Жетісудағы Алаш әскері. Отыншының әскери таланты
30.09.2024 1805

Алаш әскерінің Жетісудағы күресі мен жорық жолдары, сондай-ақ Отыншы Әлжанұлының «Тарбағатай қызыл тау қырандарымен» шайқасы – қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Бұл оқиғалар Алаш қозғалысы мен оның әскери іс-қимылдарының Жетісу өңіріндегі ұлт-азаттық күрестегі рөлі туралы мәліметтер береді. Алаш полкінің сардары Отыншы Әлжанұлының тұлғасы осы кезеңде маңызды әскери қолбасшы ретінде даралана түсті.


Алаш Орда 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау мақсатында құрылды. Алашордашылар елдегі большевиктік биліктің таралуына қарсы шықты, өйткені олар қазақ қоғамының өзін-өзі басқару құқығын сақтап қалғысы келді. Қым-қуыт қысылтаяң шақта ұлт зиялылары екі міндетті күн тәртібінен түсірмеді, олар: білім жүйесі және әскер құру мәселесі. Алаш әскері – ұлттық мүдделерді қорғау үшін құрылған қарулы жасақтар болатын. 

Жетісу өңірі – сол кезеңдегі маңызды аймақтардың бірі болды, себебі бұл аймақ қазақ халқының және басқа да этникалық топтардың тығыз қоныстанған жері еді. Большевиктер Жетісуда билікті басып алуға ұмтылып, ақгвардияшылар мен алаш жасақтарының біріккен әскери күштері осы аймақта қарсыласып, қарсылық көрсетті.

Алаш әскерінің Жетісудағы жорықтары бірқатар стратегиялық маңызды аймақтарды қамтыды. Әскердің басты мақсаты – қазақ жерінде большевиктік ықпалды тежеу және қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі мен мүдделерін қорғау болды. Алаш әскерлері Тарбағатай, Алтай таулары, Жетісу жазығы және басқа да аймақтарда бірнеше ірі әскери операциялар жүргізді.

Отыншы Әлжанұлының басшылығындағы Алаш әскерінің бір бөлігі Тарбағатай мен Жетісу өңірлерінде большевиктік күштерге қарсы белсенді шайқастар жүргізді. Әсіресе Тарбағатай тауларындағы шайқастар маңызды болып, ол жерде Алаш жасақтары мен қызыл армияның жергілікті бөлімшелері арасында қақтығыстар өтті.

Қызыл большевиктермен кескілеспей бір басылмайтын майдан болары анық еді. Отыншы Лепсі төңірегіндегі оқиғаларды бағамдай келе, Ұржар аумағындағы соғыстарда халықты қорғау мүддесін бірінші кезекке қойды. 

Шәуешектегі орыс консулы Долбежев Құлжадағы консул Любаға былай деп жылдам хабарлаған: «Үржар өңірінде қазақтар, казактар, ескі шаруалар Лепсі уезіндегі большевиктерді жойып, Верныйдан большевиктердің келуіне жол бермеу үшін қарулы күштер ұйымдастырып жатыр»; «Жайнақов пен Дүйсебаевқа айтыңыз – Әлжанов Бақтыға кетті, ол жерде большевиктермен шайқастарға белсене қатысып жатыр» деген хабар тез-ақ жетті.

Көп өтпей, Бақтыны большевиктер 9 шілдеде өзіне қаратты. 14-15 және 29 шілде күндері болған шайқастарды большевиктер күш алып, жеңістерге жетіп отырды. Тамыздың басында қызылдар жасағы Ұржардан 20 шақырым жердегі Науалыда Ізғұттының баласы Қажығайдарды, Құнанбайдың немересі Шәкәрім Құдайбердіұлын тұтқындағаны туралы ақпарат тарайды. 

