылуы – қазақ әдебиетінің ұмытылуы, жоғалуы деп санайды. Абайдың қазақ әдебиетінің алтын діңгегі екендігін, одан көз жазып қалу болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнә екендігін ескертеді. Міржақып Абай ақындығын терең түсініп, «әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай ойы боларға керек. Абайға дейін қазақ қолға алып оқырлық шын мәніндегі қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. ..Бәлки мұнан кейін, Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жұлдыз – Абай»,- деп Абай ақындығының әділ бағасын береді.

Мақаласында Абай есімін ұмытпау тұрғысында істеліп жатқан шараларды қуана қарсы алып, осы жолда ізденіп жүргендердің ісін құптайды. Семейдегі Абай кешін өткізген оқыған қазақ жастарының ісінен игіліктің бастамасын көреді. Абайды болашақта жан-жақты таныр, Абайды жаттап өсер күннің туарына сенім білдіреді. Міржақып болашаққа зор сеніммен қарап, «ол күндерді біз көрмесекте, рухымыз сезер» деп түйіндейді. 

Еске түсіру кеші Абай шығармаларын насихаттаудағы игілікті шаралардың бірі еді. Кеш туралы «Қазақ» газетінде «Тілші» атты бүркеншік есіммен мақала жарық көрген. Онда «Бұл жағрафия жұртының жұмхиатының кеші халықты сүйсіндіріп, көңілін ашты: «Бізде де Абайдай данышпан адам туады екен-ау, атағы қазақ түгіл орысқа да шығып, өзі өлсе де, терең ойларын, қымбат сөздерін, түрленген күйлерін жұртына мирас қылып, артына қалдырғандай» деп жұрт шаттанды» - деп жазды. «Абай туралы» баяндаманы Нәзипа ханым орысша оқыды» [1,117-122]. 

Сонымен Әлихан Бөкейханның 1905 жылы жазылған шағын таныстыру мақаласынан бастау алған Абайтану ілімі «Қазақта» жарияланған. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны», М.Дулатұлының «Абай» атты мақалалары арқылы кең арнаға шықты; жаңа биіктерге бет алды, Абайдың ұлы ақын екенін бар қазаққа жарық етіп, Абайтану саласындағы болашақ ізденістердің бағыт-бағдарлары айқындалды [13,29-30].

Алаш зиялылары Абай шығармашылығын жоғары бағалап, Абай жолын көрсетіп берді. Туған жерінде кесенесі көтеріп, тәу етіп, басына құран оқитын қасиетті орынға айналды. Абай Құнанбайұлының 150 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Осы жылы Абайдың жүз жетпіс бес жылдығы кең көлемде атап өтілуге арнайы бағдарлама жасалынып, қыруар іс-шараның мақсаты ақынның мерейтойына орайластырды. Қарапайым адамнан Президентке дейін Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқу челлендж түрінде  дүйім қазақты шарпып өтті. Абайды насихаттауда сол кездегі Алаш зиялыларының, оның ішінде, Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың ерен еңбектері бар деп білеміз. Өздері көрмесе де, рухтары сезінді. Осы  мақалалардың жарық көруіне ұйытқы болған «Қазақ» газетінің де еңбегі ұшан-теңіз. Абай – Алашорданың темірқазығы. Абай мен Алаш бір ұғымды білдірген. Абай Құнанбайұлын «қазақтың бас ақыны» деп ұлықтаған Алаш зиялыларының ерлігі тасада қалмауы, ескерусіз болмауы керек. 

Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Шоқан Уәлихановтың еңбегі «Қазақ» газетінде еленіп, ерекше айтылды. 1914 жылдың №71 санында Міржақыптың мақаласы жарияланған.

«Қазақ» газеті мәдениетіміздің ұлы тұлғасы Шоқан, Ыбырайлар жөнінде кесек-кесек дүниелер беріп, сын мен ғылымның өресін биіктетіп тастағаны тарихи шындық. Міржақып Дулатұлының «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» атты мақаласы сөзімізге дәлел. Бұл мақала Шоқандай дарын иесін, тағылымы мол ғалымды қазақ оқушысына бұрынғылардан әлдеқайда терең таныстырады [3,101].

Өмірхан Әбдіманов өз еңбегінде Міржақыптың Шоқан туралы жазған мақаласына тоқталады. «Автор білімімен, қаламымен халқына еңбек сіңірген азаматтардың өнер-білімі өз жұртына қадірі болмауына өкінеді. Өкіне отырып, кеш болса да кемшіліктің орнын толтыруға «50 жыл дегенде» мүмкіндіктің туып отырғанына шүкіршілік қылады. Сөйтіп өз мақаласында Шоқанның өмірбаянына кеңірек тоқтап, мол мағлұматтар, тың деректер береді. Автор Шоқанның туған халқына еткен еңбегін жоғары бағалап, оны негізсіз өсектен арашалайды.

