Ақпан төңкерісінің тарихи мәні неде?
08.02.2023 2540

Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері, Алаш партиясы, жалпы Алаш туралы сөз болса, зерттеушілер аса мән беріп, тоқталмай өтіп кетуі мүмкін емес бір дүние бар. Ол – 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерісі. Сол кезеңдегі патшалық Ресейдегі монархиялық биліктің жойылуына тек қарапайым орыс шаруалары ғана емес, оның құрамындағы өзге де ұлт пен ұлыстар мүдделі болды. Бірақ осы төңкерістердің Алаш зиялылары үшін маңызы қандай еді? Жалпы Алаштықтар неге революциялық толқулардың болуын ерекше жақсы көрді? Бұл – бүгінгі күнге дейін тарих бетінде үлкен сұрақ туындатқан мәселе. Қош, сонымен сөзімізге тұздық ретінде сол бір өткір тақырып төңірегін жіті зерттеген тарихшымен жүздесіп, біраз әңгімелескенімізді айтқымыз келіп отыр. Бүгінгі спикеріміз – Астана қаласындағы Д. Қонаев атындағы 66 мектеп-лицейде тарих пәнінің мұғалімі, 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері кезеңіндегі Орал облысындағы қазақ зиялыларының қызметін зерттеген тарихшы Гүлнұр Шайхиева. Ендеше қадірлі оқырман назарына осы бір тақырып аясында өрбіген сұхбатымызды ұсынғалы отырмыз...


- Гүлнұр Зәріпқызы, жалпы ақпан көтерілісі қалай болды, оның негізгі себебі неден бастау алды?

- Ең әуелі Петроградтағы 1917 жылы 28 ақпанда халық көтерілісі жеңіске жетті. Ресейде демократиялық революция жеңіп, монархия құлап жаңа өмір дәуірі басталды. 1917 жылғы орыс революцияларының басталу себептерін қазіргі Ресей ғалымдары жаңа тұрғыдан баяндауда. Олар өз елін экономикасы дамымаған, феодалдық құрылыс қалдықтарынан арылмаған деп бағалайды. Шынында капиталистік даму жолына түскенмен, Ресей сол кездегі технологияны өнеркәсіпке  әлі толық өндіре алмай, жабайы қол еңбегі кең қолданатын. Мешеу саяси құрылым демократиялық-либералдық реформалардың тез жүзеге асуына кедергі бола береді. Оқу, білім мен мәдениеттің кенже қалуы халықтың мәдени, рухани, саяси деңгейінің өсуін бөгей берген. Осындайдан келіп, халық демократиялық реформаларды қабылдауға даяр емес еді. Халықтың басым көпшілігі сауатсыз еді, әсіресе деревняларда жалпылай сауатсыздық орын алды. Білімі төмен адам қоғамдық өмірдің бағытын түсіне бермейді. Құбылыстың табиғатын түсінбеуден соқыр сенім туады. Осылардан келіп, қалың бұқараның революциялық теорияны, социализм ілімін ұғыну мүмкіндігі кем болады. Бұдан келіп қоғамдық саяси санада «орыс жалаң революцияшылдығы мен консерватизмі» туындайды. Бұл екі ағым революцияға залалын тигізеді. Бұл күнде әр тапқа, әлеуметтік жікке, топқа жаңа ұғым туды. Жұмысшы табы өзінің тегі жағынан жартылай крепостниктік индусттриализм мен жартылай көпестік кәсіпқорлықпен байланысты өтпелі тап деп біледі. Жұмысшылардың көбі шала сауатты, революциялық теорияны, социализм идеяларын толық меңгере алмағасын революция авангарды да бола алмайды. Зерттеушілер буржуазия мен помещиктерді «билеуші топ», «үстем тап» деп қарауда. Ресейде болып келген ылаң, экономиканың жай дамуын патша бастаған билеуші таптар кінәлі деп біледі. Өкімет пен халық жанжалға келе берген. Патша «қаражүздіктер» мен казактарға сүйеніп, оларды бұқараға қарсы пайдалануы да ыза, кек туғызғаны белгілі, қарусыз елге күш қолдану, террорлық әрекеттер қалыпты жағдай болған.

