Дариға Мұштанова: Құрманғазы күйлерінен еркіндікті ғана естимін
Бөлісу:
02.02.20232546
Биыл қазақ халқының бағына біткен дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толып отыр. Оның туған жылына байланысты қоғамдық талқыда екіұшты пікір болғанымен, күйшінің ғұмыр дерегін зерттеушілер ел болып, халық болып «Құрманғазы 1823 жылы дүниеге келген» дейтін байламға илануымыз керегін айтады. Сонымен қатар күйшінің шығармашылығын зерттеу, оны қазақ оқырманына насихаттау бағытында да ілкімді істер аз да болсын жасалып келеді. Соның бір дәлелі – бірер жыл бұрын жарық көрген «Әз Ғұмыр» деп аталатын Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі, өнері хақындағы әдеби-танымдық повесть еді. Авторы – ақын, жазушы, журналист Дариға Ғазизқызы Мұштанова. Жарық көргеніне 3-4 жылдың көлемі болса да, ел аузында сақталып, кітапсүйер қауымның жылы лебізіне бөленген кітаптың саналы ұрпаққа, саналы қоғамға берер тағылымы көп-ақ. Ендеше сол аталмыш еңбектің авторымен сұхбаттаса отырып, повестегі кейбір мәтіндерден үзінді келтіріп отырмыз.
Мұштанова Дариға Ғазизқызы (13.03.1954ж. Орал қ.) – ақын, жазушы. 1977 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бітіріп, жоғары білім алып шыққан соң, бұрынғы Жалпақтал, қазіргі Казталов ауданының Көктерек орта мектебінде аға пионервожатыйы, мұғалім болып еңбек жолын бастады.
Мектеп қабырғасында жүрген оқушы кезінен аудандық газетке өлеңдері жариялана бастаған. Он жеті жасында тұңғыш рет облыстық айтысқа қатысып, жеңімпаз атанып, сол жолы оған «Облыс ақыны» деген құрметті атақ берілді.
Ауыл өмірінің көркеюіне үлес қосып, қоғамдық, мәдени шараларға белсене араласты. Өзінің өскен ауылы Кировтағы сегізжылдық мектепте еңбек еткен жылдары (Қазіргі Казталов ауданы,Саралжын ауылы), «Қарлығаш» эстрадалық жастар ансамблін, драма үйірмесін, оқушылардың домбыра оркестрін құрып, ауыл балаларын көптеп өнерге баулыса, Көктерек ауылдық клубының меңгерушісі болған жылдары да өнерлі жастарды жанына жиып, жемісті еңбек етті. Аудандық, облыстық газет редакцияларында журналист, партия-кеңес органдарында лауазымды қызметтер атқарды.Жалпақтал аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқара жүріп, көптеген келелі істерге қозғаушы болды..
Батыс Қазақстан облыстық, Жалпақтал, Теректі аудандық мәслихаттарының депутаты болып сайланып, елдің әлеуметтік-рухани мәселелерін батыл көтеріп отырды.
Республикадағы алғашқы наурыз айтысына қатысып, Әселхан Қалыбекова, Қатимолла Бердіғалиевтермен қатар бірінші жүлдені жеңіп алды.Торғайлық Қонысбай Әбіловқа тізе бүктірген, Баянғали Әлімжанов, Серік Құсанбаев, Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров ақындармен үзеңгі қағыстырып, жұртшылыққа әдемі әзіл айтыстар сыйлаған. Шолпан Қыдырниязовамен қайым айтысы, Александр Қауеновпен қыз бен жігіт айтыстары ел аузында.
Дариға Мұштанова Теректі ауданы, Подстепный ауылындағы республикаға танымал,алдыңғы қатарлы «Үміт» лингвистикалық гимназиясының іргесін қалап,негізін салушы. 2001-2016 жылдар аралығында аталған оқу орнының директоры болып қызмет атқарып, білім ошағын облыстағы,республикадағы маңдайалды майталмандар қатарына алып шықты.
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерінің, «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Тәуелсіздікке 25 жыл», «Тәуелсіздікке 30 жыл» мерекелік медальдарының иегері.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, Парасат орденімен марапатталған. Есімі, өмір жолы "Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясына" енгізілген.
«Адамның жаны бір жұмбақ» (2001ж.), «Өмір-арна» (2004 ж.) "Қос қанат" ("Жылама, жырла, Жайығым" 2010 ж), "Шарайна-дүние"(2022 ж) жыр жинақтарының, «Үміт жетелеген бес жыл» (2005 ж.) "Үміт" атты бір ел бар... "(2015ж.) педагогикалық жазбалар жинақтарының, "Аңыз болған абысындар"(2018ж), "Әз ғұмыр" (2019ж) көлемді повестерінің авторы.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бүгінде «Жайық пресс» медиахолдингінде эксперт, облыстық «Орал өңірі» газеті, «Үзіліс» арнаулы педагогикалық қосымшасының қоғамдық редакторы қызметінде.
– Бірер жыл бұрын «Әз ғұмыр» деп аталатын кітабыңыз жарық көрді. Аталмыш еңбегіңіз Құрманғазы Сағырбайұлының ғұмыр дерегіне қатысты екен. Сол көлемді дүниеңіз жөнінде аз-кем айта өтсеңіз…
– Жер-Жаһанды құдіретті күймен жасандырып, өзінің мәңгілік ескерткішін өзі тұрғызып кеткен Құрманғазы атты заңғар тұлғаның болмыс-бітімін әдеби-көркем жанрда жазып, қалың оқырманға табыстау бақыты бұйырғаны рас. Бұл есім менің санама ес біле бастаған төрт-бес жасар бала кезімнен сіңген. Дұрысы, мен Құрманғазыдан бұрын «Кішкентай» деген күйдің атын жиі естіп өскем.
Батыс Қазақстан облысы, бұрынғы Жаңақала ауданының 9-ауылы –Саралжынды (Киров колxозы) мекен еткен атам қалт еткенде көзін жұмып, толқып отырып жалғыз ғана осы күйді тарта беруші еді. Тұстастары да жиын-тойларда "Кішақаңды тарт" деп, тек қана соны қолқалайтын...
Алғаш рет Алматыда республикалық айтысқа қатысып, саxнаға шыққалы тұрғанымда Құрманңазының ізбасары Қали Жантілеуовтың шәкірті, атақты балбармақ домбырашы (марқұм) Тұяқберлі Шәмілов аға қасыма келіп, «Бабаңның аруағы қолдасын, тәу етші, айналайын...» деп, Құрманғазының суретіне маңдайымды тигіздірген.
Толқып, дірілдеп тұрсам да, "тәу ету" дегенді анық білмесем де суретті ағаның қолынан алып, маңдайыма тигізіп, кеудеме басып, еріксіз күбірлеп қуат сұрадым. Қорқынышым сап тиылып, батылдана айтысып шықтым содан соң. Саxнада да қызық жағдай болды... Ойламаған жерден "азуы алты қарыс" қарсыласымды бір ауыз сөзбен жеңіп кеттім...
Бұл – бірінші таңғалғаным еді. Содан соң, арада біраз жылдар өткенде аяқ астынан Алтынжарға сапардың реті шығып, бабаның зиратына мінәжат етіп қайтудың сәті түсті.
Сол жерде тағы бір керемет болды: Біз зират басында тұрғанда, ызылдаған домбыра үні естілді құлағыма. Елеңдеп дыбыс шыққан жаққа қарасам, анадай жерде есігі ашық қалған «Волгадағы» домбырамның шегін жел қозғады ма екен, зыңылдап өз-өзінен үн қатып жатыр.
Домбырамды жайлап қана қолыма алдым. Сол жерде:
Басыңа арнап, баба, елден келдім,
Аңсаған Ақжайықтай жерден келдім.
Төсінде табаныңның ізі қалып,
Құмынан күй саулатқан белден келдім.
Жарқылдар болат пышақ жанығасын,
Тәу еттім қасиетіңді танығасын.
Айтыстың ақ желкенін желбіреттім,
Бір сәуле сенен, баба, дарығасын...
деп басталатын бес-алты ауыз арнау сөз еріксіз ағытылды...
Арада жиырма-отыз жыл өткенде Құрманғазы бабам тағы да алдымнан шықты. Бұл жолы өңірімізге белгілі өлке танушы, музей істерінің ардагер-майталманы, ҚР мәдениет ісінің қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сара Танабаева Құрманғазы туралы деректерді салыстыра әңгімелеп отырды бір кездескенімізде.
Ел тариxының титімдей дерегін де елеусіз қалдырмай, тырнақтап жинап, шашауын шығармай жапырақтап теріп жүретін жидашы-зиялының айтқандары ұйытып әкеткені өз алдына, керемет ой да салды. Артынан Сарада сақталған дерек көз, алуан газет қиындылары бар сарғайған папка қолыма тиді. Менің шабытыма бастау болған да, негіз болған да сол сарғайған ізденіс, зерттеу тігінділері және бабаның өз Руxы. Бұлай дейтінім, осы кітаптың орта шеніне келе бергенде тағы да күтпеген жерден жол шығып, Бабаның өзі жүрген жолдармен Астраxаньға, Алтынжарға барып қайттым. Нәтижесі мықты болды.
Сөйтіп, уақыттың өзі дем берген, "Мені жаз..." деп сұранып келіп, алды-артыма қаратпай жазуға отырғызған "Әз ғұмыр" ғой бұл. Оқырмандар "жылап отырып оқыдық" деп хат жазып жатады.
– Повесть жаздыңыз, оны жазу барысында Құрманғазының жүріп өткен жолымен жүрдіңіз, біраз жерді сапарладыңыз. Қазақтың ұлы күйшісін дүниеге әкелген топырақ сізге қалай әсер етті?
– Әсер ғажап! Топырақ сөйлеп жатты. Міне, сол кездегі жолжазбаларымның бір үзігі оқып көр де, біле бер қандай сезімде болғанвмызды.
"Көзбен көргеннің жақсысы-ай, шіркін!
Көненің көзі-Пәкей ауылы отыр міне.Түртіп қалсаң шежіре саулай жөнелетіндей, әттең...уақыт тығыз. Заман ағымымен , өз еркінен тыс Орал әскерінің малына сақшы болуға туу Ресейден осында келіп қоныстанып, ақыры есімі қазақ жерінің атауына айналып қалып қойған Фокей Никифорович Бородин деген казак туралы құлақта қалған тағы біраз тың әңгімелерін тыңдауға болар еді әйтпесе. Жаңақалада бағзы заманғы қазына қариялық мектебі сақталған тәрізді. Үлкендері үлкенше әңгіме-деректерді мұқият жинақтап, ауыздан-ауызға тарата , тарқата жүруді мұрат тұтады екен, соған қуандым, әрі қызықтым.
Шәріп правительдің өзі заманында осы Қамыссамарға жағалай сумен арнайы жүзіп келіп, ел естілерінің әңгімесін жата-жастана құмартып тыңдап кетеді екен.
Жергілікті адамдар зерттеулерде атаулары аталатын Топай, Ләуішкен көлдерінің үстінен түсіргендегі қуанғанымыз-ай! Бұл енді Ұлы Күйшінің дәл осы жерден екендігін дәлелдеп, мәңгі бекітіп кеткен мөр! Құрманғазы құрағы, Сағырбай тапауы, домбырашы Аршан, Төлеген қыстаулары... бәрі осы жерде. Болар-болмас сорабы көрінгені болмаса, басқалай белгі жоқ. Көлдер құрғап, құрақтар сейілген...
Шіркін-ай, осы жерлерді қалпына келтіріп, Сағырбайдың шеген кепесін салып, Құрманғазының домбырасын іліп, жалғызаяқ соқпақ жолдарды сайратып қояр ма еді. Келген-кеткен адамдардың ізі шұбырып жатар ма еді құмның асфальтқа бергісіз айдау жолымен ...Аспан астындағы музей дегеніңіз сол емес пе?
Шеген кепе демекші, оның қалай салынатынын сұрап біліп алдым Қазақстанның Құрметті журналисі Тиxон Әліпқалиев ағамнан.
Шағыр деген шөп өседі екен құмда. Биіктігі 35-40 сантиметрдей , бір-бір уыс болып шоқталып, тіп-тік қадала өсіп тұрады. Осы шөптерді шапашотпен тамырымен бірге қазып алып, тамырын ішке, басын қабырғаға қаратып бастыра салып-салып, бер жағын балшықпен сылай қояды. Дап-дайын құрылыс материалы екен ғой деп, жол бойында мойындарын соза қадалып өскен шағыр атаулыға құрметпен қарап бара жаттым.
Топай көлінен әудем жердегі төбешікке экспедиция құрамындағы он сегіз адам, қасымызға ере шыққан бір топ жаңғалалықтармен араласып отыра-отыра қалыстық. Едіге Нәбиев пен Асқар Кенжеғалиев әуелі кезектесіп, одан соң қосыла күй толғады осы жерде. Иә, иә. Бұл енді жай тартыс емес, толғау. Тіпті домбыра өз-өзінен сөйлеп, толғанып тұр ма дерсің. Үні күмбірлеп, зорайып, құдіреттене естілді мына қасиетті жерде. Қайран қалдым.
Талай жерді шарлап, не бір сапарларды көріп жүрген Едігенің өзі есі кетіп, қатты толқып жүр. «Мына жерде домбыра басқаша сөйлейді... Бұл күн енді қалған өміріме азық болатын болды" дей береді қолын жүрегіне қойып. Атасының үйіне келгендей мәз. Бәріміз де сол».
– Құрманғазының өмірбаянына үңілсек, оның сол кездегі таптар тартысында көп зардап шеккеніне куә боламыз. Оның өмірі түрме мен жанжал арасында болды десек те, қателеспеген болар едік. Тіпті мына БҚО-дағы «қырық тұрба» деп аталатын салынғанына 200 жылдан астам уақыт болған түрмеде де Құрманғазының болғаны жайлы мәлімет бар. Құрманғазы бірнеше түрмеде жатты, бірнеше рет қамалды дейміз. Сонда күйшінің түрмеге тоғытылуының негізгі себебі қандай?
– Кітапты жазу барысында осы деректердің психологиялық ішкі себебіне көп үңілдім. Тұжыра айтқанда, Құрманғазы әлеуметтік әділетсіздікке төзе алмаған, төзгісі де келмеген күрескер тұлға. Оның "ноқтаға басы сыймауы" – заңдылық деп түсіндім жан дүниесіне күйлері арқылы да, ғалымдардың зерттеу жұмыстарындағы өмірдеректеріне де үңіле отырып.
«Әз Ғұмыр» кітабынан үзінді:
Күйші талай теперіш көрді, небір қым-қуыт оқиғаларды басынан өткізді. Ордада, Оралда, Астрахань губерниясының Красноярында түрменің дәмін татты. Сол бір күрделі өмір жолында аярлықтан жапа шегіп, айдауда жүрген, қамауда отырған ар-намысты, таңғажайып талантты ірі тұлғалармен табысты.
