Талһирда талай тарих бар
19.09.2022 2435

Талһир. Бұл ескі қаланы ойлы оқырманның бұған дейін де естігені анық. Алайда ол нендей қала, біздің тарихымыздағы орны қандай деген сұрақтарға ішкерлей жауап іздемеген болуыңыз мүмкін. Ендеше, бүгін осы сауалдарға бірге жауап іздеп көрелік... 


Алматы қаласынан шығысқа қарай 25 шақырым жүргенде ескі Талһир қаласының жұртына жетесіз. Ол бүгінгі Талғар қаласының оңтүстік беткейінде, арыны қатты, ағыны жылдам Талғар өзенінің оң жағасында орналасқан. Археологтар аршып алған ескі жұртқа қарап, осыдан түмен жыл бұрын алыс-жақынға әйгілі, базары қыз-қыз қайнаған думанды қала болды дегенге сену қиын. Алайда  табылған артефактілер бізге соны меңзейді. 

Ескі өркениет жұрты 

Қазақстанның байтақ даласында ерте орта ғасырда-ақ даңқы шартарапқа жайылған айтулы қала-кенттер болды. Отырар, Яссы, Тараз, Қойлық  қатарлы өркениет ошақтары Ұлы жібек жолының бойында базары қайнаған ірі орталықтар еді. Солардың қатарында Талһир да батыс пен шығыс арасын жалғаған, керуендердің тоғанақ шешіп, тоқтап өтетін қалашықтың бірі болды.

Талһир – Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда ғана емес, мәдениеттердің де тоғысқан нүктесі. Мұнда археологиялық қазба кезінде піл сүйегінен жасалған шахмат мүсіндері табылып, музыка аспаптары және басқа да Қытай, Парсы, Үндістан, Жапониямен тығыз байланысын әйгілейтін жәдігерлер жарыққа шықты. Осының бәрі Талһирдың айтулы ортағасырлық қала болғанын дәлелдейді. 

Қала туралы ең ертедегі дерек Х ғасырда жазылған «Худу-әл Алам» еңбегінде аталады. Бұл туындыда Тонг және Талһир қалаларын түріктер мекендейтіні, Талһирдың тау ішінде жікілдер мен қарлұқ иеліктерінің ортасында орналасқандығы айтылған. 

 «Худуд әл-Алам» («Әлем шекарасы») туындысы 982-983 жылдар аралығында парсы тілінде жазылған авторы белгісіз шығарма. В.В. Бартольд бұл еңбекті:  «Қазақстан және Орта Азия аймағындағы түркілер қонысына жан-жақтылы және дәл тарихи-географиялық сипаттама беруімен құнды», – деп атап көрсеткен. 

Бірнеше буын ғалымдардың тоқтаусыз зерттеу жұмыстарын жүргізуі мен ескі жұртты қалпына келтіру нәтижесінде Талһир қаласында Х-ХІІ ғасыр шамасында төрт мыңға тарта адам тұрғаны айқындалып отыр. Сондай-ақ археологиялық қазба кезінде жеті жүзден асатын усадьба үйлердің орны анықталған. 

Сақ, үйсіннен қалған құт мекен 

Бұл аймақта б.з.д. VIII-III ғасырларда ежелгі Сақ тайпалары өмір сүрсе, кейінірек олардың орнын үйсін тайпасы ауыстырды. Үйсіндер б.з.д. ІІІ ғасыр мен  б.з. V ғасыр аралығында осы мекеннің иесі ретінде мемлекет құрып, билік жүргізді. Көшпелі мал шаруашылығымен бірге арпа, бидай, тары секілді дәнді дақылдар егіп, егіншілікті  де өрістетті. Кейбір дәлелдер олардың арық қазып, суармалы егіншілікпен айналысқанын да айғақтап отыр.   

Талһир қаласы осындай қолайлы қоныс үстінде қалыптасқанын бағамдауға болады. Үйсіндерден кейін бұл мекенді түріктің жікіл, яғма және қарлұқ тайпалары мекендеп, VIII ғасырда Талһир қаласының іргетасын бекітті. Қала Х ғасырда айтарлықтай гүлденіп-көркейді. ХІІ ғасырға жеткенде дамудың шарықтау шегіне көтерілді. Сауда, қолөнер, шаруашылық тұрғысынан алдыңғы санаттағы қала мәдениетін қалыптастыра алған Талһир XIII ғасырдың аяғына қарай біртіндеп құлдырап, тарихтан өшті. 

