Туған топырағының туын биік көтерген тұлға
03.02.2025 78

Нығмет  Нұрмақов патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шығып, қазақ жерінің тұтастығы мен ұлттық дербестігін қорғауда табандылық танытқан тұлға. Ол Кеңес дәуірінде Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосып, ел басқару ісіне белсене араласты. Ұлттық білім мен құқықтық жүйені жетілдіру жолында аянбай еңбек етті. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салып, әділетті қоғам құруды көздеді. Ел мүддесін бәрінен биік қойған Нұрмақовтың идеялары мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.


Нығмет Нұрмақов – ірі мемлекет және қоғам қайраткері, патриот, әрі интернационалист. Ол 1895 жылы 25 қыркүйекте Семей Губерниясының Қарқаралы уезі Бөрі болысында туған. Жасөспірім Нығмет 1905 жылы ауылдық мектеп табалдырығын аттады. Онда үш жыл білім алған соң, Қарқаралыдағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды.

1911 жылы Омбыға келіп, Омбы ауыл шаруашылық училищесіне оқуға түседі. Бұл оқу орнында ғалымдар А.Селезников пен Ғ.Таңатар да дәріс берген екен. Омбы мұғалімдер семинариясында белгілі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың әсері де байқалады. Нығметтің сауаттылығы сол кездің өзінде жоғары бағаланып, Семей өңіріне танымал болады. 1915 жылы Омбы ауыл шаруашылық училищесін бітірген Нығмет Нұрмақов Қарқаралыға қайта оралып, екі кластық орыс-қазақ училищесіне мұғалімдік қызметке орналасады.

1918 жылы большевиктер партиясының қатарына өтіп, Қарқаралы уездік революциялық комитетінде қызмет атқарады. 1919 жылдың қыркүйегінен жыл соңына дейін Ақмола губерниялық революциялық комитетінің құрамына кіреді. Өзгелер әскери коммунизмнің қатаң шараларын қолдаған кезде, ол азық-түлік саясатын жеңілдетуді жақтады.

1920 жылдың маусымында Қазақ АКСР-і жарияланған соң Нығмет Нұрмақов жауапты қызметтер атқарды. Сол жылы ол Семей губерниялық революциялық комитетінің төрағасы болып сайланды. 1921 жылдың басында Қазақ АКСР Әділет халық комиссары болып тағайындалды. Осы қызметте ол қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін айқындау үшін көп еңбек сіңірді. 1922 жылы ол ҚазАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болды.

1924 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағалығына сайланды. Оның басшылығымен жер-су реформасы жүзеге асырылды, халыққа экономикалық көмек көрсету шаралары қарастырылды. 1925 жылдың желтоқсанында Нығмет Нұрмақов Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Осы қызметте Нығмет Нұрмақов ірі ұйымдастырушы, білімді басшы ретінде республикаға танылады. Ол индустрияландыру, ауыл шаруашылығын құру, мәдени революцияны жүргізу, әділетсіздікке жол бермеу, әлеуметтік теңдікті шешу сияқты жұмыстарға белсене атсалысты.

1926 жылдың көктемінде БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюросы одақтық маңызы бар ірі жобаны – Жетісу темір жолының (Түрксіб) салынуын бекітті. Түрксіб құрылысы кезінде Түркістан-Сібір темір жолының салынуының қажеттілігі анықталды.

1929 жылы Нығмет Нұрмақов БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға түседі. Оқуды бітіргеннен кейін Нығмет Нұрмақовты Мәскеудегі БОАК-ке жауапты қызметке жібереді. Ол Мәскеуде жұмыс істеген жылдары да қазақ халқының мүддесін қорғап, саяси мәселелерге белсене араласты. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, атылды.

Нығмет Нұрмақов еңбегін зерттеген қарағандылық Мұсылман Аманжолов болды. Ол Нығмет Нұрмақовтың мұрасын жинақтап, жариялауға үлкен үлес қосты.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметі орнап, әрбір ұлттың қанаушылықтан құтылған азаматтарына теңдік берілді деп даурығып келгенімізді жасыра алмаймыз. «Жасасын совет өкіметі!» деп ұран тастап, халқының жарқын болашағына қамқорлық туды деп жан-тәнімен совет өкіметіне аянбай қызмет еткен зиялы азаматтарымыздың халі неге айналғанын тарихи ащы шындық ұрпаққа жеткізіп отыр. Ең көрнекті азаматтарынан айырылған соры қалың қазақ халқы олардың есімін атауға да қорықты. 70 жылдан аса кең-байтақ қазақ даласында басқа ұлттардың өкілдерінің атымен аталатын қалалар, аудандар, көшелер, даңғылдар, оку орындары, т.б. мекемелер өріс алды. Бәріміз солардың атын атап аузымызды толтыра сөйлеп, тас мүсіндеріне сыйынып мәз болдық. Сол жерде естелік болсын деп суретке түстік.

Неткен жәдігөйлік! Данышпан Абай:

«Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға!..», - деп айтқандай, өзінің отырған жылы орны үшін қамсыз көңілділер халқының тағдырын ойламайды. Оны ұрпақ біліп отыр. Ішімізге кіріп ішімізді улап, біздің осал жерлерімізді пайдаланып өзара қырқыстырып қойған сорақы саясат түбімізге жетті. Қазақ халқының маңдайына біткен ерен тұлғаларынан айырды.

Солардың бірі кең даламыздың кемеңгер ұлы, қазақ халқының адал перзенті, жалынды патриот, берік қалыптасқан интернационалист, ірі көрнекті қоғам қайраткері - Нығмет Нұрмақов.

Азамат соғысы кезінде Нығмет Нұрмақов әскери-революциялық отряд құрып, жергілікті жастардың қолдауымен шешуші ұрыстарға дайындық жүргізді. Бұл туралы халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхамбетовтың «Нығмет Нұрмақовтың отряды» атты сюжетті картинасы дәлел бола алады.

Нығмет Колчак түрмесінен босап шыққан соң әскери отрядпен екі тарихи шайқасқа қатысып, екеуін де жеңіспен аяқтады. Солардың бірі – Қызыл әскерлердің тегеурініне шыдамаған ақ гвардияшылардың Қытайға қарай жөңкілуі еді. Олар жол бойындағы елді тонап, қырып-жойып, ойларына келгенін істеді. Бұл хабар ревкомға жетісімен, Қарқаралыдағы Нығмет ұйымдастырған отряд Қу болысына аттанды. Нығметтің тапсырмасымен осы болыстың шаруалары Құлымбет Итқұстин мен Темеш Әлдибеков Қу тауының Құнанбай даласындағы терең шатқалда демалып жатқан А. Дутов отрядының Волков бастаған бөлімшесіне барлау жасап қайтты. 1919 жылы құрылған бұл отряд ақ гвардияшыларды осы жерде түпкілікті жоюды жоспарлады.

Келесі күні түн ішінде әскери отряд оларды қоршауға алып, 300-ге жуық ақ гвардияшыны жойып, шамамен 60 офицерді тұтқынға алды. Тергеу-тексеруден кейін Нығметтің бұйрығымен оларды ату жазасына кесті. Бейкүнә елдің мал-мүлкін тонап, әйелдері мен балаларын жылатып, ойран салған Дутов армиясының қалдығы осылайша жойылды. Бұл жер халық жадында «Қырғын шат» деген атпен сақталып қалды.

