Жолаушы емес, жоқшымыз! ІІ бөлім
08.09.2023 1089

Арыстарға жол


Ертесінде де бізді жауапты да маңызды сапар күтіп тұрды. Бұл кешегі сапардан да алысырақ, қаладан біршама ұзақтау аудандағы орынға бару үшін ертерек қамдануға тура келді. Ту да, кітап та, топырақ та ұмытылған жоқ. Таңғы жетіде оянып алған жігіттер экспедицияның барлығы толық жиылғанша сегіз болды, құдай берген көршіміздің асханасынан оразамызды ашқан соң, «Преображенская алаңы» метросы бәрімізді отырғызып алып құйғыта жөнелсін. 

Мақаланың І бөлімі:  Жолаушы емес, жоқшымыз!

Қолымыздағы онлайн картаның қызыл сызығының басынан мінген біз тұп-тура 22 стансаны басып өтіп, соңғы бекеттерге тоқтауға тиісті екенбіз. Жолда Мәскеу мемлекеттік университетінің менмұндалаған ғимаратының ұшар басын ғана көз қиығымызбен шала алдық. Екі рет жер үстіне шығатыны болмаса, қараңғылыққа тез сүңги кететін метродан қаланы тамашалаймын деу – бос әурешілік. 

Біз соңғы аялдама «Коммунаркадан» бұрын «Ольховая» бекетінен түстік те, апаннан шықтық. Жетекшіміздің бағыттауы бойынша әлі атауы қойылмаған жаңа көшенің бойымен сол жаққа қарай тартып кетіппіз. Қиыс кеткенімізді кейін түсіндік. Бұл жақ «Сосенское зираты» деп аталатын аймақ екен, ондағы адамдардан репрессия ұшыраған адамдар атылған арнайы орынның қайда екенін сұрағанымызда, жартымды жауап ала алмадық. Бірдей киінген формамызға қарап олар қалды. Не де болса, үлкен трассаға жетіп алайық деп жүре бердік. 

Күн ысыды. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Топ-топ болып сыңсып өскен тоғайлар мен ашық алаңқайлар, арасында шимай-шимай жолдар, қайдан басталып, қалай аяқталып жатыр – дым түсініксіздеу болып тұр. Біз жолбасшыға қараймыз, жолбасшымыз онлайн картаға қарайды. Тер тамшылап ағып, таңдайымыз кеуіп кетті. Калужское тас жолының арғы бетіне шыққан соң, тізбектелген топты тоқтатып, жан шақырдық. Су алдырып, шөл бастық. Картаны оқып, алдағы жолымызды зерттей бастадық.

Көлденең жатқан бір жолды кесіп өтіп, біз жасыл қабырғаға кез болдық. Елдос: 

– Міне, бұл – біз іздеген зираттың қабырғасы. Мұның есігі қай жақта екен? – деді.

Мен айттым: 

– Осы қабырғаны жағалап жүре берейік, алдымыздан шығып қалуы мүмкін.

Осылай біз жасыл қабырғаны жағалап қалың орманға келіп кірдік. Орман десе дегендей. Жалғыз аяқ сүрлеу бар, оған да тәуба. Әйтпесе адам аяғы түгілі ит тұмсығы батпайтын ну жыныста жүріп көр. Біріміздің соңымыздан біріміз қалың орманның көктемнен қалған қалың жапырағын бытырлатып басып, қуарған қу ағаштарын шырт-шырт сындырып жүріп келеміз. Қайта құрамымыз жас буыннан құралған, әйтпесе елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған аға буынды ертіп жүрсек, қалай болар еді деп іштей ойлап қоямын. Мінезді аға-апаларымыз біздің бұл жүрісті көтере алмас та еді-ау. 

Әлдебір уақытта жасыл қабырғаға біреуіміз секіріп кірсек қалай болар деген ой келді. Қарап тұрмай, қабырғаға ұмтылдық. Шығуын шыққанымызбен, арғы жағында көлденеңінен төрт қатар тікенек сым тартып тастаған екен, амалсыз кері секіріп түстік. Мұнымыз бекер болып шықты. 

