«Шыңғысханды бір ұлтқа телу әділетсіздік деп санаймын...»
Бөлісу:
05.10.20223077
Қазақтың рухани кеңістігінде Шыңғысхан есімі дәл қазір қызу тақырыпқа айналды. Бірі ұлы қағанның шыққан сойы маңғол нәсілінен десе, екінші топ қазаққа телиді. Шыңысханға байланысты осы уақытқа дейін қаншама ғылыми еңбектер мен көркем шығармалар жазылды. Әрине, бұдан кейінде жазыла бермек... Әзірге бас қағанға байланысты бұл полемика тоқтамайтын тәрізді. Бізде осы сұхбатымызды басы бүтіндей Шыңғысхан тақырыбына арнап отырмыз. Әңгімеміздің спикері жас та болса ілкі қазақ тарихына қатысты жоталы ой айтып, тұшымды дүниелер жазып жүрген тарихшы Ерзат Кәрібай бауырымыз. Айтар аумағы кең, мағұлматы мол осы сұхбатты өздеріңізге ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым...
-Ардақты Ерзат бауырым алғашқы сауалымызды мынадан бастасам деймін. Сен Шыңғысханды Шыңғыс қаған деп өз атауымен атаған дұрыс дейсің. Әуелі әңгімемізді осыдан бастасақ?
-Біз адам атын лауазымымен қосарлап айтқанда оны өз орынында қолдануымыз керек. Мысалы қандай адамдар бек аталады, мысалы меркіт Тоқта бек, ойрат Құдұқа бек, ал одан жоғары лауазымға қатысты. «Моңғолдың құпия шежіресінде» мынадай сөздер бар «Мұңғол қа үге кер ақұн», бұл керей ханы Тұғырылдың сөзі. Мағынасы былай болады. «Мұңғұлға қа басшысыз қалай болады?» деген сөз. Көшпенділерде бек, қа, хан , қаған деген лауазымдар болады. Қа түбірінен қа, қан, қатұн (ханның әйелі), қаған деген сөздер өрбиді. Қаған ең жоғарғы лауазым, яғни хандардың ханы деген сөз. Ол тұтас көшпендіні бір ту астына топтастырған империялық деңгейдегі билеушінің атауы. Ендеше Шыңғыс хан емес қаған. Жошы, Шағатай, Төле олар хан, қағаннан кейін тұрады. Ал Үгедей қаған тағына мұрагерлік етіп қаған болған. Қаған деген атау тарихта тұңғыш рет Санбей қағанатында қолданылған еді.
-Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» жазбасындағы Шыңғысхан туралы келтірген дерегіне не дер едің?
-Абай өзінің «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы»осы жазбасында қазақтың тегін моңғолдан шығарады. Әрине, қазіргі маңғол емес ежелгі маңғол. «Маңғолдан шыққан халықтың бірі қазақ, қазақтың моңғолдан шықпақтығы ұят емес, білімсіз қалуы ұят»- дейді. Деседе Абай ол кезде қазақтар маңғолдарға құтты болсын айтып барыпты деген аңызды алға тартады. Бірақ ол кезде қазақ, халық ретінде тарих сахнасына әлі шықпаған кез еді. Сондықтан оны шын тарихи оқиға деп қарастырмаймыз. Алайда Шыңғыс қағанның заманында қазақты құраған ру-тайпалардың оның төңірегінде, жасағанында болғанын еш ұмытпауымыз керек.
-Сонымен Шыңғыс қағанның шыққан тегі қият тайпасы екендігі анық дерек қой?
-Бұл еш талассыз ақиқат дерек. Шыңғыс қаған қият руынан. Қият тайпасы туралы дерек заманымыздың IV ғасырында Солтүстік қытайда белгілі болды. Қият көсемі Шатлұн қияттарды және ғұнның өзге руларын бастап
312 жылы қытай астанасы Чаң-Әнді басып алады. Сөйтіп Чжау мемлекетін құрады. Бірақ қияттар 353 жылы қытайлар жағынан жеңіліске ұшырап солтүстікке қарай ауады. Қият тілі туралы бірнеше ауыз сөз қалған. Сұш талбиен, Пугүг тұтан». Бұл жердегі « сұш» түрікше әскер, «талбиен» талпыну, жіберілу деген сөз. Ал Пугүг жер аты, тұтан, тұту, ұстау деген сөз. Осыған қарағанда ежелгі қияттар түркі тілдес болған. Ергене қоң аңызы бойынша қияттар мен нүкүздер татардан жеңіліп Ергене қоңға 450 жыл бойы тығылып, Шыңғыс қағанның жиырмасыншы атасы Борте шене бастап таудан шығады. Бұл шамасы IX ғасырдың басына тура келеді. 350 жылға 450 жылды қоссақ расында 800 жылдарға дәл келеді. Одан 19 ұрпақ ауысқанда Шыңғыс қаған өмірге келеді.
Десе де қият тайпасы өсе келе көптеген тармақтарға бөлінді. Қатаған, салжуыт, дүрмен, барлас, дулат, суан, кенегес, маңғыт, ұрғұт деп отыздай тармаққа бөлінеді. Десе де Шыңғыс қағанның үшінші атасы Бартан әулеті қайтадан қияттар атанады. Қият руы көбі Жошымен бірге дешті қыпшаққа келіп бір түмен әскер болды. Әйгілі Алтынорданың жарым әскерін қияттар басқарды.
