Зайсаннан шыққан заңғарлар
12.09.2022 2081

«Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, Зайсан өңірінде халқымыздың тарихы төрінен орын алар алыптар мен абыз- дардың ізі қалған. Зайсанды Шығыс өңірінің жұртшылығы ақындар мен жыршылар елі деп құрмет тұтады. Қара Ертіс бойы қаһармандары мен Зайсаннан шыққан заңғарлар жайында өңірдің білгір маманы, белгілі өлкетанушы Ғалым Байбатыровтың еңбектерінен еркін пайдаланамыз. 

Зайсанға қатысты абыздар елі, алыптар елі деген сипаттаулар жайдан-жай айтылмаған. Оның бастауы тым әріде жатыр. Бергісі қазір қолына қалам алып, әдебиет әлеміне талпынған бүгінгі жастар десек, арғысы Орхон, Енисей жазбалары деп тарихта қалған тас кітаптар авторларының бірі – дана Тоныкөк. Тас кітаптан қазіргі кітаптарға дейін қаншама замандар өтті. Бәрі ел есінде. Осылардың бәрі өлең-жырларда, аңыз-әңгімелерде, кітаптарда  өрнектелді.


Қазақ әдебиеті дейміз-ау, жалпы алғанда түрік әдебиеті Тоныкөк сынды даналардан бастау алғаны айдай әлемге аян емес пе?! Түрік қағанаты бодандықтан босап, біздің жыл санауымыздың 682 жылы қайтадан іргелі елге айналады. Бодандық бұғауына көнбей Тоныкөк «Елді халық едім, елім қайда? Қағанды халық едім, енді қағаным қайда? Қандай қағанға күш-қуатымды жұмсаймын» деп күреске шыққан елдің ұраншысы әрі қолбасшысы, қағандардың кеңесшісі бол ды. 

Филология ғылымдарының докторы Ғұбайдолла Айдаров «Күлтегін ескерткіштері» еңбегінде: «Біз көне түркі жазба нұсқаларынан тасқа қашалған мынандай сөздерді кез- дестіреміз: «Түркі бектері мен халқы мұны естіңдер. Қандай сөздерім бар болса, соларды мәңгі тасқа жаздырдым. Оларды көріңдер, ұғыңдар». Бұл сөздер түркі халықтарының кейінгі ұрпақтарына арналған десе, белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев: «Көк түркілер тұсында ғана емес, мұқым көшпенділердің ұзын-сонар тарихында «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып», жауынгерлік жігермен, жалынды сөзімен елінің әрі батыры, әрі көсемі болған даналары аз емес. Алайда сол сұңғала абыздардың арасында әлем тарихында өшпес атақ-даңқын қалдырып, ақыл-парасатына, қол қайратына, көрегендігіне табындырып, ел-жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөктей тұлға жоқ. Қазақ тарихында ақтабан шұбырынды тұсындағы Абылайдың ақылгөйі Бұқар жырау ғана абызды еске салады», – деп қазіргі ұрпақ танымын кеңейтуге ниеттеніп құнды еңбек жазды. 

Көрнекті тарихшы Нығмет Мыңжанұлы да дана баба- мыз хақында құнды деректер жазды. Ғалымдар еңбектеріне сүйене отырып, Тоныкөктің жазба ескерткішін («Тас кітап» десе де болады) 716 жылы тасқа таңбалаған. 646 жылы туып, шамамен 731 жылы дүниеден қайтқан. Өз жазбасында елдің еңсесін көтеру жолындағы қиян-кескі шайқастарды дәлме-дәл сипаттаған. Ол еңбегінің еш кетпегенін айта келіп, кейінгі ұрпаққа «Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі жұртына қарулы жау келтірмедім. Атты әскер жолатпадым. Елтеріс қаған жауламаса, оған еріп мен де жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде еліміз қайта ел болды. Халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Қандай қағанат болмасын, оның халқының арасында оңбаған болса, онда ол халықтың қанша соры бар десеңші! Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған – мен Білге Тоныкөкпін» деп бізге өсиет-баян қалдырды. 