1921 жылдың сәуір айында Қарқаралыда үлкен трагедиялық жағдай болды. Петропавлда қатты соққы көріп жеңілген ақ бандалар шығысқа қарай жөңкіліп қашты. Соның ішінде полковник Токаревтің бастауымен ақтың әскерлері Қарқаралыны күтпеген жерден бір сатқынның айтуымен қоршап алып, жаңа өмір үшін от кешкен партия совдеп мүшелерін айуандықпен қырып салды. Бұл жылдары Нығмет Нұрмақов Семей губерниялық атқару комитеттерінде жауапты хатшы болатын және өзі ұйымдастырған әскери-революциялық отрядының комиссары болды. Осы трагедиялық хабар жетісімен Семей губкомының Нығмет Нұрмақов алып әскерге тапсырды. Тумысынан бастаған Қызыл әскер бөлімі бандалардың тобырын Сергиопольде алдарынан тосып алып, түгелге дерлік жойып жіберді. 

Өкінішке қарай, 70 жылдан аса КСРО тарихын оқыған ұрпақтар, жұтаң жазылған Қазақстан тарихы кітабынан бұл уақиға туралы ешкім оқып көрмеді. Небәрі 42 жыл ғана өмір сүрген Нығметтің әр тынысы, жүрегінің соғысы қоғамдық тапсырмалардағы белсенділігі тек қана туған халқының жарқын болашағына арналған.

1920 жылы Нығмет партия қатарына өтті. Қоғам алдындағы жауапкершілігі ұлғая түсті. Ол Семей губерниялық әскери революциялық комитеттің жауапты хатшысы боп сайланды, төрагасы генерал Радченко болды. Сол жылы қазан айында қазақ республикасын құру туралы Орынборда болған бүкілқазақстандық 1-съездің делегаты болып қатысты. Бұл жолда съезд Нығметті Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, кейін 1923 жылдың ақпанынан 1924 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақ Автономиялық республикасының бірінші прокуроры және юстиция халық комиссары міндеттерін атқарды. 

Партиялық және мемлекеттік жұмыстың қай саласында жүрсе де Нығмет Нұрмақов барлық күш-жігерін, ұйымдастырушылық дарыны мен білімін жаңа құрылыс ісіне аянбай жұмсады. Қоғамдық мәндегі мәселенің қай түрін де нақты тексеріп, дұрыс шешетіндігі Нығметке деген замандастардың сенімін арттырды. Жауапты қызмет кезінде Нығмет Нұрмақов көп қырынан көрінді, әрдайым ақиқат пен адалдықтың туын жоғары устады. Колчак түрмесінде өткен 16 ай өмір, ату жазасына кескен үкім Нығметті де, оның қарулас жолдастарын да қазақ халқының болашағы үшін аянбай күресуге шындады. Күрестің сан қырлы қиындығынан жол тауып шығу, елдің саяси-экономикалық және мәдени дәрежесін көтеру оның басты нысанасы болды. Жастарға саяси-идеологиялық тәрбие беруге көп көңіл бөлді. Қазақ қыздарын сауатсыздық түнегінен алып шығу, қоғамдық іске тартуды әрбір жиындарда мәселе етіп көтеріп отырды. Қарқаралыдағы ағартушылық қызметін, жергілікті халыққа революциялық идеяларды насихаттаумен жалғастырды. Дүниежүзілік жұмысшы қозғалысының саяси сипатын құныға да, қызыға оқыған Нығмет Нұрмақов К.Маркс, В.И.Ленин еңбектерін қазақшаға аударды. Сол ілімдердің түпкі мақсатын жергілікті жастарға түсінерліктей әңгімелеп, олардың санасына саяси нұр құйып, болашаққа үлкен сеніммен қадам жасауға баулыды.

