Алтайдан ауған ел
23.09.2022 3411

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Алтайдан ауған ел» спектаклін қойды. Бұл спектакльдің премьерасы өткен жылы Тәуелсіздік мерекесінде  болғаны көрерменнің есінде болар. «Алтайдан ауған ел» – басынан кешпеген нәубеті мен бейнеті аз қазақ деген халықтың тарихы мен трагедиясы. Спектакльде азап пен арпалысқа толы атмосфера бар, сына жаздап сынбаған рухты, ауыса жаздап орнында қалған ақыл мен естің күшін көресің. Қойылымнан кейін нешеме ауыр ой арқалап шығасың.


Бұл спектакль бүкіл ғұмырын ағартушылық пен діни білімге арнаған  қайраткер, үлкен ғалым Халифа Алтай мен қазақ қайраткері, тарихшы Хасен Оралтай жазған естеліктер негізінде қойылған. Спектакльді қойған режиссер, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали, ал сахналық нұсқасын жасаған Мирас Әбіл. 

 Осы қасіретті, азапқа толы ұлы көшке аттанғанда Халифа Алтайдың жігіт шағы екен. Кейін көзімен көргенін, бастан өткергенін шығармаға өзек қылып, «Атажұрттан Анадолыға дейін», «Естеліктерім», «Алтайдан ауған ел»  атты кітаптар жазған.  Хасен Оралтайдың да «Елім-айлап өткен өмір» деген еңбегі бар. Ол да 1947 жылдардан совет жақтан шабуылға сан рет ұшырап, қызыл Өзеннен шығысқа қашып, 1949 жылы Сталин мен Мао Зедұң қысып, Шығыс Түркістаннан шетелге босқан елдің ішінде болған. Ол өзінің естелігінде әкесі Қалибек Хәкімұлының Түркияға баратын қазақтарды бастап алып жүргені жайында айтады.  

Жалпы Алтай қазақтарының көші туралы деректер там-тұм. Олар өздеріне құт-мекен болған Алтайдан неге көшті дегенді жаңа ұрпақ біле бермейді. Шынына келгенде Алтай баяғыдан қазақтың жері болған, кейін  совет жағы мен қытай жағы ойына келгенін қылып, қысымшылыққа душар болады, дерекке қарағанда, 1940 жылдары Қытайда қуғын-сүргін басталып, дүрбелең болғанда көш үшке бөлініп ауады. Осыгүні есімдері тарихта айтыла бастаған Елісхан батыр мен Зуха батырдың ұлы Солтаншәріп, үшінші бөлігін Құсайын тайжы көшті бастап әкетеді. 1950 жылдың соңына қарай көш Гималайдың солтүстігінен Тибет асуынан асады да, бір жылдан соң Кашмирге тоқтайды. 

Спектакль қытайлардың екіқабат әйелдің қарнын жарып, бес жасар баланы ат құйрығына байлап өлтірген сұмдықтарын баяндаудан басталады. Алғашқы сахнада шұбап көшіп бара жатқан жұпыны да жүдеу адамдарды көрдік, көш созыла түседі, іркес-тіркес жалғаса береді, жолда соғыс болады,  қашады, соғысады, көш тоқтамайды, жалғасқан сайын халық шаршап, қажи түседі, жүрген сайын қиындықтарға кезігіп, аштық пен суықтан, сүзектен  қырыла береді. 

Басында өлген адамдарды жерлеген болса, ақырында оларды лай мен балшықтың үстіне жүзін жасырып қана қалдыра береді. Одан басқаға шама жоқ. «Үстінен жаңбыр суы төгіледі, сол суды шұңқырға құямыз да, иленген балшықпен жабамыз, одан басқа ешқандай амал жоқ». Аналары сәбилерін көтеріп жүруге шамалары келмей, тірілей жолда қалдырып кетеді.

«Көштің тең жартысы ауру-сырқау, емдейік десек ортамызда дәрігер де, дәрі де жоқ, адамдар шейіт болып өліп жатыр... көмейік десек жер қатты, күн суық, қатты қажыдық, тибеттіктер болса көштің біресе алдын шабады, біресе артын шабады, әбден мазамызды алды. Ал біз болсақ аман қалғанымызға аллаға шүкір деп... бағытымыз Үндістан...» Бірақ онда да жағдай оңалмайды. «Алғашқы алты жылға дейін бірде-бір нәресте дүниеге келмеді. Тұқымымызбен құрып кетер ме едік, егер тағы бір жаққа көшпегенде...»

 Гималай тауынан асу да, Такламакан шөлі де, ұзақ сапарда сапар шегу де азап болып, адамдар алдынан кездескен аңдардан емес, екі аяқта адамдардан қорқатын жағдайға жетеді. Жолда тонауға ұшырап, жер жастанған адамдарды құмға көмілген етіктер арқылы түсінеміз. «Туған жердің бір уыс топырағына табанымыз тиіп, бір жұтым суын ішсек, бәлкім жазылып кетер ме едік» деп үміт еткендер мен «Өз көңілімізді өзіміз көтермесек, жете алмаймыз. Өте алмаймыз асудан. Осы күні айтпаған ән іштеріңде кетпей ме, ән бастайық» деп іштегі шерді бәр сәтке тұншықтырып ән айтқан жұрт...  

«Ағажай-Алтай» –  қасіреттен туған ән. Елім-ай сияқты. Алтай қазақтарының әні. 

Ауылым көшіп қаңырап жерім қалды,

Асқар асу шұрайлы белім қалды.

Өр Алтайдан күркіреп ел көшті ғой, 

Ақ даланың тұсынан оқ есті ғой...

Қара арғымақ сүрінер қу томарға,

 қара нардың бұйдасы жол кесті ғой. 

Ағажай, Алтайдай жер қайда? – деп жан-жүйені қозғай сорғалайды. 

Құран оқылып жатқандағы көрініс те ауыр... Молда қайтыс болғандардың тізімін оқып отырып көзімен әлдекімдерді іздейді, өзі білетін қаншама адамның шейіт кеткенін білген сайын жүрегі ауырлап бара жатқанын сезесің. «Біреудің қалды әкесі, біреудің қалды тәтесі, біреудің қалды ағасы, жыртылғандай жағасы, біреудің қалды інісі, тарылды енді тынысы...» Жиырма мың адам көшке ілесіп сапарға аттанып, алты мың шақырымдық сапарда жиырма мың адамнан шүлдіреген екі мың адам қалады.

Спектакльде Халифа Алтайдың аузымен айтылатын «Біздерге сатқын, қашқын деп қарайтынын да жанымыз сезетін. Күндердің күнінде ақ-қарамыз ашылып, кінәсіздігімізге келер ұрпақтың көзі жетер. Ең болмаса бір уыс топырақ та қалтамызда жүрмеді, санамызды сағыныш қана биледі. Туған жерді бойтұмардай көңіліміздің түкпіріне ғана сақтадық» дейтін монологы бар. 1952 жылы Халифа Алтай Пакистанның Пешавар қаласында «Шығыс түркістандық қазақ көшіп келушілері қоғамының» жауапты хатшысы болып, Пакистандағы қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырады. Спектакль соңында оның қария болғанын, Қазақстан тәуелсіздігі туралы естігенде қалай толқып, тебіренгенін көреміз.

Суреттер: Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры