Бекір Түмен Сомунжуұлы: Жәдит қозғалысы – тоқырауға қарсы туған модернистік әрекет
Бөлісу:
22.11.20222318
Бәкір Түмен Сомынжыұлы (Bekir Tümen Somuncuoğlu) – Түркиядағы жалпы түрік тарихын зерттейтін белгілі ғалым. Тарих ғылымдарының докторы бүгінде Анкара Қажы Байрам Вели университетінде профессорлық қызметте. Жәдит қозғалысын терең зерттеген ғалыммен әңгімемізді Исмайл Гаспрәлі тұлғасын өзек ете отырып, Ресей түркілері арасындағы модернистік әрекет турасында өрбіттік. Сұқбат«Алаш идеясының индексі және жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы» жобасы аясында (АР13067966) Анкарада жазылды.
Жәдитшілдік – жаңалыққа ұмтылушылық, модерншілдік
– Түмен мырза, жәдитшілдік түркілердің саяси ояну, ағартушылық әрекеттеріне қатысты қолданылатын негізгі ұғымына айналды. Осы тақырыпты індете зерттеген ғалым ретінде теориялық мәнін ашып берсеңіз, жәдитшілдік деген не, нақты қандай әрекет?
– Жәдитшілдік ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына тән ұғым. Кең ауқымда түркі модернизациясын аңдатады. Одан да ашалай түссек, бұл күншығыс түркілеріне көбірек қатысты қозғалыс.
Жәдитшілдік мәнін біз екі түрлі көзқарас тұрғысынан қарап, соған сай сипаттай аламыз. Біріншісі – жаңалыққа ұмтылушылық, модерншілдік дегенге саяды. Өйткені «жәдит» сөзінің өзі де жаңашылдық түсінігімен егіз. Бұл – жәдит ұғымының аңғартатын жалпы мәні. Егер осы жаңашылдыққа ұмтылу, модерншілдікке бет алу түсінігімен сабақтастырсақ, жәдитшілдіктің тек Гаспірәлімен ғана байланысты емес, оған дейін де бірқанша тұлғалармен қатысты екенін аңғарамыз.
Бұл тұлғаларға тән ортақ сипат – олар өздері өмір сүріп отырған қоғамға өзгерістер керектігін терең түсінді және соны мәселе ретінде қоғам назарына ұсынды. Бір тобы мектеп-медресе жүйесінің артта қалғандығын, уақыт талабына жауап бере алмайтындығын сынады. Тағы бір шоғыры медреселерде дұнияуи пәндердің оқытылуын өзекті мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ белгілі топтар жаңашылдыққа, өздері күткен қоғамдық өзгерістерге орыстың оқуымен жетуге болады деп есептеді. Мысалы, Гаспрәліге дейін де там-тұмдап тілді жетілдіру пікірлері айтылды. Яғни Гаспрәлінің нақты бағдарлама ретінде ұсынған пікірлері, одан 50-60 жыл бұрын түркі жұртының әр қиырында әртүрлі тұлғалар тарапынан әр кезеңдерде үзік-үзік көтерілгенін байқаймыз. Осы жайттарды атай келе, жәдитшілдікті төмендегідей екі мәнде түсіндіреміз. Жәдитшілдіктің бірінші мағынасы – модернизация. Бұл сол кездегі әлемдік ахуалмен, дүниенің даму тенденциясынан туған түсінік. Яғни Күншығыс жұрты модернизацияланған, ілгері озған Батыс мемлекеттерін көріп, өздерінің артта қалғанын, мешеу күйін түйсінді. Әрі солардан үлгі алуға, сондай болмаққа құлшынды. Бұл замана тудырған қажеттілік еді. Осы прогрессивті құлшыныс жәдит қозғалысын тарих сахнасына алып шықты. Ал жәдитшілдіктің екінші мағынасын белгілі бір тұлғаның идеясын өзек етіп, соның маңайына топтасқан және заманында көпке әсер еткен қозғалыс деп түсінген дұрыс. Осы екінші ұғымнан біз тілге тиек етіп отырған Қырымнан шыққан түркінің алғабасар тұлғасы Гаспрәлі (1851 жылы туып, 1914 жылы дүниеден қайтты) шығады.