Құрманғазыда тіпті маза жоқ. Қайтерге білмейді. Өзі үйде болғанмен, көңілі далада. Сол ұранды далада. Махамбет пен Исатайдың қасында жүр мұның дүрсілдеген жүрегі. Әттең, жас болып тұрғаны! Жібермеді, алып кетпеді мұны сарбаздар. Балғын жастарды қоспады бұл шайқасқа үлкендер жағы. Өздері шықты алдыңғы шепке.
Үйге сыймайды Құрманғазы. Түзге де сыймайды. Кеткісі келеді арттарынан ағаларының. Қастарында жүргісі келеді «егеулі найза қолға алған» ерлердің. Күй қосқысы келеді Махамбеттің өрт өлеңдеріне. Қайрат бергісі келеді тәуекелге бас тіккен қарапайым елге.
Батылдық та, жігер де, от бейнелі намыс та сол жерде әне! Ал бұл не істеді? Не үлес қоса алады мұндай кезеңде? Қайтіп көмектеспек керек мұндайда?..
Домбырасын қолға алып еді, күй келді...
Әріден... Әлдеқайдан... Қайнап, шымырлай шыққан бір үн...
Бір-бір соғысы бір батпан жүк арқалағандай салмақты күй. Дала мұңын, даланың нала жүгін түгел арқалап келе жатқандай мына бір күңіреніп басталған күрделі сарын. Бірте-бірте күшейіп келеді және. Тұяғынан от шаша тарпыған мың сан арғымақ дүсірлеп шыға келді әне ... шанақтан. Екпінінен дауыл тұрып, әкетіп бара жатыр Құрманғазыны. Тұлпар-күй ағытыла ытқиды бозбаланың жалын атқан көкірегінен. Қуанса да, қайғырса да, күймен, тек қана күймен сөйлейтін жүректен.
Бұл қасиетті сарынды «Кішкентай» деп атады Құрманғазы. Тұлғасы зор батыр ағаларына кішкентай сыйым болсын деп осындай ат берді әдейі. Тілек қосты. Олардың «шыбын жанды шүберекке түйіп, айқасқа шыққан үлкен істерінің қасында қасында қандай сый тартса да кішкентай болады» деп түйген.
- Құрманғазының қазаққа мәшһүр, ел-жұрт жақсы білетін «Кісен ашқан», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Серпер», «Бұқтым-бұқтым», «Қайран шешем» күйлерінен бөлек «Перовский марш» дейтін күйі бар. Бұл күй туралы не айтар едіңіз? Оның белгілі бір әлеуметтік тапсырысқа қатысы бар ма? Аталмыш күйдің сол кездегі Орынбор губернаторы болған Перовскийге арналғаны рас па?
– Мен бұл шығарманы жазарда әуелі үш күн, үш түн Құрманғазы күйлерін тыңдаумен болдым. "Перовский маршынан" орыс генерал-губернаторының салтанатын емес, түркі рухы естіледі. Хиуа жорығының тарихын білген адам "Әз ғұмырдағы" осы күйдің астары туралы жазғанымды бек жақсы түсінеді. Ал атауы шартты түрде, заманның амалына қарай беріле салған сияқты. Қашанғы қамалсын енді...
Үзінді:
Құрманғазы керуеннің қақ ортасында.
Ел көргенді бірге көріп, әйтеуір арасында кетіп барады осы қалың көштің. Тоқтаған жерде ас-суға, мал сойысуға тиіп-қашып көмектескені болмаса, бұған аса бір тіреліп жатқан шаруа жоқ. Ара-тұра кештерде шенділер мен шекпенділер өздері отыратын қостарға шақыртып алып, күй тартқызады.
Перовскийдің де алдын көріп қайтты бір-екі рет.
Бірі жазып, бірі сызып, енді біреулері қызу әңгімелесіп дуылдаған орыстардың алдында далаға тартқандай болып отырып бір-екі күй тартып береді. Арқасы ауырады қақсап сондайда, қайтеді енді...
Қазақтың мұңлы күйін қайтсін олар, "көңілдірегін ойна" дей береді. Екінші бір келгенінде ұзағырақ айналды күйші жігіт бұл ортада.
Шеткерілеу отырған, жағына пышақ жанығандай арық жігіт көзіне түсе береді. Мұның домбырасын тыңдап отырған да жалғыз сол сияқты.
Құлағы күйге тосулы. Басын бір көтеріп, қайта шұқшиып, алдында жатқан дәптерге бірдеңелерді тез-тез сызады.
Арасында жөтелге булығып, күркілдеп, қымтана түседі де қайтадан қағазына үңіледі. Шығар жерде мұны тоқтатып, атын сұрады. "Курумбай" дей салды. Орыстар "Құрманғазы" дегенге тілдері келмегесін осылайша оңайлатып алған. Бұл да шет емес, бала жастан құлағы үйренген көп есімдерінің бірі.
"Василий" деп өзін таныстырып, әлгі жігіт қолындағы қағазды көзіне тосты.
Құдая, мынау суретші екен!
Жаңағы отырыстары қаз-қалпында суретке түскен де қалған:Қағаз-қаламын тізесіне қойып, қасындағы сәлдесі дағарадай татар молласының сөзін зейін сала тыңдап отырған сақал-шашы қудай орыс жазушысы, өзара ыру-дыру әңгімеге кіріскен былайғы топ. Оң қолымен киіз үйдің жабу есігін көтере ашып, ішке еніп келе жатқан қазақ жігіті. Сол қолында шам, шаммен бірге қыстыра ұстаған домбыраның сабы қылтияды ар жағынан.
Таң қалғаннан күліп жіберді Құрманғазы. Мынау тура өзі ғой!
Василий жымия күліп, суреттің астындағы жыпырлаған жазудың шетіне "киргиз Курумбай" деп айтып отырып, мұның атын да түртіп алды. Бұл жас жігіттің кейін атағы елге мәшһүр болатын xас суретші Василий Штернберг екенінен де, анау отырған дудар сақалдың Владимир Даль деген дәрігер-жазушы екенінен де, ал өзінің кейін даңқты, дауылпаз Күйші болып дала тарихында мәңгі қалатынынан да бейxабар еді ол кезде Сағырбайдың сайран сүйгіш, саяxатшыл һәм саятшыл ұлы. Әзірге өзіне белгісіз мына жорықтың бағыт-бағдарын түсіне алмай әлек...
– Енді тарихи-танымдық фактілерге сүйенсек деп едім. Құрманғазының «Сарыарқа» күйіне қатысты жазылған жазбалар өте көп. Соның бірінде белгілі жазушы, зерттеуші Ақселеу Сейдімбек бұл күйге қатысты жазылған мақаласында Құрманғазының Тәттімбетпен кезігуі мүмкін екенін, күйдің «Сарыарқа» аталуы осы Арқа өңірімен байланысты екенін айтады. Бұл қаншалықты дәлелденген дүние?
– Мен ғалым емеспін, сол ғалымдардың зерттеулерін жиып алып, салыстыра, әдеби нұсқаға құрап шыққан адаммын. Ақселеу ағаның ол дерегі көзіме түскен жоқ. Тәттімбетпен кездесті дегенді де көрмедім. Қайдам... "Алатау" деп біздің жақта үлкенді-кішілі, алыстан жыпырлап көрінетін құмтауларды да айтады. Олардың ала болып көрінетіні де рас. Сарыарқа да сондай жергілікті атауға байланысты болып жүрмесе...
