Қазақстан сахнаcындағы адамзат пен табиғат қатынасы хақындағы 5 қойылым
03.03.2023 2148

«Көз көріп, құлақ естімеген табиғаттың таңғажайып кеңістігін таңу жолында қазіргі адам баласы жеткен ұлан-ғайыр рухани дүние өрісін, жеке бір салаларда ғана болмаса, көркемдік ой жүйесі әлі тұтас қамти алған жоқ.

Адам рухани дүниесін сыртқы табиғат құбылысын тану арқылы қалыптастырады да, өзін жалпы жаратылыстың бір пұшпағы ретінде сезіне білді.

Су мен жер туралы ой – бұл түптеп келгенде адамның өзі туралы ой.

Экологиялық проблемалар – ең маңызды өмірлік проблемалардың бірі ғой, өйткені әңгіме адамның өмір сүрген ортасы туралы, болашақ ұрпақтардың өмірі туралы болып отыр.

Адам мен айналадағы ортаның өзара қатынасы суреткерді әрқашан да тебірентіп, әрқашан да талаптандырып отырады.

Табиғатты қорғау мәселелеріндегі ведомстволық көзқарасқа, өткінші тиімділікке төзуге тіпті де болмайды». 

Шыңғыс Айтматов


Бұл күн адам әрекетінен біртіндеп жойылып бара жатқан жабайы табиғат сұлулығын сақтауға шақырады. Тұмса әлем заңсыз аң аулау мен ормандарды кесу салдарынан жоғалады. Өрттер мен ластанудың қылар кесірі көп.

Бұл күн жабайы табиғатқа қатысты адамзат жасайтын «қылмыстармен» күресудің қажет екенін еске салады, өйткені бұл қылмыстардың салдары (экономикалық, экологиялық, әлеуметтік) біздің ғаламшардың бар тұрғынының өміріне әсер етеді.

2013 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген «Дүниежүзілік жабайы табиғат күні» көпшіліктің «есін жиюына» ықпал етті.

Өйткені, адамзат пен оны қоршаған әлем жай ғана қатар өмір сүрмейді, олар бір-бірін толықтырады, әлемді тұтас етеді. Адам табиғатты қорғап қана қоймай, оны сақтауы керек.

Адамдардың өздері өмір сүретін планетаның сұлулығы мен құндылығын білуі адамның табиғатқа деген тұтынушылық көзқарасын өзгертуге көмектеседі.

Ал бұл жолда әркімнің көкірегін ояту мақсатында «адам мен табиғат» тақырыбына театрланған қойылымдар да бара бастады. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.

 

сурет: astanaballet.com

 

"Желтораңғы туралы аңыз"

(Астана Балет)

«Астана Балет» театрының сахнасында қойылатын "Желтораңғы туралы аңыз" бірактілі балеті ерте заманда жер бетінде пайда болған ағаш туралы баяндайды. Жылдар бойы ол көптеген катаклизмдерді бастан өткеріп, өзін мекен еткен аң-құсты аман алып қалды.

Балеттің қойған хореограф Анвар Садыков бұл туындыдағы екі маңызды тақырыпты атайды. Бірі кез келген сынаққа төтеп беретін мықты тамыр, алтын діңгек ұғымы болса,екіншісі – адамдар әлемі мен табиғат әлемі арасындағы қайшылық. «Бұл бүгінгі күннің өте өзекті тақырыбы және біз осы екі қағиданың арасындағы үйлесімділікті тапқымыз келді: адам мен табиғат арасындағы», – дейді Анвар Садыков.

Балет театрының сахнасында адамның табиғатпен арпалысы өте ашық көрінеді. Сахнада адамдардың ағаштарға, құстарға деген қатыгездігі, қоршаған ортаның нәзіктігі мен қорғансыздығы мәселесі баяндалады.

Балеттің либреттосын қазақтың белгілі ақыны Бақыт Қайырбеков жазған. Спектакльдің әрбір картинасында әртістердің, режиссердің жұмысымен және әртістердің тамаша биімен жасалған философиялық мағына бар.

Қазақ балетмейстері Анвар Садыков қолынан шыққан қойылым ежелден құстар мен жануарларды табиғи апаттан қорғап, олардың мекеніне айналған ағаштың тарихын баяндайды.

 

Сурет: Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры сайты

 

«Қар барысының шытырман оқиғасы»

(Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры)

Алматыда Наталья Сац атындағы Қазақстанның аты аңызға айналған балалар мен жасөспірімдер театрының тарихи сахнасында «Қар барысының шытырман оқиғасы» аталатын экологиялық спектаклі қойылады.

Спектакль алғашында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы 77-ші театрландырылған маусым аясында және БҰҰ-да атап өтілетін Халықаралық барыс күніне орай ұсынылды. Спектакль авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Дубовик, қоюшы режиссері – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері Еслям Нұртазин. 

«Қойылымның идеясы – көрермендерге Қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан жануарлар түрін, ұлттық символымыз – Барысты сақтаудың маңыздылығын жеткізу. Біз қар барысын қорғау жөніндегі бастамаларымыздың сабақтастығын сақтағымыз келеді. Сондықтан біз үшін бұл жай ғана спектакль емес. Біз бұл жобаны қуана қолдаймыз», - деп атап өткен еді «Қар барысы» қоры.

Спектакль авторының идеясы – адамдардың табиғаттың сұлулығына тамсануға шақыру және осы таңғажайып, ерекше һәм нәзік әлемді сақтау қаншалықты маңызды екенін ойына салу.

«Спектакльдің бас кейіпкерлері – Айдар мен Амангелді – әке мен бала ойының бірлігі, ерлік пен батылдықтың, мейірім мен табиғатқа,яғни, адамның өзі өмір сүретін ортаға деген құрметінің жарқын үлгісі. Ертегіде  ойын атмосферасы, сиқырлы реинкарнациялар, сөйлейтін жануарлар және біздің планетамыздағы зұлымдықты бейнелейтін браконьерлікпен күрес көрсетіледі. Мұның бәрі қазіргі балалардың зұлымдыққа,  әділетсіздік пен қатыгездікке деген көзқарасын өзгертуге және қаншалықты маңызды екенін түсінуге бағытталған» - дейді автор Евгений Дубовик.

Режиссер-продюсер Еслям Нұртазин: «Заманауи презентация және ойын түрінде, қызықты, экшнге толы оқиға арқылы біз жас көрермендерге туған өлкенің жануарлары мен өсімдіктеріне қамқорлық жасау қаншалықты маңызды екенін түсіндіреміз. Бұл спектакльдің үйрететін ең басты дүниесі – эмпатия және жүрекпен ойлау қабілеті».

Автор жас көрерменді қимыл-қозғалыс арқылы байқатпай, нәзік әрі әсерлі түрде Іле Алатауы тауларының фаунасымен, жабайы аңдардың әдеттерімен таныстырады. Маңызды бөлім – табиғатты қорғаудағы адамның рөлі. 

 

Сурет: utopia.dom инста-парақшасы

 

«Утопия» спектаклі

(«Дом на Барибаева 36» арт-кеңістігі)

«Утопия» – «Дом на Барибаева 36» арт кеңістігінде актерсыз бір көрерменге арналған табиғатпен байланыс туралы иммерсивті спектакль. Бұл жердегі «Иммерсивті» сөзі – «көрерменді толықтай тарту әсері бар» дегенді білдіреді. Яғни, сіз оның көрермені ғана емес, сонымен қатар басты кейіпкері бола отырып, әрекетті жасайсыз және толықтай қатысасыз. Спектакль медитация мен ойлау әдістерін қамтиды, онда рөлдер мен сюжет жоқ. Идея авторы, драматург – Дарья Спивакова. Тимур Ақтаев – кеңістік дизайнері, драматург.

«Бұлттардың ғажап ладшафты не қоңыр түнге жұтылу үшін біз қай кезде аспанға қараймыз? Біз құлаған ағашқа қол тигізгенде, ондағы өмірді – жәндіктердің, мүктердің, саңырауқұлақтардың тіршілігін сезінеміз бе? Әлде өмір біз үшін тек адаммен шектеліп қалды ма?» деген ой салады туынды көрерменге.