Уильям Рубрук көрген қала

Талһир туралы тағы бір дерек бізге Уильям Рубруктан жеткен. Рубрук – алғашқылардың бірі болып Шығысқа сапар шеккен саяхатшы. Шыққан тегі француз монахтың өз ныспы Виллем болатын. Рубрук лақап атын алған ол  оңтүстік орыс далаларын ендей өтіп, Сартақ ордасына жеткен, Еділ өзені бойында Бату ханмен жолыққан, одан әрі 1253 жылдың соңында Қарақорымдағы Ұлы Ордада Мөңке қағанмен де жүздеседі. Рубрук Қарақорымда екі айдай болып, 1254 жылы маусымда Еуропаға оралды. Отанына келгеннен бір жылдан соң, ол өз көргендерін хатқа түсірді. 

Осы сапарында Рубрук Талһир қаласын да көрді. Оның жазуына қарағанда қаланы сарациндер мекендеген. Еуропа әдебиеттерінде 7 ғасырдан кейін сарацин сөзі мұсылмандардың синонимі ретінде қолданылады. Бұған қарап, 13 ғасырдың ортасында Талһир қаласының тұрғындары мұсылман дінінде болғанын тұжырымдай аламыз. Рубруктың саяхаты қаланың құлдырауға бет алған кезеңімен тұспа-тұс келді. 

Қорғанды қала, қамалды бекініс

Саяси, сауда және әкімшілік орталық ретінде Талһирдың негізі VIII ғасырда қаланды. Ескі жұртты қалпына келтірген мамандардың есептеуінше қаланың орталық төртбұрышты алаңы 9 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Ал бұл астанамыздағы Астана-Арена стадионынан 12 есе үлкен аумақ. Осыдан-ақ Талһирдың өз заманында айтарлықтай зор қала болғанын пайымдауға болады.

Қала сырты айнала биіктігі 5-6 м., қалыңдығы 15-17 м. келетін қамалмен қоршалған. Қалаға екі қақпа арқылы кірген.  Қамал сыртынан қауіпсіздік үшін ор қазылған. 

Қала кварталдарға жіктеліп, олар көшелермен бөлінген. Әр кварталда 12-14 үйден бар. Кварталдың өз ішінде шағын көшелері болған.

Қалада үйлердің ауласы әртүрлі. Оның үлкен-кішілігі үй иесінің мүмкіндігі мен жағдайына байланысты болса керек. Үй-жайдың қабырғалары кірпіштен немесе үлкен жұмыр тастардан қаланған. Үйдің тағаны қабырғаның үштен біріндей. Ол жұмыр тастардан қаланып, топыраққа тереңдете ендірілген. Бұл үйдің беріктігі мен апатқа төзімділігі үшін істелсе керек. 

Жәдігерлер сыр шертсе...

Ортағасырлық Талһир қаласы Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы еді. Оны қазба кезінде сырттан әкелінген тауарлардың молынан табылуы растайды. Атап айтқанда, Иранның ыдыстары мен шамшырағы, алтын жазулы жапон кеселері, Қытайдың жібек бұйымдары, Кореяның фарфор ыдыстары, қола айналар мен тіс щеткалар, шашқа арналған сүйек қысқыштар және т.б.  

Талһир қаласын археологиялық анықтау кезінде белгілі болғандай тұрғын үйлердің ауласынан киіз үйдің орны табылған. Бұл тұрғындардың көпке дейін көшпелі өмір-салтынан ажырамай, өз салт-дәстүрлерін берік ұстанып келгенін аңғартады. Қалалық өмірге олар кейінірек ауысса керек.