«Тәржіман» газеті ұзақ уақыт Ресей бодандығындағы түріктер үшін оқулық, мектеп рөлін атқарды
– Яғни жәдит көзқарасы ой-пікір есебінде ертерек туғанымен, қозғалыс, нақты әрекет ретінде Гаспрәліден бастау алады деп тұжырымдауға болады ғой. Олай болса, Гаспрәлі іске асырған жәдиттік әрекетті талдап түсіндіріп берсеңіз.
– Гаспрәлі де модернистік көзқарастағы жаңашыл тұлға. Бірақ оның ерекшелігі ол өзіне дейінгі айтылған пікірлердің бәрінің басын қосып, ортақ бағдарламаға айналдырды әрі іс жүзіне асыруға әрекет етті. Нақты бағдарламаға негізделгендіктен мектептерге арнап әзірлеген оқу жүйесі ықпалды әрі өнімді болды. Ол бір жағынан өзі құрған «Тәржіман» газеті арқылы ортақ тіл пікірін таратып, екінші жағынан жаңа мектеп жобасы арқылы көзі ашық шәкірттер легін тәрбиелеп шығарды. Оның мектебінен түлеп шыққан оқушылар табиғи түрде модернизацияны қолдаушылар сапын молайтты. Яғни баспасөз бен білім жүйесі бір-бірін толықтырып, бүтіндеді. Екеуі де көпке ықпал еткен, іске жараған нақты жүйе болды. Осы құралдар арқылы Гаспрәлінің пікірлері түркі жұртына тез тарап, кең жайылды. Гаспрәлінің газетіне абонент болып жазылған, мектептеріне балаларын оқытқан, идеяларын қуаттаған көптің өзі де жәдитші, жаңашыл болып қалыптасты.
Жалпы тұрғыдан қарағанда жәдит қозғалысы – тоқырауға қарсы жауап ретінде туған модернистік әрекет. Бұл әрекеттің жетегінде зиялылар біз неге мешеу қалдық? Не себепті өзге жұрттың шылауында отырмыз? деген сауалдарға жауап іздей бастады. Қайтсек осыбір кіріптар хәлден құтыламыз деп өздеріне сұрақ қойғанда олардың тоқтаған байламы – модернистік бағытқа бет бұрсақ қана осы нашар күйден арыламыз болды. Демек модернистік әрекет қоғамның қатесін түзеу, кемін толтырудан басталды. Дегенмен Гаспрәлінің ойға алған модерншілдігі жалаң даму мен көркеюдің қажетінен туған модернистік жол емес. Көп айтпағанымен, түп мақсатында тәуелсіздік, бостандық тілегімен астасқан арман барын байқау қиын емес. Тек осы тілекті жүзеге асыратын саяси шарт-жағдайы толық пісіп жетілмегендіктен ол мұны ашық тілге тиек етпеген. Мысалы, «Тәржіман» газетіндегі «тілде, істе, пікірде бірлік!» ұранын Гаспрәлі нақты қажет жағдай толық қалыптаспағанша еш ауызға алмаған. Оны тек 1911 жылдан бастап қана қолданған. Ал басылым 1883 жылдан бастап жарыққа шыққанын ескерсек, газеттің бұл ұрансөзі 28 жылдан кейін барып қана газет бетінде тасқа басылды. Әрине, нақты сөздің өзі жазылмады демесеңіз, оған дейінгі жарық көрген материалдардан ол ойды аңғару, түйсіну қиын болмаған. Бұл шешімнің дұрыс екенін тарихи шындық өзі аңғартты. 1905 жылдан бастап көптеген тәуелсіз басылымдар жарыққа шыға бастады. Олар «ә» дегеннен-ақ өткір айтып, өзекті тақырыпты төте қаузағанымен, шыққаны қандай тез болса, жабылуы да сондай жылдам болып жатты. Ал «Тәржіман» газетінің редакторы Гаспрәлі бұл сәтте өте ақылды таңдау жасады. Көреген стратег ретінде ол көбіне саяси тақырыптарға төте бара бермей, мәдени-әлеуметтік мәселелерді қаузай отырып, айтар ойын соның төңірегінде жеткізе білді. Есесіне, саптыаяқ басына қарауыл қойған солбір тар кезеңнен «Тәржіманды» сақтап қала алды.
Гаспрәлінің «Тәржіман» газеті ұзақ уақыт Ресей бодандығындағы түріктер үшін оқулық, мектеп рөлін атқарды. Бұл газет түркі нәсілінің ортақ дүниетаным қалыптастырып, біртұтас көзқарас көкжиегін орнықтыруына айтарлықтай ықпал етті. Сол себепті біз Ресей мұсылмандары, Ресей түріктері үшін «Тәржіманның» қосқан үлесі орасан зор екенін атап көрсетеміз.
Жәдитшінің әрекеті мен пікірлеріне өзі жасаған уақытпен үңілу керек
– Сіздің теориялық қисыныңызға сүйенсек, онда Абай мен Шоқанды да жәдитші болғаны ғой?
– Жәдитшілдіктің кең мағынасында жаңашылдықты, модернизацияны қуаттаған адамдардың бәрін жәдитші ретінде қарастыра аламыз. Сол себепті Абай да, Шоқан да бұл реттен жәдитшілер. Абайдан кейінгі толқын саналатын Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері өз әрекетінде Абайды темірқазық тұтты, ойынан өрнек іздеді. Оған айрықша құрмет сезімімен қарады. Кейбір пікірлерінде өзгешелік болса да Шоқан Уәлиханов та ұлтының болашағы үшін қызмет еткен модернист тұлға. Бірақ бұл жерде көзден таса қылуға болмайтын шарттар бар.
– Ол қандай шарттар?
– Ол – пікірлерді, әрекеттерді тудырған сол дәуірдің шарттары, реаль саясат. Жалпы қай тұлғаны айшықтасақ та оның өзі жасаған ортасымен, уақыт ұңғысымен қарау керек. Өйткені он жыл аясында-ақ әлеуметтік, мәдени өмір, қоғамдық-саяси жағдай өзгеруі мүмкін. Он жыл бұрын жасауға, тіпті ойлауға мүмкін болмаған нәрселер келесі онжылдықта жүзеге асуы ықтимал. Сондықтан әр тұлғаны өз дәуіріндегі қоғамдық-саяси жағдайды ескере отырып, қарастырған абзал. Бұл тұжырымға қатысты Гаспрәлінің мына бір сөзін мысалға келтіруге болады. Ол: «әр ұрпақтың өзіне сай міндеті бар. Немересі атқаратын жұмысты атасының орындауы мүмкін емес», – дейді. Яғни атасының міндеті басқа, баласының борышы бөлек, немересіне де артылар жүк әрқилы. Осыдан түсінетініміз: Гаспрәлі жасаған дәуірде оның жауапкершілігіндегі іс басқа болды. Сол дәуір шындығында көз салсақ, Гаспрәлі жәдит әрекетін бастаған алғашқы кезеңде үкімет тәуелсіздік, бостандық туралы мәселе көтерген басылымға рұқсат бермес еді, жаңа жүйедегі мектепті ашу да бос сөз болмақ. Сол себепті дәуір тынысы, замана шындығымен санаспай әрекет ету ақылға қонымсыз, реал саясатқа қайшы. Гаспрәлінің де 1840, 1850, 1980, 1905, 1917 жылдары сөйлеген сөздері, айтқан ойлары әртүрлі. Бірақ әрқайсысын өз уақытындағы саяси шарт-жағдаймен қарастырсақ, ортақ ілгерлетушілік сипаты барын байқайсыз. Әр дәуір жәдитшісінің әрекеті мен пікірлеріне сол өзі жасаған уақытпен бірге үңілу керек.
Гаспрәлі әрекеті – білім майданында Ильминскийға қайтарылған қарымта жауап
– Гаспрәлі «әр ұрпақтың өзіне сай міндеті бар» деген ой айтты деп отырсыз ғой. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның да осымен үндес «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген сөзі бар. Екі көсемнің ұлт алдында алған жауапкершілігі осы бір-ақ ауыз сөздерінен аңғарылып тұрғандай. Жалпы идеялық майданда жаңашылдыққа (яки түрікшілдікке) бақталас болатын басқа көзқарастар болды ма?