Үзінді:
Әкесінен қалған ата мекенде жүргендей-ақ, еш кедергісіз тайраң қағып келе жатқан, бір жерлерге келгенде жалақтаған аттылы әскердің шабуылына тап болды бұлардың керуені. Қайдан сап еткені белгісіз, тұтқиылдан лап қойып, атой салып шыға келген сансыз қолдың дабылдатқан ұрандары жер жарады.
Баса-көктеп кіріп келе жатқан әскери лектің жолын кеспекке шыққан Хиуа әскері екен бұл. Орыс билігіне мойынсұна қоймай, тіресіп отырғанын көрсетіп, бұл жолы да ашық айқасқа шыққан.
"Жер менікі! Атамекен біздікі! Тарт қолыңды! Аш көзіңді! Жина аяғыңды!" деген қаһарлы талапты естіді бұл жойқын дүбірден Күйші.
Бұл ұрысқа "Өлсем жаным құрбан!" деп ажалға бас тігіп шыққан жанкештілікті көрді күші басым орыс әскерлерінің зеңбірегінен оққа ұшып, жер құшып, баудай түсіп жатқан xиуалықтардың жүздерінен.
Бір Құрманғазы емес, осы жерде бірге келе жатқан қазақ, татар-башқұрттардың бәріне ой салды бұл жантүршігерлік қанды қасап.
Кәпірлер қолының көз алдарында діндес бауырларын аямай қырып салғанын көрген мұсылмандар, енді бұларға жол көрсетіп, бастап алып келе жатқандарын өздеріне айып санай бастағандай.
Көздері ашылып кеткендей...
Әуелі «Бұдан әрі жол көрсетуден бас тартамыз» демей-ақ, «шаршадық, елге қайтамыз» деген талаптарын айтты. Оған болмағасын, «Кетеміз!» деп, бөлектеніп жинала бастады осыған шейін шынымен «өз еркіміз өзімізде» деп ойлап келген қазақтар жағы. Оған татар, башқұрттар қосылды.
Бұл «жабайы бұратаналарды» адам екен деп сөзіне құлақ асатын Перовский ме!
Басында жайлап сөйлескен болғансып, көз алдап аз-кем отырды да, сөзді көп әріге ұзатпай, қиқаңдағандардың алтауын елдің көзінше атты да тастады талтайып тұрып.
Мұны көріп шошып кеткен мұсылмандар лезде үннен қалып, жолға түсіп жүре берді жат пиғылды экспедициямен бірге. Сырттай көнгендей болып, құлақ-мұрындарын бітеп алдарына түскенмен, бір бармақтары бүгулі бара жатты бірақ бәрінің де.
* * *
Құрманғазы қатты толғаныста. Көз алдынан хиуалықтардың сол бір қорғанысы, сол бір шайқасы кетер емес.
Исатай мен Махамбет сарбаздарын бірге көріп тұрғандай осылармен...Өзі бала болып қатыса алмай қалған Құм Нарындағы ашық шайқас алдына келіп өтіп жатқандай... «Көр, міне, бізді! Тірілт бейнемізді! Жеткіз кейінгілерге аманатымызды!» деп, жер жаңғырта тапсырма беріп бара жатқандай...
Соғыстың да салтанаты болады екен ғой! Өлімнің де өз айтары бар екен... Ерлік пен өрлік бірге шабады екен мұндайда!
Құлағынан кетпей қойған сол дабыс аумай-төкпей домбыраға түсті ақыры.
Арал теңізінің аймағында да емес, бетбақдалада да емес, құм Нарынның өрінде, қасіретті Тастөбенің төрінде отырғандай...
Ақыра шапқан батырлардың, ауыздығын шайнап, арқырай арындаған арғымақтардың үні бір-біріне ұласып, қайта тірілгендей. Андыздап қайта шыға келетіндей жан-жақтан. Мына жоталардан. Сонау жосадай қаны төгіліп, сүйегі шашылып қалған қыраттардан.
Әсіресе, ажалға тура қарап, қасқайып тұрып тік құлаған баһадүрлердің қаһарлы жүздері самсап көз алдына келіп тұр әне...
Құрманғазы ғайыпқа құлақ түргендей елең қағып, күйді ағытып отыр.
Найзалар найзағайша сатыр-күтір шаншылып, шоқпарлар шақ-шақ соғылады. Жер мен Көкті, тау мен тасты, жаһан даланы қозғаған намыс атаулы бірігіп, қосыла ұран салғандай қопарыла азынайды. Арғы да бергі бір баба сарын аспан астын кернеп, дабыл қағып шақырғандай естігеннің бәрін.
- «Бұл не күй? Не салтанат?» десіп қалысты елең еткен жұрт.
- "Перовский маршы..." дей салды күйші жай ғана.
Өйтпесе болмайтын еді. Башқұрттардың да "Форт-Перовский" деген саздары барын білетін. Би билететін, көңіл көтеретін...
Мүлдем басқаша атой салған бұл күйге де амалсыз сондай ат беруге тура келді. Қайтесің енді? Заманы келгенде сыры ашылар бұл жорық күйінің де...
Қазақтар түсінді. Башқұрттардың да ішіндегі көкейін намыс қарыған, саңылауы барлары іштей түйсінісіп, терең күрсіністі де қойды.
"Башқұрт көтерілісін" басқан кездегі Перовскийдің аяусыз қатыгездігін "ұмытып", соның атына саз шығарып, оған өңкей еркек болып сатырлатып билейтіндеріне ұялып та кеткендей болды баз бір башқұрттар...
Содан кейін көбіне башқұрттың билеуік сазы емес, қазақтың "Перовскиі" сұралатын болды отырған жерде.
Бұл жаңалық губернатордың да құлағына жетіп, ол да тыңдады бір күні күйшіні алдына шақыртып алып. Заты орыс емес пе, қазақ күйінің астарын түсінуге шама жоқ, "Оо! Менің атымда тағы бір марш" деп, мәз болып, сұқ саусағын шошайтып, масаттана қол соқты да қойды.
Дегенмен, Құрманғазының жүзіне көз тоқтата, ұзақтау қарап, аты-жөнін сұрағыштап, ойына тоқып қалды осы жолы…
– Құрманғазының жерленген жері – Ресейдегі Володар ауданы, Алтынжар ауылы екен. Ал оның сүйегін қазіргі тәуелсіз Қазақстанның территориясына әкеле алмай жатқанымызға не себеп деп ойлайсыз?
– Ол кісі өзі өсиет қылған Алтынжарда, өмірінің соңғы кезінде сырлас, рулас іні-досы болған Ишманның (Ишмағамбет) қасына жерленген. Сүйекті қозғап, мазасын алып керегі не? Аманат қылып жерленсе, бір жөн.
Үзінді:
«Елпілдек» ауылындағы жәрмеңкеге келген. Жұрттың бар назары қақ ортада қатар туарылған қос арбада. Құрманғазы күй тартып, Қашаған жыр көрігін қыздырып думан құрып отыр ол жерде. Бір кезде үріккен қойдай дүр етті жиынның шеті.