Қалада сауда-саттық, қолөнерден бөлек, аңшылық пен ауыл шаруашылық кәсіптері кең қолданыс тапты. Мал қораларында жылқы, түйе, қой-ешкі ұстаған. Ал аңдардан киік, арқар, қасқыр, түлкі, борсық, қоян секілділерді ауласа керек. Археологтар бұны қазып алынған заттар арасында осы аңдардың сүйектері және олардың терілерінен жасалған бұйымдардың болуымен түсіндіреді. Талһирда арнайы шеберхананың, қолөнер орталықтары мен көзешілік, ұсташылық және қару-жарақ жасаған дархандардың болуы оның міндет бөлінісі анағұрлым айқындалған, дамыған қала болғанын білдіреді. Бұған қоса Талһир қаласының орталық көшелерінде жұмыр тастар төселіп, су құбыры арқылы су жүргізілген. 

Талһир қаласын кімдер мекендеді?

Талһир қаласы тіл жағынан да, ұлт тұрғысынан да әртекті болды. Мұнда басым тұрғындар түріктердің жікіл, шігіл, яғма және қарлұқ тайпалары еді.  Ал бұлардан басқа қаланы моңғол, соғды, қидандар да мекендеді. Егер қаланың қалыптасуынан құлдырауына дейінгі 5 ғасырлық тарихына көз жүгіртсек, тұрғындардың этникалық құрамының өзгеріп отырғанын білеміз. Дегенмен қай кезеңде болсын түріктердің басымдығы анық байқалған. 

Талһирда Х ғасырға дейін әртүрлі діни наным-сенімдер қатарласа өмір сүрді. Шаманизм мен буддизм, христиан мен манихейлік жоралғылар жасалды. Адамдар өз қалауына сай көңілі қош көрген дінінде құлшылық етті.  Археологиялық қазбада табылған піл сүйегінен жасалған будданың мүсіні, қол-аяғы керіліп, айқышқа шегелеген Иса пайғамбар мүсіні осыны дәлелдейді. Ал 960 жылы Қарахан мемлекетінде мұсылман дінінің ресми дін ретінде жариялануымен ілесе ислам сенімі бірте-бірте үстем орынға шықты. Қала маңынан анықталған мұсылмандар зираты мен қорымы кейінгі 3 ғасырда қала халқының негізгі бөлігінің Ислам дінінде болғандығын растайды. 

Қазба жұмыстары кезінде қаланың ішкі жағындағы қабірге жерленген мәйіттің сұқ саусағынан мөр-сақина табылған. Ғалымдар анықтауынша, сақина қоладан жасалған. Оның бетінде ХІ ғасырға жататын сына жазуымен «Тізеңді бүгіп, тағзым ет, қорқақ!» деген дуалы сөздер жазылыпты. 

Қала халқының саны қанша? Бұл сұрақ оқырмандар үшін қызықты екені сөзсіз. Оны анықтау үшін төмендегі есепке назар аударалық. 

Археолог ғалымдар қалашықтан 700 усадьба үйлердің орнын анықтаған. Сондай-ақ әр отбасында 5-6 адамнан бар екенін де тұрақтандырып отыр. Егер осы мөлшермен есептесек, қала халқының саны 3500-4200 айналасында болады.  28 гектарлық қала аумағы үшін бұл әжептәуір тығыздық. Талһирды біз осы қисынмен де өз дәуіріндегі айтулы қалалардың қатарына қоса аламыз.   

Донгар немесе жоғары мұзды тау

Талғар сөзінің төркінін әртүрлі түсіндірушілер бар. Соның бірі оны ежелгі үнді-еуропалық тілдермен байланыстырады. Екінші буындағы «ғар» сөзінің «тау» мағынасын білдіретін ескі үнді-еуропа тіліне тән екенін дәлел ретінде келтіреді. Ал қала атауының сырына үңілген тағы бір топ «Талхизды» «Жоғары мұзды тау» деген ұғымды білдіретін көне түркінің «донгар» сөзінен туындатады. Недегенмен де бұл турасында ғалымдар әзірге тұрақты тұжырымға келе қойған жоқ. 

Көмбемен ашылған құпия 

Бұл 1941 жылы болған оқиға еді...

Талғардың бірнеше тұрғындары арық тазалап жүріп, кенеттен біреуінің кетпені бір қатты затқа тигендей болады. Жерді аршып қарағандарында, топыраққа көмілген фарфор ыдыс шығады. Ыдыстың түр-нышаны әлдебір ескі заманның жәдігері екенін аңдатқандай еді. Олар жердің айналасын шола тексеріп, тағы да тереңдетіп қазып көреді. Нәтижесінде төрт фарфор кесе, ұзын киімді адамдар бейнелегенген фаянс тостаған, өрнекке бай саздан жасалған қазан сынығы, қола қашау, екі күміс табақша табылды. Күтпеген көмбеге тарихқа осылай белгілі болып еді.