Халық таптар, әлеуметтік топтар саяси портреті туралы дәлелді пікірлер көп. Осылардың бәрін салыстыра келе зерттеушілер қоғам революцияға дайын емес еді деген түйінді де жазады. Елден жиырмадан астам саяси партиялар, ұйымдар болған, олардың революция туралы дайын концепциясы да болмады. Ең ірі партия кадеттер буржуазия мүддесін қорғай отырып, Ресейдегі эконмикалық, саяси т.б. мәселелерді талдап, шешуге сауаттылық көрсетпеген. Ал басқа партиялар қудалауда болды. Социализмді насихаттаушы 4-5 партия (РСДЖП, ЭСЕР, Халық социалистері т.б.) марксизмді жете түсінбеген және оның қағидаларын Ресей жағдайына қолдануға олақтық көрсеткен деп санаған. Социализм идеялары, оларды жүзеге асыру жолы, қалың бұқараға түбегейлі таныстырылмаған. Әлеуметтік революция - капитализмді, адамды қанауды жоюдың басты да негізгі жолы деп насихатталған. Бұдан халықтың рухани дайындығының кемдігін көреміз. Патша өкіметі саяси соқырлық танытып, әуелі Жапониямен соғысып, көп шығынға ұшырап, сосын бірінші дүниежүзілік соғысқа қатынасып, елдің мүшкіл экономикалық, әлеуметтік жағдайын одан әрі күйзелтіп, жағдайды шиеленістірді.

 

- Одан кейінгі жағдайлар ше? 

Аштық басталды. Ыза, кек кернеген бұқара, солдаттармен қосылып, патшаны тағынан тайдырды. Бұны буржуазия пайдаланып, «Уақытша үкімет» құрды. Бұнымен қатар бұқара ұйымы – Кеңестер сайланып, Петроград Кеңесінің атқару комитеті пайда болады, билікке араласады. Елде қос үкімет. Ел буржуазиялық: помещиктік лагерь мен бұқара лагеріне бөлінеді. Уақытша үкімет сөз бостандығын, баспасөз, одақтар, жиналыс пен стачка бостандығын жариялап, сословиялық, ұлттық шектеулерді жоюға уәде береді. Халық өз программасын жариялады: «нан», «бітім», «жер» шаруаларға берілсін деді. Саяси партиялар да өз программаларын құрап, мәлімдеді. Эсерлер халық программасын қабылдап, оны жүзеге асыруға асықпады. Меньшевиктер ел алдындағы түбегейлі проблемаларды шешуді кейінге қалдырады.

Елдегі әр тап, топ, жік өздерінше ұйымдасып жатты. Шаруалар Кеңестерді құрумен қатар көбі қоғамдық атқару комитетін сайлап, өз мәселелерін шешпек болды. Өнеркәсіпте фабрика, завод комитеті құрылып, жұмысшылар мүддесін қорғауға талпынды. Сондай-ақ ұлттық, жастар, әскерлер, кәсіподақтар ұйымдары пайда болды. Халық социалистері партиясы жалпыхалықтық мемлекет құру идеясын, ешбір таптың диктатурасын болдырмау, социализмді орнатуды ұсынады. Бірақ қоғамдық-саяси санасының артта қалуынан барлық партиялар ХСП-ның бұл тиімді жолын түсінбеді. Саяси жағдай шиеленісуге  бет алды.

Ақпан революциясын дайындауда ешбір партия басшылық жасамаған бұқараның наразылығы тұрмыс күйзелісінен өршіп, стихиялы түрде көтеріліске айналған. Революция, қозғалыс бүкіл елде тарап, саяси күрес өрістеген. Балтық теңіз флотының матростары көтеріліп, өз офицерлерін ешбір тергеусіз, сотсыз аяусыз жазалаған. Бұл сұмдық елге үрей туғызып, Уақытша үкімет әр кемеге өз комиссарын жіберуге мәжбүр болды. Армияда да толқу басталды. Сонда да Уақытша үкімет соғысты тоқтатып, бітімге келмейді. Үкімет астық, жер мәселесін, ұлттар теңдігін беруді де шешпейді. Әлеуметтік реформалар қабылданбады. Жұмысшылар, шаруалар қозғалысы тынбады.

Жағдай шиеленісе берді де, саяси күрес губернияларға тарайды. Майданнан оралған солдаттар мен қара жұмыстан босаған қазақтар көрген-білгенін мәлімдеп, патшалық әкімшілікті жою, соғысты тоқтату, түрлі дағдарысты шешу істеріне араласты. Бұл қозғалысты басқаратын шыңдалған саяси партия не топ Орал облысында болмады. Кадет, эсер, социал-демократиялық партияларының шағын топтары болған. Бұлардың жұмысы жөнінде архив материалдары сақталмапты. Эсер мен Ресей социал-демократия ұйымдарында бірлік болмаған. Кешікпей  Эсер партиясы «оңшыл», «солшыл» болып, социал-демократия, меньшевик, большевик болды. Бұлардың өз арасында күрес тынбады.

