Болатбек Нәсенов: Ахмет Байтұрсынұлының күрескерлік рухын терең зерттеуіміз керек
Бөлісу:
14.11.20221662
Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты айтулы мақаласын жалпақ жұртқа жария еткеніне 110 жылға жуықтады. Содан бері қаншама қилы заман өтсе де, ұлт ұстазы айтқан бұл аталы сөз Абайды оқыған ұрпақ көкірегінен ешқашан өшкен емес.
– Құрметті Болатбек аға, міне, біз Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне ашылған халықаралық конференцияда қайта жүздесіп отырмыз. Біздің топ ұйымдастырған бұл алқалы жиында сіз баяндама жасайды екенсіз. Осыған орай менің бірнеше сұрақтарым бар.
Әуелі сіз Ахмет Байтұрсынұлының есімін қашан, қалай естідіңіз? Сіздер совет дәуірінің қылышынан қан тамып тұрған қиын кезеңдерінде өмір сүрдіңіздер ғой.
– Ахмет Байтұрсынұлы туралы тұңғыш рет шамасы 1950 жылдары бұрынғы Семей облысы бүгінде Абай облысының бұрынғы Абыралы ауданының Қайнар деген орталығында Орта Қайнарда тұратын нағашым Файзоллаұлы Нұрғалидан естіп жүрдім. Бұл кісі – қазақтың маңдайына біткен, шын атақты академик Рымғали Нұрғалидың әкесі. Ол кісі өте сауатты еді. Абайды, біз білмейтін, тіпті аттарын естімеген (тыйым салған екен) Шәкәрімнің, Мағжанның өлеңдерін елден жасырып, біздің құлғымызға құятын. Әрине, оның бірін түсінсек, бірін түсіне қоймайтынбыз. Нағашым: «Күшіктерім! Бұл адамдарды ауызға алуға болмайды. Бірақ, түбінде шындық жеңеді. Әлі естисіңдер. Оларды мақтан көретін заманда туады. Оны айтып жүргенім: «Сендердің бойларыңда адамгершілік сіңе берсін деген ниетім бар. Қазақта да данышпандар аз болмаған. Бүгінде орыстар мен шетел даналарын ғана сендерге оқытады. Ойда сақтауға тырысыңдар» деуші еді.
Бүгінгі дарынды жазушылар Мұқтар Мағауин, марқұм Сұлтан Оразалин де, Рымғалимен бірге Абыралыға барып жүрген басқалар да осы нағашымның ғажап әңгімелерін естіп, аузынан су ағып жүретін еді. Міне, сол нағашым айтқан ақын-жазушылар, тарихшылар, басқа да адамдар жарыққа шықты. Енді олардың даналықтарын зерттеп, ірі-ірі атақтар алды, алып та жатыр. Ал мен болсам олардан біраз бөтен, ауыр өмір жолынан өттім. Әкем Нәсенді Ахмет аға сияқты «халық жауы» деп 10 жылға соттап, Сахалинге жер аударған. Сонда өмірмен қоштасып сүйегі теңіз астында балықтарға жем болыпты. Сотталғанға дейін Абыралы ауданының мектебінің іргетасын қалап, мектепке қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріпті. Семей қаласының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне үлкен қиындықпен кіріп, ісімен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Сол істе әкеме 12 түрлі айып тағыпты. Соның бірі: «1932-1937 жылдар аралығында аудан мектептеріне орыс классиктерінің еңбектерңн оқытуға тыйым салған. Олардың орнына тыйым салынған Абайдың, Шәкәрімнің, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдерін, ғылыми еңбектерін, жат элементтердің ескіні аңсаған ертегілерін, сықақ әңгімелерін оқытқан. Ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі болған» деп айыптаған екен.