-Шыңғыс қағанға қатысты қазақ арасында сақталған аңыздар не дейді?
-Ең ғажабы «Сәлиха- Сәмен» дастаны. Бұл дастанда жыр басы былайша басталады.
«Маңғолдың ескілікті тұрмысында,
Есукей батыр ханның тұрғысында...» деп жалғасып кете береді.
Дастандағы оқиғалар Шыңғыс қаған өмірге келудің алдында болған оқиғалар. Сәменнің Көкше әулиеге баруы, мұндағы Көкше әулие Темужінге «Шыңғыс қаған» деген лауазымды берген шаман бақсысы. Көкше әулие Сәменге тәңірдің қалауымен таяуда Шыңғыс қаған өмірге келеді. Сенің атың Сайынбурыл (Жақсы бурыл) сол қағанға ғана арналған ат. Астыңдағы тұлпарды осында қалдырасың деп атын алып, өзін ерін арқалатып жаяу қайтарады... Ал енді «Ақсақ құлан –Жошы хан». Бұл күй аңызы. Жошы ханның өліміне байланысты, оның өлімін Шыңғыс қағанға найман Кетбұға осы күймен жеткізген дейді.
«Садағын сағымға ілдірген Шыңғысхан». Бұл жырда Шыңғыс қағанның тәңірдің қалауымен қаған сайлануға үміткерлер арасында жалғыз өзі садағын сағымға,нұрға ілдіріп қаған болғандығы хақында айтылады.
-Енді мына тақырыптар төңірегіне ауысайық. Шыңғыс қаған өмірге келген кездегі Еурзия даласындағы геосаяси жағдайлар қандай еді?
-Шыңғыс қаған өмірге келген кезде Һинган мен Алтай арасы, Қытай қорғаны мен Сібір тайгасына дейінгі көшпенділер әлемі аласапыран күйде еді. Далада бес ірі тайпалық хандық болды. Біріншісі, татар хандығы ол шығыс маңғолияда сондай-ақ қытайдағы маңғол провициясының шығыс солтүстік аумағын алды. Жиыны 70 мың үйді қамтыды. Екіншісі, Керей хандығы- Орталық маңғолия, Хангай таулары, Орхон, Тула, Керуленге дейінгі оңтүстікте таңғыт патшалығымен шектесті. Үшіншісі, Найман хандығы – Орхоннан батысқа қарай Алтай тауларынан қара Ертіске дейін мекендеді. Төртіншісі, Қамұқ маңғол бірлестігі, Ононнан шығысқа қарай созылып жатты. Бесіншісі, Меркіт бектігі- Байқал көлінің оңтүстігі, Селенгі алқабында болды. Әлемдік тарихшылар осы бес ірі тайпалық бірлестікті маңғол империясының бес тіректі күші деп қарастырады.
Сахарада бір тұтас биліктің кетуі X ғасырдың басында басталған еді. Шыңғыс қаған өмірге келгенге дейін, шамамамен 1206- жылы сахараны біріктіргенге дейін көршілес ірі мемлекеттер осы бес тайпалық бірлестікке ықпалын жүргізіп, оларды бір-біріне айдап салып қырқыстырып отырды. Мысалы татарды шүршіт Жинь империясы қанат астына алып олар арқылы өзге тайпаларды жаншып сахараның бірігуіне кедергі болса, таңғыт патшалығы керейлерді қолдап олардың хандарымен құдаласып, шекарасына сауда қалашығын ( қара хото қалашығы) салып өзара жақсы қатынаста болды. Ал батыстағы наймандарды қарақытай патшалығы қолдап әрі сүйеп керейлермен қырқыстырып отырды. Меркіттер бірде керейлермен жарасса, бірде олармен жауласып жатты. Ал қамұғ маңғолдары бір тобы яғни Иесукей батырға ерген тобы керейлермен жақтас болса, қатаған- салжғұт, кейде қоңыраттар татарлар жақта болды. Шыңғыс қағанның жас кезінде қамұғ маңғолдар Темужін бастаған бір тобы керей Тұғырыл жағында, ал Жамұқа шешенмен Темужіннің туыстары бірде татарлармен, бірде наймандармен одақтасты. Жүргін, тайшығұт тобы да алғашында Темужінге қарсы болған еді.
-Сахарадағы осы тайпалардың құрамы, олардың бүгінгі қазақпен қатысы жайында айтып берсең?
-Сахарадағы бес бірлестік тайпаның ішінде қамұғ маңғолдар өз ішінен қырықтай ұсақ рулардан құралған еді. Олардың саны шамамен 150-200 мың болған көрінеді. Олар нирун аталатын тобы: қатаған, салжуыт, тайшығұт, жүргін, шаншғұт (шанышқылы), тарағұт (тарақты), қият, бөржіген, жажырат, нояғын, ұрғұт, маңғыт, орнар, қоңғотан, кенегес, дүрбен, барлас, қаптұрқас, дулат, суан, ысыт (ысты), оймауыт, күрлеуіт, сұлдұс, будат, бесут, барын, шынас, сежуейт, қартаған, адаргін, кеңқият руларынан тұрды. Дәрлекин аталатын тобы: ұраңқай, қоңырат, қоралас, елжігін, икірес, баяут, үйсін, сүнит, кеңгіт. Кейде дарлекин тобына жалайырларды да қосады. Бір қызығы тарихшылар осы қамұғ маңғолдардың керей, найман, меркіт сияқты қазақ этносын құрап отырған ірі тайпалар екендігін, оны еш мойындамайтындығы әрі одан намыстанатыны я бүкілдей жоққа шығаруға тырысатыны.