Ғалымдар қорытындысы табақшаның ХІІ-ХIII ғғ. жататынын, ал аң қуу бейнелері салынған өрнектің сол тұста аса бағалы заттарға бедерленетінін анықтап отыр. Бұл ғылыми жаңалық ескі артефактілердің сырын ашып, оларды «сөйлете» білген ғалымдарымыздың үлкен еңбегі.  

Ғалымдарды қызықтырған ескі жұрт 

Көне Талғар қалашығына зерттеушілердің қызығушылығы ерте басталды.  Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ең алғашқы зерттеушілер А.Н. Бернштам мен Ә.Марғұлан еді. Қос ғалым көне Талһир, Талһир және Талғар атауларының бір тарихи мекенге қатысты екенін айқындады. 

Ескі қалашықтың жұмбағын шешкен келесі зерттеушілер Абай атындағы Қазақ педагогикалық институт ғалымы И.И. Копылов және Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының белгілі ғалымдары Карл Байпақов пен Т.В. Савельева еді. Бұл екі зерттеуші Талғар археологиялық экспедициясына жетекшілік етіп, соңғы 30 жылдан бері Талһир қалашығына қатысты үзбей еңбектеніп  келеді. 1994 жылдан бастап еліміздің ескі шаһары зерттеуге шетел ғалымдары да ықылас танытты. Америка, Германия, Жапония, Израилдан мамандар қатысып, қалашықтың құпиясын жан-жықтылы анықтап келеді. Талһирды зерделеу халықаралық сипат алғаннан бері оған тек археолог ғалымдар ғана емес, топырақтанушы, эколог, геоморфолог, палеоботаник және палеозоолог қатарлы сан салалы мамандар атсалысуда.    

Тоғыз тараудың түйісіндегі жұрт

Талһир Қарлұқ қағанатының кезінде маңызды саяси, сауда, экономикалық орталық ретінде ерекшелігін толық әйгіледі. Өйткені Жібек жолы дәл осы арадан тарамдалды. Талһир тоғыз тараудың түйіскен тұсында, қарым-қатынастың қызу нүктесінде орналасты. Себебі Жібек жолының бір саласы Талғар өзенін жағалай төмен бойлап, Іле өзенінің өткелімен Алакөлдің жағасына жететін де одан әрі Қытайға асатын. Ал екінші тармағы Талһирдан Шелекті басып шығысқа беттеп, Шарын шатқалымен Іленің оң қапталы арқылы Жаркентке-Қорғасқа жететін. Осылайша, қайсы тарау, қандай сораппен жүрсе де саудагерлердің Талһирды соқпай өтуі мүмкін емес еді. Сол себептен олар қалада арнайы керуен сарайларын салдырды. Мұнда ерулеп, аялдады. Қала тұрғындары шығыстың немесе батыстың ең жақсы бұйымдарын тұтынып, таңсық заттарымен таныса алды. Ал керуеншілер қала билеушілеріне тиісті тарту-таралғысы мен салығын төлегеннің үстіне мұнда сауда да жасады.  

Қалада тастан қаланған жолдар, кварталішілік көшелер және жол жиегінде тротуарлар болды. Қаланың үйлері тұрғын жай, аула және қоралардан құралған усадьбалы кешеннен тұрды. Қалада дамыған су жүргізу жүйесі, жекелеген санитарлық септиктер, бірнеше түрлі ошақтар мен түтін өткізгіш каналдар түріндегі жылу жүйесі болды. Ұсталар жоғарғы сутекті болат өндіруді меңгерді және оны күнделікті тұтынатын қолөнер жабдықтарын жасауда пайдаланды. Бұл әлемдік маңызға ие жаңалық еді. Жергілікті халық мал өсірумен бірге түсті және асыл металдарды өңдеуді де қолға алған. 