Сексен бес жылдық өмірімнің тең жартысы адам айтса сенбейтін қуғын-сүргінмен өттім десем өтірік болмас. Сенің өзің жазып жүрген «Рыжий Алмаз (Сары Алмас) атты батыр ұлым үшін ҰҚК-інің бақылауында 40 жыл болдым. Міне сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының өмірін менен артық түсінетін ғалымдар болар, бірақ дәл мендей бола қоймас. Ахмет Байтұрсынұлының кім екенін, қандай азап жолынан өткенін тұңғыш рет осы атасы үшін сан рет күйген-жанған, азаптың талайын басынан өткізген Рымғали Нұрғалиұлының өз аузынан естіп, еңбектері арқылы терең білген едім.
– Марқұм Рымғали аға менің де ұстазым еді, ол кісі ғұмырының соңғы жылдарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі қызметінде болды. Академик ағаның әйгілі «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеуі сол жылдарда жарияланды. Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың елу жас мерейтойы көзінің тірісінде аталып өтілгені белгілі.
– Ахмет атамыздың 100 жылдығы тойланғанда Қазақстанда қалай аталғанын білмеймін. Бұл жетпісінші жылдардың басына тұспа-тұс келеді. Мен Омбыда облыстық архивте 4 ай болдым. Архивтiң 2-ші қабатына көтерілгенде баспалдақтан шыға бергенде қазақтың 3 (үш) арысы: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының бірге түскен суреті портрет болып қабырғада ілулі тұр екен. Мен сонда ғана ол үш дананың орыс елінде де құрметке бөленгенін біліп сондай риза болдым.
Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың туған айы 3 түрлі жазылып жүр. Біріншісі 1873 жылы 18 қаңтар, екіншісі 28 қаңтар десе, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі анкетада 5 қыркүйек деп көрсетілген. Осыны анықтаған дұрыс болар. Ал Ақаңның өмірбаяны белгілі.
Көзі ашық, оқыған азаматтардың бірі ретінде Қарқаралының орыс- қазақ училищесінің меңгерушісі болып еңбек етіп жүргенде патша үкіметінің саясатына, халыққа жасап жүрген қысымшылығына қарсы болғандықтан халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген екен. Сол үшін Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылы тұтқындалған. Сол туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде арнаулы іс ашылыпты. Сонда былай дейді: 1909 ж. Лит-А 11 шілде №226, кәсібі – мұғалім, «халық арасында үкіметке қарсы үгіт жүргізді. 1905 жылдан бастап қазақтардың арасында қылмысты үндеу таратты. Қазақтарға салық төлемеуге шақырды. Peсей жерінен қоныс аударып келгендерге жерді бермеуге шақырды. Байтұрсыновтың жазған хатында: «Қазақ тілінде жазуға, оқуға, білім алуға рұқсат берілсін, Ағатушылық жұмысы қазақ тілінде жүргізілсін. Яғни оның алфавиті, орфографиясы, грамматикасы, тіл теориясы оқулықтары, баспа газет-журналдары болған емес. Омбы жандарм бастығының көмекшісі Ротмистр Левеновский 1909 жылы желтоқсан». Бұл №495-іс «тым құпия» деп саналған. Соңында: Ахмет Байтұрсыновтың үкіметке қарсы қызметіне байланысты полиция департаментіне анықтама түсті. Онда жоғарыдағы жағдайлар қайталанған. Байтұрсынов бір сөзінде былай депті: «Қазіргі уақытт социал-демократия партиясының ұстанымы үстем түсуде. Соған байланысты Сіздер сұрағандарыңызды ала аласыздар. Орыс патшасы бұрынғыдай бұйыра алмайды. Олар əлді емес. Егер орыс патшасы бұрынғыдай қуатты болса, мемлекттік думаны шақырмаған болар еді. Сол сияқты ол «17 қазан манифесiнде өз қалауымен беріп отырған жоқ. Халықтың талабын орындауға мәжбүр. Оның сүйенген ортасы казактар ғана. Орыс патшасынан бұрынғыдай қорқа берудің қажеті жоқ.
Салық төлеу міндетті емес. Орыс шаруалары төлемей жатыр. Олар патшадан қорықпайды. Ал сендер қорқасыңдар».
Алаш қозғалысына тыйым салынғаннан кейін халқының бостандығы үшін күресу ниетімен төңкерістік комитет құрамына кірді. Билікке келген большевиктер антигуманизм жолына түскеніне наразы болады. Ол «Төңкеріс және қырғыздар», «Ленинге хат», «Қазақ қалам қайраткерлері жайында» өз ойларын терең талдап берген. «Төңкеріс және қырғыздар» атты хатында (орыс тілінде): ...Халық бірінші төңкерісті соншалықты қуанышпен қарсы алса, екіншісін үлкен үреймен қабылдады. Біріншісін «бстандық берді» деп қабылдады, ал екіншісіне мәңгілік арманымыз өзімізді өзіміз басқарып тәуелсіз ел боламыз» деп үміттенді. Қазан төңкерісі өзінің сыртқы әрекеттері арқылы «қорқыныш әкелді» деп жазды. «Ленинге хатта»: «...жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды. Алдамшы саясатқа бұрып,еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын кеңестер негізінде құруына туысқандық көмек көрсетуді ұсынбай, қайта оларға әртүрлі қулықпен өз үстемдігін танытып отыр» десе, «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» мақаласында: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлттың ауырын жеңілдету, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес. Кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, күйзелетін бауырмал болмасқа тағы да мүмкін емес» деп халықтың ойын жеткізе білді.
– Ахмет Байтұрсынұлы қандай қайраткер? Оның қайраткерлік қырын қалай бағалайсыз?
– Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастаған Ахмет Байтұрсынұлы атамыз өз жұмысын бастауыш сынып оқытушысынан бастапты. Сол кезде «Тіл құралы», «Есеп тану», «Оқу құралы», «Табиғат тану» сияқты еңбектер жазған. Қалай оқытудың әдістемелік нұсқауларын жариялаған екен. 1914 жылы жарық көрген «Тіл құралы» деген атпен жариялады. Ахмет Байтұрсынұлы түрік тілдер әлемінде тұңғыш реформатор болды. Ол 1914 жылы жарық көрген «Тіл құралы» атты әліппеде «қазақ жазуы» деген атпен жарияланды. Бұрын татар молдалары пайдаланған араб таңбасы көптігімен есте сақталмайтын. Ахаң 24 араб әрпіне негізделген «төте жазуды» енгізді. Оны әлі күнге дейін шетелдегі қазақтар пайдаланып келеді. Осы арада айта кеткенім дұрыс болар, әлемдік архитектура ғимараттары санатына енген, айнадай жарқыраған әйнекті Белорус ұлттық кітапханасының ғимаратында кітап патшасы-кітап музейі бар. Осы музейде әлемнің 600 тілінде жарық көрген 1400 «ӘЛІППЕ» коллекциясы көптің назарына ұсынылған (Осы кітапханада менің 12 том кітаптарым сақталуда).
Ахмет атамыз жазған оқулықтар 1914 жылдан 1928 жылға дейін пайдаланылғанымен, оның ішіндегі тұңғыш рет қазақ тілінде талдап жазылған лингвистикалық терминдер (фонетика, графика, морфология, синтаксист салаларындағы) мәңгі өлмес өмірге ие болды, әрі қарай тіл білімінің негіздері болып қала береді.
1923 жылы Мәскеудегі күншығыс баспасынан «Ер Сайын» жырын Шоқанның досы, әйгілі орыс ғалымы Потанин Григорий Николаевичке тарту ретіне шығарыпты.
Ахмет Байтұрсынұлы ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлға ретінде айқындап беретін күрделі, толымды жаңаша туындысы Ташкентте 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» (теория словестности) деген атпен басылды. Арада екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң бұл еңбек көпшілік арасына тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиетануының ғылыми негізі методологиялық арналары басты-басты терминдер мен категориялары түп-түгел кітапта қаптастырылған.
«Әдебиет танытқыштағы» қазақ әдебиетіне тән жанрлық формаларын тіркеп, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласың. Эпосты әуезе, лириканы топтау, драманы айтыс деп қайтарып алып, сала-саалаға жіктеп әкетіп, шежіре, замана хат, өмірбаян,мінездеме,саясат шешен сөз, билiк шешен сөз, қошемет шешен сөз, уағыз, көсем сөз (пулицистика) деп көрсеткен.
Біздің қазағымыз қызғанбай жүре ала ма? Ахмет атамыздың өмірбаянын Мәскеуде жарық көретін кітапқа академик Кононов берген екен. Артынан арыз түсіпті. Ахмет Байтұрсынұлы «халық жауы», оны неге дәріптейсіңдер?» деген арызға Ұлттық қауіпсіздік комитеті: «Бізде ондай адам «халық жаулары» тізімінде жоқ», – деп жауап беріпті.
Ахмет Байтұрсынұлы өз қолымен жазған (1929 жылы 8 наурызда) өмірбаянында: «Орынборға келгеннен кейін біріншіден, қазақ тілінің фонетикалық, морфологиялық, синтектикалық тұрғыдан зерттеумен, екіншіден, қазақ алфавитін (шрифты емес), орфографиясын жетілдіру және реттеу үшін реформа жасаумен, үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикамен шұбыртпалықтан басқа тілдерден синтаксистік ықпалынан тазартумен, ақырында, ең соңында, төртіншіден проза (іс-қағаз, публистика, ғылыми жазба) тілін кітабын тіл арнасына стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жады тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты. Большевиктің қылышы қан тамған кезде Ахмет Байтұрсынұлы әуелі 1929 жылы бір ұсталып, сотталып, лагерь тепкісін көрген 1936 жылы қайтып келген.
– Ахмет Байтұрсынұлының жан-жақты тұлға екендігі даусыз, сіз оның шығармашылық ғұмырын қандай кезеңдерге, топтарға бөліп қарастырар едіңіз?
– Ахмет атамыз – сегіз қырлы бір сырлы, жан-жақты тұлға. Менің топшылауым бойынша 5 (бес) саланың қыраны. Біріншісі, ірі ғалым, қазақ тіл білімінің атасы, түркітанушы, әдебиет зерттеушісі, қазақ әліппесінің негізін қалаған, қазақ халқын жаппай сауаттандыруды ойлап тапқан ойшыл. Екіншісі, ол ақын жазушы, аудармашы, драматург. Үшіншісі, қыруар табиғи қасиеттер бойына дарыған ерекше қабілеті бар педагог, төртіншісі –композитор. Бүгінде кеңес үкіметінің қаһарынан қорқып, Ақаң шығарған 10-нан астам әндерін «халық әні» («Аққұм», тағы басқалары) деп аталған. Бесіншісі, ол өз басының қаһарға ілінетін біле тұра, халықтың мүддесін ойлап, барлық існе мамандығына, дарынына зиян келетінін біле тұра, патша заманында да, кеңес заманында да ашық қоғамдағы әділетсіздікпен алысып-жұлысқан саналы күрескер. Халықтың бостандығы үшін 5 (бес) рет түрменің ащысын басынан өткізген ұлтшыл-күрескер дер едім.
Менің 12 газет-журналды жазғызып алып отырғаныма 40 жылдай уақыт болды. 10 жылын жинап Қайнарға, одан кейін Семейге кітапханаларға жіберіп отырамын. Оларды ақтарып отырсам, Ахмет Байтұрсынұлының әр талантына, қырына алуан түрлі мақалалар, ұсыныстар жазылып жатады. Бірақ соны оқып жатқан жастар шамалы. Абай, Ахмет, Әлихан, басқалардың еңбектерін халық санасына сіңіретін әдіс табу керек. Интернеттен оқимыз дейді. Ол өтірік. Осы мәселені әкімшіліктер қолға алмаса болмайды.