Құрманғазы да бірден байқады, өзін іздеп жүргендердің төбесінен таныды алыстан-ақ. Сыр бермеді бірақ. «Таптыңдар ма, көп айналдыңдар ғой бұл жолы...» дегендей мысқылдай қарап қойып, тартып отырған күйін асықпай, мәнерімен аяқтап шықты. Содан соң мына жұртты шошытпай ғана арбадан түсіп, осылай қарай қойқаңдап келе жатқан үш-төрт жасауылға қарсы жүрді өзі. Қастарына барып, ілестіріп әкетті ортадан аулаққа.
Іздеуде жүрген «қашқын қарақшыны» ұстауға, тіпті тұра қашқандай жағдай болса деп, қууға да сайланып келген әскерилер Сағырбаев дегеннің мына «қойдан жуас» қылығына бір жағы таң қалып, бір жағы сыйлап, байлау-матаусыз, ың-шыңсыз бірге алды да кетті өздеріне қарай.
«Ойпырай,Құрманғазы қайда кетіп барады мына солдаттармен бірге...», «Бұлар жай жүруші ме еді жүрсе, еріксіз әкетіп бара жатқан сияқты ғой...» десіп, дүрлігісіп қала барды қарайған жұрт.
«Конокрад Сағырбаевты» ұстап әкелуге арнайы бұйрық алып шыққандар екен бұлар расымен де. Жоғары жаққа «Бір керім домбырашы осы жақта ел аралап жүр, іздеу жарияланған Құрманғазының тап өзі болып кетуі мүмкін» деген сыбыс түсіп, арнайы отряд шығарған. Солардан бөлінген екі-үш адам із кесіп, барлау жасап жүріп үстерінен түскен ғой.
«Бізге берілген тапсырма - ұстап апару, қалғанын бастықтардың өздері шешеді» деп, бекініске алып жүрді домбыралы қазақты. Екі-үш күнде Текеге алып кетпек сосын.
Құрманғазының бұл жаққа не жағдаймен келгенін жақсы білетін, және ақыры бір күні осындайдың боларын күні бұрын-ақ сезіп, жоспар ойластырып, қамданып жүрген Қашаған да қарап қалмай, дереу іске кірісті.
«Ойпырмау, төрімізде отырған қонағымызға араша түспей, үнсіз қала беру қай атамызда бар еді? Бұл не қорлық! Сүйекке таңба болады ертеңгі күні... Жай адам емес, бұл-Құрманғазы!» деп намысқа шауып, дос-жаран, сыйлы кісілерін түгел жинап алды жалма-жан.
Ақылдасты. Ақылдасты да «Не болса да көз жазбайық бұлардан әуелі» деп, қыр соңдарынан қалмай, арттарынан ерді де жүрді Құрманғазыны алып бара жатқандардың.
Қапталдаса жүріп отырып, біраз көздері үйренген соң әңгімеге шақыратын болды жәйлап.
Жол алыс, өздеріңнен басқа ешкім көріп тұрған жоқ, тоқтап, ас-су ішіп тынығып кетіңдер, - дегенді жеткізді орыс пен қазақтың арасына тілмәш болып жүрген татар Мишкі дегенді ортаға салып.
Мишкіні бәрі таниды бұл жақтың. «Бала Мишкі» деп атайды үлкені де кішісі де. Бала болмаса да солай атайды. Бойы өспей қалған. Бойының неге өспей қалғаны туралы түрлі-түрлі хикаяттар бар бұл елдің ішінде. Қайсысы қиял, қайсысы шындық екенін кім білсін, әйтеуір жасы нешеге келсе де Мишка-бала. Бармақтай болғанмен қасындағыларға қандай да бір ықпалы болды ма, әлде өздерінің де бел шешіп демалып алғылары келді ме, не түрткенін кім білсін, бір кезде адайлар шақырып тұрған ауылға ат басын бұрды жасауылдар.
* * *
Ойпаңдау жерге оңаша тігілген киіз үй. Жанға не керектің бәрі әкелінді әп сәтте. Қымыз бен шұбатқа бөктірді. Жатақтан арақ алдырып, оны да суша құйып жатыр Қашаған бастаған жас жігіттер. Тура бір, «екі туып, бір қалған» бауырлары келе қалғандай ауыздарына ас тосып, құрақ ұшып, зыр жүгіреді. Басында мылтықтарын қастарына қойып, оқшауланыңқырап, төбелері шошайып отырған көккөз меймандары орнығып, бей-жай бола бастады-ау деген мезгілде шешуші әңгіме басталды.
- Не сұрасаң да тауып береміз, нар керек пе, жылқы керек пе, алтын-күмісін қосып қалталарыңа саламыз, тек қонағымызды босатып, қалдырып кетіңдер бізге, - деді елдің қарасақал қарттары мәселені бүйірден қадап.
Қанша қызып отырса да көздері ақшиып кетті әскерилердің. Дегенмен дүние тұщы, ар жақтарының бірден қолқылдап қалғаны да байқалады.
Бала Мишка бөлек үйде, Құрманғазыны бақтырып қойған оған.
Тұтқын мен күзетшіге ұқсамайды бірақ отырыстары. Әңгімелері жарасқан.
Жасынан орыс көпестерінің жалшылығында жүріп, қорлықпен өскен екен бұл сорлы да. Азан шақырып қойған Мүкәрам аты ұмытылып, шоқындырылып, Михаил - Мишка аталуы содан. Жасы он жетіге жетер-жетпесте кішкентайынан есігінде жүрген көпесі сатып жіберіпті мұны екінші біреуге. Қолдан-қолға, помещиктен-помещикке ауысып жүріп Маңғыстаудағы Форт –Шевченко бекінісінен бір-ақ шыққан. Үкімет рекрутқа - 25 жылдық жалдамалы әскерге адам сұратқан кезде бір бай мұны салып жіберген ғой біреудің орнына. Содан бері осы бекіністе...
Бала сияқты талдырмаш, ақүрпек түріне қарап «Бала Мишка» атандырып жүрген осы жердегі қазақтар.
Үнсіз тыңдай береді Құрманғазы. Өзін аяйтын кісі жоқ, мына татарға жаны ашып отыр енді. Ата-тегін ұмытып, жел айдаған қаңбақтай болған тағдыр иесінің еті өліп, и болып кеткен көнбістігіне қайран қалып отыр бір жағы. Құдай сақтасын. Өлмеген соң, итше салпақтап жүре береді ғой адам баласы да...
Қолындағы домбырасын тірі адамдай сайратқан тұнжыр жүзді қазақты бағана, жәрмеңкеде-ақ бір көргеннен іштартып, тәуір көріп қалған Мүкәрам. Сосын да іштегі сырын ақтарып отыр. Басқаға айтпайды ол мұндайларын... Кім тыңдасын айтса да... Тек қана «Бала Мишка» ол басқаларға... Еш қабақ шытуды, еш қайғыруды білмейтін, сайқымазақ, секпілбет Мишка ғана.
Бір кезде үлкен үйдегілерден шақырту келді.
Мына ел адамдарының үкімет «баукеспе ұры» деп іздеу жариялаған қашқынды осыншама жабыла қорғап, соның жолында сойылып жатырғандарының мәнісін білмек, өзін көрмек болған ғой.
«Виртуоз музыкант, легендарный человек. Любимец народа» деп Мишка да аударып берді жалма-жан қазақтардың айтқанына өзінің білгенін қосып, қоюлатып.
- Ендеше ойнасын... Көрсетсін бізге де өнерін...» - деді, көзі кілегейленіп, ықылық атқан офицер айналасына қоқия қарап.
- Тарт, Құрақа, сал өнеріңді, - дейді есікке таман отырған, орысшадан аз-мұз хабары бар Қабдырақым жаны шығып.