Біздің мақтанышымыз – көне түрік жазуының болғандығы. Оны біз кеш білсек те (менің замандастарым) жан-жүрегімізді мақтаныш сезімі кернеп, кеудемізді көтеріп жүрдік. Ұлттық сананы тұмшалаған отаршылдық идеологияның сұрқиялық бетпердесін сыпырып алғандай күйде болдық. 

Түрік жазуы көптеген замандар бойы қолданыста болып келді. Оған дәлелдер жеткілікті. «VIII ғасыр мен XIII ғасыр аралығында Найман мемлекеті қалыптасты. Құжаттар мөрмен бекітіліп отырды. Елтаңба мен жалпыхалықтық таңба бе- дерленген мөр алқызыл және көгілдір түсті болып келетін» (Ғ. Байназарова). Шыңғыс хан дәуірінде Найман ханы Таянның хатшысы Тататұнға болыпты. Оны ғалымдар дана Тоныкөктің тікелей ұрпағы деп жазады. Наймандар жеңіліс тапқанда тұтқынға түскен Тататұнғаны Шыңғыс хан өзіне қызметке алады. Ежелгі түрік жазуы, біздің пайымдауымыз- ша, Алтын Орда заманына дейін қолданыста болған сияқты. Өйткені Шыңғыс ханның жарлығымен Тататұнға хан әулетіне оқытушы болып, сауаттарын ашқан. Біз зерттеу еңбегінен үзінді келтіріп отырған Ғафура Байназарованың, Л.Л. Викторованың өзінің «XII-XIII ғасырлардағы моңғолдардың әдеби тілі және жазуының шығу тегі туралы найман территориясының мәселелері хақында» деген еңбегінде моңғолдардың жазуын наймандардан алғанын айтып жазады. Оны айтасыз, Шыңғысхан мөрінде Найман мемлекетінің таңба белгісі «Y» – Жеңіс пайдаланылғанына назар аударады. 

Ежелгі түрік жазуы кейінгі замандарда қолданыстан қалғанмен, ру таңбалары ретінде сақталып қалды. Жапон ғалымдары осындай болжам жасайды. «Нұх пайғамбардың кезіндегі топан судан Жапонияның ар жағындағы Бу дейтін арал бұдан 13 мың жыл бұрын судың астына түсіп кеткен екен. Бұл туралы орыс ғалымдарының кітабынан оқыған бір адамнан естідім. Халқының апаттан құтылғандары басқа жаққа көшіп, құтылмағандары судың астына бірге кеткен деседі. Сол жерді археологтар тексергенде тастың бетінен қазақ руларының таңбасы табылды. Ендеше тілімізді мына ғасырларда басталды деп кесіп айту өте қиын. Тарихымыз тым тереңде», – деген тарихшы-этнограф Жағда Бабалықтың пікіріне де бей-жай қарамау керек. 

Тарихшылар мен жазушылар Алтай мен Қара Ертіс бойындағы дәурен сүрген наймандардың бас ақыны Құбатегін есімін бүгінгіге жеткізді. Өкінішке қарай, ақын жырынан үзінді келтіре алмай отырмыз. Бәрін уақыт желінің тозаңы басқан. Тарихшы Н. Мыңжанұлы әйгілі Құбатегін жыраудың шәкірті Кетбұға дейді. Құбатегін Қорқыттың қобызын ұлы күйші Алтайда жүргенде мұра еткен деген де аңыз бар. (Ш. Әбенов. «Қорқыттың қобызы»). Сонда қарап тұрсаңыз, күйшілік дәстүр Қорқыттан Құбатегін жырауға, одан әрі күйші, әрі қолбасшы, мемлекет қайраткері Кетбұғаға жалғасқан. Шыңғыс хан наймандарды талқандағаннан кейін Кетбұға жоғарғы Ертіс пен Алтайдағы өз қоныстарын тастап, батысқа көшкен («Қазақ Совет энци- клопедиясы». 5-т., 406 бет). Қазақ тарихшылары мен жазу- шылары Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйімен Шыңғыс ханға баласы Жошының өлімін естірткенін жазды. Көрнекті та- рихшы, жазушы Тұрсын Жұртбаев құнды «Дулыға» деген кітабында Кетбұқа туралы кеңінен жазғандықтан, ұлы баба жөніндегі баянның бәрін қайталап жатпаймыз. Қаламгер бұл еңбегінде Құбатегін мен оның шәкірті Кетбұқаны бір-бірімен сабақтастыра жазады: «Түркі қағанатының данагөй абызы Тоныкөктің он алтыншы ұрпағы Тататұнға Таян ханның ақылгөй бас уәзірі әрі хатшысы болған ғой». Моңғолдардың құпия шежіресінде де анық айтылған. Наймандардың XII ғасырдың аяғында өмір сүрген ақыны Құбатегін: «Наймандар осы Инанг-Білге билік еткен кезде гүлденіп өсті, қарақытайлардан бостандықты жеңіп алды», – деп жазған (ҚСЭ 8 – т). Демек, осы кезде жыраулық дәстүр қалыптасқан және ақын-абыздарды ел билігіне қойған. Кетбұқа сол көне түркі толғауларының уызын бойына сіңіре сусындаған адам деп көңілге қонымды қисын келтіреді. 

