Омбыда оқыған қазақтар
15.10.2024 1425

Омбы қаласы Отыншының ғана емес, сонымен қатар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының көңіліне шырақ жаққан, зердесіне нұр құйған тамаша қала болғаны анық.


Қазақ жастары Дала өлкесінің әр тарабынан келіп, мұнда жиналды. Олардың көбі кіл қаракөк, ауқатты және аса абыройлы, беделді адамдардың ұрпақтары еді. Тарихи деректерге сүйенсек, 1840 жылы Омбы қаласындағы қазақтардың саны 109 адам болса, 1897 жылы Омбы уезіндегі қазақтар 37 680-ге (қаланың өзінде 105 адам), ал 1916 жылы бұл сан 38 970-ке жетті. Осы кезеңде оқыған қазақ жастарының да көбейгені белгілі.

Алаш азаттық қозғалысының жетекшісі, қазақтың алғашқы саяси қайраткерлерінің басы, «қыр баласы – ел ағасы» Әлихан Бөкейхан (1866-1937) Омбы техникалық училищесінде оқыған, кейіннен Санкт-Петербургте оқуын жалғастырды. Ұлт көсемі оқыған оқу ордасы бүгінде жоқ, ескі ғимараттың орнына жаңа үйлер салынғандықтан, ізі де қалмаған. Ә. Бөкейхан ізімен 2016 жылы экспедициясымен жүріп өткен Қ. Кемеңгер омбылық суретші Геймран Баймұқановтың дерегіне сүйене отырып, техникалық училищенің Ленин және Карл Маркс көшелерінің қиылысында орналасқанын жазады. Алайда бұл екі көше қиылыспайды ғой, қатар жатыр. 

Бұл қалада орналасқан ОГҚБСБ-іне Әлихан Бөкейхан толық мүше болып сайланып, хатшылық қызметін атқарған. Бірнеше ғылыми экспедицияларға қатысып, қазақ даласына қатысты еңбектер жазады. 

Қазақтан шыққан алғашқы заң магистрі Жақып Ақбайұлы 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, онда 7 жыл, онан кейін Томбы гимназиясына ауысып, онда бір жыл оқып, 1898 жылы бітіріп шығады[1]

Ерте оянып, ерте оқыған қазақтар арасында, Алаш Орданың қос қанатындай заңгерлер Айдархан Тұрлыбайұлы мен Райымжан Мәрсекұлы Омбы гимназиясын 1897 жылы оқып тауысқан да, білімін Петерборда жалғаған. А. Тұрлыбайұлының тұлғасын зерттеген Р. Байдалы: «Омбы классикалық гимназиясын екі степендиат А.Тұрлыбаев (Ақмола  облысы) және Р. Мәрсеков (Семей облысы) бітіріп шықты, сондықтан аталған гимназияның 1897-1998 оқу жылында екі стипендияның орны бос деген деректер бар. Ал, Айдархан Тұрлыбаев, Райымжан Мәрсековпен қатар Қарқаралы қаласындағы орыс-қазақ мектеп интернатының түлегі Жақып Ақбаев та Омбы гимназиясында олардан бір сынып тҿмен оқыды. Жақып өзінің құрдастары, жерлестерімен жеті жыл бірге оқып, бірақ қандай себеппен екені белгісіз оқудың соңғы жылын шеттегі Томск гимназиясына ауысып, аттестатты Томск гимназиясынан алады» деп жазады[2].

 Омбыда Отыншы оқыған мұғалімдер семинария қазақ баласы үшін құтты оқу ордасы болды, мұнда білім алған жастар еліміздің әр өңіріне барып, білім дәнін сеуіп, көптеген талантты жастарды тәрбиелеп шығарды. Олар: Қаныштың жолына бағдар берген немере ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбай, атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың өлімнен арашалап алып қалған дәрігер Асылбек Сейіт, Отыншының жерлесі, замандасы ережеп Итбайұлы, Сарысу өңіріндегі зорлықшылдарға қарсы күрес ашып, басшысы «Қара ноғай» Әубәкір дегенді құртып, Алаш жасағына қосылып, кейін ұлт театрының алғашқы директоры болған Дінше Әділұлы, алғашқы қазақ-орыс тілмашын жасауға атсалысқан Есім Байғасқаұлы, текті әулеттен Жармұхаммед Біләлұлы Шорман, қазақ поэзиясының жұлдызы Мағжан, сері Сәкен, айдауда жүрген Ахмет Байтұрсынұлына қамқорлық танытқан Абдолла Байтасұлы, биыл туғанына 100 жыл толып отырған көрнекті тілші ғалым Рәбиға Сыздықтың әкесі Сәтқали Құтқожин, Міржақыптың сұлу балдызы Гүлшаһра Досымбекқызы, Нығмет Нұрмақұлы, Әбдірахман Байділдин, Шайхы Мұсатайұлы – Омбы мұғалімдер гимназиясының түлектері болатын. 

Бұдан тек педагогикалық білім ғана алыпты деген ой туындамауы керек, табиғатынан қабілетті, дарынды қазақ жастары Омбыдағы медициналық, ветеринарлық, ауылшаруашылық бағытындағы институттарда да білім алған. Мәселен, Семейдегі алаш әскерін жасақтаушы Ахметжан Қозыбағарұлы ветеринарлық институтты бітірсе, Жаманшал Жаншин, Мұратбек Сейіт дәрігер мамандығын иеленген. Ал ауылшаруашылық училищесінің түлектері: Сүлейімбек (Сайман) Бижанұлы, Аспандияр Шорманұлы, Ахмет Абдрахманұлы, Жарқынбек Көбенұлы, Жүніс Бабатайұлы, Рахымбек Толыспайұлы, Бірмұхамед (Бірке) Айбасұлы, Мұхтар Саматұлы, Смағұл Садуақасұлы болып жалғасқан. Бұл оқығандардың кейбірінің оқыған жылдары әлі белгісіз. 

Омбыда оқыған қазақ жастары туралы көп зерттеген ғалым Қайырбек Кемеңгердің «Омбыда оқыған қазақтар» деген кітабы да жарыққа шыққан.

[1] Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2009 - 544 б.

[2] Байдалы Р. Айдархан Тұрлыбаевтың өмірі және қоғамдық-саяси қызметі. – Астана, 2018.