«Шоқан мұсылманның зиянына қызмет істепті, мұсылман шаһарларын бастап алдыртыпты» деп, теріс түсініп өсектейтіндер бар көрінеді. Бұл өсектің Шоқанға жабылған жала екендігі, «Шоқан ... таза пікірлі, ұлтын сүюші жігіт ...». Бұл пікірлерін Міржақып дәйекті түрде дәлелдейді. Сөйтіп, Міржақып қазақ халқының ұлы перзенті Шоқан Уәлихановты халқына қайта қайтарады. Оның қысқа ғұмырында істеп кеткен бар еңбегін әлі де жинай алмай жатуымызға өкінеді [1,146-147]. 

«Қазақ» газеті тыңнан өрістеген әдебиет кештерін өткізу сынды жақсы дәстүрлеріне бірыңғай насихат жұмысын жасады. Әдебиет құлашын кеңге жайып, халықтық сипатқа айналуына өз үлесін тигізген. 1914 жылдың №51 санында «Семейдегі әдебиет кеші», 1915 жылдың №114 санында «Қазақ әдебиеті кеші», 1916 жылдың №166 санында «Торғайдағы әдебиет кеші» атты мақалалар осындай мақсаттармен құнды. Кешті ұйымдастырған азаматтардың аты ардақталып, бағаланған. Семейде Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар, Торғайда Ғұмар Алмасов пен Қосмұхамед Жабағин есімді тұлғалар айрықша көзге түскен. 

Қазақ әдебиеті жайлы баяндамалар жасалып, салт-дәстүрге бейімделген ойындар көрсетілген. Газетте мұндай кештерді өткізудің пайдасы молынан екендігін мойындаған. Ең алдымен, рухани азық, содан кейін қаржылай пайда. Кештен түскен қаржы сыртта жүрген студенттерге жөнелтілген. Мұхтар Саматовтың «Арақты Нәзипа ханым» хаты – сөзімізге дәлел. «Былтыр Семейде мұқтаж оқушылар пайдасына деп сіз басшылық қып жасаған әдебиет кешінен маған да 18 сом ұйғарылды дегенді «Қазақтың» бір нөмірінде шығарып еді. Оның артынан сіз маған хабар бердіңіз... Енді ол ақшаға мұқтаждығым жоқ. Биыл маған степендия шықты. Егер де областной правлениеден ол ақшаны қайтарып қайта алсаңыз, басқа бір пайдалы жеріне жаратар едіңіз» деп 1916 жылдың №171 санында жарияланған[1,142].

1915 жылдың 9 мамырында «Бір керек жұмыс» деген мақала басылған. Авторы – Нәзипа Құлжанова. 1915 жылғы ұйымдастырылған бұл кеш оңайлықпен өтпеген. Кеңес өкіметі кеш барысында оқылатын туындылар газетте не кітапта басылу керек болған. Сол себепті мұны ілгері дамыту үшін, кітаптарды жиірек шығару керектігін айтады. 

1916 жылдың №166 санында И.Темірбековтің «Торғайда әдебиет кеші» атты мақала жарық көрген. Қосмұхаммед Жабағин есімді азамат әдебиет туралы баяндама жасаған. Өткен дәуірдің ақындарын саралай келіп, Ыбырай Алтынсариннің есімін ерекше атайды.

1917 жылғы 253 және 254 нөмірлерінде Ақмешітте, Ақтөбеде, сондай-ақ Торғайда, Томскіде өткен әдебиет кештері жайлы хабарлар мен оның бағдарламалары қоса басылған. Кейбіреуі қысқа хабар жанрында жазылса, енді біреулері көлемді мақала, репортаж іспеттес. Мысалы, Семейде өткен қазақ әдебиеті жайлы кештен жазылған материалдар жиынның қалай өткені егжей-тегжейлі баяндалған. Онда Райымжан қазақ әдебиеті жайлы көлемді баяндама жасаған. Онан соң Нұрғали Құлжанов шығып, Біржан-Сара туралы әңгімелеп береді. Сараның рөлін Тұрар Қозыбағова, Біржанды Жүсіпбек Аймауытов ойнайды. «Бұлардың шыққан түрі, отырып өлең айтқаны әлгі жиылған жұртқа Біржан сал мен Сараның өздері отырып айтысқандай-ақ көрінді». Содан соң Абайдың, Ыбырайдың өлеңдері оқылып, Жүсіпбек, Әли, Қайқабай бала, Әлмұхамет сияқты әншілер ән салады. Үшінші бөлімде Бала мен Жанақтың айтысы, төртіншіде қазақтың бұрынғы киімдері көрсетіледі. Осының барлығы тәптіштеліп баяндалған [13,35-36].