 

Бұлардың әлсіздігін пайдаланып, Кадет партиясының өкілдері Уақытша үкіметтің облыстық «атқару комитетін» құрып, құрамына Орал станциялық жиынның казактары жергілікті гарнизон офицерлері, почта, телеграф, биржа өкілдерімен толықтырылады. Атқару комитеті кеңестердің ұйымдасуына кеселдік жасай берді. 1917 жылы наурызда театр және тағы басқа жерлерде митингілер, жиындар өтіп, большевиктер К.А.Чувалов, Ф.М.Неусыпов патша әкімшілігін жоюды талап етті. Атком амалсыз Оралда патша әкімшілігін таратып, шенеуніктер мен жандарм, полицияларды тұтқындауға мәжбүр болды. Бұл көптеген елді-мекендерде, уездерде қалың бұқара топтары жиналып, елдің басындағы ауыр жағдайды талқылап, одан шығудың жолдарын іздестіреді.

Облыс тұрғындары ұлттық және әлеуметтік құрамы жағынан әр түрлі болды. Бұл еңбекшілердің басын қосып, күрделі де саяси мәселелерін бірлесе шешуге кедергіні көбейтті. Әділін айту жөн, казак К.А.Чувалов, тағы басқа большевиктер Орал казак әскері бұратана халыққа, өз қандастарына неше түрлі зорлық жасап, өздерін өзгеден жоғары ұстағанын ашық айтып, 1917 жылы  23-29 наурызда өткен Бүкіл ресейлік казактар съезінің кертартпа, керенау пікірлерін басынады. Горшков және т.б. «казак» дегеніміз көбіне сол жұмысшы не шаруа дей келіп, казактар басқа еңбекшілермен бірігуі керек деген.

1917 жылғы ақпан революциясын, баспасөз мәліметі бойынша, қазақтар құптаған, оның демократиялық бастамасын қолдаған. Теке қаласында мұғалім Ғұбайдолла Әлібеков ынталы топ жинап, әуелі «ұйымдастыру бюросын», сосын 10 наурызда Уақытша Облыстық қазақ азаматтық комитеті құрылып, ол ел өкілдерінің жиналысына шақырады. Ол облыстық қазақ Аткомының төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков болады, мүшелері құрамына Бақытжан Қаратаев, Дәулетшах Көсепқалиев т.б. кіреді. Қазоблатком елдің тыныштығын, жердің бүтіндігін сақтау, әскерилер мен халыққа азық дайындауға міндетті болды. Басқа саяси қоғамдық ағымдармен байланыса отырып, Текеде Уақытша үкіметтің 200 адамнан құралған облыстық атқару комитетін құру жұмыстарына Қазоблатком белсене қатысып, өзінің бірнеше өкілін құрамына енгізді. Қалалық дума құрамына казактар, қызметкерлер, жұмысшылар, қазақтар, солдаттар мен жергілікті горнизон офицерлерінің өкілдері кірді. Бұл демократияның үлкен жетістігі еді. Облатком буржуазия мен революцияшыл демократияның біріккен органы болды. Облыстағы ірі саяси күштердің бұл топталуы кешікпей жіктеле берді. Оңшыл топ пен аралық (центристік) күштердің құрамы қандай құбылмалы болса, іс- қимылдары да құбылып тұрды. Солшыл топтар әлі күш ала қоймады. Эсерлер мен меньшевикпіз дегендер билікке араласа берді.   

 

- Ал Қазақ атқару комитеті бұл тұста немен айналысты? Сол кезеңдегі съездерге қай өңірлерден және кімдер барды?

- Қазақ азаматтық атқару комитеті қазақтардың облыстық съезін дайындаумен шұғылданды. Оқығандар съез материалдарын әзірлеп, өз қатарына жаңа жанашыл қауым жинады. 1917 жылы қазақ съездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облысытық), Омбы (Ақмола облыстық) қалаларында болды. Қазақ съездерін өткізуге ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Р.Марсеков, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов т.б. белсене кірісті.

 

- Өлкедегі жағдай ше? Өзіңіз туып-өскен өлкенің тарихына тоқталайықшы, Орал облысындағы қазақ комитетінде кімдер болды?

- Орал облыстық қазақ комитеті – Жайық өзенінің сол жағалауын қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында құрылған атқару органы. 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өткен Жайық сырты қазақтарының бірінші съезінде бұрынғы Жайық сырты бөлігін басқару жөніндегі уақытша комитеттің орнына құрылды. Комитетке мүше болып Ж.Досмұхамедов. Ы.Тоқберлиев, Х.Тасымов, Т.Сарбөпиев, Е.Мұқанов, Д.Сәрсенбаев, Ғ.Әлібеков, Д.Күсепқалиев, Б.Жанқадамов, Р.Қаржаубаев, Д.Жұлдызов, Х.Досмұхамедов, Ы.Топаев, Е.Әбенов, К.Жәленов, Ғ.Есенұлов, С.Қаратілеуов, Б.Жұмағалиев, С.Омаров және Б.Тілепин саййланды. Комитет бірінші Орал облыстық қазақ съезінің Жайық сырты бөлігіндегі бұрынғы төрешіл – бюрократтық басқару жүйесін коллегеальды халықтық басқару жүйесіне ауыстыру жөніндегі шешімінен туындаған барлық қаулы-қарарды жүзеге асырумен шұғылданды. Орал қаласындағы, уездердегі қазақ қаржысына салынған жылжымайтын дүние-мүлікті есепке алып, қазақ пайдасына қызмет еткізу, елден ерікті жылу жинау, оқу орындарын ашу, жәрмеңкелер өткізу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, басқа қоғамдық ұйым – мекемелерімен байланыс жасау ісімен айналысты. Орал облыстық бірінші қазақ съезін шақырушылар оған мұқият дайындалды. Делегаттар арасында, Орал облысының уездерін айтпағанда, барлық болыстардың өкілдері болды. Съезді шақыру жөніндегі ұйымдастыру бюросы жұмысын бастаудан көп бұрын Ғұбайдолла Әлібеков төрағалық еткен Уақытша облыстық қазақ комитетін құрғанын жоғарыда атаған болатынбыз. Съезді кіріспе сөзбен ашып, оның төрағасын, екі орынбасарын және үш хатшысын сайлау жөнінде ұсыныс жасаған Ғ.Әлібеков болатын. Төрағалыққа Жаһанша Досмұхамедов сайланды.

 

Жаһанша Досмұхамедов, съездің хаттамасындағы мәліметтерге қарағанда, Томск округтік соты прокурорының қызметін атқарған. Ол съезд жұмыс істеген кезде Оралда демалыста жүрген болатын. Округтік сот орынбасары үлкен лауазым иесі болған. Оған Томск губерниясындағы саяси айдауда болғандар мен қамау орындарының үстінен қарау құқығы берілген болатын. Оның орынбасары болып Ғ.Әлібеков пен А.Қалменов, хатшылары болып Ғ.Жетпісбаев, Х. Ахметше және Н. Арғыншиев сайланды. Орал облысы қазақтарының 1-ші съезі 1917 жылдың 19-22 сәуірі аралығында Орал қаласында өтті. Қазақ съезінде 800-ден астам делегат қатысты. Съезд қазіргі Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші тұрған жерде, бұрын цирк үйі болған орында өткізілді, оған Байұлы, Әлімұлы, Жетіру өкілдері  мен болыс басшылары қатысты.

 

- Съезге қатысқан Алаш зиялыларының іс-әрекеті қандай болды? Қандай мәселелер талқыланды?

Жалпы съезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып құттықтау сөз сөйледі. Съезд делегаттарына өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын айтып Жаһанша Досмұхамедов – қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін құрбан болғандарды еске түсіріп, мұсылмандық рәсім жасауды сұрады, съезд делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Съезд ақпан төңкерісін қуаттап, Уақытша үкіметтің басшысы князь Львовқа, Мемлекеттік Думаның төрағасы Родзянкоға, Петроград жұмысшы және солдаттар депутаттарының Кеңесіне, Әділет министрі Керенскиге құттықтау жеделхат жібереді.

Съезді Уақытша үкіметтің Оралдағы комиссары Григорий Бизянов, жергілікті татар қауымының өкілдері құттықтады. Орал облыстық 1-ші съездің 1917 жылғы 19 сәуір күнгі мәжілісінде үш мәселе талқыланды: Мемлекетті басқару туралы; Уақытша үкіметке және жүріп жатқан соғысқа көзқарас туралы мәселелер. Бірінші мәселеге байланысты делегаттар «демократиялық республика» идеясын қолдады. Ал ұлттық-территориялық федерация мәселесін әзірге ашық қалдыруды  ұсынды. 

 

- Сонда делегаттардың мақсаты әу бастан демократиялық республика болу идеясы екен ғой?

- Иә, әрине. Съезд Уақытша үкіметті «оның қызметі, уәде етілгендей... демократия мүддесін қорғауға бағыттала беретін болса», қолдайтындығын білдірді. Соғысқа қатысты делегаттардың пікірі оны герман милитаризмі жеңіліс тапқанға дейін жүргізе беру керек дегенге тоқтады және бітім Петроград кеңесі ұсынған аннексиясыз және контрибуциясыз принциптер негізінде жасауға тиіс делінді.

Съезд қабылдаған осы үш мәселе жөніндегі хабарларды талдау Уақытша үкімет қызметінің басты бағыттарын қолдағанымен, сонымен қатар өз іргесін одан аулағырақ салғанын көрсетеді. Осыған дейінгі болған Торғай және Жетісу съезінен Орал съезінің айырмашылығы – бірінші күні құрамында 20 адам бар Ж.Досмұхамедов басқарған облыстық қазақ комитетін сайлау болды. 