Қатаған түсінікті, Есім ханның кезіндегі қазақтың ең ірі руы, салжуыт башқұрттың бір тайпасы жүргін қазір найманның бір атасы. Шәйбан Әбілқайырдың кезінде белгілі ру. Шанышқылы мен тарақты ол да енді белгілі. Қият шанышқылының бір атасы, өзбек пен қарақалпақта үлкен тайпа болды. XIV ғасырдың басында дешті қыпшақта бір түмен қият әскері болды. Исатай бек болып Алтынорданың оң қанат әскерін басқарса, маңғыт Едіге, Мамайлар сол қанат әскерді басқарып ноғай ордасының негізін қалады. Асанқайғы, Қазтуған, Доспанбеттер осы маңғыттар еді. Бізді шанышқылының бір атасы, өзбек , қарақалпақта үлкен ел, бұхар хандығын да маңғыттар басқарды. Кенегестер болса Мәуреннахрда әскери қызмет атқарды. Шектінің бір атасы кенегес аталады. Дүрмен- барластардан атақты Әмір-Темір шықты. Бізде найманда дүрмен-барлас атанады. Дулат қазақтағы ең ірі ру десек те артық емес. Шағатай хандығының негізгі шығысын басқарған ысты, суан, оймауыт, қораластар да ұлы жүзде отыр. Сұлтұстар өзбек ішінде мықты ру болса, күрлеуіттер қазақтың қыпшақ арасына кірген, әйгілі Қажымұқан палуан осы күрлеуіт еді. Барындар байбақты арасында бір ата, бірақ Тоқтамыс ханның кезінде шырын, барын, арғын, қыпшақ төрт ірі тайпа еді. Үйсіндерден Шыңғыс қағанның төрт сырттан қолбасшысының бірі Бороғұл шықса, оның орынын Майқу (Майқы би) ноян басып оны Шыңғыс қаған мыңдық бойынша Жошыға беріп дешті қыпшаққа жіберген еді.
- Сонымен 1206 жылы әлемді жаулаған маңғолдар кімдер еді?
Әлем тарихшылары маңғол деп танитындар бес тайпалық бірлестік татар, керей, найман, меркіт, қамағ маңғол. Осы бесеуі болған соң ғана Шыңғыс қаған 120-150 мың қосынға ие болды. Егер біреулер ойлағандай ол тек қамағ маңғолға сүйеніп өзгесін қырып жойып жіберген болса онда не болар еді? Онда небары 20-30 мың әскері ғана болар еді. Мұндай әскермен әлемдік империя құра алмас еді. Ал қамағ маңғол атанғандар: қият, қоңырат, жалайыр, дулат, суан, ысты, шанышқылы, үйсін, қатаған, салжуыт, ұрғұт, маңғыт, дүрмен, барлас, кенегес, барын, кеңгіт, баяут, тарақты, оймауыт, күрлеуіт, тайшығұт, жажырат, қоралас, икірес, бесут, будат, сұлтұз, қоңғотан, арулат, сүнит, қаптұрқас, адаргын, қартаған, сежуейт, ұраңқай, нүкүз, жұрық, елдүркін, кеңқият секілді рулары болды.
Кейін осы тайпаларға Сібірлік рулар таз, байжігіт, төлес, төлеңгіт, қырғыз, құрықан, тыба, қабқанас, қаңғас, уыс, телеу сияқты түркілермен ойрат, түмет, қори, бурият қатарлы моңғол тілдестер қосылды. Қаңлылар 1223 жылы, қыпшақтар 1236 жылы бағынды. Ал осылармен ұқсас маңғол тілдес қидан, шығай, ғыйлар1230 жылдары толық бағынды.
Негізінде маңғол деген атауға көбінде сол керейт, татар, найман, меркіт қоңырат, жалайырлар ие болды. Қидан, ғи, шығай маңғол тілдес болса да толық маңғол болуы біржарым ғасырдан соң барып ғана іске асты.
- Мінекей, бұл жердегі аты аталған рулардың батысқа көшу мәселесі қалай болды? Осы жайында сөз сабақтай кетсең?
- Осы тайпалардың Орта Азиямен Шығыс Еуропаға таралуы бірнеше себептерге байланысты. 1125 жылғы Иелүй Тайшының бастауымен келген қоңырат, меркіт, керей, найман рулары Шыңғыс қағанға бағынбай кеткен найман, меркіттердің бір тобы еді.
Жошы, Шағатай, Үгедейге еншіге берілген 22 мыңдық, олардың отбасылары, олар үйсін, салжуыт, қият, барлас, қоңырат, маңғыт , дулат руларынан болатын. Бұлар 1260-1301 арасындағы Маңғол империясының соғысы кезінде Хайду ханды жақтап батысқа беттеген рулар-тұғын . Жалпы қамұғ моңғолдың 40 руының 22 ден артығы Орта Азия мен Шығыс Еуропаға таралды. Тіпті орта шығыс жорығында Қулагу ханмен бірге Ауғанстан, Ираққа дейін таралды. Тіпті Корея жерінде де қоңырат, жалайыр рулары болды. Ал Шағатай, Өгедей ордасына ойысқан көште келген тайпалар Дулат, керейт, чорос, жалайыр, арқанут, күрлеуіт, барлас, барын, барқы, меркіт, нояғын, сұлтұз қатарлы тайпалар еді. Ал бұрын Жетісуда болған қарлықтардың көбі Қытайға кетсе аз тобы Мәуреннахрмен Ауғанстанға кетті. Қарақытайлар Алтынорда мен Мәуреннахрға ауысты.
Алтынордаға ауысқан маңғол-түрік тайпалары: керей, найман, қоңырат, жалайыр, меркіт, үйсін, қатаған, салжуыт, сежуейт, барын, кеңгіт, қият, маңғыт, кенегес, қоралас, күрлеуіт, тарақты, баяуыт, жұрық, нояғын, арлат, жұрият, оңғыт, таңғыт, ойрат, қырғыз, қытай, табын, тама, татар, қалмақ қатарлы 31 ру келген. Мұның ішінде 20 тайпа таза қияттан тараған Шыңғыс қағанның руластары. Бұлар қазақ, өзбек, ноғай, башқұрт, қырым тарарларының ішіне кірігіп кетті.
-Өзіңнен сұрайтын тағы бір сауал моғол мен маңғол атауының не айырмашылығы бар?
-Моғол бұл парысша дыбысталуы. Рашид-ад-дин болсын, Әбілғазы, Қадырғали, Мұхаммед Хайдар болсын бәрі бір ауыздан моғол дейді. Моғолдың ата қағаны Шыңғыс қаған дейді. Моғолстан-маңғол, мағол жері деген сөз. Рашид-ад-дин маңғол даласын моғолстан дейді. Тіпті қазгі Иран, мен Түркияда моғолстан дейді. 1260-жылы Құбылай мен Хайдудың соғысынан соң маңғолдар екіге бөлінді, Хайдуды жақтағандар Орхоннан батысқа қарай шеп құрса, Құбылайды жақтаушылар шығыста шеп құрды. 1308-жылы Хайдудың ұлы Жапар жеңіліп Үгедей әулетінің билігі мен жері бөліске түсті. Шағатайлар мен Юань империясы Алтай тауын шекара етті. Осы кезде Хайдуды елінің дені Юанға қарамай Алтайдан батысқа қарай қоныстанды. Осыдан кейін Шағатай әулетінде Дууахан көшпенділікті жақтап, шығыста Шууа отырықшылыққа құмартып Мауераннахрда тұрақтады. Дууаның қол астында дені маңғолдар болып ол жер «мағолстан» атана бастады. Рулары: дулат, керейт, жалайыр, арғанут, меркіт, барқы, күрлеуіт, барлас, барын, сұлтұз, қаңлы, чорос, арлат тағы басқалары болды. Бұлардың таза түрікше сөйлеуі де кейінірек болған.
-Сонымен Шыңғыс қаған қай ұлтқа тиеселі?
Мөде, Бумын қағандарды еш ұлтқа тәуелді етуге болмайтыны секілді Шыңғыс қағанды да ешқандай ұлтқа тиесел етіп меншіктеуге келмейтін тұлға. Өйткені ол замандағы маңғол атауы саяси атау еді. Мысалы кешегі Түркі немесе Кеңестер одағы деген сияқты өте кең мағынадаға атау болатын. Одан бұл атау бір жағы Шыңғыс қағанның 51 жасында құрған империясының атауы-тұғын. Ұрпақтары мен оның қоластындағы елі Еуразияға жайылып, әсіресе қазақ, маңғол, өзбек, қарақалпақ, ноғай, қырғыздарды құрады. Қазақ халқы мекендеген жерде үш бірдей ұлының территориясының аумағы жатыр. Сондықтан Шыңғыс қағанды бір ұлтқа телу әділетсіздік деп санаймын. Мұндай әлемдік тұлғаны бір ұлтқа телу кезінде Кеңестер Одағының 1945 жылы Маңғолияны дербес мемлекет ету саясатының тікелей ықпалы деуге болады. Керісінше олар қазақтарға Шыңғыс қағанды жағымсыз жақтан суреттеу, жау етіп көрсету, қаралау, Отырарды қиратты, найманарды қырды деген сияқты кері саясат жүргізді. Мысалы 1920 жылдарға дейінгі Абай, Шоқан, Әлихан, Мағжан, Сәкен, Мұхаметжан Тынышбаев ешқайсысы да Шыңғыс қағанға қатысты жаман сөз айтқан емес.
-Ендеше маңғол ұлтын маңғол империясының емес, Юань патшалығының мұрагері десек қалай болады?
-Мұныңыз рас. 1260 жылы Маңғол империясы бөлшектене бастады, Құбылайдың Конфуцилік ел басқару жолын қабылдап Кайфын қаласында патша атанғаннан кейін өзге Шыңғыс ұрпақтары оны мойындаудан бас тартты. Сонымен 1260-1301 жылдры Құбылаймен Арықбөке, Хайду арасында соғыс оты тұтанды. Хайду маңғолдың көшпелі дәстүрін сақтауды ұран етіп көтергендіктен маңғол дәстүріне адал топтар соны жақтап оның маңына топтасты. Осылайша Жоңғария мен Жетісуда маңғол рулары топтасқандықтан бұл жерлер маңғолстан, моғолстан атанды.