Доха қаулысы

2014 жылдың жаз айы. Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі комитет өкілдері Катар елінің астанасы Доха қаласында бас қосты. Қысқартылып Юнеско аталатын бұл топ Дохада маңызды шешім қабылдау үшін жиналған еді. 

Юнеско өз алдына әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғауды мақсат тұтқан халықаралық қауымдастықта ықпалы мен беделі зор ұйым. Еліміз оған 1992 жылдың 22 мамырынан бері мүше. 1975 жылы Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау конвенциясы мақұлданғаннан бері құжатқа 185 мемлекет қол қойды. Қазақстан да 1994 жылы ресми түрде конвенцияны қолдайтынын білдіріп, өзіне міндеттеме алды. 

Жарты ғасырға жуық уақыттан бері түрлі мәдени ошақтар қорғауға алынып, адамзат өркениетінің бүгінге жеткен ескі жұрнағы мен сарқыншағы сақталып келеді. Жоғалуға шақ қалған талай жәдігер Юнеско ықпалымен аман қалды. Өз елімізден Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Тамғалы археологиялық петроглифтері, Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Батыс Тянь-Шань қатарлы табиғат ғажайыптары осы ұйымның қорғауына енген. Бұл жолғы басқосу да сондай мақсаттан туған келелі отырыс еді. 

15 маусымда көптен күткен 38-сессия мәжілісі де ашылды. ЮНЕСКО-ның мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру бойынша Халықаралық комитет құрамына әр елден мамандар енген. Олар мінбеде кезек-кезек сөз алып, өз ойларын ортаға салып жатты. Пікірлерімен бір-бірін толықтырып, жұмыс қыза түсті. Осындай қызу тартыспен мәжіліс 10 күнге созылды. 

Соңғы шешім қабылданатын 25 маусым да келіп жетті. Сөз толастап, пікір саябырсыды. Ендігісі тек шешімнің қабылдануында еді. Осылайша көпшілік дауыспен жиынның 8B.24 қаулысына сай «Ұлы жібек жолы дәлізі» маңызды қорғалатын Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. 

Бұл тізімде қорғандар мен қамалдар, ескі бекеттер мен орталықтар, қала жұрттарын қамтыған 33 нысан бар болса, Қазақстан елінен Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан 8 ежелгі қалашық кіріп отыр. Олар: Талһир, Қойлық, Қарамерген, Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе жұрттары. Бұлардың арасында Жібек жолы бойында өз маңызын айқындаған Талһир қаласы ЮНЕСКО-ның басты назарында еді. 

Қазақстанды ендей өтетін ұлы соқпақ

Ұлы жібек жолы дәлізі. Қытайдың Чаң-Ань қаласынан бастау алып, Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы Тянь-Шаньға жететін жол Ұлы жібек жолы дәлізі деп аталды. Бұл – Жібек жолының ең ежелгі соқпағы. Ұзындығы 7500 км-ге жететін Чаң-Ань – Тянь-шань дәлізінде шамамен 35000 км-ден асатын сауда маршруттарының күрделі желісі болған екен. Дәліз арқасында қалалар мен кішігірім сауда мекендерінің барыс-келісі нығайып, діни орындар мен бекеттер пайда болды. Керуен сарайлары көбейіп, маяктар мен күзет мұнаралары бой көтерді. 

Тянь-Шань баурайына жеткен ұлы соқпақ одан әрі Таяу шығысқа тұтасатын ұсақ тораптар мен тарамдарға салаланады. Анықтап айтқанда, Ыстықкөлге жеткенде жол оңтүстік және солтүстік бағытқа бөлініп, екі айырылады. Түстікке бет алған бағытпен Ферғана, Самарқан, Ирак, Парсы, Шам елдері мен Жерорта теңізіне тіреледі. Сөйтіп Орта Азия мен Кіші Азия жалғанады. Тауарлар одан әрі Стамбул арқылы Венеция мен Римге жетіп, Еуропаның өзге де қалаларына таратылады. Ал солтүстік бағыт Қазақстанның Испиджаб (Сайрам) қаласына келген тұста тағы қос тармаққа бөлінеді. Біреуі Орта Азияға ішкерлей еніп, екіншісі Түркістан арқылы Сырдарияның төменгі ағысын бойлай батыс Қазақстаннан Еуропаға бет алады. Ал Доха сессиясының шешіміне сай Қытай, Қазақстан, Қырғызстан территориясына енетін Тянь-Шаньға дейінгі осы ұлы соқпақ тұтасымен Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне еніп, айрықша қорғауға алынып отыр. 

Солтүстік Тянь-Шаньның ең биік нүктесі 

Талғар атауы аталғанда ойыңызға не оралуы мүмкін? 

Бұл сұраққа көптеген оқырманның бірден қала мен аудан атауларын атайтыны анық. Оның себебі тұтынатын ақпаратымыздың басым көпшілігінің осы ұғымдармен тікелей байланысты болғандығынан. Көп көріп, жиі естігендіктен жад та бірден осы ақпаратты жаңғырта қояды. Алайда Талғар ұғымын аңдататын топоним бұлармен ғана шектелмейді. Егер сіз бұған дейін Талғар шыңы туралы естімеген болсаңыз, онда Талғарды айшықтайтын бірегей ұғыммен әлі таныспағаныңыз...  

Талғар шыңы – еліміздегі ең биік шыңдардың үштігіне енеді. Солтүстік Тянь-Шань көлемінен онымен теңдесер еш биіктік жоқ. Көз мұнартқан шыңның даралығы соншалық, тіпті, Алматыдан да көруге болады. Шынында да, Іле Алатауы жүлгесінің орта бөлігінде зәу көкке ұмсына созылған Талғар шыңы көрген көзге айрықша менмұндалайды. 

Територия тұрғысынан Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аумағына кіретін шыңның теңіз деңгейінен ең биік нүктесі – 5017 метр. Оны оңтүстік-батысында Ақтау, солтүстік-батысында Металлург шыңдары қоршап жатыр.

Талғар шыңы еліміздегі ең биік үш шыңның екіншілігін еншілейді. Отанымыздағы ең биік шың – Хантәңірі. Тянь-Шань тау сілемінің Қазақстан, Қытай және Қырғызстан түйіскен тұсында орналасқан оның теңіз деңгейінен биіктігі – 6995 м. Сүйір де үшкіл келген шыңның басы мәңгілік мұздықтармен құрсанып жатыр. Ал екіншілікке еге болған Талғар шыңы Іле Алатауының орта тұсында орналасқан. Оның теңіз деңгейінен биіктігі – 5017 м. Алтай тауларының Қатын жотасында орналасқан Мұзтау шыңы – Қазақстандағы үшінші биік шың. Оның биіктігі — 4506 м. Бұл шыңның етегінен Ақ Берел, Қатын, Меңсу өзендері бастау алады. Мұзтау, аты айтып тұрғандай, жыл бойына қар құрсанып, мұз бүркеніп жатады.

Хантәңірі шыңының зеңгір көкке шаншылған сүңгідей үшкіл ұшар басына қарағанда Талғар шыңы күмбез тәріздес болып келеді. Әрі Іле Алатауындағы 381 мұздықтың ішіндегі ең ірісі Корженевский мұздығының (4,7 км-ге созылады) сіре болып қатқан жотасынан өрлей биіктегендіктен оны да жыл бой мұз құрсап жатады. Таудың кейбір жарылған жарқышақтары да қар мен мұзға кептеле бітелген. Осы мұздықтан тау жотасынан төменге қарай Талғар өзені өз бастауын алады. 

  Шыңның өн бойы граниттен құралған. Батыс тұсынан жалама жартас болып келеді. Оның үстіне мәңгі мұз басып жататындықтан төменгі жоталарында болмаса, шыңға таяу аңдардың өзі сирек кездеседі. Дегенмен адамзат баласынан осы биіктікті бағындырмақ болған жаужүректер де шықпай қалған жоқ. Альпинистер ертеден-ақ қызығушылық танытыпты. Кейбір деректерге қарағанда Талғар шыңының ұшар басына кісі баласының табаны алғаш рет 1938 жылы тигенге ұқсайды. Олар Ресейдің Сталинск қаласынан шыққан альпинистер Г. Макартов, Л. Кутухтин, И. Кропотовтар. Бұл топ Г. Макартов жетекшілігімен шыңға көтерілген деседі. Алайда бұған ұқсамайтын да нұсқалар бар. Тағы бір ауызша дерекке сүйенсек, Талғар шыңына алғаш рет альпинистер В.М. Зиминнің жетекшілігімен 1935 жылы өрмелепті. Сондай-ақ олар шыңның солтүстік-батысынан көтерілген екен. Қалай дегенде де Талғар шыңын бағындыру тым оңайға соқпасы анық. Шатыр тігіп, қона жатқанда 3-4 күнсіз биігіне іліндірмейді. Осындай дара сипаты, сұсты да сұлу күмбезді шоқысы альпинистерді әлі де ынтықтырып тұратындай…