Отыншы қарулы жасағымен Науалы ауылына кіргенде қуанған халықтың қуанышында шек болмады. Оның себебі ақтар келіп бір шауып, қызылдар келіп екі шауып, екі жақтан да әбден зәрезап болған халыққа ұлттық әскердің әсері күшті болғанға ұқсайды. Екі арада халық кімдердің келіп, кімдердің кетіп жатқанын сезуге де шамасы келмегендей. Тек алаш ұранды далалық атты әскер жасағы, бастығы Отыншы екенін білген халық қуанғаннан айғайлап та жіберді. 

«Аңға шығып барамыз». Қазақ халқына аңша қарап, адам есебінде санамаған казактар бір ауыз сөзбен осылай сипаттайды. Өздерінің баяғы дәуреніндей, отаршыл Ресей империясының жаулаушы көзқарасынан танбаған, айдаған, айтақтаған жеріне барып, ақша төлесе қайда да болсын жүруге дайын әскер сословие үшін қазақтардың құны көк тиынға бара-бар еді. Қазақ даласына өз жеріндей еркін иемденген, қарапайым ауыл тұрғындарынан тартып алған ұлан-ғайыр жерлерінің есебінен шексіз байыған казактар жолында тұратын құдірет жоқ деп түсінді. Науалыға жеткен Отыншы қаныққан мән-жайға қарағанда, бұл жерде де казактардың қылмағаны жоқ. Қазақ ауылдарын атпен шауып кіріп, аяусыз қырып, мал-мүлкін тонаған, жақсы бұйымдарын тартып алған казактар шынында да мейірімнен жұрдай екен. Олар жас баланы, босануға таяу әйелдерді аянған жоқ, еркегі, кәрі-жасы бәрін түгел қылыштың жүзінен өткізді. Екі жақтың атты әскері, сайма-сай қару-жарағы шайқасып жатса жөн бөлек, бейбіт, ешбір қорғансыз, бейқам жатқан қарапайым халық қылыштың жүзі мен мылтық дүмінің астында қалды. Ашықтан-ашық тонауда қарулы казак жасақтары ауыл жиған азық-түлік, жем-шөп, мал, арба, ер-тоқым, тіпті шелек пен арқан оңай олжаға айналды. 

Қанды қырғыннан аман қалған ауыл тұрғындары бас сауғалап босып кетті. Аман қалған ауыл азаматтарының қолға түскені бірден өлім жазасына кесілді. Құтылып кеткендері жоқшылыққа ұшырап қаңғып, ауылдан алыстап, елден жоғалды. Жер бетінен қазақ ауылдары жойылып кетті. 

Бұл сұмдық жайттар Отыншының қатты қапаландырды. Енді соғыс өнеріне онша машықтанбаған жас азаматтардың оңай нысанаға айналатынын түсініп, үлкен шайқасқа шығуға батылы бармады. Кіммен, кім үшін күресуіміз керек? Оның таңдауы болмады. Ақ гвардияшылар жағына шығу – ақ гвардияшы Ресейдің қазақ жеріндегі құқығын, оның қазақ халқын басып-жаншу жөніндегі отаршылдық саясатын қорғау деген сөз бе? Большевиктердің жағына шығу – ол олардың партиясына кірмеді, сонымен қатар ол большевиктердің оған және түрмедегі жолдастарына күн сайын өлім жазасын күтіп тұрған кездегі қатыгездіктерін ұмытпады. Отыншы асыл ойы, адал жаны бұл ойлардың ешқайсысын да қабылдамады. Ресейдің ендігі жерде отарлау саясатынан ешқашан бас тартпайтынын әбден көзі жетті. Бұл тұста бір ғана нәрсе аян: революционерлер мен реакционерлердің, жаулап алушылар мен «отан қорғаушылардың» шынайы бет-бейнесін, ескі патшалық Ресейдің де, жаңа қызылдың да жақсылық әкелмесіне көңілі сенді. 

Қазақ халқының қайда барса да тығырыққа тірелгенін түсінгені сияқты Отыншы өзінің де ешқандай бағыт, бағдар қалмағанын, алды жар, арты су келіп қысқан күйімен салыстыруға болатындай. Ат төбеліндей аз ғана қазақ оқығандары бұл жолы қатты алданғанын сезді. Қызылдармен бітімгершілік тактикасын ұстанған Алаш саясатын бұдан былай қолдамайтынын да ұқты. Енді ол алаш жүздіктерін ақгвардияшылар жағында да соғыспайтынын ұқтырды. 

Алаш жасағына өзінің, отбасыларының және ауылдастарының өмірін қорғау міндеті қойылды. Қазақ халқының тұтас болып, жұдырықтай жұмылуы әзірге мүмкін емес жағдайында жасақты шегіндіріп, Қытаймен арадағы шекарадан өтуге ұйғарды. Өзімен бірге ақырына дейін болғысы келетіндерді жанына шақырды, үйлеріне қайтатындарға қысым көрсетпей, таңдауларын қалдырды, өйткені ертеңдері болатын шайқаста бәрібір майдан даласын тастап кететіндерді әурелеу де артық іс болатын. Осылайша үлкен жасақ құрамы селдіреп қалды, жігіттердің көпшілігі үйге қайтуды шешіп, елге қарай бет алды. Қызылдарға тұтқын болған Қажығайдар мен Шәкерім қажыны құтқару операциясы да сәтті өтіп, оларды қосып, арғы бетке өтуді сұрады. 12 тамыздың кешкісінде олар Көктұма ауылына жетіп, сонда түнеді. 

Отыншының өліміне қатысты деректер әр қилы. Оның бірінде командир Отыншы шіркеуге кіріп атысты делінсе, екінші бір деректе су диірменінде болды дейді. Тарихшы, профессор М. Каримов: «Отыншы Әлжановтың күрес жолына қарасаңыз, оның совет өкіметімен ымыраға келмегенін көреміз. Ол Көктұмаға кенеттен шабуыл жасаған «Красные горные орлы Тарбагатая» қызыл партизандарының қоршауында қалады. Еріксіз қорғана отырып, шіркеудің төбесіне шығып алып, пулеметпен берілмей атысады. Ала алмайтынын көрген жау ағаш шіркеуді өртейді. Өртенген шіркеудің мұнарасынан секіріп түскен Отыншыны қызылдар атып өлтіреді», – деп жазса, «Совет үкіметімен ымыраға келмеген Отыншы 1918 жылы 21 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылында қызылдардың «Красные горные орлы Тарбагатая» атты әскерінің қоршауында қалады. Қардай бораған оққа төтеп бере алмаған Отыншы бірнеше жігіттермен өзен жағасындағы су диірменнің шатырына бекініп, Лепсіден әкеле жатқан пулеметімен өздеріне қарай шабуылдаған қызылдарды атқылайды. Қызыл әскер көп уақытқа шейін диірменге жақындай алмай, бір амалмен ақырындап келіп диірменнің төбесін жапқан шөпті өртеді.

Отыншы шатырдың төбесінде екі жолдасымен бекініп, соңғы оғы қалғанша атысады. Әбден жанған шатыр құлаған кезде Отыншы қасындағылармен бірге от құшағына оранады. Сол жерде оны қызыл әскер атып өлтіреді», – дейді тарихшы, Отыншының аталас туысы Қанат Еңсенов.

Ал өлкетанушы Рамазан Нүсіпов ақсақал «Ертеңінде түске жуық Ебі желінің бағытымен шөп-шалаңды тұтатып, шіркеуге қарай өрт жібереді. Шіркеу қатарындағы бір-екі үй қоса жанып, маңындағы ел айдалаға қашып кетеді. Өртенген шіркеудің орнында күл ғана қалады. Шіркеудің ішінде қазылған ұра (подвал) да болыпты. Сірә, ана екеуі білмеген болар. Осылай алаштың екі офицері берілмей, тірідей жанып кетіпті. Әсілі, діни қағидаларда мешітті, шіркеуді паналағандарға өлім жазасы кесілмейді екен. Құдайды мойындамаған қызыл қырандар ол қағидаға пысқырмаған. 1918 жылы Мұқаншыда Мамонтов пен Виноградовтың соғысы болған.