Қазіргі маңғолдардың тегін мынадай топтарға бөліп қарастыруға болады.
Ең үлкен тобы қидандар. Олар 1211жылы шүршіт алтын патшалығында 750 мың халық болып жасады, кейін Құбылайға қарады.
Татарлар. 1196-1202 жылдары Шыңғысханнан жеңілді, бір тобы Қытай қорғаны ішінде қалып кейін қидандарға қосылды
Қамұғ маңғолдар. Құбылайды жақтаған маңғолдар. Осының ішінде Шыңғыс қағанның туыстары да бар. Құбылайға бағынған керей,найман, меркітер тобы. Орманда қоныстанған ойрат, бурият бастаған тайпалар. Манчжуриялық маңғол тілдес шығайлар тобы.
Сондай-ақ таңғыттар мен, шүршіттер және тағы басқа халықтар болды.
Демек бұл тізімге қарап отырсақ 1206 жылы Шыңғыс қағанды ақ киізге көтергендер арасында қидандар, шығайлар, орман тайпалары, манжүр, таңғыттар жоқ. Демек қазіргі маңғол тілдестер деп аталатын елдің 70-80 пайызы Шыңғас қағанға 1210-1230 жылдары қосылған елдер. Мұны өзге тарихшылар неге ескермейтіні әлі күнге түсініксіз. Ал Шыңғысханның 150 мың тайпаластары қазіргі маңғолдардың тек бір бөлімі ғана. Нағыз маңғол деген атты да солар қолданған. 1368 жылы Юань империясы Қытайдан айырылғаннан кейін осы моңғол тілдестермен маңғолдар, түркілер және өзгелері қайтадан бір халық болып қалыптаса бастады. Қидан, шығай деген атаулар қолданыстан қалды. Құбылай рулық жүйенің тамырына балта шауып әр руларды мидай араластырып жіберген еді. Қазір ішкі маңғолияда бұл анық көзге шалынады. Найман деген ру аты емес аймақ атауы, онда жүздеген ру өкілдері тұрды. Шежіре дәстүрі атымен жоғалды. Құбылай қидан, шығайлармен маңғолдарды, шүршіттерді өзара біріктіруі оларды отырықшы халықтың дағдысы бойынша басқаруға көшкен тәрізді. Бұл өз кезегінде руымен жүрсе бүлік шығарады деп қауіптенсе керек. Сондай-ақ олардың киім киісі де тұңғыс-манчұрлік сипатқа көшкен еді.
Атап айтқанда 916 жылы құрылған Лияо мемлекеті маңғол тілдестер құрған мемлекет. Оларда отырықшылыққа, көшу, қала салу, қытай және бохай өркениетін қабылдап, өз алдына дербес мәдениет қалыптастыра бастаған еді. Құбылай дәл осы қидан, шығай, ғый тайпаларымен араласып өркениеті мен тілі осы маңғол тілдестерге ауысудан, кейін буддизм әсері, манжу әсерінен батыстағы моғолстан, ойраттармен айырмашылығы ұлғайып екі басқа халыққа айнала бастаған еді.
1500 жылдары Даян хан маңғолдан алты түмен ұйыстырады, ол түмендер: харчин, чахар, ордос, ұраңқай, халқа, түмет.
Ал халқаға келсек XVI ғасырда халқаларда мына тайпалар болады.
1. Баарин 2. Қоңырат, 3. Бесут 4. Елжігін 5. Қоралас 6. Жалайыр 7. Олхонот 8. Ұраңқай 9. Қатаған 10. Херехут 11. Хуре 12. Қоро 13. Хонкойт 14. Цохор 15. Таңғыт 16. Сартуул 17. Баят 18. Үзээд. Демек қалқаның да жарымы өзге халықтан қосылғандар екені анық көрініп тұр. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында сібірдегі климаттың суығандығана байланысты тұңғыстық тайпалар жаппай оңтүстікке қарай көше бастады. Олар шүршіттердің санын көбейтіп қана қойған жоқ, маңғол тілдестердің арасына келіп сіңіп кетті. Осы тұңғыстар кейін Цинь империясын құрды. Демек қазіргі маңғолдарды тұтас ежелгі маңғол империясы деп аталатын империяның емес, қайта соның шығыс бөлігі болған қытай, қидан, шүршіт өркениетін ұйыстырған Юань патшалығының мұрагері деген дұрыс. Қазақ бертін қалыптасқаны сияқты, халқаның , ойраттың да ұлт болып ұйысуы беріде болғанын ашып айту керек деп есептеймін.
- Сонымен керей мен найман, меркіттер қай тілді сөйлеген болды?
- Бұл тайпалар туралы тілдік құжатар қолға түспеген соң бірдеңе деп айту өте қиын. Тек адам есімдері мен жер аттары арқылы айтуға, болжам жасауға болады. Керейттердің хан аты Құрчақұз Бұйрық хан, бұйрық түрікше сөз, Тұғырыл хан, Тұғырылда түрік сөзі, әмір аты Алтұн ашұқ яғни Алтын асық бұлда түрікше атау, Доғұз қатұн- Тоғыз қатын, Төре қаймыш бұларда түрікше аттар, Құтылық бұқа, Сәуір бике, Білге бек, Алабұқа мұның бәрі түрікше есімдер. Десе де моңғолша есімдер Қақша тағай (Жалғыз тағай), Сайқан көгші (әдемі қария, немесе шал, маңғолдың көкші сөзі ақсақал мағынасын берсе біздегі үлкен әкені көке деу осымен мағыналас сияқты), Нәрин тұғырыл- Жіңішке тұғырыл. Ал енді түрікше жер аттарына келейік.