Құбатегін ізбасары Кетбұқа жөнінде кейінгі замандарда жыр-толғауларда аз болмаса керек. Әйгілі Доспамбет жырау: 

Күдеріден бау тағып, 

Кіреуке киер күн қайда?! 

Күмбір-күмбір кісінетіп, 

Күреңді мінер күн қайда?! 

Толғамалы ай балта 

Толғап ұлтар күн қайда?! 

Алты құлаш ақ найза, 

Садақ толған сайгез оқ 

Масағаннан өткеріп, 

Басын қолға жеткеріп, 

Созып тартар күн қайда?! 

Кетбұқадай билерден 

Кеңес сұрар күн қайда?! – деген толғауы қазақ поэзиясының алтын қорына қосылды. 

Шыңғыс ханның қол астына өткеннен кейін Зайсан өңірі Қарақорымдағы басқы орда мен Алтын орданың шегінде жат- ты. Бұл өңірге шекара шебінде болу бейне тағдырдың жазуы сияқты. Жергілікті халық не көрсе Алтын орда елімен бірге көрді. Бұл кезеңде нақты жазба дерек те жоқтың қасы. Тек тарихи жырларда, лиро-эпостарда жер атаулары ұшырасып қалады. Осы кітаптың басында Көк түрік дәуірінде Зайсан көлі «Бейнетеңіз» деп айтылғанын жазғанбыз. Аңыздардың бәрін атап, сөзді ұзартпай, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы жер атауларына тоқтала кетсек те болады. Сарыбайды іздеп келушілерге Қарабай: 

«Ертіс басы қара дін жерге кетті, 

Бейнетеңіз дейтұғын көлге кетті», – деп қыңыр қисық жауап беріп, артынан ауа көшпей ме. Эпос- тың баяны бойынша Қарекең еш байыз таппастан көше берді. Жұт болар жылы тоқсан мың жылқыны аман алып қалу үшін Қодар Зайсан өңіріне бет алады. 

Түйемойнақ Жылытау айдап барды, 

Қоймаңырақтан жылқысын әрі апарды. 

Арғы шеті Сауыр мен Сайқан қалып, 

Жылқыны қоя беріп жатып алды, – делінеді. Осы жолдарды өмірі оқып көрмеген бір даукес (мүмкін, менің ойымша) Қарабайдың жылқысын Шіліктіде қыстатқан деп менімен жата кеп дауласқан еді. Аңыздың аты аңыз. Қайсыбірінің анық-қанығына жетерсің. Ал Қазақ хандығы тұсында осы өңірде қалмақпен де, шүршітпен де көптеген соғыс бостандығы тарихи құжаттарда таңбаланған. 

Қазақтар мен жоңғарлар арасындағы соғыс үздік-создық екі жүз жылдан астам уақытқа жалғасқан. Бұл ұзын-сонар қырқыс 1520 жылдары басталып, 1758 жылға дейін созылды. Кейде қалмақтар, кейде қазақтар кіріптарлыққа түскен. Тәуекел хан заманында Ресей мен Қазақ ордасы елшілері алмасқан. Елшілік құжаттарында (1595 жыл) Тәуекел қазақ-қалмақ ханы деп аталады (М. Мағауин). Оған мысал ретінде: 

«1587 жылы шығыс моңғолдар мен батыс моңғолдар, яғни Халқа мен Ойрат арасындағы соғыс басталғанда... аталмыш халқа-ойрат соғысы кезеңінде торғауыттар мен дүрбіттердің негізгі бөлігі ойрат бірлігінен тысқары қалғаны, Қазақ ордасы құрамында болғандықтан, шығыстағы соғысқа араласа алмағандығы көрінеді. Жоңғар тарихын зерттеген орыс оқымыстысы Илья Златкин бұл екі рудың шынында да қазаққа бағынғанын терістемейді. Қазақтың Тәуекел ханы Ертісті құлдап, Солтүстік-батыс Сібірге қарай жылжыған ойрат тайпаларын талқандады дейді», – деп жазады. Бұл деректі жайдан-жай келтіріп отырғанымыз жоқ. Ондағы мақсат қа- зақтың сайыпқыран ханы Тәуекел мен бас батырлары және абыз билерінің осы кітапқа арқау болған өңірде іздері қалып, қан мен тері төгілгендігінен хабардар ету. 

Зайсан өңірінің тарихы ұлы хан Еңсегей бойлы Ер Есіммен де байланысты. Осы арада 1620 жылы қиян-кескі қантөгіс ұрыс болғаны тарихта таңбаланған. «Шеткі ауылдары топан астында қалған Есім хан шұғыл аттанып, қалмақтарды қирата жеңеді, сол замандағы орыс деректері «Қазақ ордасының Есім ханы қалмақтарды қатты қырғынға ұшыратты, қалмақ тайпа- лары өте қиын халге түсті» деп көрсетеді» (М. Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі»). 

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың басында Зайсан аудандық тарихи-өлкетану мұражайы құрылып, деректер жинау басталды. «Біздің аудан аумағында сонау 1654 жылы Қытайға сапар шеккен Федор Байков болған» деді мұражай директоры. «Япыр-ай, а, қандай ғажап, не көріп, не жазды екен?» деп біз сияқты шала сауаттылардың аузының суы құрыды. Кейін біздің де аздап көзіміз ашылды. Өзі сауатсыз болғандықтан, Байков не жазсын. Сапардан оралғаннан кейін көрген-білгендерін айтып берген. Зайсан елі туралы ештеңе айтпаған ба, әлде хатқа түсіргендер елемеген бе, ол жағы белгісіз болып қалды. «Моңғолия мен Солтүстік Қытайға алғашқы орыс саяхаттары» деген кітапта Байков саяхатының картасы жасалған. Сонда саяхатшылардың Тобыл қаласынан Ертісті өрлеп келіп, Зайсан көлінің солтүстік жағасына бір тоқтап (Күршім ауданы), одан кейін Қара Ертістің оң жағалауымен (Марқакөл ауданы) Моңғол Алтайын бөктерлеп кеткенінің сызбасы беріліпті. Сонда Зайсан ауданының білгіштері неге алақайлап жүргеніне (арасында өзім де бармын) таңғаламын. Бұл бір аудан ғана емес, тұтастай бір өңір болғандықтан, саяхатшы айтып жаздырған деректерді жоққа шығара алмаймыз. Пекинге барар жолды айқындап, өзінің патшасы Алексей Михайловичтің тапсырмасын орындады. Ресейге шама-шарқынша еңбек сіңірді. Бірақ асыра сілтеуге бола ма? 

Осы XVII ғасырда француз үкіметінің дипломат агенті Дела Невиль «Новое и любопытное известие о Московии» деген еңбек жазып, онда Зайсан көлі, осы маңдағы тұрғындар жайлы толық мағлұмат берген. Осындай деректерді сол заманда даниялық Эверт Исбрану Идес те жазып қалдырған («Зай- сан асулары»). Әрине, бізге өз тарихымызда айтарлықтай орны бар елді біртұтас етіп ұйыстырған Шығыс Қазақстанды жоңғар басқыншыларынан азат етуде көп еңбек сіңірген Абылай хан сынды ардақтыларымыз бәрінен қастерлі де қымбат. Зайсан жұртшылығы ұлы ханды құрмет тұтады. Шығыс өңірдегі шешуші шайқастарда Абылай төңірегіндегі Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Баян, Барақ, Малайсары, Жәнібек сияқты қазақтың көптеген бас батырлары, Бұқар, Үмбетей сынды айыр көмей жыраулары, абыздарының іздері қалды, кейінгі заманға өсиеттері жетті. 