Әдебиет мәселесінің жай-күйін сипаттаған мақаланың бірі «Әдебиетімізге көз салу». 1916 жылғы 64 нөмірінде жарияланған «Әдебиетімізге көз салу» атты мақаланың тақырыбы әдеби шолу сияқты көрінгенмен де проблемалық мақалаға жатады. Мұнда негізінен 2 мәселе – қазақ тілі мен әдебиеті қай бағытта дамуы керек – көтеріледі. Автор «Әдебиетіміз үшін жаңа тіл, жаңа қазақша әдеби тіл тұрғызу ләзім» дейді де «Қазіргі қазақ тілі үшін жаңа сөздер, жаңа түрлер, жаңа кестелер жетпейді, дұрыс, қазақ тіл басқа түрік тілдеріне қарағанда самобытность – өзіндік жағынан байырақ һәм тазарақ. Қазақ тілі анықтағанда, гибкость – икемділігіне, павность – ағымы тегістігінде. Радлов секілді түрікшілдердің ойынша, еуропа тілдерінен франк тілімен тең» - санайды.

«Еліктеу дәуірін басымыздан кешірмей кете алмаймыз, бірақ кімге еруіміз мақұлырақ? Кімге ерсек заманға, логика-мантиққа да тура келер? Бұл мәселені мен орыс-Еуропа мәдениетіне еру мақұлырақ болар деп шештім» - дейді автор. Өйткені Тоқай, Гаспринский, Абайлар орыс әдебиетінен үйреніп барып, даңқы шықты. Абайда кезінде араб-парсы жолына баруға болатын еді, бірақ олай жасамады деп, еуропа әдебиетіне шақырады. Өз ойларын ортаға салып, оқырманды осы мәселе төңірегінде пікірлесуге шақырған [13,34].

Бұл мақала жайлы Өмірхан Әбдіманов өз еңбегінде толыққанды жазады. «Әдебиетімізге көз салу» мақаласы «Н» атты бүркеншік есіммен жарияланған. «Н» - Нәзипа Құлжанова. Нәзипа – қазақ әйелдері арасынан шолпан жұлдыздай жарқырап шыққан алғашқы педагог. Өзі орыс мектептерінде әдебиет пәнін оқыта жүре, әдеби зерттеумен, ақындық-аудармашылықпен айналысқан, мәдени-әдеби кештерді ұйымдастырудың шебері танылған қазақтың біртуар қызы.

«Әдебиетімізге көз салу» программалық мақала. Мұнда әдебиет байланысы, бәр-бәріне әсері, үйрену, тәжірибе мектебі, дәстүр мен жаңашылдық жан жақты сөз болып, қазақ әдебиетінің бағыты қандай болу керек деген өткір ой төңірегінде сөз қозғалады. Қазақтың жазба әдебиеті жаңа қалыптасып келе жатқан жас әдебиет, ендеше ол кімнен үйрену керек, кімге қарап түзелу керек деген мәселеде автор пікірі айқын. Автор көзсіз еліктеуге қарсы. Көзсіз еліктесе жақсылыққа апармайтынын біраз әдебиеттерді қарап отырып көз жеткізеді. Шағатай әдебиеті араб, парсы әдебиетімен қалыптасқанын, Науаи сындылар Сағди, Хайям сынды парсы классиктерінен үйренгенін айтады. Алайда мұндай еліктеу сәтті бола бермейтініне Осман-түрік әдебиетін мысал ретінде келтіреді.

Автор өзіне тән негізді сақтау үшін, ұлт әдебиетіне не нәрселер керектігін айтады. Егер басқа әдебиеттерге еліктейтін болсақ, алдымен өз тұрмыс-халімізді білуіміз, үйренуіміз, халық ауыз әдебиетін жиып, тәртіпке келтіруіміз керек деп есептейді. Әдебиет пен тұрмыс егіз ұғым болу керектігін баса назарда ұстайды. Бұл мақала қазақ әдебиетінің болашақтағы жолын саралаған, әдебиет жайында «Қазақ» газетінің позициясын көрсеткен мақала [1,59-160]. 