Жұрқу тағ-Жұрқу тауы. Өтукен- Өтікен. Қадықлығ тағ- Қадықлық тауы, немес Қатты тау.
Маңғолша жер аттары да жетерлік. Айталық, Күсауыр науыр(Күсауыр көлі), Құлусұн (Құла су), Өтке улан-Өтке қызыл, Жалауыр улан- Жалауыр қызыл, Сира құлусұн- Сары құла су. Ғұрбан таласут- Үш дала сулары. Нәрин қақан- Жіңішке қақан. Жижүр өндір- Жижүр биігі. Зат атауларына келсек. Үндір- теріден тігілген мескей. Убшыртай горин- Керейт жерінде өсетін қызыл жеміс.Монхур- алтынның бірлігі.Қичат- хабаршы.Таладүйн амасри-Таладүйін қақпасы, Тоқты абуа- Тотқыған еруші, Кедеши ебуген-маңғолша Қарақшы шал. Бұлар керейт елінің жер аттарымен адам аттары, және кейбір заттық атаулар. Деседе бұларда осы іргелі тайпаның тілін нақты дәлелдеуге жеткіліксіз. Өйткені «Жамиғ-ат- тауарих» 1308 жылы жазылған. Оған дейін керейт хандығы жойылғанына 100 жылдан асып кеткен еді. Кей жерлердің аттарын маңғол тілдестер кейін қойған болуы да мүмкін. Десе де керейт хандығында бір тілді халық болмаған сияқты. Ең кемі 6-7 ірі тайпалық бірлестікте екі тілді тайпалар өмір сүруі де әбден мүмкін.
923 жылдан бастап маңғол тілдес қидандардың және маңғол тілдес татарлар үстемдігінің әсерінен осы тайпада түрік- маңғол тілі мейлінше араласқан болуы да мүмкін деп айтауға болатын сияқты. Юань империясы керейлерді, меркіттерді, жалайыр, үйсін, қоңыраттарды, жалпы жиыны 72 ата маңғол тобына жатады.
Осы жерде азғана кісі аттарырына да тоқтала кетейін. Кісі аттары. Инаныш Білге хан- сенімді , Білімді хан, Күшілік- Күшті, Қори су башы- Қорушы әскер басы, Құба тегін, Иеті тұплік- Жеті түпті, жеті нышанды. Олжай ебуген- Олжай ақсақал, Баян шал- бай шал. Жер мен лауазым аттарына келсек. Қызылбас- Қызылбас көлі, Ұлұх тағ- Ұлы тау, Еке тағ алтай- Үлкен алтай тауы. Бұлар түрікше атаулар, ал маңғолша атаулары: Байдарак белжір- Бәйтерек нулы жайлауы, Некен усу- Жалғыз су.
Байқасақ найман жер су атауларында түркілік басым. Бәлкім кей жер аттарын кейін маңғол тілділер де қоюы мүмкін. Наймандарды Юань патшалығының халықтарын бөлген кезде 72 ата маңғол руларына емес, 31 ата түсті елдерге қосады. Ол елдерге ұйғұр, қарлық, арғын, найман, қырғыз, тыба, қаңлы сияқты елдер жатады. Демек наймандармен оңғыттар түрік тайпалары деген сенімдірек секілді.
Меркіттердің Тоқтабек, Тоғысбек-Тоғызбек, Қолтуған, Құлан адам аттары түрікше болса, Дайыр усұн- Дайыр суы, Абижақұтқар секілді адам аттары маңғолша қойылған.
-Енді Шыңғысханның ұрпақтарына келейік?
-Жошы әулеті қазақ даласының көп жерін биледі. Сондай-ақ олар Шығыс Еуропада, кейін Мауераннахрды да биледі. Қазақ, ноғай, өзбек сияқты ұлттар арасында төре аталады. Саны да өсіп неше жүз мыңға жетті. Шағатайлар соңында Қашқарияны биледі. 1930 жылдарға дейін Құмыл, Тұрпанды басқарған уаңдар Шағатай ұрпақтары еді. Үгедей ұрпақтарының 1308 жылы хандығы жойылған кезде көбін Юань ордасы алып кетті. Төле әулеті қазіргі маңғолдар арасында мидай араласып кетті.
- Орта Азияда көне маңғол тілі қалай өмір сүрді?