Бірде Қалба бойындағы шайқаста екі жақ та қатты қансырайды. Қалайда әскерлерін аман сақтап қалу үшін қалмақ жағы «Мәмілеге келейік, осынау жатқан сандықтастарды жота басына қайсымыздың батырымыз бұрын шығарса, жеңіс сол жақта. Сендер жетсеңдер, біз Қалбадан кетеміз. Біз жеңсек, ешқайда кетпейміз» деп шарт қояды. Қазақ жағы осыған амалсыз келіседі. Өз орталарынан Көкжарлы Көкжал Барақты, қалмақтар өз арасынан бір алып батырын шығарады. Сол кезде Бұқар жырау: 

«Қалмақтан өткен жоқ залым, 

Бір құдайым қолдаған.

 Ел намысын жіберме, 

Нар тәуекел, Көкжалым», – деп дем берген екен. Осы сайыста Барақ жеңгенде қарт жырау астындағы тұл- парын түсіп берген. Кезінде: 

Әр жотасы шежіре, тарих Қалбаның, 

Оқы содан бабалардың арманын. 

Тау басында сандықтасы Барақтың 

Шолып жатыр қарауыл боп жан-жағын. 

Ардақтайық бабалардың аруағын, – деп жырлаған едік. Зайсан көлінің түстігіндегі кең жазықта сексен күнге созылған «Шорға соғысынан» кейін қалмақтар осы аймақта табан тіреп тұра алмай, Жоңғарияға қашқан. Осы соғыстың ерлерін Бұқар жырау жырға қосып, елге қайрат берген. Бұл толғау Кәрібай ақынның айтуымен бүгінгі күнге жетті. 

Қазақ қолының бас сардары Қабанбай туралы аз жазылған жоқ. Өзгесін былай қойғанда, жазушы Қабдеш Жұмаділов екі томдық «Дарабоз» атты романын батырға арнады. Әйгілі батырдың басқа жекпе-жектері мен барлау шайқастарын айтпағанда, қазақ тарихында елеулі орны бар 1724 жылғы Түркістан қаласын қорғау, 1725 жылғы әйгілі «Алакөл қақпасы», 1728 жылғы Шұбар теңіз жағасындағы шайқасқа, 1729 жылғы Бұланта өзені бойындағы соғысқа қатысты, 1730 жылғы жоңғарларды Іле өңіріне дейін қуып келуде XVIII ғасырдың 50 жылдардағы шешуші шайқастарда қолбасшылық дарынымен қоса ерен қайрат көрсетті. 103 рет жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткен.

«Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар – Қаракерей Қабанбай батыр, Алтабай батыр, Ақтанберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөнкей батыр, Керей Жәнібек батыр, басентин Малайсары батыр және басқалар. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқан абырой алған болса да, олардың барлығынан өресі биігі – Қабанбай батыр еді», – деп жазды Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» кітабында. Батыр 1691 жылы туып, 1769 жылы дүниеден өтеді. Батыр қайтпас сапарға аттанғанда Бұқар жырау жырмен жоқтау айтады. Қабанбай жөнінде жыр-дастандар көп. 

Ер Қабанбай – көзелім, 

Ескіден қалған көз едің, 

Байсалменен ойласам, 

Қайратыңа бақ тұрған. Абылай сынды төреңіз 

Қасыңа әкеп тақ құрған! 

Тоғыз таңба найманнан 

Тоғыз құйрық ту алып, 

Тоғыз түмен қол шақса, 

Қол ағасы – Қабанбай! 

Алты шекті арғыннан 

Алты құйрық ту алып, 

Алты түмен қол шықса, 

Қол ағасы – Қабанбай! 

Тоқсан баулы өзбекпен 

Қал құйрықты, қыл жалау, 

Қанда телпек, сексен шоқ, 

Қалмаққа жорық, жол шықса, 

Күн көзіне сыймаған, 

Ай жүзінде айылын жимаған, 

Алаштың ауыр қолына 

Ағалыққа ұнаған, 

Дарабозым – Қабанбай! – деген замандасы Саршуаш толғауы – жыраулық поэзияның нағыз інжу-маржаны. 