Жаңадан жаңғырған қала

ХІІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы Орта Азия қалаларына тегеурінді шабуыл жасады. Отырар сияқты атағы жер жарған қалалар өртке оранып, жермен жексен етілсе, көптеген қалалар қиратылып, талауға түсті. Аласапыран шайқас салдары Ұлы Жібек жолының құлдырауына әкелді. Тоқтаусыз ағылып жататын керуен көші де қалалардың құруымен бірге тыйылды. Талһир қаласы да осындай себептер әсерінен XIII ғасырдың аяғына қарай біртіндеп тарих сахнасынан ығысты. Оның әрмен қарай елсізденіп, жойылып кетуіне Іле аймағының көрші аудандармен сауда-экономикалық қарым-қатынасының үзілуі, Шағатай ұлысындағы ішкі талас-тартыс, Темір және оның ұрпақтарының жойдасыз жорықтары тікелей себеп болды. 

Талһирдың Талғар ретінде қайта түлеуі, қала ретінде жаңғыруы 19 ғасырдың орта тұсымен сәйкес келеді. Нулы табиғаты бар, өзен-көлге кенен құнарлы топырақ тұрғындарды өзінен мүлдем жырақтатып жіберген жоқ. Құлжаға сапар шегіп, Қашқарияны картаға түсірген Шоқан Уәлиханов 1854 жылғы бір сапарында осы Талһир қаласының үстімен өтеді. Сонда ол Талғар өзенінің алқабында егін егіп жүрген отырықшы қазақтарды кездестіреді. Қала орны ол кезде «Рүстем қорғаны» деп аталыпты. Мұнан кейін де бұл құтты мекен қоныс іздеп келушілерді де қызықтырмай қойған жоқ. 1858 жылы тау етегіндегі тың жерлерді игеруге байланысты Софийск станциясы құрылды. Қоныстанушылар санының артуымен станцияның да іргесі кеңейе түсті. 1928 жылғы әкімшілік бөлініс кезінде Талғар аудан болып құрылды. 1959 жылы аудан орталығы Талғарға қала мәртебесі берілді. 

Талғар қаласы бүгінгі таңда экономикалық әлеуеті зор, республикадағы іргелі аудан орталықтарының бірінен саналады. Аудан аумағында 58 елдімекен бар. Мұнда жалпы білім беретін және кәсіптік техникалық мектептерден сырт, Д.А. Қонаев атындағы университеттің колледжі, М. Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжі, медицина колледжі қатарлы бірқанша арнаулы оқу орындары бар. 

Талғардың дамуына оң серпін берген бір жағдай оның стратегиялық орналасуы еді. Ескі Жібек жолының бойында ірге бекіткен Талһир секілді Алматы-Қорғас халықаралық автомобиль жолының өткелінде орналасқан Талғар қолайлы шарт-жағдайды тиімді игере алды. Бұл оның экономикалық тұрғыдан қарқынды дамуына жол ашты. 

Талғар жерінің төрттен бірі таулы, қырат-адырлы келеді. Оңтүстігінде Іле Алатауының тау сілемдерімен, тауалды белдеулерімен тұтасатындықтан онда тас, гранит, құм, қиыршық тас, сазбалшық қатарыл көптеген құрылыс материалдары өңделеді.  

Талғар топырағынан мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов, ұлттық өнер жұлдызы Ыдырыс Ноғайбаев сияқты даңқты тұлғалар шыққан. 

Бай шежіресі мен көнеден жеткен өз сүрлеуі бар Талғар қаласы күн сайын түрленіп, көркейіп келеді.

Суреттер ғаламтор бетінен алынды