Енді Ахмет Байтұрсынұлы атамыз туралы ғалымдар не дейді екен? Соған бет бұрайық. 1929 жылы «Коммунистік Академияда баспасынан шыққан «Әдебиет» энциклопедияның 1-санында Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай депті: «Аса көрнекті қазақ ақыны, журналист және педагог. Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы».
Атақты мемлекет қайраткері, көрнекті ақын Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 30 қаңтарда былай депті: Ахмет Байтұрсынов қарапайым кісі емес. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша қуғынға, шабармандардың қорлығына қарсы шыққан, халықтың қамын жыртып дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары ояз, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет етті».
Түркістан Орталық атқару комитеті мен партия комитетінің газеті «Ақжол» 1923 жылы 4 ақпанда (№270 санында): «Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе, әріп, тіл, Һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен адам еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, бостандыққа жол көрсететін Ақаң еді», – деп жазған.
Ахмет Байтұрсынұлы қаншама қуғын-сүргінді, 5 (бес) рет түрмеде болып, зорлық-зомбылықты басынан өткізсе де халықаралық деңгейдегі ғалым ретінде саналды. Оның бір мысалы Әзербайжанда Баку съезіне қатысқандағы абыройына тоқталайын.
Латын әліппесіне көшу туралы мәселе Мәскеудің тікелей тапсырмасымен 1926 жылы 24 ақпан – 5 наурыз аралығында Бакуде өтті. Онда Түркістанның бірінші жапыодақтық съезінде күн тәртібіне қойылды. Съеезге Ахмет Байтұрсынұлы одақтың танымал түркологі ретінде шақырылды. Съезде Ахмет Байтұрсынұлы көрнекті ғалым және қайраткер тұлға ретінде абыройының жоғары деңгейде, аса биіктен көрінген сәтiнiң айғағы болды. Оның атақты Ахундов, Бартольд, Олденбург, Самойлович сияқты аса беделді ғалымдардың қатарында президиумда отыруының өзі абыройын көтеріп тұрды. Оның съезде айтқан пікірлерін тыңдаушылар зор ықылас пен тыңдады. Президиумның атынан қорытынды сөз сөйледі. Ахмет атамыз бірнеше халықаралық комиссиялардың мүшесі болды. Ол Алишер Науайдың 500 жылдығына байланысты комиссияның мүшесі болды.
«Ахмет Байтұрсыновтың қайраткерлік, шығармашылық тұтас өмірбаяны, оны аса ірі ренессанстық тұлға етеді. Алаш қозғалысы тұсындағы зор қайракерлік, ұлттық мектепті қалыптастырудағы ұстаздығын, ғылымның негізін салушы салғанын, дәуір ұранына айналған көркем шығармалар, публицистикалық еңбектер жағынан жіктейтін болсақ, онда оның жан-жақты тұлғалық қасиеттері Ренессанстыңең негізгі бағыттарын анықтағанын аңғарар едік. Ақаңды «Ұлт ұстазы» деуіміздің астарында оның осындай дәуірлік көшбасшы болғанына лайықты бағамыз жатыр» деген ғылым кандидаты, «Тіл-қазына» орталығының директоры Ербол Тілешовтың пікіріне қосыламын.
Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деген Мұхтар Әуезовтың бағасы да ренессанстық тұлғасын танытады.
– Сіз ғылымдағы, өнердегі қызғаншақтық туралы айтып жатасыз. Ахмет Байтұрсынұлындай ұлы тұлғасы бар қазақ қоғамы отаршылдық кіріптарлықтан арыла алмай, кеш танып жатыр.