Ал Отыншының соғысы басқа. Үй ішіндегі үлкендердің: «Біз жайлаудан түсіп, жүкті түсіріп жатыр едік, Мұқаншыдан шапқыншы келді. «Отыншыны темір үйде өртеп жатыр!» – деп. Біз жүкті арта сап, қайта тауға көштік. Мұқаншының тең жарымы қап-қара боп жанып жатты» дегенін бала күнімде талай естігенмін», – деп сендіреді.

Осы деректердің ешқайсысы да негізсіз емес, бірін-бірі толықтырып, толтырып тұратын еңбектер. Бәрін саралай келе, осы мәліметтердің ішінде шындыққа жақындау деп туған немерелерінің жазғанын қосамыз. 

Жасанды интеллект көмегімен жасалған Отыншы Әлжанұлының бейнесі

«Отыншылар Қытаймен шекараны кесіп өтпес бұрын біраз демалып, ұйықтап алуды ұйғарды. Бұл демалыс олар үшін өлімге айналатынын сезген жоқ. Бұл ауылда Үржар шайқасынан кейін бірден түсіне алмаған қызыл жауынгерлер қалды – олардың қуғаншылар ма, әлде өздері сияқты қашқындар ма? Бірақ сарбаздардың киімінен белдіктері күнге жарқырап, жау екеніне еш күмән қалдырмады. Ауылға кіре берісте оларды Отыншы төре жасағы тұтқиылдан күтіп алды. Отыншы мен Шәкерім жараланды. Шәкерімді Қажығайдар Ізғұттиновпен бірге жіберіп, олардың тылын өзі жабуға шешім шығарды. Шәкерімнің ақын ретінде халыққа қадірлі екенін білген. 

Атты жасақты пулеметпен ату қиынға соқты. Отыншының бұлай етуге дәті шыдамады да, бір амал тапты. Аттан түсіп, бірер жолдасын ертіп өзен бойындағы су диірменінің төбесіне шықты. Лепсіден әкелген пулеметті қондырып, шабуылдаушыларға оқ жаудырды. Отыншының бұл амалы жасақтың шегінгенін білдіртпеуден туындаған айла болатын. Дұшпандар ұзақ уақыт бойы оларды ала алмады. Содан диірменнің төбесін жауып тұрған сабанды өртеуге көшті. Жанындағы серігі шыдай алмай төбеден секіремін деп қаза болды. Отыншы болса, диірменнің төбесінде қалып, атысты жалғастырды. Бір сәтте пулемет үнсіз қалды, жанып жатқан диірменнің төбесі опырылып түсті де,  аман қалар деген екі жолдасымен Отыншы да опат болды». 

Өмірден Отыншы осылай өткен. Баяғы бабаларындай соғыс кезінде өкініп өлмеудің қалпында болды. 

Екі арыстан жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса.

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес! – деп Доспамбет жыраудай, өкінбестен өтті... 

...Отыншының түбіне жеткен «Тарбағатай қызыл тау қырандарының» «ерлік істері» мектеп оқулығында әлі дәріптеледі. Совет Одағының дәуіріндегі большевиктік қозғалысқа ерекше мән беріледі, жаңа оқулықтарда осы мәселе жылдар бойы қайталанып келеді. «Қазақстан тарихының» 8-9 сыныпқа арналған оқулықтарында Алаш қозғалысының маңыздылығы аз көрсетіледі немесе мүлдем еленбейді. Оқулықтарды қайта қарастырып, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарихты дұрыс насихаттау әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Қорыта айтқанда, Алаш әскерінің Жетісудағы күресі мен Отыншы Әлжанұлының әскери қолбасшылық таланты – қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрестегі маңызды тарихи кезеңдердің бірі ретінде бағалануы тиіс. Бұл оқиғалар Алаш қозғалысының қарулы күші мен оның қазақ жерін қорғаудағы рөлін көрсетеді. Отыншы Әлжанұлын басқарған әскери операциялар ұлттық сана мен азаттық үшін күрестің тарихи беттерін айшықтап, оның есімін ұлт тарихында мәңгі қалдырды.