Өмірден кім өткенін білесіз бе?
10.01.2025 142

Қазақ руханияты ауыр қазаға душар болды. 85 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы,  тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин дүние салды. Бұл туралы жазушының ұлы Едіге Мағауин хабарлады. 


«Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)», – деп жазды Едіге Мағауин. 

Мұхтар Мағауин – Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин - 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967 – 71 жылдары  «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983 – 84 жылдары еркін шығармашылық жұмыста, 1984 – 86 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста, 1988 – 2006 жылдары  «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).

Шығармалары: 

Қобыз сарыны. XV–XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары. Монография. А., «Жазушы», 1969;  Көк мұнар. Роман. А., «Жазушы», 1972; Бір атаның балалары. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1974;  Көк кептер. Повестер мен әңгімелер. А., «Жазушы», 1979;  Аласапыран. Тарихи роман. Бірінші кітап. А., «Жалын», 1983;  Шақан Шері. «Известия», 1993;  Ғасырлар бедері. «Ер Дәулет», 1994;  Мен. Роман-дилогия. «Гауһар», 1998.  2007 жылы - «Жармақ» романы. 2007-2008 - «Әрқилы әңгімелер», «Талайсыз әңгімелер» топтамалары. 2008, қараша - 2015, қараша - «Шыңғыс хан және оның заманы», тарихи деректі тетралогия.  2018 - «Естеліктер кітабының» жаңа тараулары. 2024 жылы  - Шығармаларының жиырма алты томдық «Толық жинағын» әзірленді.

Qazaqstan tarihy порталының ұжымы көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, абыз-ақсақал Мұхтар Мағауиннің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туыс-туғандарына, республика жұртшылығына қайғырып көңіл айтады.