Сәбит Мұқанов шығыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне жасаған игі әсерін 4 салаға бөліп қарады. «Шығыс әдебиеті деген уақытта ең әуелі – Әбілқасым Фирдоусидің эпос жасау жолы, екінші – Шайқы Сағдидың дидактикалық поэзиясы, үшінші – Хожа Хафиз бен Омар Хайямның бұ дүниенің рақатынан ләззат алуға үндеген лирикасы, төртінші – софы ақындардың жолы» [14,226-229]- деп тарамдалып, әрқайсысынан пайдалы жағын да, пайдасыз жағын да атап өтті. Демек, Шығыс әдебиетінің татар мәдениеті арқылы қазақ даласына жету мәселелерін саралап, жіктеп қарауды қажет етеді. 

Тарихи дамуға көз салғанда тіл мен әдебиет мәселесінде қазақ зиялылары «татарландыру» идеясына қарсы болғанмен, татар мәдениетінің озық үлгілеріне, кемеңгер қайраткерлеріне құрмет көрсетуден тартынған емес. Татар халқы біздің «бауырымыз, туысқанымыз, қарындасымыз» деген жылы сөздерге пенделік жасалмады, оқу-ағарту, өнер салаларындағы жетістіктерінен үлгі алуға үндеген материалдарды «Айқап» пен «Қазақ» бірқыдыру мол жариялады.

«Қазақ» газеті Маржани, Исмаилбек Гаспринский, Ғабдолла Тоқай сынды айтулы азаматтардың еңбегін насихаттап, тарихи рөлін бағалап отырды. Газеті бүкіл түркі тілдес елдердің ұлы перзенттеріне арналған құнарлы мақалалар мен зерттеулерді де жарыққа шығарды. Міржақып Дулатұлы «Тоқай» ( №9, 1913), «Ахмет Иасауи» (№16-17, 1913), А. Байтұрсынұлы  «Исмаил Гаспринский» (№72,1914), қазақ үшін еткен еңбегі әрқашанда бағаланған Григорий Николаевич Потанин туралы Әлихан Бөкейхановтың (№15,1915), М.Дулатұлы ( №15, 1915), қызметіне 25 жыл толған «Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев» (№155,1915), Мұстафа Шоқайдың «Әбубәкір Диваев» (№155,1915) және тағы басқалар жайында арнайы мақала жазуы осындай жақсы дәстүрдің көрінісі екені анық. Әрине, бұл мақалалардың көлемі, мақсаты, көркемдік деңгейі әр түрлі. Дегенмен де, оларға тән ортақ қасиет – ел көсегесін көгертуге өмірін арнаған халық ұлдарын жұртқа таныстырып, өлмес ісін кейінгіге үлгі, болашаққа аманат ету.

«Қазақ» газеті Ғабдолла Тоқай туралы азасөз мақаласында «өткір, терең мағыналы өлеңімен ноғай қаламына өзін жастай танытқан Ғабдолла әфендінің өлімі жақындарының, өлеңнің қадірін танығандардың жүрегін өртеді» десе, түркі халықтарының «ғұлама бабайы» атанған Исмаилбек Гаспринский туралы Ахмет Байтұрсынов кейбір келіспейтін, құптай қоймайтын пікірлері бола тұра, жалпы қызметін құрмет тұтты. Ұстаздық еңбектерін жоғары бағалады [3,112-116].

«Қазақ» газеті орыс әдебиеті мен мәдениеті турасындағы көзқарасы дұрыс болған. Қазақ зиялыларының көбі батысшыл бағытта болған. Тіпті, өзінің ақындығының бастауын Крыловтың «Қырық мысалынан» тартқан Ахмет Байтұрсынұлын айтсақ та жеткілікті. Сондықтан орыс әдебиетінің үлгілерінің аудармалары қандай, олардың авторлары кім екенін тізіп өтсек, журнал насихаттағаны, кімнен үлгі-өнеге алуға үндегені айқындалады. 

Қазақ даласына Абай, Ахмет, Спандияр Көбеев және басқалар арқылы И.А.Крыловтың мысалдары жетіп, орыстың ұлттық әдебиетінің негізін қалаушы А.С.Пушкиннің «Пайғамбар», М.Ю.Лермонтовтың «Айтыс», «Үш құрма терек», Антон Сорокиннің «Ұғылмай қалған өлең» туындыларының аударылуы әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін аз олжа емес еді. Олардың атына ғана мәз болып қоймай, еңбектерінің қадір-қасиетін ел-жұртқа жеткізе білді. Мәселен, «Орыс жұртының данышпаны Толстой, бұл күндегі жағымпаз Короленко күллі жан иесіне бір көзбен қараған, қай жерде жәрдемге қосылған жан болса, қаламымен соны қорғаған адамдар» (1914, №1) деп таныды. «Бізден де Писарев, Белинский, Добролюбов шығып, жолдан тайған жағымпаздардың қаламын түзеп тұрады ғой деп» келешекке зор үміт артты. Декабристтердің «халық үшін жандарын құрбан еткендерін» (1914, №2) айрықша қадірледі. Қазақ баспасөзі аударма арқылы халықтардың интернационалық байланысын, алыс-берісін күшейтуге тырысқан, екінші жағынан қазақ ақын-жазушыларын, зиялыларын озық үлгі-өнегеден тағылым алуға үндеген болатын. 