- Осыларға ұнайтынынан... ар жағын өзің білесің, - дейді Қашаған да көкейінде жылт еткен бір үміт пен бір ой ұшқыны барын ұқтыра нығарлап.
Тартты Құрманғазы осы жерде онша көп ойыны келіп отырмаса да.
Орыстарға не де болса ойнақы саз ұнайтынын біледі, осы жерде болбырап, балбырап болып отырған өздерінің түрлерін салып берді домбыраға. Ой да жоқ, оя да жоқ, алды-артына қарамай ойнақтаған жеңіл мінезден аумаған бір күй тырым-тырақай тұра қашады домбырадан. Арасында ықылық атып секіріп – кекіріп ала ма қайтеді... Аумаған мыналардың отырысы. Иықтарымен, құйрықтарымен қиқалақтай билеп казактар мәз. Күй тілін, күйші көңілін шамалап танып отырған қазақтар жымың-жымың етеді.
Даа... Это на самом деле настоящий композитор... - деп ыңыранды орынынан тұра алмастай хәлге келіп қалған офицер. Бұл күйдің тап осы жерде, өздерінің осы отырған отырысына арналып шығарылғанын, және «Балбырауын» деп аты қойылғанын білгенде: - Даа, надо бы помочь этому мужику, но а как? А, никак... Ну, никак...- деп қояды тағы да ыңырана түсіп.
Қасындағы екеуге де ұнап отыр мына жалбыршаш қазақтың өздеріне арнап «балалайка» тартқаны. Бірдеңелерді ұзақ-ұзақ айтып жатыр қолдары ербелеңдеп.
«Мыналар құтқарудың бір жолы бар, ол тек өлді деп моласының тұрған жерін көрсетіп, куәлерді тіркеп акт жазу ғана,»-дейді аудармашы.
- Ойбай-ау, оны жасаймыз ғой, бәріміз куә боламыз осы жердегілердің... - деп ентелесе қалысты осылардың аузын бағып, қабырғаласа қастарынан кетпей жүрген Құрманғазының жоқшылары.
- Тек бұлар бір шарт қойып отыр.
- О не шарт?
- Би билету керек осы жерде...
- Кімге? - деп ошарылысты би десе шоршып түсетін қыр қазақтары. Араларындағы бір-екі ықшамдау жас жігіттерге қарап та үлгеріп жатыр сол екі ортада.
- Жооқ, сендерді емес, мені! Бала Мишканы билетуі керек, - деді тілмаш биге ебі жоқ қазақтардың мына шартқа абдырап қалғандарына мырс етіп күліп.
Сөйтті де, онсыз да күнге күйіп қызарып тұратын екі беті құлағымен қоса алаулап, сап-сары төбе шашы үрпиіп, кенет тұрған жерінде тықырши бастады. Қос тізесін шапаттап, сатырлатып бір-екі тебініп те жіберді көз ілестірмей... Отыра қалды сосын.
Ал осы жерде мені бір дұрыстап билете алса,құтылғаны. Билете алмаса, ұсталғаны-ұсталған, қалғаны- қалған. Қазір тартатын музыкасы бұларға ұнаса, айтқандарыңды жасап береміз деп отыр...
Тыныштала қалды отырғандар. Домбырасын алдына ала малдас құрып отырған Құрманғазыда үн жоқ. Бір ғана бимен тағдыры шешіледі дегенге сенбейді-ақ. Мазақ па, немене бұл? Мысықтың тышқанмен ойнағанындай бірдеңе ғой...
Өзінің де қуанышынан мұңы басым, өмірінің де күнгейінен көлеңкесі көп болғасын ба, анау-мынау көңілді күй, би дегендерге әуестігі жоқ-тын әуелден-ақ.
Бірақ, жаңағы бір шалт қимылы от бергендей Бала Мишканы бір билетіп көргісі келіп кетті, әрі өзінің тілегін тілеп шапқылап жүрген достарын мына сары киімділерге жығып бермеу керек бұл жерде...
Жарайды, көрейік, - деп шартты қабылдады сосын да.
Сыртқа шықты бәрі теңселген орыстарын қаумалап.
Кенет, өзіне-өзі дауылпаз болғандай саусақтарын сарт та сұрт шартылдатып, бір өнерді бастап жіберді Күйші бұлар отырар-отырмаста.
Тарс-тарс-тарс! Сырт-сырт-сырт!..
Бір орында тұра алмай тыпыр қағады Мишка-биші қазір бір «қырғынның» басталатынын бірден біліп. Іле жалғасқан жеп-жеңіл ойнақы күй ала жөнелді. Осыны күтіп тұрғандай қағынып түскен Мишка да кетті сатырлата билеп. Жанын салып, құтыртқан үстіне құтыртады келіп, өзіне де, Құрманғазыға да дем бере қиқулап, ысқырып қолды-аяққа тұрмайды. Өші кеткендей, өршелене билейді самайынан тері сорғалап...
Айтса, айтқандай биші-ақ екен өзі де!.. Орыстардан ес кеткен. Отырған орындарында қосыла билеп, қопаң қағады.
Би дегенге көп желп ете қоймайтын қазақтар да аса бір қатты болмағанмен, орыстардан көргенін жасап, қол соғып, табандарын дүрсілдетіп, әйтеуір үн қосып бағуда. Олардың ойлағандары басқа... Құрманғазыны қалай да құтқарып алып қалмаққа қиқулайды барлығы.
Ақыры, тізеге салып, басып отырып көздеген қағазды жасатып алды-ау бір кезде. Көмейлерін тығындап, қалталарын нығарлап солдаттар да кетті жөніне.
Сырласатын жалғыз досы, рулас серігі, өздері Ешман дейтін Ешмүхамбет інісі қайтыс болғалы мүлдем көңілінің қошы жоқ. Ол барында жақсы еді. Екеуі домбыра тартса, домбыра тартысып, қақпан құрса, қақпан құрысып, балыққа шықса, ау салысып бірге жүретін ылғи.
Қақпан демекші, сол Ешман қайтпастан дәл үш ай бұрын бір уақиға болған.
Анау-мынау адамға көтертпейтін қасқыр қақпандарын арқалап, мал жүрмейтін бір қопаларға апарып құрып келген екеуі зерігіп.
«Бөрінің саруына құрып келдік, осы жолы тәуір олжа түсетін сияқты...» - деп отырды Ешман шай үстінде.
Екі күннен кейін қастарына қызыққа шыққан үш-төрт адамды ілестіріп қақпан қарауға кеткен екі қарттың түсі бұзылып келді..
Қалай ұрынып қалғаны белгісіз, анау-мынау емес, есік пен төрдей арлан түсіпті-ау қақпанға. Түріне қарауға адам сескенеді. Қашпаған да, арпалыспаған...Қақпанды сүйреп кетуге арпалысқан із де жоқ. Жатыр. Бұлар келгенде қасқыр болып ырылдап, я бір үріп, ұлып еш дыбыс та бермеді.
Азу тісін ақситты да екі көзі қып-қызыл болып қарады да жатты. Жүрегі ұшып кетті Ешманның. Қолы дірілдеп сойыл соқпақ түгілі ұстауға халі жоқ. Одан басқаларының екібастан көруге болмаса, мұндайға жақындау ойлары жоқ.
Тамырлы жуан ағашқа байланып құрылған қақпанның қып-қысқа шынжырымен атыла алмайтынын көріп тұрса да, тәуекел етіп қасына жақындаудың өзі қорқынышты шынымен де мына арланға.