- Алтын Орданың 1370 жылдарға дейінгі хандарының мөрлері, жарлықтары осы көне маңғол тілімен, жазуымен жазылды. Алайда, Алтынордадағы 92 баулы рудың 22-27 аралығындағылары шығыстан келген маңғолдар немесе түркі тілдестер болды. Олар біртіндеп тілдерінен айырыла бастады. Оған 1312 жылы Өзбек ханның ислам дінін мемлекеттік дінге айналдыруы да көп себеп болды. Хиуа жерінде Әбілғазының айтуынша 1480 жылдарға дейін моғол тілі ( көне маңғол тілі) сақталған. Шағатай хандығында маңғолдар көп болғанын айттық. Тұғлық Темір ханның жарлығы да маңғол тілінде еді. Құдайдаттың қолында маңғолша жазылған «Шыңғыс қағанның яса заңы» болған, әрі Құдайдат оны жатқа білген. 1507 жылы Моғолстан ханы сұлтан Махмұт 60 мың әскермен жорыққа аттанар алдында Бабырдың айтуынша: «Моғолдың көне салтымен Шыңғыс қағанның тоғыз шашақты туы тігіліп, бір сиырды аяғынан жіппен байлап бір адам ұстап тұрды. Хан және бір моғол моғолша бірдеңелерді айтты» -делінеді. 1544 жылы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи рашиди» кітабында өзінің ата- бабаларынан қалған Тұғылық Темір хан берген артықшылық жарлығын көргенін, оның моғол жазуымен, мағолша жазылғанын, оны өзі де оқып түсінгенін айтады. 1510 жылы Моғолстан Іле, Жетісу, Қырғызстаннан айырылып тек Қашқарияны ғана Шағатай әулеті иелеп қалды. Осы кезде моғолдар қазақтарға қосылып тілдік жақтан бір тұтастыққа жеткен болуыда бек мүмкін.
- Өзің білесің, Шыңғысханды қазаққа қарай теліген, керек десеңіз бар ғұмырын сарп еткен жанның бірі марқұм, Тілеуберді Әбенай ағамыз еді. Осы кісінің еңбегі жайлы жекелей көзқарасың қандай?
- Әбенай ұлының еңбектерінің біразымен танысып шықтым. Әсіресе «Құпия шежіренің құпиясы» атты кітабымен. Бұл анық тапсырыспен істелген кітап деп ойлаймын. Мақсат Шыңғыс қағанның империя құрған жерін Қазақстанға телу, бұл өгіздің мұрынын жұдырықпен тескен сияқты болар еді. Осы еңбегіне зер саламын деп жүріп, өз басымда сол қытай иероглифмен жазылған «Маңғолдың құпия шежіресі» атты кітапты оқып, әр сөздерін саралап шықтым. Онда 4400 дей сөз бар. Оның 500 ден артығы жер-су аттары, адам есімдері, ру-тайпа аттары, мемлекет аттары болып келеді. Қалғаны көне маңғол тілінің сөздері. Ең ғажап жері 55 пайыз сөз қазақ тілі және көне түрік тілінің сөздерімен бірдей. Грамматикасының да 40-30 пайыз ұқсастығы бар. Мұны толық тәпсірлеу керек. Демек ол замандағы маңғол тілі қазіргі маңғол тіліне қарағанда түркі тіліне әлдеқайда жақын болғаны анық көрініп тұр. Тілеуберді мырза мұның барлығын толық тәпсірлемеген, онан өзге мағынасын бұрмалаған жерлері де өте көп. Ұқсас жер аттарын шатастыру, Онон өзенін Іле деп қарауы тарихи географияға өте қайшы. Ол бойынша Шыңғыс қаған Жетісуда өмір сүрсе Жетісудағы Қарақытай мемлекеті қайда кетеді? Онда керейлер Сырдың бойында, ал наймандар батыс Қазақстаннан бірақ шығуы керек еді. Барлық деректер де Маңғол ұлысы шығыста қытай қорғаны, батыста ұйғұр, оңтүстікте таңғытпен шекараласады делінген. Ол жерде батысы Алтай таулары, Хангай, тауы, Орхон, Селенга, Керулен, Туғла, Онон бәрі анық жазылып тұр. Ол жер атаулары қазір Маңғолияда тұр ғой. Сондықтан бұл негізсіз әңгіме болды.
Тағы бір қателігі сол замандағы көне маңғол тілін қазақ тілі немесе түрік тілі деп бұрмалау. «Құпия шежіре» ғана емес сол дәуірдің неше жүз хат құжаттары, ескерткіштері, мөрлері тұр ғой. Оны қалайша бұрмалауға болады енді.
- Біздің Шыңғысханға жаппай қызығушылық танытуымыздың себебі не?
- Бұған рулық жүйенің қазақта әлі сақталып келе жатқаны тікелей себепкер деуге келеді. Руын білетін әр қазақ Шыңғыс қағанның аты аталса соның тарихынан өз руын оңай табады. Мысалы, найман, керей, қоңырат, жалайыр, төре, меркіт, дулат, қатаған, үйсін.... Оларға түркі қағанаты туралы тақырып қызық емес, өйткені ол кезбен өз тегін тіке байланыстырып руын таба алмайды. Мұны бір жағынан жоққа да шығара алмайсың. Ілкі бабаларының Шыңғыс қағанмен бірге жүріп даңықты тарих жасағаны да еш өтірік емес қой.
- Шыңғысханың қазақ тарихындағы рөлі мен орыны қалай деп есептейсің?
- Шыңғыс қаған ең әуелі бас басына бытыраған ұлыстарды біріктіруші болды. Оның алдына 2000 жылдықта ешкім де түсе алмайды. Ол адамзат тарихында бұрын соңды болмаған империяны құрды. Өзгеше әрі жаңа соғыс тактикаларын ойлап тауып шүршіттің миллион армиясын жеңе алды. Айталық шүршіт сияқты 53 миллион, Хорезм сияқты 20 миллион халқы бар екі империяны жойып жіберді. Ол заман көшпенділердің ең бір салтанат құрған кезеңі деуге әбден болады. Қазақ жерінде оның үш ұлы билік құрды. Бірақ соңында барлық қазақ жерін Жошы әулеті, оның ішінде Тоқай Темір иеленді. Олардың билігі 1847 жылы Кенесары ханмен аяқталды . Демек, қазақ хандығы ол жаңадан пайда болып бір елден егемендік алған мемлекет емес. Қазақты құраған рулардыңда көбі 1206 жылы Шыңғысханды қаған сайлаған рулар екені белгілі. Орта жүздегі төрт ірі тайпамен ұлы жүздегі қаңлыдан өзге рударды, төрелерді қосып есептесеңіз қазақтың үштен екісі Шыңғыс қағанның елі болып есептеледі.