Нығмет Нұрмақов ортада

1924 жылғы 5-10 қаңтардағы Советтердің бүкілқазақстандық ІV-съезінде Қазақ Республикасының тұңғыш конституция баяндамасында Қазақстандағы социалистік төңкерістің жеңістері мен жемістерін тұңғыш рет заң жобасына үлес қосты, ол аймақта социалистік қоғам құруды басты мақсат етіп жариялады. Социалистік құрылыстың маңызды мәселелеріне көп көңіл бөле отырып, КСРО құрамында біртұтас қазақ халқының жерін анықтап, белгілеп межелеуде сіңірген еңбегі шексіз, 1924 жылы сентябрьде БК(б)П өкілі ретінде Ортаазиялық республикаларды бөлу туралы мәселені шешуге арналған мәжіліске қатысты. Ал 1925 жылы желтоқсанда өткен Қазақстан коммунистерінің  өлкелік конференциясында Н.Нұрмақов Орта Азия республикаларының мемлекеттік-ұлттық бөлінуі және қазақстанның даму перспективалары туралы көлемді баяндама жасады.

Елімізді социалистік индустрияландыру жөніндегі партия нұсқауын практика жүзінде іске асыруға күш- жігерін аянбай жұмсады. Ол республиканың қазба байлығын тезірек игеру, өндіргіш күштерін дамыту мәселелерімен тұрақты шұғылданып отырды. 1926 жылдың желтоқсанында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің шешімімен республика үкіметі түрксіб құрылысы туралы қаулы қабылдады. Бұл бүкілхалықтық құрылысқа көмек көрсету мақсатымен Қазақ АССР Халық Комиссарлары Советінің жанына Түрксіб құрылысына көмектесетін комиссия құрылды. Комиссия жұмысын басқаруға Н.Нұрмақов тағайындалып, оның еліміздің шығысындағы аса ірі құрылыс объектісін жеделдетіп салуға тынымсыз еңбек сіңіруіне тура келді.

Нығмет Нұрмақов берік қалыптасқан нағыз интернационалист болды. Ол туған республика жетістіктерін бүкіл совет елінің табыстарымен тығыз байланыста қарады. Оның Одақтық үкімет алдына қойған бірқатар маңызды аударды. Мәселен, астықты аудандардың бірі ретінде Қазақстанның рөлін арттырудың қажеттігін мәселе етіп қойды. Ұсыныстары терең дәйектілігімен назар аудартты. 

1928 жылы БК(б)П-ның ХХ съезі елімізде коллективтендіру саясатын іс жүзіне асырудағы тарихи жиын болды. Соның қарсаңында 24-26 қарашада Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 13-шақыруы бойынша өткен 3-сессияда Нығмет Нұрмақов қосымша баяндамасында Ең ірі мәселелерге делегаттардың назарын аударып, қазақ халқының болашақ тағдырын, саяси-экономикасын, мәдени дәрежесін көтеру күн тәртібінен түспейтін мәселе деді және алдыңғы баяндамашылардың Қазақстанға деген көзқарастары әрқилы екенін жасқанбай айтты. Енді сол жасалған баяндаманың кіріспе бөлімінен Нығмет өзі сөйлеген сөзінен шағын үзінді келтірейік:

Жолдастар!

Менің міндетім – ВЦИК сессиясына Қазақстан Республикасының мәдени және шаруашылық-құрылыс саласындағы қызметі туралы баяндау. Сіздердің әрқайсыңыз қазақ халқының революцияға дейінгі жағдайымен жеткілікті таныс деп ойлаймын, оның үстіне Қазақ Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы жолдас Ерназаров бұл мәселеге ерекше тоқталған еді. Мен сол сөздерді қайталап, уақыттарыңызды алмай-ақ қояйын. Тек бір ғана жайтқа назар аударғым келеді.

Императрица Анна Иоаннованың қазақ (қырғыз) халқын Ресей бодандығына қабылдау туралы жарлық грамотасында былай делінген: "қызмет ету және салық төлеу, сондай-ақ орыс бодандары мен басқа да жаулардан қорғану құқығына ие болу".

Алайда шын мәнінде, қазақ халқы уәде етілген қорғаныштың орнына патша үкіметінен тек қана қорлық пен талан-тараж көрді. Патша үкіметінің 200 жылға жуық отарлық саясатының нәтижесінде және Қазақстандағы өндіргіш күштердің дамуының тоқырауы салдарынан ауылдарда ескі жартылай жабайы шаруашылық нысандары сақталып қалды. Өткен алты жыл ішінде Қазақстанда осы патша үкіметінен қалған қарғыс атқан мұраны жою бағытында жұмыс жүргізуге тура келді.