– Ресей түріктері, Россия мұсылмандарынан бұрын, Гаспраліден де ілгері «жаңашылдық» жоспарын іске асырмақ болған адамдар болды. ХІХ ғасырдың орта шенінде жәдит ұғымының бірінші және екінші мағыналарымен өзара қабыстатын да, қабыспайтын да тұстары бар жаңа әрекет ортаға шықты. Ол – Николай Иванович Ильминский өкілдік ететін жаңа шоқындыру әрекеті. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, мұсылман және мұсылман емес түркі жұрттарына, дәлірегі, ғайри орыс қауымына қарата жүргізілген миссионерлік әрекеттің басында осы Николай Иванович Ильминский тұрды.
– Шоқындыру әрекетінде Ильминский де мектептер ашуға ден қойғанын білеміз. Өз идеяларын жаю, тарату миссиясында Гаспрәлі мен Ильминский атқарған әрекеттерді салыстырып көрсек.
– Н.И.Ильминский – идеалист орыс тұлғасы. Ол миисионерлік жолда жергілікті тілді жақсы меңгерді. Сонымен бірге Гаспрәлімен мақсаты екі басқа болса да, миссионерлік үшін білім берудің құрал ретінде өте тиімді екенін жақсы түсінді және оны өз деңгейінде пайдалана білді. Ал Гаспрәлінің модернистік қозғалысы Н.И.Ильминскийдің «жаңашылдығынан» қай жөннен парықталады десек, мынаны айтамыз: ең әуелі, Гаспрәлінің әрекетін Ильминскийға қарсы білім майданындағы жауап ретінде қабылдауға болады. Ильминский түркілердің ауызша тілін жазба тілге айналдырып, түркілердің тіл бірлігін бұзуға, ажыратуға әрекет етті. Ал Гаспрәлі бұған «бір ұлтта бір ғана тіл бар» деген идеясымен жауап берді. Оның пайымынша, Ресей түркілері – бір ұлт. Әркім үйінде, ауласында, ауылында ана тілінде, жергілікті өз тілмен сөйлесін, алайда ортақ қолданатын әдеби тіліміз бір болсын, – дейді. Ол өзінен 15-20 жылдай бұрын басталған Ильминскийдің миссионерлік әрекеттеріне осылайша қарымта жауап қайтарды.
– Шоқындыру саясаты қай кезден бастап етек алды?
– 1552 жылғы Қазан хандығының құлауынан кейін патшалық Ресейде орыстандыру мен шоқындыру саясаты жолға қойылды. Әуел баста бұл шоқыныру түрінде жүргізілді. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ұлттық бірегейлік мәселесі майданға шыққанынша, орыстандыру біршама табысқа да жетті. Сол дәуірлерде шоқындыру мен орыстандырудың егіздің сыңарындай қосақтала іске асқанын көреміз. Патшалық билікте шоқындыру істерін жүргізетін арнайы Синод бар. Билік кейде бұған ашық қолдау көрсетсе, енді бірде немқұрайды қараған. Яғни патшалық биліктің құлқына қарай шоқындыру ісі бірде қатты күш алса, бірде бәсеңсіп отырған. Ал ІІ Екатерина патшайым тұсында шоқындыру саясаты сәл саябырсыған екен. Соған сай патшалық билік мұсылмандармен компромисті қатынас ұстанған секілді. Бұның, әрине, саяси себептері де бар.
– Жәдит қозғалысын бір тараптан осы шоқындыру мен орыстандыру саясатына қарсы уақыт тудырған құбылыс болып тұр ғой.
– Гәспірәлі бастаған жәдит қозғалысы (түрік модернизациясы), тікелей айтсақ, Ресейдің орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы берілген жауап болды. Олардың тілді бөлшектеу, ұлттық бірегейлікті ажырату саясатына қарсы бірлік, тұтастық ұстанымымен жауап беруге тырысты. Гәспірәлінің ұстанымы «бір ұлттың әдеби тілі біреу болу керек» деген тұжырымға саяды. Яғни ол «түрік нәсілі үйінде, туған топырағында өз ана тілінде сөйелсін, алайда мектеп-медресе мен баспасөзде, ресми хат-хабар алмасуда ортақ жазба тіл қолданайық дегенді қуаттады. Бұл пікірдің сол уақытта жүзеге асуының тарихи негізі бар еді, оның үстіне дәл сол дәуірде түрік нәсілінің ауызша тілі бір-біріне жақын да болатын. Өкініштісі кейін тарих көрсеткеніндей, бұл жақындықтың ажырағанын байқаймыз. Асылында кеңестер билігі идеология майданында патша саясатын терістеп, экономикалық қатынас, әйел мәселесі, дінге көзқарас сияқты салаларда патшалық билік көзқарасына қайшы саясат жүргізгенімен, түркі нәсіліне қарата бұрынғы патша саясатын одан әрі жалғастырды. Түрлері ауысты демесеңіз, мазмұны сол қалпы сақталды. Яғни шоқындырудың орнын Кеңес азаматы деген саясат ауыстырды. Ал кеңес азаматының тілі – ол, әрине, орыс тілі. Кеңестік саясат «халықтар достығы» дейтін әдемі ұранды көтере отырып, ұлттық тамырдан ажыраған «кеңес азаматын» жасап шығармақшы болды.