 

Орал облыстық съезінің күн тәртібі басқалардікінен айтарлықтай ерекшеленіп тұр.Зерттеуші К.Нұрпейіс дұрыс көрсеткеніндей, көлемі де, деңгейі де, маңызы да әртүрлі бір-бірімен байланысты үш мәселе – жалпымемлекеттік, ұлттық және аймақтық мәселе жеке-жеке жүйеленген. Мұның үстіне съезде талқыланған мәселелер оған қатысушыларға сол кезеңнің сан қилы оқиғаларын бағалауға ғана мүмкіндік беріп қана қоймаған, сонымен қатар келешекті болжауға да түрткі болған. Съезде қаралған мәселелер саны 23-ке жетіп, басқа съездердің күн тәртібінен әлде қайда асып жығылды.

Батыс өңірдегі осы кезең туралы өз естелігінде Ә.Әйтиев былай деген: «Ақпан революциясынан кейін Орал аймағын басқару жөнінде Азаматтық комитет құрылып, оның құрамына Б.Қаратаев, Ғ.Әлібеков, И.Тоқберлиев, Д.Көсепқалиев, Ә.Әйтиев, И.Жәленов кейіннен студенттер К.Жәлен, Б.Жанкадамов, дәрігерлер Н.Ипмағамбетов, Х.Досмұхамедов кірді. Бұл комитеттің одан арғы жұмысын жасау мақсатында  өкілдерінен съезд шақыру қажеттілігі айтылып, кесілді», деп жазады.

 

- Бұдан басқа тағы қандай мәлімдемелер жасалды?

- Осылайша, съездің бірінші күнінің мәжілісі аяқталды. Орал облыстық Бірінші съездің екінші күні (20.04.1917ж) аграрлық мәселелерді талқылауға арналады. Бұл мәселедегі ерекшелік сол, оралдықтар жер мәселесін түбегейлі шешуді Құрылтай жиналысының үлесіне қалдырғанымен, оның делегаттары жер иемдену көлемі еңбек нормасына сай болу қажет деп шешім қабылдайды. Съезд делегаттары мемлекеттің жаңа жерлерді алу құқығына қол сұқпайтындарын мәлімдегеніне қарамастан, облысқа сырттан көшіп келуге және қазақтардың пайдалануындағы жерлерді алуға тыйым салуды қолдайтындықтарын анық білдірді.

Съездің үшінші күні (21.04.1917 ж) Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің облыстық қазақ ауылдарын басқаруды қайта құру жөніндегі бағдарламасы мен «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың Уақытша ережелері» талқыға салынды, сонымен қатар делегаттар бүкілресейлік мұсылмандар съезі туралы мәселені қарап, оған қатысу үшін Мәскеуга үш саяси қайраткерлер - Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерді, Ғұбайдолла Әлібековты және мұғалім Сұбханов пен алты молданы жіберу жөнінде шешім қабылданды. Облысқа кеңінен танымал үш бірдей саяси тұлғалардың Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайлануы олардың жалпыресейлік саяси қызметке араласуға шындап қол созғандығын байқатады.

 

- Қоғамдық талқы нәтижесінде белгілі бір лауазымды орынға сайланған Алаш зиялылары болды ма? Съездің нәтижесі нендей шешімдер қабылданды?

- Иә, Осы Мәскеу сапарында Жаһанша Досмұхамедов айтарлықтай табыстарға жетті. Ол біріншіден, Бүкілресейлік мұсылмандар съезінде оның атқару комитетіне мүше болып сайланса, Бүкілресейлік демократиялық мәжілісте Ресей Республикасының Уақытша кеңесінің (предпарламент) құрамына енгізілді. 

Съездің соңғы, төртінші күні  облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және шаруашылық – қаражат мәселелерін қарады. Съезд делегаттары Орал облысында қазақтар арсында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, оны жетіліру үшін, қатынас жолдарына, азық-түлікке, баспахана ұйымдастыруға т.б. мәселелерге байланысты шешімдер қабылдады.

 

Съезд қабылдаған шешім-қарарлар хаттамасына оның төрағасы Жаһанша Досмұхамедов, оның серіктестері Ғ.Әлібеков пен А.Қалменов, хатшылары Т.Жетпісов пен Х.Ахметжановтар қол қойған. Орал облыстық қазақ съезі 1917 жылы көктем айларында өткен басқа облыстық және уездік қазақ съездері сияқты қоғамдық - саяси өмірдегі елеулі оқиға болды. Орал съезі облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және шаруашылық–қаражат мәселелерін бір–бірімен тығыз байланыста қарастырды. Егер Торғай съезінің шешімдерінде жалпыға бірдей бастауыш білім алуға қол жеткізу міндеттері қойылса,  Орал съезінің қаулыларында облыс орталығында орта мектеп ашу және кәсіби мамандардың қатысуымен халық ағарту ісін реформалау мәселелерін талқылау үшін мұғалімдер құрылтайын шақыру қажеттігі көрсетілді.