Керей ер Жәнібектің ескерткіші Қалбата тауында асқақтап тұр. Керей қолының бас қолбасшысы азаттық жолындағы шайқастарға бозбала кезінен-ақ араласады. Жәнібектің балалық шағы Ақтабан шұбырындыға сай келеді. Тұтқиылдан соққы берген жаудан ығысқан Абак Керей ауылдары Сырдың бойында бас сауғалайды. Еңсесі қайта көтерілген елмен бірге ол да бірге ержетіп келе жатады. Әлі де жаудың күші басым. Қазақ қосандары шегіне ұрыс салып жатқан кезде жастығына қарамай Жәнібек қан майданға араласады. Алғашқы шайқаста жау басым түсіп, Абылайдың өзі шегінген қолдың соңында екен. Оның үстіне астындағы аты да болдырып қалған. Сол кезде Жәнібек: 

– Алдияр тақсыр! Атыңыз болдырып қалған екен. Менің атыма мініңіз, – дейді. Өзі атын ханға беріп, өңмеңдеп келе жатқан жаудың алдын бөгеп, одан нәтиже болмаған соң, қаша соғысып дегендей, уақыт ұтып, қыспақтан құтылып кетеді. Абылай хан адам таныған зерделі адам болған ғой. Жас жігіттің көзсіз ер екенімен бірге қайраты кемел, ойы терең екенін бірден аңғарды. Оң тізесіне отырғызып, Ақтабан шұбырындыда шашырап кеткен керей қолын ұйыстырып, жас- тығына қарамастан керей жасағының бас сардары етеді. Керейдің туын қолына береді. Жәнібек жоңғар соғысына Абылай Орта жүздің тізгінін өз қолына алғаннан кейін араласқан. Содан бастап барлық жорықтардың бел ортасында жүреді. Жәнібек ерлігі көптеген дастандарға, аңыз-әңгімелерге өзек болады. Роман да жазылды. Хас батыр Жәнтекей руының Сары атасынан шыққан. Бір көркем шығармада батырдың әкесі Бердәулет Қаракерей Қабанбайдың туған жездесі еді десе, енді бір шығармада Жәнібектің нағашылары арғын екен дейді. Осы алшақтақтың батыр тұлғасын алқауда келіп, кетер түгі де жоқ. Ең бастысы оның жоңғар соғысының бас қаһармандарының бірі болып тарихта қалуында ғой. Керейден шыққан ақылмен, айтулы ақын Ақыт Үлімжіұлы «Абақ шежіресі» деген жырында:

Алтайға келген елдің Керей алды, 

Жәнібек елге тірек бола қалды. 

Керейді қалмақ шауып қырыпты деп, 

Жәнібек Қабанбайға хабар салды. 

Қабекең хабарды естіп келген екен, 

Керейдің аққан қанын көрген екен. 

Бірігіп екі батыр тізе қосып, 

Сазайын қалмақтардың берген екен, 

Моңғолмен екі батыр соғыс салған, 

Түтігіп қара тамақ найзаны алған. 

Бере алмай бұған төтеп қалмақ жауы, 

Қобдыға қаша көшіп кетіп қалған, – дейді. 

Бұл арада батыр жөніндегі зерттеулер мен көркем шығармалардың бәрін көшіріп жазудан аулақпыз. «Жәнібектің саптыаяғы», «Қабанбайдың Жәнібекті санауы» сияқты дастан- дардан оқырман хабардар. «Қисса Ер Қабанбай» дастанында қазақтың басты батырлары аталады. Қабанбайдың туысының ауылын қырғыздар шабады, «Намысын Қабекеңнің әперем» деп Абылай бастап, өңкей саңлақтар келеді: 

Мінгені Ханекемнің қара керді, 

Еседі бейне желдей қара жерді. 

Қабекең қайғыланды дегеннен соң, 

Батырдың өзі тұстас бәрі келді. 

Жатушы еді елімізде сары қазы жеп, 

Шабатын бұл қырғызға не қылып ек?! 

Намысын Қабанбайдың әперем деп, 

Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек, – делінсе, Жәкең бұл соғысқа жалғыз емес, аталасы Жантай батырмен бірге аттанған. 