Жәдитшілер мен қадымшыларды ақ пен қараның қарсылығындай деп қабылдауға болмайды
– Тарихта жәдит көзқарасына қарсы қадымшылар, яғни консерваторлар болғанын білеміз. Жәдитшілер мен қадымшылар шоқындыру әрекетіне қарсы екі айрық жолды таңдаған қайшылықты көзқарас иелері ғана ма? Әлде басқа да себептері бар ма?
– Гаспрәлінің ұстанған жолы – жаңашылдықты құптағандар жәдитшілер, ал оған қарсы дәстүрлі көзқарасты ұстанғандарды қадымшылар деп атаймыз. Дегенмен жәдитшілер де, қадымшылар да монотипті көзқарас иесі емес. Бұл екі пікір иелерін ақ пен қараның қарсылығындай деп қабылдауға болмайды. Қадымшылар ішінен де жәдитшілердің кейбір пікіріне қосылғандар табылса, жәдитшілер арасынан да қадымшылардың бәзбір ойын жақтайтындар табылды. Өзгерісті қабылдау қашанда болсын оңай соқпаған. Өйткені өзгерістің өзі белгілі деңгейде тәуекел мен үрейді қоса ерте жүреді. Жәдитшілер көтерген кейбір мәселелердің логикалық қисыны анық, көңіл күдіксіз сенетін жайттар болса, енді бірі әртүрлі салдарларға соқтыруы мүмкін, сананы сан саққа жетелейтін күрделі мәселелер еді. Сондықтан оның салдарынан қорқу өзгерістен ат-тонын ала қашуға, өзін өзі қазіргі қалыпта сақтап қалудан тұратын қорғанысқа итермеледі. Жәдитшілдікке қарсы шыққанда қадымшылар өзінің осындай шындығын көлденең тартты. Бұдан сырт, жеке бас мүддесі мен атақ-абыройына нұқсан келетін болғаны үшін де жәдитшілерге қарсы шыққан «қадымшылар» бар.
– И.Н.Ильминский мен Гаспрәлі тартысы, қадымшылар мен жаңашылдар тайталасы... Жалпы идея мен идеология майданында тағы қандай жіктер мен бөліністер болды?
– Қадым-жәдит жігінен тыс, модернистердің өз арасында да алуандық бар. Мұндай бөліністі 1905 жылғы төңкерістен кейінгі жағдайға қатысты айтуға болады. Айталық, бірінші төңкерістен кейін модернистік жолды ұстанған социал-демократтар мен социалистер ортаға шықты. Бұл екеуі де жаңашылдық жолын ұстанушылар. Бірақ жәдитшілермен түйісетін мүдделері де, айырылатын тұстары да бар. Бұлар социалистік пікір-көзқарастарға арқа сүйеп, орыс социалистерімен көбірек қарым-қатынас орнатты, солармен тығыз істесті. Жаңашылдық туын ортақ көтергенімен, бұл топтың жәдитшілер жолынан сорабы басқарақ.
Жәдитшілік Қазан татарларына дем берсе, бір мезетте Қазан татарлары да жәдитшіліктің тамыр тартып, бүр жаруына үлес қосты
– Түркі нәсіліне кең тараған ауқымды қозғалыс есебінде жәдит әрекетінің даму сипатына аз-кем тоқталсаңыз. Барлық жерде бірдей уақытта өркендеді ме? Қандай кедергілерді өткерді?