Жол қиындығы әркімге әр түрлі әсер еткен сияқты. Қалай болғанда да жас буын жарды ұрған толқындай болып жапырып келеді. Бәрінде көсемнің бейнесі басылған бірдей көк түсті жейде, экспедиция атауы жазылған көк кепеш көк бөрідей болып орманды жарып өтіп келеді. Қалың орманнан шығысымен адам аяғы әбден таптаған соқпаққа келіп қосылдық. Алдымыздан күн шыққандай, әлгі бір үзіле жаздап жалғанған үміт жібіндей бұл сәт барлығының жүзіне қуаныш сыйлап үлгерді. Жолбасшымыз фотограф, мобилограф ұл мен қызды алға жөнелтті де, бізді фильмге түсу үшін дайындалуға, үсті-басымызды қағып, рең-басымызды жөндеуге шақырды. Ұстаздарды алға шығарып, жасы үлкендерді кейінгі қатарға қойып, жас бөрілерді соңына қалдырып, Міне, осылай «Коммунарка» деп аталатын арнайы орынға келіп жеттік. Уһ!салтанатты сапты бастап кеттік.

Иә, бұл жол оңай болған жоқ. Алаштың жолы – ауыр жол. Ол екінің біріне бұйыртпайтын азапты да мехнатты жол. Тура да төте жол іздегендер айналып өтсін, Алаш жолымен жүргендер қандай ауыр, азапты жол болса да көруге дайын. Себебі біздің көрген бүгінгі күніміз жүз жыл бұрынғы аталарымыздың көргенінің қасында ойыншық қана!

Маңдайымызды «Коммунарка» қақпасына тірегенде онда іліп қойған ақпараттармен таныса бастадық. «Коммунарка» арнайы нысаны Мәскеу қаласының Новомосковск әкімшілік округінің Сосенское поселкесі аумағында, Калужское тас жолының жиырма төртінші шақырымында орналасқан. 

Арнайы нысан Г. Ягода деген кісінің есімімен тікелей байланысты болып шықты. 1920 жылдардың аяғында осы орманда ОГПУ төрағасы, кейіннен Ішкі істер халық комиссары Генрих Ягодаға саяжай салынады. Саяжай деген аты ғана, әйтпесе мұнда НКВД басшылығында лауазымды тұлғалардың, халық комиссарларының бейресми кездесу алаңы болған. Кейінгі бір естелігінде Г. Ягоданың жиені В. Знаменская саяжайдың үй іші мен қонақтар үшін демалыс болмағанын жазыпты. 

1937 жылы мұқым одақты шарпыған жаппай сталиндік қуғын-сүргін «Үлкен террор» деген атпен тарихқа енгені белгілі. Осы жылдың наурызында бейбақ Ягоданың өзі де тұтқындалып, оның саяжайының аумағында өлім жазасына кесілгендерді атып, соңынан жаппай жерлеуді бастайды. 

Қазіргі анықталған дерек бойынша, 1937 жылдың 2 қыркүйегі мен 1941 жылдың 24 қарашасы аралығында Коммунарка аумағында 6609 адам жерленген. Осының ішінде 4000-нан астамының ғана есімі нақтыланды. 

Одақтас республикалардың халық комиссарлары, әскери басшылар, флот командирлері, барлаушылар, дипломаттар, НКВД обком хатшылары мен бөлім меңгерушілері, зауыттар мен тресттердің директорлары, газеттердің бас редакторлары бар және ғылыми институттардың басшылары, ұлттық құрамы жағынан алғанда, 60-тан астам ұлттың өкілі құрбан болып кете барған. Ардақтылардың тағдырын көбіне олардың әйелдері, балалары, туған-туыстары қаншама жылдар бойы үрей астында буып ұстап, тек жеке басқа табынушылықтың зардабы жойыла бастаған шақта біртіндеп айтып, ел-жұртқа тарата бастаған. Бұл адамдардың көпшілігін ССРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы қанқұйлы жауыз Сталиннің жеке санкциясымен соттап отырған. «Қылмыстық істер» деп ат қойып айдар тағылған істер қылмысы мойнына қойылып дәлелденбестен, ешбір адвокаттардың қатысуынсыз, куәларды шақырусыз және үкімге шағымдану құқығынсыз қаралған. 