Мінгені батырлардың ақ пен көк-ті, 

Алты ай мінсе арымас тас пен көкті. 

Бас қосты барлық батыр дегеннен соң, 

Керейден өзі жәдік Жантай кепті, – дейді дастанда ол жөнінде. Алтайдың оңтүстігінен Сауыр тауы аралығын, одан әрі Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағын мекендеген Төртуал елінің ұраны – Баймұрат. Айтулы осы батыр Қабанбайдың үзеңгілес серігі, мыңбасарларының бірі болған. Төртуалдар Андабарақ, Аманбарақ, Ақбарақ, Ақболат болып төрт іргелі руға бөлінсе, Баймұрат батыр Ақбарақтан. Қалмақтармен соғыс Шығыс өңірінде үздік, создық созыла берген заманда Баймұраттың атасы Бұқа батыр елге қорған болған. Бір шайқаста жаудың күші басым түседі. Арттағы ел бас сауғалап үлгерсін деген ниетпен жаудың қолын бөгей тұру үшін қайта-қайта жекпе-жекке шыға берген. Ашынған батыр қарсы келгендерді бет қаратпай жеңе берген. Ақырында шыдамы таусылған дұшпан шеріктері жекпе-жек тәртібін бұзып, көптігіне сеніп, батырды қоршап алып, найзаға шаншып, батырынан асыра көтереді. Сонда батыр «Атаңа нәлет ит қалмақ, өлсем де сендерден жоғары тұрмын» – деген екен. Батырдың осы сөзі аңыз болып елге тарап, талай намысты ердің жігерін жаныған. Баймұрат бала күнінен жүрегіне кек тұрып ер жетеді. Оның үстіне Ақтабан шұбырынды кезінде жау тұтқиылдан шабуыл жасағанда Найман ұлысы қатты зардап шегеді. Төртуыл рулары да жаудан бас сауғалап, Сыр бойына ығысады. Кейін ес жинап, етек жауып дегендей, әлі дұшпан атының тұяғы тимеген Арқа өңіріне қоныс аударды. 

Ел Арқа жерінде бас құрап, қалмақтарға қарымта қайтарар шамаға жеткенде Баймұрат та ер жетіп, азаттық жолындағы шайқастардың бел ортасында жүреді. Шайқастардағы, жекпе- жектердегі жеке ерлігімен батыр атанып қоймай, қолбасы- лық талантымен танылады. Батыр барлық дерлік жеңісті жорықтарға қатысқан. Соның бірі – «Шаған шайқасы». Бұл жөнінде «Найманның тоғызының бірі Бура» деген ел сол тұста арғынмен іргелес жүреді. Осы бура деген елдің Ақпантай дейтін қайсар, ержүрек батыры Шаған өзенін қоныстанады екен. 

Шабуылдаушылар соғысты Балқаштан бастап Шыңғыстың сыртындағы Шаған бойына келгенде моңғолдың жорық басы ханы әрі шеп бұзар батыры хан Доржы табандап соғысып, екі жақ бірін-бірі ығыстыра алмай, табан жеті сөтке қанды шайқас жасайды, – деп бұл шайқастың оңайға түспегенін Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садыхан жазады («Қаракерей Қабанбай»). Осы шайқаста Баймұрат батыр қазақ қолының сол қанатына қолбасшылық етіп, Байғазы батыр кеңесші болған екен (С. Ғаббасов, Қ. Толыбаев. «Коммунизм туы» газеті, 1990 ж., 26 қаңтар). 