Орал съезінің делегаттары торғайлықтардың жалпы қазақ съезін шақыру туралы идеясын қолдады және өздерінің бүкілресейлік мұсылмандар съезіне сайланған өкілдеріне басқа облыстан келген делегаттармен осы мәселе бойынша келіссөз жүргізіп, ортақ пікірге келуді жүктеді. Бұл Ғұмар Қарашев, Сейтқали Меңдешов т.б. «Қазақстан» газеті бетінде еппен айтылған идеялар сарқыны байқалады. Алғашқы облыстық қазақ съезі күн тәртібіне қойылған барлық мәселелерді талқылап, тиісті шешімдерін қабылдады. Съездің нәтижелі жұмысы оның саяси деңгейі жоғары екенін, қазақ кадрларының өсіп, жетіліп қалғандығын көрсетеді. Съезд Ғ.Қарашев, С.Меңдешов, А.Байтұрсынов бастаған либералдық–демократиялық қозғалыстың қазақ елінде нығаюының көрінісі еді. 

 

- Либерал-демократиялық қозғалыс деп қалдыңыз, сонда ақпан революциясының  дәл қазақ ұлты үшін пайдасы да болғаны ма?

- Шыны керек, ақпан революциясы қазақтарға да үлкен мүмкіндік береді. Жаңа дәуір лебі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс идеяларын жалғастырып, бостандық, саяси еркіндік аясында ұйымдасуға, тіпті автономия алу жағдайы туады. Бұрыннан да бай, кедей, төре , қара деп әлеуметтік бөліну енді одан әрі саяси жіктеле береді, әр түрлі саяси қозғалысқа араласа бастайды.

Қазақ жұмысшыларының саяси-әлеуметтік күресі өз бетімен өтіп жатты, еңбекшілердің басқа топтармен байланысы, бірлесуі байқалмады. Басқаны былай қойғанда Орал казактары мен қоныс аударып келген орыс, украиндар тек шаруа, әрі орыс болса да жергілікті басқару органдарын сайлауда жұптаса алмады. Облыстағы еңбекшілердің басын қосу өте қиын болды. Мамырда өткен шаруалардың облыстық съезінде Эсерлер басым түсіп, большевиктер кетіп қалады.

Қоныс аударып келгендер съезінде  де эсерлер соғысты  жалғастыру «революциялық қорғанымпаздық» деген саяси позицияны ұстанып, қолдау тапты. Съезде шаруалар соғыстың ауырлығын байлар мен шіркеу, монастырьге салуды ұсынады.

Сонымен облыста негізінен үш саяси ағым қалыптаса бастады. Олар жұмысшылар қолдаған революциялық ағым, буржуазиямен сыбайлас «революциялық келісімпаз» бағытын ұстанатын эсерлер мен меньшевиктер тобы және Орал казак әскері, помещиктер т.б.  Соңғылары майданда жаңа шабуылға шығуға шақырады. Бұндай шешім казак әскерінің өкілдер съезінде қабылданған еді. Съезд елдің экономикалық дағдарыста екендігіне, казак әскери бұқарасына тиімсіздігіне көңіл аудармайды. Казак әскери басшылаын сайлап, 1868 жылы жойылған «атаман» лауазымын қайта қалпына келтіреді. Станицаларда офицерлер казактарды жинап, взвод, эскадрон құрап, әскери жаттығуларды бастап кетеді. Кулагин станицасында полковник В.Толстов казак полкін құруды қолға алады. Осылай Орал казак әскері өзге жұрттан оқшаулана берді. Майданнан бір казак дивизиясы Сарытауға жетпей, эшалоннан түсіп, еш қалаға жақындамай, жаяу, аттылы жүріп Жайыққа келеді. Ал жер – жерде құрылып жатқан Кеңестердің бұнымен ісі болмайды. 

 

- Алаш партиясының құрылуы да осы съездердің қызған шағына тұспа-тұс келеді ғой?

- Иә, 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында Бүкілқазақтық 1- съезі болып, оған Батыс Қазақстаннан Б.Құлманов, Ғ.Қарашев, У.Танашев, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков т.б. қатысады. Бұл съезде қазақ болашағы үшін өте қажетті, көкейтесті 14 мәселе қаралып, Ресей федерациясы құрамында қазақ автономиясын жариялау, елде жаңа саяси партия ұйымдастыру, оны «Алаш» деп атап, бағдарламасын жасау т.б. мәселелер жөнінде қаулы шығарады. Партияны ұйымдастыру дайындығына Ә.Бөкейханов бастаған топ құрылады.    [

1917 жылы көктемі, жазы Орал облысында саяси күштердің күресі шиеленіскен жағдайда болады. Қалың бұқараға ықпал жасап, өз соңынан еріту үшін эсерлер, меньшевиктер, Орал әскері офицерлері, кулактар бірталай әрекет жасады. Осыдан келіп қалада Кеңес өкіметін құру, жұмысшылар мен солдаттар, шаруалар депутаттарының облыстық Кеңесін құру, оның жұмыс істеуі қиындық туғызды. Қоныс ауып келген шаруалар мен Орал казактары – екеуі  де тегі шаруа болса да реакциялық күштер үгіті, ғасырлар бойындағы салт салдарынан революциялық бейбіт дамуы процесінде бір арнаға қосыла алмады.