(Нығмет Нұрмақов. Қазақстан құрылысы. 1928 жылғы 24-26 қараша, 3-5 беттер.)

Қылышынан қан тамған сталиндік дәуірде мұндай өткір пікірді тайсалмай айту — Нығметтің туған халқының тағдырына жаны қиналған соң тарихи ақиқатты, патша үкіметінің саясатын советтік дәуірде жалғастырып жатқанын өз басын құрбандыққа қиып батыл айтылған сөз. Нығметтей алтын тірегінен айрылған аяулы қазақ халқы 70 жылдан астам уақыт ащы шындықты еліміз егемендікке қолы жеткеннен кейін ғана жасырмай, жасқанбай айтуға мүмкіндік туды. Сессияда жасаған жұртының жарқын болашаққа қолын жеткізуге өзінің септігін тигізу үшін жан-тәнімен тынымсыз, қызмет істеді, керект жерде мәселені жұмыстың қай түрінен бас тартпай бұрмалаған әріптестеріне дер кезінде жауап қайтарып отырды. Сол сессияда Нығметке қарай бұрынырақ сөйлеген баяндамашы: «Қазақстан территория жағынан тым үлкен, елі көшпенді, сондықтан оның шаруашылығын көтеруге шамасы жетпейді» деген еді. Нығмет Нұрмақовтың жауабы:

Көршілеріміз Қазақстан өз аумағының орасан зор көлемінен қиналып отыр деп ойлап, оның жекелеген бөліктеріне көз тігіп жүреді. "Саратовқа, Сібірге Қазақстанның ана жерін не мына жерін бөліп алып қосуға болмай ма?" деген сұрақтарды жиі көтереді. Бірақ біз ешкімге жеріміздің бір қарыс бөлігін де беруге ниетті емеспіз, өйткені біздің жұмысымыздағы қиындықтар Қазақстан аумағының ауқымдылығында емес.

Қиындықтар – кең байтақ жеріміздің әлі де ұйымдастырылмағандығында, игерілмегендігінде. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз: мың шаршы шақырымға бар болғаны бір шақырым ғана теміржол желісі келетін, басқа ешқандай жолы жоқ, негізгі көлік және байланыс құралы тек түйе болып отырған шексіз даланы. Мұндай жағдай кез келген үкімет үшін үлкен қиындықтар туғызатыны анық...

Патша үкіметі бізде қалаларды тек шеткі аймақтарда әскери бекіністер ретінде ғана салды, ал Қазақстанның орталығына қарай бірде-бір ірі мәдени орталық, бірде-бір қала тұрғызылған жоқ. Осындай жағдай Қазақстан үкіметінің барлық жұмысын күрделендіріп отыр.

(Нығмет Нұрмақов. Қазақстан құрылысы. 1928 жыл, 58-59 беттер.)

Осы келтірілген өте мазмұнды, саяси идеясы терең фактілер арқылы Нығметтің жалынды патриот, берік қалыптасқан интернационалист екенін көруге болады. Ардақты азамат, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Нығмет кеңесте адал қызмет атқарып жүргенде ВЦИК-тің съездерінде, пленумдарында Қазақстан территориясының қара топырақты аудандарын астықты өлкеге айналдырып, оларды техникаландыру үшін ауыр индустрияны жедел дамыту, ауылды жерлердің мәдениетін, экономикалық жоғарғы дәрежеге көтеру керектігін мәселе етіп қояды. Жаппай сауатсыздықты жою, қазақ интеллигенциясын көбейту, жастарға мамандық меңгерту, қала мен ауылдың әлеуметтік жағдайын байланыстыру мәселесін бірде бір съезд, пленумдардың күн тәртібінен түспеуін талап етті.