Шаған шайқасында Қабанбай қалмақтың Арқауыл батырын жекпе-жекте жеңіп, қаптама соғысқа белгі береді. «Жұрт атой салып, жауға лап қояды. Бұлардың қимылдарын бағып тұрған Ақпантай мен Баймұраттар қос өкпеден ұрандап жау шебіне кіреді... Қоңыр әулие соғысы жеңіспен аяқталған соң, бекініс үңгірдің ішіндегі мал-мүлікті жинап алынды. Үңгірді барып көргенде іші кең әрі қараңғы, алаулы шамсыз жүруге болмайтын орын екен. Ішінде едәуір көлщік бар екен. Осыдан суаттанып, айналасына ор қазып, тас қалап бекініс жасаған жауды қазақ жасақтары азықтан бес тәулік тарықтырып, қалған мыңнан астам адамын қолға түсіріпті», – деп Қабанбай жөніндегі кітап авторлары Маусымбай шежіресінің жазғанына сілтеме жасаса (бұл да сонда), ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өзінің әйгілі «Абай жолы» эпопеясында да жазды. Көкбай, Әбіш (Әбдірахман) бастаған бір топ азаматтардың осы «Қоңыр әулие» үңгіріне кіріп, тамашалағанын суреттейді. «Үңгір маңындағы зиратты аралаған жастар ондағы тастардан Ар- ғынның «қос дөңгелек», Керейдің «ашамай», Найманнан «шөміш» таңбасын көріп, «Орта жүздің бар атасы бас қосқан зиратты көргенім осы», – деп Мағаш таңғалады. Сонда ұлы жазушы Көкбайдың аузына мынандай сөз салады: 

– Осы Арқаның елі Абылайдың жорығын көп айтады ғой. Қалмақпен сол заманында соғыс салған Абылай болды. Ал енді бір естіген аңызым және бар. Абылайдың қолы осы Арқаны бойлап, қалмақпен қуа соғысып келе жатқанында, бір уақыт қалмақтар тәсіл жасапты. Бір тастың үңгіріне кіріп, бекініп жатып алып, жасырынып қалады. Артынан қуып келе жатқан Абылайдың қолы «жау қашты» деп бейқам болады. Сонда қалмақтар үңгірден шығып, Абылайдың қолын тұтқиыл шабуылмен қырарман болыпты дейді. Бірақ жұрт ес жиып, соғыса бастағанда, қазақ көп болғандықтан, қалмақ қайта қашып, үңгірге кіріпті. Сонда бекініп жатып, садақ атып, Абылайға алғызбай қойыпты. Көп адамы қырылып, ашынған Абылай қолдағы батырларына жар салыпты. «Кімде-кім ерлік етіп, айласын тауып, осы қалмақты дәл осы үңгірден шығармай қырып беретін болса, бұдан былай қолбасылық дәрежені үнемі сол кісіге бұйырамын!» депті. Сонда Абылайға ерген көп батырлардың ішінен үздік шыққан Қаркерей Қабанбай болған еді. Күндіз-түні талмай ұрыс салып, үңгірдің аузын оқпенен көміп, қалмақты бұқтырып отырып, әлденеше күн аштықтан бұралтады. Сөйтіп, ақыры қалмақты жеңіп, Абылайды дегеніне жеткізеді. Соның артынан жеңістің тойын жасағанда, Абылай Қабанбайды қасына алып отырып: «Бар батырдан сен оздың. Жеке дара шығып, озып тұрсың. Айтқаным айтқан, сертімнен шыққаным осы, қайратың үшін бұдан былайғы жорықта ұдайы қолбасы сен боласың! Және бұдан кейін сенің атың Қабанбай емес, Дарабоз болсын!» – депті. Қабанбайдың бұл кезде жасы егде тартып, сақал-шашына бурыл кірген кезі екен. Содан мұны барлық аңызда «Дарабоз» атайды! – деді». 

Осылайша «Шаған шайқасы» көркем әдебиетте өрнектелді. Баймұрат батыр Алтай, Зайсан, Тарбағатай өңірін жаудан түпкілікті азат етуде шешуші кезең сексен күнге созылған «Шорға соғысында» да ерекше көзге түседі. Кәрібай ақын осы соғыстың басты батырларын ардақтап жырға қосқанда Баймұрат есімі құрметпен аталады: 

Уәли, сүйегі уақ батыр Бармақ, 

Қаз дауысты Қазыбек өңкей саңлақ. 

Баймұрат, Райымбек батыр, Тентек 

Барлығы жауда кеткен кегін алмақ, – деп жырлайды. Батырдың есімі көптеген көркем шығармаларда өрнектелді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, Қабанбай батырдың 300 жылдығы тойында: 

Ақ найзасы түспеген бәрін қолдан, 

Тірісінде дұшпанын жеңіп болған. 

Қазақтың бас батыры Қабекеме 

Батыр бабам Баймұрат серік болған, – деп өлең арнаған едік» деп жазады Ғ. Байбатыров.