– Академик Рымғали қызғаншақтардың кеселінен докторлық диссертациясын екі рет қорғағанын айта кеткен дұрыс болар. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы туралы ұстазы беріп кеткен Ақаңның қырық беттік ғылыми еңбегінің жалғасын ұстазы айта алмай кетті. Рымғали ешнәрседен тайсалмай ашығын айтты. Оның дұрыс ғылыми еңбек екенін дәлелдей білді. Рымғали былай дейді: «Әділет принципі бұзылып, адамгершілік тапталған зұлмат жылдары нәубет, қан-қырғын, репрессиялар басталған кезде көп нәрсе мүлде бұрмаланды. «Байтал түгіл бас қайғы» дейтін заман тосып тұрды. Ол шақта Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсететін түгіл атын атай алмады... Профессор Кенжебаев – сыпайы, жуас, момын көрінгенімен іштей берік, қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи мектепті жүргізген батыр – осы ғалым. Өз шәкірттерінің біріне (Ол Рымғалидың өзі – Б.Н.) «мынау ағаң жасырған «Әдебиет танытқыш» әдебиет теориясы. Мен 40 жыл сақтадым. Сенің диссертацияңа байғазы болсын. Қалған уақытта сен сақта. Бірақ байқа. Уақыты жетпей айғайлама. Таяқ жейсің. Әруақтың киесі үркіп, кесапаты тиюі мүмкін. Шарапаты тиетін уақыты келер. Ол күндерді мен көрмеспін. Сендер көресіңдер. Мықты жерге тығып қой!» деген екен. Жас, әр кезде тұяғына тас тимеген шәкірт өмірде талай теперіш көріп, таяқ жеген ұстаз тілін алды дейсіз бе?Ақаң кітабы, ондағы пікір байламы, тұжырым жаңалық табыс туралы айтып та, жазып та жіберген. «Жұрт білмей ме, көрмей ме?». Білген, көрген, көрсеткен. Сонда тұмсығы тасқа тиіп, шәкіртке ұстазы «ескерттім ғой.... болмадың? Енді оқасы жоқ. Шыда. Мұндайда еңбек етсең ғана етсең көтеріледі» деп айтқан сөзді есіне алады.
Әдеби тілімізді дамытуды қалыптау тарихы тілтанушы ғалымдар тарапынан едәуір жұмыс зерттеу, қазақ әдеби тілін жан-жақты зерделеген «қазақ әдеби тілінің ұлттық дәуірге дейінгі және ұлт ретінде қалыптасқан кезіндегі әдеби тілін жан-жақты зерттеген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еғңбегінде акадеик Рабиға Сыздықова: «Қазақтың ұлттық әдеби мақалаларында өткен ғасыр басындағы жазба әдеби тілдің қалыптасудағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ерекше атай отырып былай деп жазды: «Ол өзінің қазақ тілінің жақсылығын баяндап берген іргелі еңбектерімен қатар қазақ тілін дүр сілкіндірген алғашқы ұлттың баспасының «Қазақ» газеті (1913-1918 жж.), жаңа жазба әдеби тіліміздің нағыз үлгісін жасап берді. Әлихан, Ақандар бастаған қазақ оқығандары ағартушы, білімпаздар тобы ұлттық баспасөзді дамытумен оның тілін қалыптастыруға да бар білімі мен тәжрибесін, көп күш жігерін жұмсады. Әсіресе «Қазақтың» «еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп күзгі таңның салқын желімен ширықтырған «Қазақ» газеті болатын» деп Мұхтар Әуезов оның қазақ өміріндегі ролін атап көрсеткен. Жалпы ұлттық тұңғыш газеттің ұлт тарихында алатын орны басталған жаңа жазба әдеби тіл үлгісі қазіргі кезеңде жан-жақты дамып өзінің кемеліне келіп отыр.
Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты айтулы мақаласын жалпақ жұртқа жария еткеніне 110 жылға жуықтады. Содан бері қаншама қилы заман өтсе де, ұлт ұстазы айтқан бұл аталы сөз Абайды оқыған ұрпақ көкірегінен ешқашан өшкен емес.