Маңғол дәуіріне қатысты тарихи дерек басқа дәуірлерге салыстырғанда аса мол болғандықтан, онда сол замандағы көшпенділердің этнографиясы туралы мәліметтер мол. Мысалы жеті ата ішінде қыз алыспау, 12-13 атаға дейін ата санайтын шежіре салты, қыз ұзатқанда әкесінің ермеуі, киіз үйдің алуан оюмен әшекейленуі, басқа ақ қалпақ пен сәукеле киюі, балалардың асық ойнауы, үлкендердің саятшылық істеуі, көбінде не нәрсені болсын жырмен жеткізуі, өлген адамға жоқтау айтуы, жерлеуі, құмалақ салу, жауырын қарауы, айға бата жасау, түс жору, босағаны баспауы, баланы бесікке салуы, ата-баба аруағына сиынуы, жағын таянбауы, қымыз ішуі, түрлі музыка аспаптарымен жыр айтуы, найзағайдан қорқуы секілді көне сал-жоралығылар мен ырымдар әлі күнге дейін қазақ ішінде сақталғаны адамды ерекше таң қалдырады.
- Ал Шыңғысханның Отырар қаласын күйреткені жайында не дер едің?
- Отырар ол заманда керемет үлкен қала емес еді. Тек шекарадағы қамал сауда қаласы-тұғын. Тұрғындарының көбі қандай халық болғаны да нақты мәлім емес. Ол кезде Жетісуда қарлықтармен қарақытайлар, Сыр бойында қаңлылар, Маңғыстауда, Таразда түркімендер, Еділ мен Жайықта қыпшақтар болғаны анық. 1897 жылы Түркістан қаласының өзіндегі 9-10 мың тұрғынның дені сарттар болғанын ескерсек, одан 700 жыл бұрын Отырарда да соғды- сарттар тұрмаған дей алмасымыз анық. Қорғаған әскер басы қаңлы Қайырхан болғанымен қалаға шабуылдаған неше түмен әскер де сол баяғы керей, найман, меркіт, қоңырат, жалайыр болды емес пе? Қазіргі күнде ол маңда қоңырат қоныстанып отыр. Олар Қайырханның емес Шыңғыс қағанның әскері, нағашы, қайын жұрты. Ал қаланы жоқ қылды деген де қып-қызыл өтірік. 1402 жылы Ақсақ Темір осы Отырарда өледі. 1460-1470 жылдары Шәйбани мен қазақтар осы Отырар үшін таласты. Ал кітапхана туралы айтуға нақты дерек керек.
- Бүгінгі ғылымның ең бір жетістігі генетика ғылымы ғой. Шыңғысханға байланысты генетикалық зерттеулер не дейді?
- 2006 жылдарда басталған генетикалық зерттеулер әсіресе Шыңғыс қаған әулетінің геніне байланысты зерттеулерді жиі жүргізді. Таңғаларлық іс қазақтардың аталық гаплогруппасының моңғол тілдес, тұңғыс тілдес халықтармен аса ұқсас шығуы. Керісінше түркі тілдес ұлттардан үлкен айырмашылықтың болуы болып отыр. Генетикада Шыңғыс қаған әулетінің гені делінетін С* сластрдың қазақтарда ең жоғары көрсеткішті көрсетуі көп ғалымдарды таңғалдырып отыр.
Жалпы С2 гаплогрупы қазақта 50-60 пайызды, халқа моңғолдада 50-55 пайызды, ал халқадан үш есе көп қытайдағы маңғолдарда керісінше О2 50 пайыз, С2 30 пайыз, оның ішінде Шыңғыс қаған әулетінің гені делінетін С2* қазақта 19-30 пайыз болып отыр. Халқа маңғолда да 16-30 пайызға дейін, ал ішкі маңғолда 5-10 пайыз. Қазақта маңғолдық топқа тән найман руы көбінде О2 гаплогрупқа тән. Ол ішкі маңғолдар да жоғары. Бұл ішкі маңғолдарға да наймандарға да қидандардың мол қосылуынан әсер еткен.
Демек осы екі гаплогрупп екі халықтың негізін құрайды. Қазақтардағы айырма R1a, R1b, J, (бұл гендер ари тайпаларымен ғұндардың араласуынан түркілерге молайғаны) сияқты еуопалық, орта шығыстық гендерде 30-35 пайыз болғандығында. Қазақтар XIII ғасырда маңғол аталған түрікше және көне маңғолша сөйлеген халықтың батысқа барып жерлік қаңлы, қыпшақ және сібірлік түркілермен қосылып қалыптасқан халық болса, қазіргі маңғолдар сол көне маңғолдардың өзге маңғол тілдес қидан, тұңғыс сияқты халықтарымен араласуынан қалыптасқан десе дұрыс секілді.