2023 жылы тойланатын атаулы күндер мен мерейтойлар
24.01.2023 10096

2023 жылы ел тарихында бірқатар маңызды оқиғалар, атаулы күндер мен мерейтойлар атлаып өтпек. Солардың біразы мемлекеттік, жалпыхалықтық деңгейде тойланып, елдің жадында  сақталары анық. Биыл Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл,  Төле бидің туғанына 360 жыл, Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасына 300 жыл, Алаш арыстары Сұтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл , "Қазақ" газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына 110 жыл  секілді айтулы даталар бар. “Қазақстан тарихы” порталы сол бір маңызды даталарға қысқаша шолу жасағанды жөн көріп отыр: 


Қожа Ахмет Яссауидің туғанына – 930 жыл

Қожа Ахмет Яссауи (1093-1166) – қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер.  Ақын, ойшыл, ғұлама 1093 жылы Ясы қаласында дүниеге келген. 

Өз аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Ясауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты бар, сөз қадірін білетін білікті адам болған. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туысы болып келетін Арыстанбаб болды. Ол өмірден қайтқаннан кейін Ахмет 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне ден қойды. Кейін Бұхара қаласында Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде оқыды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен  дәстүрді жалғастырды. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді. Бұны Ахмет «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ», - деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берілген. Ж.Аймауытов ақынның 149-шы хикметіне сүйеніп, Ясауиды 125 жас жасаған дейді.

Ұстазы – Арыстан баб. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы -  «Диуани хикмет».  Түркістан қаласында - Қожа Ахмет Иассауи кесенесі орналасқан

   Сұлтан Бейбарыстың туғанына – 800 жыл

Сұлтан Байбарыс (Бейбарыс, араб.: الظاهر ركن الدين بيبرس البندقداري‎ — әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дін Байбарыс I әл-Бұндуқтари әс-Салих) — 1223—77 жылдары Мысырда билік құрған. 

Қарапайым құлдан, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны. Тарихқа сүйенсек, Бейбарыстың руы – қыпшақ, ол қазіргі Атырау облысының аумағында туылған. 

Бейбарыстың әкесі — Жамақ, анасы — Әйнек. Ол хорезмдік, бербендік қыпшақ. Оның ақсүйектер руынан шыққанын тарихшылар дәлелдеген. Сол кезде беріш руы Қырым өңірінде тұрған (қазіргі заманда беріш көбінесе Атырау облысында қоныстанған). Әмір Айтегін әл-Бұндуқтар Димашқ құл базарында сатып алған сондықтан Байбарыс әл-Бұндуқтари деп аталған. Құлдыққа түсуі Жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген, қазақ тарихында аса ғажайып тұлға. ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында, Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасап, тұтқынға түскен. 1260 жылы Күтіз сұлтан қайтыс болған соң, Бейбарыс таққа отырады.

 Ұлы жүздің биі Төле бидің туғанына – 360 жыл

Қазақ шешендік өнерінің тарихындағы ерекше тұлға Төле би Əлібекұлы қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Шу өзенінің бойындағы Жайсаң жайлау деген жерде дүниеге келген. Ел-жұртының тыныштығын көздеп, салиқалы саясат жүргізе білген көреген көсем туралы «Бүтін билікке Төле би жеткен» деген сөз бар. 

Əз Тəуке ханның «Жеті жарғысын» жасауға қатысып, «Билер кеңесінің» мүшесі болған. Қазақ хандығының тұтастығы жолында күрескен Төле би өз заманындағы зерделі де сауатты қайраткер болған. Оның əділдігіне, парасаттылы- ғына тəнті болған жұрты «Қарлығаш əулие», «Қарлығаш би» деп атаған. Төле би Әлібекұлы Тәуке ханның, Абылай ханның тұсында ел арасындағы әртүрлі дауларды шешуге атсалысқан. 

Бұқар жыраудың туғанына- 330 жыл

Бұқар жырау Қалқаманұлы  (1693–1787) – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған. Абылай ханның ақылшы, биі болған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. 

Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. 

Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Бұқар жырау шығармалары халықты отансүйгіштікке, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға шақырады.

Абылай ханның туғанына -  310 жыл

Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) (1771 – 1781) - Ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Ол 1711 жылы  өмірге келген. Арғы тегі — Жошы хан, бергі бабалары Қазақ ордасының негізін салған  Әз-Жәнібек,  одан  соң  Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай — Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай, жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады.

Қазақтың ұлы ханы 1781 жылы қайтыс болып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген.

Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл

Махамбет Өтемісұлы — қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі, ақын. 

Қазақтың көрнекті ақыны 1836-1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысын ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі.

 Ақын өлендерінің негізгі тақырыбы — теңдік пен бостандық, әділдік үшін күрес, қанаушы отаршылдық жүйеге қарсылық болып келеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл

Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Ол қазіргі  Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы, Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы, 11 шілде күні дүниеге келген. 

Ұлт-азаттық көтерілісі қолбасшысы Амангелді Имановтың туғанына – 150 жыл

Аманкелді Үдербайұлы Иманов - қазақ халқының батыры. Қазақстанда 1916 жылы орын алған Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Торғай уезі Қайдауыл болысының 3-ауылында кедей шаруа отбасында туған. 1918 жылы Компартия мүшесі болған.

Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 130 жыл

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев - 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы. 

Мағжан қазақ  поэмасын суреткерлік арнаға бұрды. Адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі ретінде де белгілі. 

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына – 130 жыл

Сұлтанмахмұт Торайғыров – XIX ғасырдың аяғы XX ғасыр басында қысқа да, қиын тағдыр кешкен парасатты, демократ, реалист-ақын. Ол  1893 жылы 29 қазан айында Көкшетау облысы, Қызылту ауданында дүниеге келген. Өзінің аз ғана ғұмырында лирикалық өлең, публицистикалық очерктер мен мақалалар, 5-6 поэма, екі роман жазып үлгерген, қиындықтың дәмін татқан, шебер ақын ретінде таныс.

 «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына – 110 жыл

"Қазақ" газеті — 1918 - 1913 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.  Алғашқы нөмірі – 1913 жылы 2 ақпанда шыққан. Газеттің редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы болды. 

XX ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. 

Әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсеновтің туғанына - 105 жыл

Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, партизан-жазушы, Ұлы Отан соғы­сының ержүрек батыры, халқымыздың біртуар перзенті – Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген.

1941 жылы басқыншылар қолына түскен жазушы Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядының басқарушысы болады.

Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің ерлігін суреттейтін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында» секілді көптеген шығармалардың авторы.

Жазушы Ғафу Қайырбековтің туғанына – 95 жыл

Ғафу Қайырбеков 1928 жылы  15 тамызда Қостанай облысы, Торғай қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. Қазақ мемлекеттік баспасында поэзия редакциясын басшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі секілді қызметтерді атқарған. 

Жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың туғанына – 95 жыл

Жазушы 1928 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 

     1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысы қойылды.

Жазушы Оралхан Бөкейдің туғанына – 80 жыл

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай  ауылында дүниеге келген.

Оралхан Бөкей – жазушы, драматург. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырған жазушы. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы жазушы есімін көпке таныс етті.

Мұрат Әуезовтің туғанына – 80 жыл

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген. Ол – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі, заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің баласы.

Теңгенің қолданысқа енгеніне – 30 жыл

1993 жылдың 12 қарашасында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы" жарлығы шықты. Бұған дейін екі жыл бойы теңгені қолданысқа енгізуге күрделі дайындық жүргізілген еді. Нәтижесінде 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның Ұлттық валютасы теңге айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.

Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.