Ақаңның қанаттас, қаламдас, тағдырлас дос кісі Міржақып Дулатов былай деп жазады: «1901 жылы маусым жұлдызының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңдерінің басып шығарылуын тілемейді. Һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып Абайға сәлем беремін, танысамын, һәм өлеңдерін бастыру жайында сөйлесемін» депті. Ахметке Абайды көру нәсіп болмады. Абайдың өмірі күзге жетпей сол маусымның 23 -інде опат болды.
Ғасырлар бойы тіні үзілмей келе жатқан арғы Асанқайғыны айтпағанда, бергі Балқы Базар, одан кейінгі Кердері Əубəкір әуендеріне елтіп өскен бала Ахмет есейген тұста сол өңірдің біртуар білімдарлары, алғыр да арқалы ақындары Сейдахмет пен Ақмолда жырларына тәнті болып, жігіттік тәтті қиялдың құшағында жүрген кезі болатын. Шынында да Сейдахмет, Ақмолда ақындар өз заманының жомарт талант, дара тұлғалары болғандығында дау жоқ. Ақаң бұл ақындарды үлгі тұтқанмен, пір тұтқан емес.
Сөйтіп жүргенде Ақаңның қолына 1903 жылы Абайдың өлеңдері жазылған қалың дәптер түседі. Бұл Ақаңның ұстаздық етіп Қарқаралыда жүрген кезі еді. Көзі ашық болашақ ақынның осы кезде Еуропа әдебиетіне дәндеп, оның ішінде орыс ақындарына қарай көңіл бөліп ой жүгірте бастаған кезі еді. Тіпті ол Лермонтовқа еліктеп «Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған» атты өлең жазуы да содан болатын. Ақаң 1913 жылы өзінің «Қазақ» газетінде былай деді: «Оқып қарасам басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосырқап отырасың. Сөзі аз, мағнасы көп, терең» деп толғанады.
Ақаң данышпан ақынның өлеңдерін өз елінде кең насихаттайды. Ендігі жерде Ақаңның үлгі тұтатыны орыстың Пушкині де емес, Лермонтовы да емес, кәдімгі қазақ ақыны Абай болды. Сөйтіп Абай өлеңдерінің өрнегі Ақаң ақындығының арқауы болып, қилы жолда адастырмас темірқазығына айналды. Әсіресе оның:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?! – деген жолдары Абайдың «Сегіз аяқ» үрдісінде жазылғандығын көзі ашық қазақтың қай-қайсысы да бірден таниды.
– Ахмет Байтұрсынұлы мен өз әкеңіздің сталиндік репрессия зардабын тартқан ауыр оқиғаларын еске алдыңыз. Олар білім деп, жас ұрпаққа оқуы үшін деп жанталасқан тұлғалар болды. Сол пассионарлық әрекеттері үшін кешірімсіз айып арқалады. бірақ тарих деген таразы ғой, оларды шамшырақтар алдымызға қайта оралтты десем артық айтпағанымыз.
– Иә, дұрыс айтасыз.Міне, осылайша әкем Жарылғасынов Həсен сүйген, оның өлеңдері, шығармалары, әліппесі үшін 37 жасында қанішер Ресей шовинистерінің аузына жем қылып байлап берген, әкемнің білімін абыройын қызғанған «ағайындардың» арқасында құрбан болды. Мүмкін менің әкем жалғыз болмас. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы інілерімен бірге қазақ халқының болашағы үшін құрбан болды. Олар бүкіл қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталуы керек. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған отанымыздың патриоттарын қазіргі жастар, әсіресе орыс тілділер білмейді. Соңғыларының білгілері де келмейді. Мен енді бір рет Ахмет атамның онжылдығына қатынассам деген үмітім бар. Алла соған жазсын. Конференцияны ұйымдастырушыларға, Ахмет атамызды ту қылып көтерген қыздарым мен ұлдарыма рахмет. Бақытты болыңдар! Аталарымыздың аруақтары қолдасын!