Құрманғазы жақындады бірақ. Көзінен көз айырмай қарап тұрып, дәл тұмсықтан дәлдеп тұрып бір ұрды сом темірлі сойылмен. Қыңқ етпестен серейіп түсті көкжал.
«Қиналмай кетті жарықтық» деді Құрманғазы қаруын тастай беріп әлде таңырқағаны, әлде қимағаны белгісіз үнмен. Тұнжырап кеткен. Ойда жоқта түскен бұл олжаның терісін сыпырып алуға дәті баратын бір адам тапса-шы енді. Ешман жүрегін ұстап ол жүр. Қалғандары қасқыр жаққа қарамайды да. Тіріліп кетіп өздерін жеп қоятындай алақтап тұр бәрі.
Өлтіруге азар қиған түз тағысын енді терісімен қалдыруға тағы обалсынып, Құрманғазы өзі отырып союға кірісті. Қолы қалтыраған жоқ. Бірақ ұзақ сойды. Ұзақ. Талқыдай теріні атқа да бөктермей, белтемірге байлап, кезектесе қолдасып алып келді үйге. Барлығы. Үйге келген соң жуынып-шайынып сыртта көп жүріп алды Құрекең.
Ешкім үндемейді. Құрманғазының емшілігін, көріпкелдігін көріп те, біліп те жүргенмен, мына көрініске куә болған серіктері мүлдем тілден қалған.
Тұнжырап отырып бір-екі кесе шайын ішті де: «Мен адамның сырттаны едім, бұл аңның сырттаны екен. Екеуіміздің жолымыз қиыспауы керек еді Алланың әмірі бойынша... кездесіп қалдық... Оның ажалы менің қолымнан болды. Мені күтіп жатты ол. Енді мен де көпке бармаспын...» деді Күйші терең күрсініп.
Алдағы екі-үш күнде үйден шықпады. Ұзақ толғанып отырып бір күйді тарта береді. «Бұл не күй?» деген балаларына. -Бұл «Пәуескі» ғой, маған Құдайдың жіберген повесткі - хабары... - деп жауап берді бір кезде солғын ғана.
«Ешман ауырып, жатып қалыпты. Келіп кетсін депті» деген сәлем жетті бір күні Алтынжардан. Сонда кетті. Қасынан шықпай күзетті осында келгелі тапқан жалғыз досын, жалғыз сырласын. Ешман болмағанда бұл жақта тұрақтап қалар-қалмасы да белгісіз еді ғой...
Үш айдан соң дүние салды сөйткен Ешманы да. Қаусап жүріп өз қолынан жерледі өзінен бес-алты жасы кіші болса да, фәниге бұрынырақ аттанған жанына жақын жодасын.
Ел тараған соң да кете алмай көп отырды Күйші жас қабірдің басында...
Содан кейін аңшылықты да, қақпанды да тастады. Жалғыз ермегі –смоланы жаға-жаға қабырғасы қалыңдап, жұп-жұмыр болған қайығы ғана...
Үйге беттеген Күйші еш жауап беріп, тіл қатқан жоқ жанынан қалмай, ілесе бірдеңелерді айтып келе жатқан Әуезге. Естімейтіндей. Құлағы бітіп қалғандай мүлде.
Асықпай шайынып, ішке кірген соң, тұсында ілулі тұрған домбыраға ұмсына қарап қалды төсегіне отыра беріп. Сыр мінез кемпірі жәйімен ғана алып берді қашаннан бері өздерімен бірге келе жатқан кәрі серік-қызғылт домбыраны.
Зың еткізіп ақырын ғана бірер қақты. Шәйін ішті. Содан соң бір күй тартты үзіп-үзіп, баяулатып отырып.
- Ал, енді бұл «Демалыс» деген күй…- деді сосын самарқау үнмен.
Сол шынжырлап байлағаннан қайта шешілген жоқ Жалды Атаның қайығы.
Тағы бір-екі күннен кейін бала-шаға, көрші көлемі мен дос жарандарын жиып алып, ортасында отырып және бір күй шертті жәйімен.
- Бұл не күй? - деп сұрап қалды Қази жаңа күйдің сазынан бір нәрсе байқағандай.
- Бұл «Итог» деген күй, енді қолыма алмаспын кәрі серігімді …-деп ақырын ғана күбірлей сөйлеп, болар-болмас езу тартты Күйші шапанының шалғайын сәл қымтағандай болып.
Арада ай өткенде, алып жүрегі соғуын тоқтатты Жалды Атаның.
Көз жұмарында домбырасын қасына алдырып, тарамыс қолдарымен әлсіздеу қысып, қоштасқандай болып жатты да:- «Мені Алтынжарға, сол «Күрлік төбедегі» қорымға қоярсыңдар. Ешмұхамбеттің-Ешман досымның жанына... Жандатпаның бетін өз қайығымның қабырғасымен жабарсыңдар...» - деп өсиет етті қасында кірпік қақпай күзетіп отырған Қазиы мен Құбашына.
Бұл оның жалғаннан фәниге аттанып бара жатып, алдағы ғасырларда өзін талмай іздейтін, келбетіне үңіліп, күй-мұраларынан сыр сұрайтын, Рух алатын келер ұрпаққа берген соңғы белгісі еді…
– Құрманғазы шығармашылығында сол кезде өмір сүрген Хан Жәңгірдің, Махамбет-Исатайдың және дәулескер күйші Соқыр Есжанның қандай ықпалы болды?
– Көркем шығарма, сөз жоқ, өз заманының жемісі. Сол дәуірдің сазы, үні, бояуы сіңбеуі мүмкін емес. Әрине, Құрманғазының күйлерінде де сол кезеңнің дабысы бар. Демек бәрінің де психологиялық һәм жанама ықпалы болды деп есептеймін. Кітапта бұл жағы да айтылмай қалған жоқ.
Сырласатын жалғыз досы, рулас серігі, өздері Ешман дейтін Ешмүхамбет інісі қайтыс болғалы мүлдем көңілінің қошы жоқ. Ол барында жақсы еді. Екеуі домбыра тартса, домбыра тартысып, қақпан құрса, қақпан құрысып, балыққа шықса, ау салысып бірге жүретін ылғи.
Қақпан демекші, сол Ешман қайтпастан дәл үш ай бұрын бір уақиға болған.
Анау-мынау адамға көтертпейтін қасқыр қақпандарын арқалап, мал жүрмейтін бір қопаларға апарып құрып келген екеуі зерігіп.
«Бөрінің саруына құрып келдік, осы жолы тәуір олжа түсетін сияқты...» - деп отырды Ешман шай үстінде.
Екі күннен кейін қастарына қызыққа шыққан үш-төрт адамды ілестіріп қақпан қарауға кеткен екі қарттың түсі бұзылып келді..
Қалай ұрынып қалғаны белгісіз, анау-мынау емес, есік пен төрдей арлан түсіпті-ау қақпанға. Түріне қарауға адам сескенеді. Қашпаған да, арпалыспаған...Қақпанды сүйреп кетуге арпалысқан із де жоқ. Жатыр. Бұлар келгенде қасқыр болып ырылдап, я бір үріп, ұлып еш дыбыс та бермеді.
Азу тісін ақситты да екі көзі қып-қызыл болып қарады да жатты. Жүрегі ұшып кетті Ешманның. Қолы дірілдеп сойыл соқпақ түгілі ұстауға халі жоқ. Одан басқаларының екібастан көруге болмаса, мұндайға жақындау ойлары жоқ.