– Кей мәселелерде жәдитшілердің әралуан көзқарас ұстанғаны секілді өріс алған аймағы, күш-қуаты және ықпалына орай да айырмашылықтар жоқ емес. Бұл парықты сондай-ақ замана, дәуір белгісіне қатысты да айтуға болады. Айталық, 1905 жылғы төңкеріске дейін жәдитшілік әлеуметтік, мәдени сипаттағы қозғалысқа көбірек жақын болса, Ресейде баспасөз еркіндігі, басқосу еркіндігі, Думаның шақырылуы қатарлы саяси ауанның өзгеруіне ілесе, жәдит әрекеті де өзгеріске түсті. Яғни бұрын әлеуметтік, мәдени, білім, тіл алаңында белсенді болып келген қозғалыс саясат майданына бет бұрды. Бұл уақытқа қатысты өзгеріс.
Енді өңірге сай қандай әркелкілік болғанын айтайын. Мысалы, Еділ-Оралдағы Қазан өңірін жәдитшіліктің ең күшті нүктесі деп танимыз. Оның себебі жәдитшілдік қозғалыс өмірге келуден бұрын-ақ (яғни Гаспрәлі ұйтқы болған қозғалыс мағынасындағы жәдитшілікті айтамын) Қазан татарлары арасында өзгеріске беталыс байқалып, динамизм сезілген. Бұған Екатерина патшайымның Қазан татарларына қатысты ұстанған саясаты әсер етті. Татар қоғамының орыстармен ұзақ уақыт ықпалдастықта өмір сүріп, өзін жоғалту қаупін сезінуі және ұлт ретіндегі өз-өзін сақтау, бірегейлігін жоғалтпау түйсігі осы өзгерісті тудырды. Әрине, бұл арадағы бірегейлік өте маңызды. Ол оқу-білімді өзек еткен ислами бірегейлік болатын. Осындай өзгеріс тілеген хал-күйі астында Қазан даласында ұлттық буржуазия да қалыптасып үлгерген еді. Бұл ұлттық буржазия тобы кейін бірте-бірте Қыр даласында, Орта Азия, Түркістан топырағында да орныққанын көреміз. Атап өтерлік маңызды бір түйін бар, ол – осы байлыққа ие буржуазияның мал-мүлкін қайда жұмсағаны. Тарихи шындық Қазан өлкесіндегі ұлттық буржуазияның қаржысын білімге, оқуға жұмсағанын айғақтады. Бұл анығында Гаспрәлі іске асырған жәдит қозғалысынан бұрын басталған үрдіс болатын. Яғни Гаспрәлінің жәдит қозғалысы жандануымен бірге Қазан татарлары да модернизацияны қарқынды жүргізді. Басқаша айтсақ, жәдитшілік Қазан татарларына дем берсе, бір мезетте Қазан татарлары да жәдитшіліктің тамыр тартып, бүр жаруына үлес қосты.
Басқа өлкелерге қарағанда Жәдит қозғалысының игілігін Түркістан көбірек көрді
– Қазан аймағын жәдитшіліктің ең күшті нүктесі деп пайымдадыңыз. Ал жалпы қозғалыстың игілігін көбірек көрген кім?
– Түркістандағы модернизацияда Гаспрәлі жүзеге асырған жәдит қозғалысының маңызы басқа өлкелерге қарағанда тіптен артығырақ. Мәселен, Әзірбайжан мұнай өндіретін индустрия өлкесі болғаны үшін онда жанданған экономикамен қабат космополит тіршілік те күшті. Әзерилер орыс пен Батыстың және олардан жеткен жаңалықтың тұтынушысы бола білді. Осы себептен де экономикалық байланыста орыс тілінің маңызын ұқты. Еділ-Орал өлкесінде Әзірбайжанғыдай қызу космополит тіршілік болмаса да, осыған жетеқабыл жағдайдың барын көреміз. Ал Түркістанда жағдай мүлдем басқаша. Біріншіден, кеш жаулап алынған жер, екіншіден, орыстар да анау айтқандай басым емес. Орыс оқуының аздығы мен орыс тілі ықпалының солғындығы, оның үстіне космополит мәдениеттің болмауы – барлығы әсер етті. Сол себепті Түркістандағы модернистік жолдағы тұлғалардың көп бөлігінің усул жәдид пен дәстүрлі мектептерден және Қазан, Қырым мен Исмайл Гаспрәлі әсерінен шыққанын айта аламыз. Бұл мысалды айтып отырған себебім, модернистік қозғалыстардың өлкелердегі қалыптасуы мен дамуында біраз өзгешеліктер бар. Мысалы, баспасөздің әсері әр өлкеде әртүрлі. Ұлттық баспасөздің ең күшті жері – Еділ-Орал өлкесі болса керек. Одан кейін Әзірбайжан, Кавказия аймағы. Ал ең әлсіз жері Түркістан дер едім. Міне, осыларды қорыта келе, модернизация мен жәдит қозғалысының әр өлкедегі әсері, даму динамикасы түрліше болғанын тұжырымдауға болады.