Орал казак әскерінің съезі майданда жаңа шабуылды бастауды қолдап, шешім шығарады. Бұдан кейін Кеңестердегі келісімпаз партиялар елдегі саяси қозғалыстың мәнін жете түсінбей, не эсерлер мен меньшевиктердің күштеуімен Уақытша үкіметтің революциялық қозғалысты жаншу саясатына қосылып кете бергенін бйқаймыз. Орал облыстық шаруалар Кеңесі 1917 жылы 26 мамырда Уақытша үкіметтің облыстық комиссары Темір уезіндегі шаруалар байлардың жерін күшпен тартып алып жатқанын, уезде шаруалар қозғалысы өскенін мәлімдеген. Облкеңес өз қаулысында : «болашақта жер мәселесін шешкенше, бөгденің жерін тартып алу заңсыздық болады, сондықтан бұл әрекетті ұйымдастырушыларды тұтқындап, қазіргі заң бойынша жауапқа тарту үшін сотқа берілсін» деп жазған. Ал қазақ шаруалары өзге саяси позицияда болды. Бұл туралы Қаракөл болысының шаруалары жиналысының қаулысы анық көрсетеді. 1917 жылы 24 шілдеде бұл болыстың 351 адамы қатынасқан жиыны өтеді, мынадай қаулы шығарады: «байлардың артық пішені мұқтаждарға берілсін және болыстың Кеңес құрамын өз өкілдік сенімді ақтамады деп кері қайырып, ал облыстық атком председателі: "халықтың көпшілігінің, әсіресе кедей таптың мүддесіне сай емес"» - деп қайта сайлауды талап етеді. Сөйтіп қазақ шаруалары да азаттық күреске белсене араласты. Жазда Теке қаласы жұмысшы, солдаттар депутаттары Кеңесін сайлау қолға алынды. Орал қалалық Кеңесін сайлау жөнінегі ұйымдастыру комиссиясы құрылып, ол өз отырысында 19 маусым күні жұмысшылар мен солдаттар депутаттары Кеңесінің сайлауын өткізу және оған кәсіподақ, кәсіпорын, гарнизон делегаттарын қанша адамнан бір адам сайланатыны туралы қаулы шығарды.

Солдаттар арасындағы үгіт жұмысы нәтижесінде 1917 жылы 1 шілдеде Орал горнизон митингісінің қаулысы бойынша бұрынғы гарнизон комитеті таратылып, орнына жаңа ұйым – солдаттар мен қазақ депутаттары Кеңесі құрылды. Ол солдаттар, қазақтар, шаруалар депутаттары Кеңесінің әскери секциясы, яғни бөлімі екені де жарияланды.

 

- Саяси күштердің рөлі өңірдегі қай елді мекенде қызу жүріп жатты?