«Утопия» қоршаған ортамен жалғыз қалуды ұсынады.

Бұл ерекше қойылымда көременнің әрекеттері сценарийге бағынбайды, бірақ спектакль дәл сол сәтте, өмір сүру процесінде пайда болады.

Бір қызығы не болып жатқанын бейне және фотоға түсіруге тыйым салынады, сондықтан Интернетте көрнекі ақпарат жоқ. Постер де құпияны ашпайды, бірақ бұл спектакльдегі әрбір зат, әрбір жол немесе әріп – метафора.

«Утопия кеңістігі – бейнелер мен белгілердің орманы», - деп түсіндіреді. спектакльдің авторы Дарья Спивакова.

 

Сурет: Дарья Спивакованың инста-парақшасы

 

«Тыныштық *потлачы»

(«Дом на Фурманова 99» арт-кеңістігі)

Өздеріңіз байқап отырғандай бұл алдыңғы «Утопия» қойылымының жалғасы. Оқиға көпес Шахворостовтың үйінде жалғасады, ол қазір «Дом на Фурманова 99» деп аталып кетті.

Қойылым жанры - мокументалды медитация. 

Үдерістің өзі қызық басталады, көрермен темір қақпадан кіріп, кейін бірден «саясатсыздықтан сәулелену» арнайы процедурасынан өтіп, содан кейін жарияламау туралы келісімге қол қоюы керек. Сол себепті де ол туралы ақпар өте аз. Тыныштық әлемінен шыққаннан кейін ғана адам еріксіз: «Адамдар өздерінің ұлтын немесе туған жерін атаудан ұялады, ал мен саңырауқұлақ емес, адам боп жаралғаныме өкінемін» деген ойға қалатындай.

Автор Дарья Спивакова жарнамалық материалдарда спектакльде пайдаланылған кейбір нысандардың құпиясын ашты, Ол артефактілер арасында өсімдіктерді, саңырауқұлақтарды, тастарды, сондай-ақ материалдық емес нәрселерді кездестіруге болады: мысалы, сезімдер, иістер, ойлар мен эмоциялар.

 

Сурет: «Жас сахна» театры сайты

 

«Көшкін»

(«Жас сахна» театры)

Алматыда «Жас сахна» театрында танымал «Көшкін» спектаклі қойылады. Көргісі келген адамға бұл мүмкіндік бүгін-ақ туып тұр. Жалпы, қойылым адам бойындағы қорқыныш туралы баяндаса да, табиғат пен апат, жаратылыстардың оның алдындағы әлсізідігі де баяндалады.

Спектакль «түрік Чеховы» атанып кеткен драматург Тунджер Джюдженоглудың шығармасы бойынша қойылды.

Шығарма ауыл тұрғындарының санасын жаулап алған үрейден арылу керегін де айтады.

Спектакль мәңгілік қорқынышта өмір сүретін таудағы ауыл тұрғындарының өмірі туралы баяндайды. Жылдың тоғыз айында бір-бірімен сыбырласып, тау жақтан қар көшкіні түспеуі үшін үндемеуге мәжбүр. Үш айдың ішінде ғана ауыл тұрғындары емін-еркін араласып, қонаққа барып, дастархан жайып, көңіл көтереді. Қалған тоғыз айда қатты дыбыстан қар көшкіні түсіп, ауылды қиратуы мүмкін деп сенеді.

Қорқынышпен өмір сүретін ауыл ақсақалдары әйелдердің босану мерзімі жақындағанда да қатаң бақылауда ұстайды. Жас жігіт әйелі мен оның құрсағындағы баланы аман алып қалу үшін ұзақ уақыт қалыптасқан жүйені бұзғысы келеді. Қызықтың бәрі осы жерде басталады. 

Сюжеттің осындай ерекшелігінен пьеса кейіпкерлері сыбырлап сөйлейді.