Совет өкіметі ыдырағанға дейін бұл қанды қылмас жасырылып келді, Коммунарка мемлекеттік қауіпсіздік органдарының күзетілетін арнайы нысаны ретінде бертінге дейін құпия орынға жатқызылды. Тек 1991 жылы ғана мұнда жерлеу орнының бар екені анықталды да, жұрт жоғын табуға кірісті.

Қорымның ішкі жағымен қабырға жағалап тағы жүрдік. Жіңішке, тіп-тік, түзу өскен қайыңдардың арасы ашықтау шағын алаңқайға келгенде бірнеше ескерткіш белгіге кездестік. О, тоба! Аппақ қайыңдар соншама неге қарайып кеткен?! Біздің іздеген жоғымыз осында екен. 

Бұл атыс алаңының нысанасына ілінген, тағдырлары 9 грамдық оққа байланған ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихындағы қадау-қадау тұлғалардың, атап айтқанда Тұрар Рысқұловтың, Нәзір Төреқұловтың, Сұлтанбек Қожанұлының, Ғазымбек Бірімжанның, Зияда Әбеновтің сүйектері жатыр. Жолы, таңдауы әр түрлі болғанымен, барлығы да қазаққа болсын деген айбоз азаматтар еді. Қазақ ұлтының арасынан шығып, өркениетті елдердің биік мансапты ерлерімен иықтас болып қызмет атқарған, есімдері дәуірінде шетелге танылған, әрқайсысы Ленині болсын, Сталині болсын, Троицкиі болсын, қай-қайсысын да ығыстыра алатын бірегей тұлғалар болатын! Бір-бір жұртқа бас болғандай, жалпақ елге ес болғандай қайран ірілерім-ай! Өздеріңдей асылдарды іздеп, жоқтап келіп тұрмыз.

Репрессия жалыны шарпыған арда азаматтардың арасынан бізге ерекше ыстығы, ең жақыны – Ғазымбек Бірімжан болады. Себебі біздің қоғамдық қорымыздың шығарған тырнақалды туындысы Алаш агрономдарының бірі, алғашқы «болашақкер» Ғазымбек әкеміздің кітабы еді. Осыдан тура екі жыл бұрын Елдостың тапсырмасымен ол кезде магистратурада оқитын жас зерттеуші Данияр Ихсан Ғ. Бірімжан еңбектерін жинастырып, тарихи, архивтік құжаттарды қосып, алаштану ғылымында тұңғыш рет Ғазымбек Бірімжан шығармаларын құрастырып шығарды. Бұл – шынымен де ғылымдағы елеулі жаңалық болды. Шетелден (Алмания, Берлин ауылшаруашылық университеті) жоғары білім алған дипломды маман Ғазымбек елге жеткенде қызметке орналаса алмайды, оған қолдан кәдімгідей кедергі келтірген. Бұдан кейінгі өмірі азап пен тозаққа, қысас пен мазаққа айналып, тағдыр оны шыр айналдырды. Сүйікті жарынан да бала сүйе алмай, бақытты өмірді де көп көрмей, әуресі көп шырғалаңға түсірген сұм саясат жүйесі! Әлихан бастаған алыптар тобына жас болып ілесе алған, «Алаш» партиясының бағдарламасын жазуға қатысқан жігерлі Ғазымбек – қай жағынан алсақ та ұлықтауға тиіс тұлғамыз. 

Сол себепті экспедиция қайраткердің туған өңірі Торғайдың Шеген әулеті билеген өлке топырағын арнайы алдырып, оны осы арада жатыр-ау деп анықталған сәтте ұрпақтары орнатқан тас белгінің түбіне төгіп, көптен күткен сәттің орайы келіп орындалғанына іштей тәубе десіп, күбірлесіп қалдық. Әдеттегідей құран оқыдық, дұға қайырдық, онсыз мүмкін емес еді.