- Саяси арпалыс Ілбішін, Елек, Орал, Темір уездері мекендерінде жүріп жатты. Облыс жұрты Петроградтағыдай екі лагерьге айырылды. Революцияны бұдан әрі дамыту, ауыр экономикалық, әлеуметтік т.б. дағдарысты шұғыл шешу, демократияны өрбіту жағын демократияшыл күштер – шаруалар, жұмысшылар, солдаттар мен қызметкерлердің басым көпшілігі қолдады. Бірақ бұлардың басын біріктіретін сауатты саяси ұйым шықпады. Революцияға қарсы лагерде Орал казак әскерінің байлары, офицер, генералдардың жергілікті орыс, казак, татар байлары, капиталистер, ірі кеңсе қызметкерлері, казактардың басым тобы т.б. болған. Екі лагердің саяси күресі жалғаса берді. Демократиялық лагердегі эсер, меншевик, большевиктер өзара тіл табыса алмай, соғысты шұғыл тоқтату мәселесінде де, революциялық реформалар жүргізуде де келісе алмады. Бірлігі болмаған топтың босаңдығын контрреволюция пайдаланып кетті. Петрогардтағы 3 шілде төңкерісінен кейін облыстағы Уақытша үкімет аткомы, Орал казак әскрінің билеушілері демократтарға қарсы жазалау әрекеттерін қолдана бастайды. XIX ғасыр аяғында жойылған казак әскері атаманы лауазымын қайта қалпына келтіріп, казактардан құралған арнаулы жазалаушы отрядтар деревнялар мен поселкаларды, ауылдарды аралап, революцияшыл топтарды қудалай бастаған. Ал сол кездегі басқарушы орындарда жүрген меншевик, эсер партияларының мүшелері контрреволюцияға бірігіп батыл қарсылық көрсете алмады. Уақытша үкіметтің облаткомы, комиссар Бизянов та еш шара қолданбаған. Бұлар, 1917 жылы Орал әскери горнизоны солдаттарның көпшілігі большевиктер жағына шығып, шаруалардың облкеңесі құрамына өз өкілдері Нуждин, Баркушин, Иванов т.б. жіберіп, демократияны қолдағанын да пайдалана алмайды. Казак әскері арасында қобалжу болады, екі полк генерал Корнилов бүліншілігін қолдаудан бас тартса, майданнан оралған Орал казак әскерінің 6, 7 – полктары майдангерлер комитеттерін құрып, облыстық шаруалар кеңесімен бірлесе отырып, генерал Мартыновтан Орал әскері атаманы қызметінен кетуін талап етеді.Орал казак әскері командашысы, кейін үкімет басшысы болып үлгерген Мартынов революцияға қарсы күресу үшін төтенше соғыс жағдайында деп жариялады. Социалистік партиялардың осалдығы соғысты тоқтату мәселесінде эсер партиясын әлсіретіп, «солшыл эсер» жігі бөлінсе, құрылтай жиналысына депутаттар сайлау барысында эсер партиясы көп дауыс жинай алмады. Мысалы : Ілбішін уезі бойынша дауыс бергендердің он пайызы ғана эсерлерді қолдады. Социалистер революцияшыл солдаттар мен жұмысшылардың, казактар мен қазақтар басын біріктіре қоймады. Тіпті орыс шаруаларының өзі екі топқа бөлініп, екі бөлек Облкеңес болады. 1917 жылы Уақытша үкімет облаткомы, комиссары қазақ жұрты мүддесіне сай ештеңе жасамады. Қазақ шаруалары патша үкіметі тартып алған өз жерін өз бетімен қайтарып ала бастады. Уақытша үкімет комиссары Г.Бизянов бұл мәселені шешпеді. Уақытша үкімет қазақ жерін басқару үшін земство сайлауын өткізіп, уездік, облыстық қырғыз управасын құрап алады. Мысалы, Орал уездік земствосының управасы сайланып, оның төрағасы И.Токбергенов, орынбасары А.Көпжасаров, мүшелері Т.Сарыбөпиев т.б. болады.Ал Жайықтың батыс жағындағы Тасқала, Жалпақ көл, Қисық қамыс өңіріндегі қазақтар земство сайлауын өткізбеген. Олар өздерінше басқару, атқару комитеттерін қүрмақ болған. 

 

- Ақпан революциясынан кейін елдегі саяси ахуал қалай өрбіді? Жайық өңіріндегі жұрттың саяси бағдары айтарлықтай өзгерді ме?

- Сонымен 1917 жылы ақпан революциясынан кейін елде саяси қозғалыстар кеңінен жайылып,әртүрлі саяси ағымдар мен әлеуметтік топтар өз мүдделері үшін саяси күреске әлі келгенше белсене қатысты. Империалистік соғыстың тоқталмауы елдің экономикасын одан әрі күйзелтіп, саяси мәселелердің шешілмеуі қалың бұқараны күреске итермеледі. Орал облысында еңбекшілер бір жағынан өздерінің саяси, әлеуметтік қиындықтарын шешкісі келсе, екінші жағынан елді күйзелткен өзекті мәселелердің тез шешілуіне күш салмақ болғаны анық. Бірақ саяси бағдардың ғылыми негізсіздігінен дүниежүзілік қантөгісті тез тоқтату қозғалысына белсенді қатынаса алмады.

Өлкедегі кадет, эсер, меншевик партияларының ұйымдары соғысты жалғастыру бағытында болып, бұқараны шатастыра берді. Айта кеткен жөн, тек большевиктер ған соғысты тез тоқтатуды талап еткені рас.

Жайық өңірінде елдің саяси болашағын белгілеуде  де жете түсінбеушілік көрсетеді. Халқының бір тобы уақытша үкіметті қолдаса, басқа тобы жергілікті Кеңестердің сайлауына қатысып, үміт артты. Ал үшінші тобы, атап айтсақ капиталистер, помещиктер, саудагерлер, Орал казак әскерінің ауқаттылары Ақпан революциясы жеңісін қолдамай өз алдына және бұқара мүддесіне кереғар саясат ұстанғанын байқаймыз. Олар Орал казак әскерінен отрядтар құрып, реакцияшыл топты ұйымдастырып, жоғалған атаман лауазымын қайта шығарады. Оның үстіне казак әскерінің командованиясын, кейін әскери үкіметті сайлап алады. Бұл қауіпті құбылыс еді, бірақ оған көпшілік мән бермей наразылық тудырмады.

 

Жалғасы бар...