 «Қазақтағы» әдебиет мәселелеріне Абайға арналған Ахмет пен Міржақып мақалаларын, Шоқанға арналған Дулатұлы мақаласын атап айтуға болады. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің зиялыларына арналған мақалаларда бар. Ә.Дибаев, И.Гаспринский, Ғ.Тоқай тағы басқа тұлғалалардың еңбектерін насихаттаған. Әр жерде өткізіліп жатқан әдебиет кештері туралы ақпарлар жарияланып, «Әдебиет жайынан», «Әдебиетімізге көз салу» атты әдеби мәселелер қамтылған мақалалар жарық көрген. Газет арқылы білім жарысын ұйымдастырып, бәйгелер ұйымдастырған. «Қазақ» газеті тіл мәселесін бірінші орынға қойған. «Қазақ» газеті әдебиетті ұлттың айнасы деп ғана емес, рухы деп сезінді. Отаршылдық кезеңде эстетикалық қуаты мен идея-әлеуметтік күшін бір санатқа қойды. «Қазақ» өткенді саралай келе, Батыс мәдениетін сіңірген кезде, салт-дәстүрден қол үзбеу керектігін ұмытпады. Алаш арыстары қазақ тілімен әдебиетін дамытуға зор үлес қосты. Қазақтың көзін ашу жолында Ахмет Байтұрсынұлы «маса» боп ызыңдап оятса, Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ» деп ұрандады. Халықтың ой-санасын дамытып,келешекке деген үлкен сенімін арттырып,ұлттың рухын оятты. «Қазақ» газеті – заман шамшырағы болды. Жиырмасыншы ғасыр басындағы сананың оянуы мейлінше қуатты күшке айналды. Азаттық жолында Алаш арыстары аянбай тер төгіп, болашақ ұрпақтың көзін ашып, артында мол мұра қалдырды.

           

Жауынбай ЖЫЛҚЫБАЙҰЛЫ

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті-Алматы: Қазақстан, 1993.-168 бет.

2. Қозыбаев С., Рамазанова А., Аллаберген Қ. Әлем баспасөзі тарихынан (Оқу құралы ) – Алматы, «Санат», -1998-256 бет.

3. Кәкішев Т. Қазақ әдeбиеті сынының тарихы: Оқулық. 3-басылым толықт.-Астана: Фолиант, 2013. – 400 бет.

4. Сыздыкова Р. Ахмет Байтұрсынов – Алматы: Қазақ ССР «Білім» қоғамы, 1990,- 52 бет

5. Байтұрсын А. Бес томдық шығармалар жинағы. – 4-том. Әліппелер мен мақалалар жинағы. («Төте жазудағы тұңғыш әліппелер және ұлттық баспасөздің негізін қалаған көсем сөздер). – Алматы: «Алаш», 2006.- 320 бет.

6.  Міржақып Дулатұлы  Шығармалары: Мақалалар мен зертеулер. 2-т. Алматы: Ғылым, 1997. -344 бет

7.  Ахмет Байтұрсынов. Тiл тағылымы. – Алматы: Ана тiлi, 1992. – 432-434 б.

8. Әуeзов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 бет

9.  Қамзабекұлы Д. «Алаш және әдебиет». – Астана: «Фолиант», 2002. – 474 б.

10. Байтұрсынов А. «Ақжол».- Алматы: Жалын,1991. – 218 бет.

11. Кәкішев Т. Сын сапары: Қазақ әдебиеті сынының тууы хақында: монография,- Алматы: «Жазушы» баспасы, 1971. – 176 бет

12.  Мұхаметжанов Қ. «Әлихан Бөкейханов» \\«Қазақ әдебиеті», 1990, 8 маусым

13. Ысқақұлы Д. Әдеби сын тарихы. Оқу құралы. – Алматы: «Таңбалы» баспасы, 2012. – 580 бет Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселері (мақалалар жинағы). Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, Алматы, 1973.- 170 бет

14. Мұқанов С. Жарқын жұлдыздар. – Алматы:Мектеп,1964. – 352 бет

15. Момынова Б. «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика. (Монография) - Алматы: Арыс, 1998