Сапарда жасымыз өзгеден үлкендеу болғандықтан, аға көріп, ес тұтып жүрсе, оларды бақылап жүру, кем-кетігін түзеп, қуанышына ортақтасу – біздің ісіміз. Бір кезде қарасақ, бірер жыл бұрын әлеуметтік желіден тамаша суреттерін көріп, жылт еткен жаңалыққа құштар көңілімізбен лезде хабарласа қойып, қорға шақырып алған талантты суретші қарындасымыз Назерке жылап тұр! 

Еһ, Назерке! Жаны нәзік, сезімі ерек, талғамы тәтті Назерке ұлт қаймақтарын қасақана жойып жойдасыз қасіреттің батпан-батпан салмағын сезініп, көз жасына ерік берген екен-ау! 

– Не болды, Назерке? – дегенімізге:

– Жай, әшейін, аға. Жылағым келіп тұр, – деп жауап берді суретші қызымыз. 

Жыла, қазақ! Жыламай қайтесің? Жылаумен өмірің өтіп барады. Қазақ өзіңді әлі қорғансыз сезінесің. Жыртқыштың алдында бүріскен жуас аңдай үрейленіп біттің ғой. Теріскейіңе бір қарап, шығысыңа екі қарап, бар шамаң түстіктегі туысыңа жетіп, өзегіңді өрт шалған күйіңмен жылжып-ақ келесің. Бұлаудай іскен көз жасыңа Мәскеу сенбейді. Көз жасың әлі құрғаған жоқ. Өзіңді өзің жұбат, өзіңді өзің қорға, өзіңді өзің сақта! Біреуге иек артқан күнің құрысын! Баяғы азулы жөнің тап, жолыңды ізде, рухыңды, аруағыңды асыр, мейманаңды тасыт! Басқа не дейін?!

Біз енді деректі бейнефильм үшін Данияр мен Ғазымбек әкені жеке қалдырып, оны шығар ауыз жақта күтетін болып, қайтар жолға түстік. Әрбір қара қайың бір-бірі қазақтай болып қасқайып тұр. Кетерде қимай-қимай, қайтадан қарай-қарай қоштастық. 

Шыға берісте саха, бурят сияқты Ресей құрамындағы бағзы түрік халықтарының репрессия құрбандарына қойған тас белгісін көрдік. Мызғымастай етіп қара тастың бетін бедерлеп аты-жөнін, суретін, жылдарын қашап қойыпты. Отансыз жұрттың ойындағысы осындай болса, отанды жұрт біздің бостандық деп жүргеніміз қандай? Салыстыруға да ұялады екенсің.

Жолбасшымыз төтенше жиналыс ашты. Әлгінде «Коммунарканы» толық айналып шығатын орманға кірместен бұрын, су ішіп сәл тыныстаған кезімізде жол қараймын деп Бөпежанның телефонын алып қарай бастағанда, телефон иесінің қыпылықтап қалғанын байқап, бір гәп бар-ау деп қалып едік. Әңгіме осының төркіні болып шықты. Интернеті бар телефонға ие Б. Саутова экспедиция жаңалықтарын елде қалған достарына жіберіп тұрады. Сөз арасында ондағы құрбысы (аты-жөнін де анықтап алдық) Елдостың жеке өміріне қатысты мәліметтерді сұрастырып, үйленген-үйленбегенін, басы бос-бос еместігін тексеріп, суреттер жіберуді өтінеді екен. Дәл осындай жағдайда Бүкең – Бүркіт достың да Мәскеу күндерін жұбайы Жұлдызға жіберіп отыруды мықтап қолға алыпты. Бұл не өзі, жалған шпиондық па, шынайы жанашырлық па? Осыны кездейсоқ біліп қалған жетекші жиналыс ашып, мұның соншалықты дұрыс еместігін түсіндіріп отырды. Әрине, ұжымдық экспедиция болған соң, жеке біреудің дүниесі, шекарасы талқылануы – жат нәрсе, кешірілмейтін қателік. Күні бұрын Ертайға ара түскеніммен, Бөпежанға ештеңе дей алмадық. Есесіне кешкі рейске салып, елге қайтарып жіберемін деген Елдостың сөзінен кейін Ұшқын ұстаз сауға сұрап, алып қалды. Жолбасшымыздың «Саутова, алға түс! Жүр жылдам! Бас аяғыңды!» деп бұйыра сөйлеп, ұрсып келе жатуының сыры енді ашылды. 