– Қазақ-қырғыз топырағында өрістеген Алаш қозғалысы – өзіңіз атаған жаңашылдыққа, жаңа сапаға ұмтылған өзгеріс. Бұл модернизацияға қандай баға бересіз?
– Қазақтардағы модернистік әрекет, саяси қозғалыс ретінде, әрине, Алашты атаймыз. Бұл қозғалыста «Алаш» атты партия құрылды, бағдарламасы жазылды. Алаш қозғалысына қатысқан тұлғалардың бәрі де модерншіл, жаңашыл тұлғалар. Дегенмен олар бір күнде саясат майданына шыққан жоқ, қалыптасу фазасы болды. Өмір қалыбына қарасақ, көбінің орыс мектебінде, училище-семинарияда, университетте оқығанын көреміз. Олар Ресей арқылы модернизацияның болашағын байқады. Абай секілді ғасырда бір туар ойшылдың пікірінен тамыздық алды. Күре жолдың қақпасы Орынбор арқылы Қазан татарларынан, Еділ-Оралдан өрнек іздеді. Ташкент арқылы өзбек жұртының қозғалысына көз тікті. Одан тыс бүкіл түркі дүниесінің өзгерісі Стамбұл, Үндістан, Мысыр арқылы ықпал етті.
Әр өлкедегі жәдит қозғалысы немесе модернистік әркеттің бір-бірінен айырылатын ерекшеліктері бар. Өйткені алғышарттары әртүрлі. Алашқа қатысты да осындай ерекшеліктерді ескеру керек. Мысалы, патшалық Ресей тұсындағы орыс мұжықтарын жерге орналастыру саясатын алсақ, бұл – Орта Азияда негізінен қазақ-қырғыздарға қатысты, соларды қатер астында қалдырған мәселе еді. Қарашекпендердің қаптап келуі қазақ-қырғызды жерінен айырып, өз туған өлкесінде азшылыққа айналдыруға шақ қалды. Яғни Алаш қозғалысының саяси қозғалыс, ұлтшылдық әрекет ретінде жер мәселесінде өте сезімтал, белсенді болғанын көреміз. Отаршылдықтың асқынып, қанаудың күшеюі экономикалық қал-ахуалды нашарлатқанын қатты сынға алғанын аңдаймыз. Басқа өлкелердің де өзіне лайық өзекті мәселелері болды. Кейбір жерлерде әйел құқықтарын қорғау, әйелдердің қоғамдық өмірге араласуын қамтамасыз ету жеңіл іске асса, ал консервативті көзқарас басым өлкелерде ол мәселе едәуір уақыттан соң барып әрең шешілді. Былай қарасаңыз, ол да, бұл да модернистер. Алайда шынайы саясат бірдей орай берген тұста модернизм элементтерінің күші мен салмағы әр өлкеде әрқилы болған.
Ресей түріктерінде 1905 жылдан бастап топтасып іс атқару тәжірибесі мен ұжымдық саяси мәдениет қалыптасты
– Жәдит қозғалысын кезең, уақыт белгісіне қарай бөлгенде 1905 жылды жаңа сапалық кезеңінің бастауы ретінде тұжырымдайсыз. Оыс турасында ойыңызды әлі де ұштай түссеңіз.