Тамырлы жуан ағашқа байланып құрылған қақпанның қып-қысқа шынжырымен атыла алмайтынын көріп тұрса да, тәуекел етіп қасына жақындаудың өзі қорқынышты шынымен де мына арланға.
Құрманғазы жақындады бірақ. Көзінен көз айырмай қарап тұрып, дәл тұмсықтан дәлдеп тұрып бір ұрды сом темірлі сойылмен. Қыңқ етпестен серейіп түсті көкжал.
«Қиналмай кетті жарықтық» деді Құрманғазы қаруын тастай беріп әлде таңырқағаны, әлде қимағаны белгісіз үнмен. Тұнжырап кеткен. Ойда жоқта түскен бұл олжаның терісін сыпырып алуға дәті баратын бір адам тапса-шы енді. Ешман жүрегін ұстап ол жүр. Қалғандары қасқыр жаққа қарамайды да. Тіріліп кетіп өздерін жеп қоятындай алақтап тұр бәрі.
Өлтіруге азар қиған түз тағысын енді терісімен қалдыруға тағы обалсынып, Құрманғазы өзі отырып союға кірісті. Қолы қалтыраған жоқ. Бірақ ұзақ сойды. Ұзақ. Талқыдай теріні атқа да бөктермей, белтемірге байлап, кезектесе қолдасып алып келді үйге. Барлығы. Үйге келген соң жуынып-шайынып сыртта көп жүріп алды Құрекең.
Ешкім үндемейді. Құрманғазының емшілігін, көріпкелдігін көріп те, біліп те жүргенмен, мына көрініске куә болған серіктері мүлдем тілден қалған.
Тұнжырап отырып бір-екі кесе шайын ішті де: «Мен адамның сырттаны едім, бұл аңның сырттаны екен. Екеуіміздің жолымыз қиыспауы керек еді Алланың әмірі бойынша... кездесіп қалдық... Оның ажалы менің қолымнан болды. Мені күтіп жатты ол. Енді мен де көпке бармаспын...» деді Күйші терең күрсініп.
Алдағы екі-үш күнде үйден шықпады. Ұзақ толғанып отырып бір күйді тарта береді. «Бұл не күй?» деген балаларына. -Бұл «Пәуескі» ғой, маған Құдайдың жіберген повесткі - хабары... - деп жауап берді бір кезде солғын ғана.
«Ешман ауырып, жатып қалыпты. Келіп кетсін депті» деген сәлем жетті бір күні Алтынжардан. Сонда кетті. Қасынан шықпай күзетті осында келгелі тапқан жалғыз досын, жалғыз сырласын. Ешман болмағанда бұл жақта тұрақтап қалар-қалмасы да белгісіз еді ғой...
Үш айдан соң дүние салды сөйткен Ешманы да. Қаусап жүріп өз қолынан жерледі өзінен бес-алты жасы кіші болса да, фәниге бұрынырақ аттанған жанына жақын жодасын.
Ел тараған соң да кете алмай көп отырды Күйші жас қабірдің басында...
Содан кейін аңшылықты да, қақпанды да тастады. Жалғыз ермегі –смоланы жаға-жаға қабырғасы қалыңдап, жұп-жұмыр болған қайығы ғана...
Үйге беттеген Күйші еш жауап беріп, тіл қатқан жоқ жанынан қалмай, ілесе бірдеңелерді айтып келе жатқан Әуезге. Естімейтіндей. Құлағы бітіп қалғандай мүлде.
Асықпай шайынып, ішке кірген соң, тұсында ілулі тұрған домбыраға ұмсына қарап қалды төсегіне отыра беріп. Сыр мінез кемпірі жәйімен ғана алып берді қашаннан бері өздерімен бірге келе жатқан кәрі серік-қызғылт домбыраны.
Зың еткізіп ақырын ғана бірер қақты. Шәйін ішті. Содан соң бір күй тартты үзіп-үзіп, баяулатып отырып.
- Ал, енді бұл «Демалыс» деген күй…- деді сосын самарқау үнмен.
Сол шынжырлап байлағаннан қайта шешілген жоқ Жалды Атаның қайығы.
Тағы бір-екі күннен кейін бала-шаға, көрші көлемі мен дос жарандарын жиып алып, ортасында отырып және бір күй шертті жәйімен.
- Бұл не күй? - деп сұрап қалды Қази жаңа күйдің сазынан бір нәрсе байқағандай.
- Бұл «Итог» деген күй, енді қолыма алмаспын кәрі серігімді …-деп ақырын ғана күбірлей сөйлеп, болар-болмас езу тартты Күйші шапанының шалғайын сәл қымтағандай болып.
Арада ай өткенде, алып жүрегі соғуын тоқтатты Жалды Атаның.
Көз жұмарында домбырасын қасына алдырып, тарамыс қолдарымен әлсіздеу қысып, қоштасқандай болып жатты да:- «Мені Алтынжарға, сол «Күрлік төбедегі» қорымға қоярсыңдар. Ешмұхамбеттің-Ешман досымның жанына... Жандатпаның бетін өз қайығымның қабырғасымен жабарсыңдар...» - деп өсиет етті қасында кірпік қақпай күзетіп отырған Қазиы мен Құбашына.
Бұл оның жалғаннан фәниге аттанып бара жатып, алдағы ғасырларда өзін талмай іздейтін, келбетіне үңіліп, күй-мұраларынан сыр сұрайтын, Рух алатын келер ұрпаққа берген соңғы белгісі еді…
– Құрманғазы күйлерін тыңдағаныңызда еуропалық сарын байқала ма? Жалпы Құрманғазы күйлерінен Еуропалық музыканың лебі сезіле ме? Қанша дегенмен ән мен әуен, қала берді музыка мен өнер деген дүниелер жалпыадамзатқа ортақ құндылықтар ғой…
– Мен Құрманғазы күйлерінен еркіндікті ғана естимін.
– Кез келген өрелі тұлғаны, талантты және оның тағдырын сол дәуірдегі қоғамдық формация, әлеуметтік жағдай, әлеуметтік сұраныс тудыратын секілді. Осы тұрғыдан қарағанда Құрманғазыны сол кездегі халықтың мұң-зары немесе сол кездегі қоғамның сұранысы тудырды деп айта аламыз ба?
– Иә. Құрманғазы – заманның талабы, қоғамның сұранысы тудырған талант.
– Биыл Құрманғазының 200 жылдығы деп жатырмыз. Бірақ оның туған жылына қатысты да екіұшты дерек бар. Егер оның туғанына 200 жыл екені тарихи тұрғыдан рас болса, күйшінің мерейтойы қалай аталып өткенін қалар едіңіз?
– Құрманғазы Сағырбайұлы шынымен де әз (ғазиз) ғұмыр иесі. Аты аңызға айналған, бірақ өшпес мұрасы ақиқат болып, иен даламызға Ие болып тұрған ғажап дарын. Әрбір күйі – бір дүние. Бір-бір спектакль.
Оның туған жылының осылай екі аталуында да бір тылсым бардай... Осы мерейтойды еш талас-тартыс, дау-дамайсыз, күй- мұраларының қырларын ашуға, жанын тануға арналса ғой.Кәдімгі, республикалық фестиваль сияқты бағытта. Драматургия тілімен байыта, уақиғалармен байланыстыра сөйлетсе, Өр Баба күйлерінің қасиеті ұрпағына құшағын аша түсер ме еді. Бұл өткендерге емес, қалғандар мен келетіндерге керек дүние.