Қош, «Ольховая» стансасын 1-1,5 шақырым радиуста шыр айналған бұл сапарымыз межесіне жеткенімен, алда тағы бір зиярат ету шарасы күтіп тұр. Бұл жолы «Лубянка» стансасынан ат ауыстырып мініп, «Баррикаднаяны» басып, «1905 жыл» стансасына тіке тарттық. 

Келген жеріміз – Ваганьков қорымы. Бұл – ауқымы жағынан Мәскеудегі ең үлкен және ең танымал зираттардың бірі. Ол қаланың солтүстік-батыс бөлігінде, Краснопресненская зауыт алаңының жанында, Сергей Макеев көшесі, 15 мекенжайында орналасқан. 48 га жуық аумақты алып жатыр. Біз көрген зираттардың ішінде ең үлкені де осы. 

Зираттың атауына байланысты әр түрлі нұсқалар кездеседі. Біз білетін В. Даль «ваганить» сөзі вологда диалектісіне қатысты және «қызығу, ойнау, қалжыңдау, көңіл көтеру» дегенді білдіреді дейді. Өйткені бұл жерде болған патша сарайында сарай сайқымазақтары, буфондар мен гусларлар өмір сүрген Ваганковская поселкесінің атауы ретінде танымал, осы нұсқа кең тараған екен. Тағы бір деректе Солтүстік Двина тармағында Важская елді мекендерінің воган, вожан тұрғындары болыпты-мыс. Үшінші бір нұсқада тауарды өлшеуге арналған ақша салығы ваганмен байланысты. Вагандар деп бөренелерден ойылып жасалған астауларды айтқан, кішіорыс казактары осындай ыдыстарда дайындалған быламықты (кулеш) жеген екен. Және соңғы бір версияда бұл атау ХІ-ХІV ғасырларда Батыс Еуропада болған саяхатшы студенттердің бауырластығы – ваганттарды да білдіруі мүмкін. 

Орыс оқымыстысы Даль жазғандай, XIII-XIV ғасырларда Ваганково сарайы орналасып, онда патша кітапханасы, ойын-сауық ауылы жұмыс істеп тұрған. Әлгіндей сарайдың сәнін келтіретін ойыншылар, әзілкештер мен түзге шыққандай көркін келтіретін аңшылар, құсбегілер жиналған орта болыпты. Одан қалса қала тұрғындары жұдырықтасып, төбелесіп, түрлі ойындар мен көңіл көтеруді ұйымдастырып тұрыпты.

Тарихи деректерді сөйлетсек, ресми түрде зират 1771 жылы оба індеті кезінде пайда болды да, аурудан опат болғандар бұйрық бойынша қала аумағынан тыс жерде жерленді. Содан бастап зират жыл сайын, ғасыр сайын ұлғайып, ең үлкен қорымға айналып шыға келген. Көлемі үлкен болғандықтан зиратта жүру, іздегеніңді бірден табу қиын: 250 жылдан астам уақыт ішінде онда 500 мың адам жерленген. Жарты миллион халық! Молалардың бестен біріне жуығы осы күнге дейін сақталған.

Қалың қорымда орыс халқының ұлы өнер адамдарының, ақындары, әнші-композиторларының, талантты тұлғалардың жандары жай тауыпты. ХХ ғасырда әдебиетте ұлы құбылыс болып енген Сергей Есениннің, жан-жақты өнер иесі Владимир Высоцкийдің, Останкиноның директоры қызметінде болған жылдары атып өлтірілген атақты журналист Влад Листьевтің қабіріне тәу етіп келушілер осы зираттан табады. Кино корифейі А. Миронов, өз ажалын алдын ала сезген даңқты әнші И. Талков, басқа көптеген өнер жұлдыздары мәңгілік дамылдапты. «Норд-Ост» театрындағы лаңкестік шабуылда қаза болған 12-13 жастағы артистерді де осында жерлепті. Сондай-ақ қорымның орталық тұсында көптеген футболшылардың жерленуі 1980-1990 жылдардағы Ваганьков зиратының директоры Юрий Чапчуктың футболға деген жанашырлығына байланысты деседі.