– 1905 жылдан кейінгі қалыптасқан жағдайдың бір ерекшелігі бар. Бұл кезең түркістандықтар, қазақтар, жүйеден тұтас Ресей түріктері үшін айтарлықтай маңызға ие. Осы жылдан бастап түрік нәсілі жергілікті қордаланған мәселелерді шешумен бірге бір-бірімен де ортақ әрекеттесе бастады. Топтасып іс атқару тәжірибесі мен ұжымдық саяси мәдениет қалыптасты. Әуел бастағы өңірлік, облыстық жиналыс шақырудан біртіндеп тұтас түркі нәсілі ауқымында іс атқарылды. Мысалы, 1905-1906 жыл шеніндегі бір жарым жыл аясында 3 мәрте Ресей мұсылмандарының конгресі шақырылған. Соңынан 1907 жылғы Столыпин реформасынан кейін мұндай жиылыстарға шектеу қойылса да бұл біргіп әрекет етудің алғашқы баспалдағы, іргетасы болып қаланды.
– Жәдит қозғалысы саясат сахнасына шығарған тұлғалар кімдер? Бұл тұлғалар бір-бірімен қай деңгейде байланыста болды?
– Баспасөз әсері және өзара ықпалдастық аясында жәдит қозғалысының көптеген тұлғалары мен қайраткерлері жарқырап шықты. Бастапқыда бұл тұлғалар әдебиет, мәдениет істерінде көбірек бой көрсетті. Олар кітап шығарған баспагер, мектеп ашқан мұғалім, оқулық жазған ағартушы еді. Өйткені халық білім нәріне шөліркеп, оқуға сусаған-тын. Яғни жаңғыру мен жаңару турасында сөз қозғасақ, бұл тұлғалардың әдепкіде қолға алған ділгір мәселесі – білім ошақтарын ашу, оқу кітаптарын жазу және баспасөз шығарудан басталды. Олар осы ағартушылық тетіктер арқылы қалың ұйқыдағы ел-жұртын оятуды көздеді. Және ояту әрекеттері мен ағартушылық қозғалыстары Ресейдегі түркілерді, атап айтқанда, Кавказия, Қырым, Еділ-Орал, теріскей Түркістан, күнгей Түркістанды түгел қамтыды. Қазақтардан бұл қозғалыстың көрнекті қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлының есімдерін атай аламыз. Олар өз туындылары: өлең, әңгіме, роман, пьеса, мақалалар арқылы халықты оятуға әрекет етті. Түркістанның оңтүстік өлкесінен Махмудходжа Бехбуди, Мұнәвуар Қари, Абдурауф Фитрат секілді ондаған тұлғалар шықты. Сонымен бірге Әзірбайжаннан да бір шоғыр тұлғалар тарих сахнасына келді. Бұлар бір-бірімен етене байланыс орнатты. Мысалы, Түркістанда көп газет-журналдардың жарық көруіне Қазан татарлары көмек көрсеткен. Қазақ-өзбек қайраткерлері бірігіп баспасөз шығарған, бір-бірінің басылымдарына материалдар жазып тұрған. Сондай-ақ бұлардың Османлы түріктерімен де байланысы болған. Османлы түріктері де бұндағы жағдайға құлағын түрік ұстаған. Мәселен, «Қазақ» газетасының Османлыда 8 жазылушысы болды. Демек Османлыда ол кезде қазақша білген, түсінген азаматтар бар деген сөз. Османлының мерзімді басылымдары Ресей түріктеріне тараса, Ресей түріктерінің баспасөзі Османлыға жетіп жатты. Османлының әсері турасында сөз қозғағанда Стамбұлдың маңызы зор. Өйткені қажылық жолдың бір тарауы Стамбұлды басып өтетін. Стамбұлды басып өтті деген сөз мұндағы мәдениетпен танысып, білім ошақтарының озық оқыту жүйесінен хабар тапты, осындағы белгілі тұлғалармен жүздесіп, пікір алмасты дегенді білдіреді.
Бүгінгі таңда әлеуметтік медиа бар, технология айтарлықтай дамыды. Сөйтсе де ол кездегі байланыстың жиілігі мен қоюлығы қазіргіден анағұрлым артық екенін байқаймыз. Олар бір-бірімен жиі хат жазысып, хабар алысып тұрды. Достасып, бауырласты. Мысалы, И. Гаспрәлінің қызы Шефиқа Әзірбайжандағы жәдитшіл тұлға, Әзірбайжан демократиялық республикасының үкімет басшысы болған Нәсіпбек Үсіпбекке тұрмысқа шығады. Міне, осындай байланыстар болған.
– Терең ой қозғап, тұщымды сұқбат бергеніңізге рақмет.