Әрине, біздің мұндағы мақсатымыз – ормандай орыс ұлтының тұлғаларын түгендеу емес еді. Бізсіз де олардың жайы жақсы, орны орнықты. Отандығы, шетелдігі болсын туристері ағылып келіп, сабылып кетіп жатады. Біздің мұрат мүлдем басқа. 

Зират аумағына енген сәтте ондаған қадамнан соң сол тұста биік тас белгі бар. Ол – репрессия құрбандарына арнап қойылған мемориал ескерткіш екен. Мұның авторы студент қыз десе сенесіз бе... 

1990 жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандардың аты-жөні, сондай-ақ олардың жерленген жерлері туралы мәліметтер жазылған ату парақтары алғаш рет жариялана бастады. Осы ретте бұл жерлерді мемориализациялау, сол жерге мемориалдық белгілер орнату туралы ұсыныстар да көп болыпты. 300-ден астам студент мен оқытушы қатысқан байқауда 2-курс студенті Ольга Степаненконың жобасы жеңіп шығады. Бұл – гранит пен металдан жасалған, биіктігі 2,5 метр болатын, айқыш стильді ескерткіш белгі. Онда «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына мәңгілік естелік. 1927-1937 жж.» деген жазу бар. Мемориал 1994 жылы 3 маусымда ашылған. 

Монументке келіп тағзым жасайтын адамдардың легі толастамайтын сияқты, біз жеткенде топталған адамдардың қарасын байқадық. Жыл сайын мұнда советтік қуғын-сүргін жылдарында қаза тапқан және азап шеккен адамдардың есімдерін оқитын «Еске алу дұғасы» акциясы өткізіліп тұрады екен. Осы орайда біз де экспедицияның жоспарлау барысында арнайы соғып, құран бағыштап, дұғамызды оқитын сәтімізге келіп жеттік. 

Алаштану ғылымы саласында кейінгі жылдары анықталған деректер бойынша Ваганьков зиратында советтік биліктің алғашқы құрбандары классик жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы, Ахметсапа Жүсіп, Хайретдин Болғанбай, Дінмұхамед Әділұлы, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Дамолла Битілеуұлы сынды Алаш ардақтылары жаппай атылып, тастай көмілген. Кезіндегі комсомол жастарының жетекшісі болған Ғани Мұратбаевты да қала жастары шерулетіп отырып, ақтық сапарға аттандырған, оның орны бөлектеу болғанымен, осы алып қорымның ішінде жатыр. 

Мемориал басында экспедиция қатысушыларына Елдос екеуміз тарихтан аз-кем сөз сөйлеп, әсіресе институт қабырғасынан шыққан, сиясы кебе қоймаған Жүсіпбек әкеміздің алғаш рет басы құралып шыққан аудармалар жинағын (құрастырған: ғалым досымыз Қарлығаш Әубәкір) табыстырып, туған көрікті өлкесі Баян-аула топырағынан бір уысын қабір басына төгуді бастап бердік. Керекудегі филиал жетекшісі Айнұр қарындасымыз әкелген және қасиетті Торғай жерінен жеткізілген бір уыс топырақ Жауынбай Жылқыбайұлының тарапынан сөз сөйленіп, жерге шашылды. Оған экспедицияның басқа әр қатысушысы да атсалысып, қастерлі міндетті ойдағыдай атқарып шықты. 

Екінші күнгі сапарымыз да мәреге таяды, қаланың екі басындағы екі үлкен қорымды тауып, жолда кездескен қиындықтарды толық еңсеріп, соған көңіліміз тоғайып жатын орнымызға қарай беттедік. Біздің қазақ «Өлі разы болмай, тірі баймайды» дейді. Алдымен ұлы тұлғаларымызға, олардың аруақтарына тағзым жасамай бастау мүмкін емес.

 

Жалғасы бар…