Тамғалыдағы «күнбасты» бейнелердің құпиясы
22.01.2015 2992
Еліміздің бай және қайталанбас мәдениеті жайында бүкіл әлемнің ғалымдары көне заманнан бері жазып келеді... Бүгінгі таңда шетелдік зерттеушілерді Қазақстанның қай кезеңі қызықтыруда?

Адам Мицкевич атындағы Шығыстану университеті Орталық Азия және Сібір кафедрасының меңгерушісі (Польша, Познань қаласы), Ph.D., Анджей Розвадовски жартастағы бейнелер саласындағы өз зерттеулерінің нәтижесі туралы айтып берді.

– Профессор мырза, қашаннан бастап, Орталық Азияның өзіне тән, жартастағы бейнелерін зерттей бастадыңыз?

– Бұл өңірдегі таңбаларды зерттеуім кездейсоқ болды. Мен екінші курс оқып жүргенімде, Познаньда археологияны зерттедім. Басқа студенттермен бірлесіп, Өзбекстандағы жартас өнері жайында ақпаратты көбірек жинау үшін осы елге экспедиция ұйымдастырдым. Орталық Азия біз үшін мүлдем таныс емес болды, және де әлемнің осы бөлігіндегі жартастағы суреттерді зерттеумен айналысып жүрген еуропалық археологты табу қиынға соқты. Орталық Азияға келгенімде мұндағы петроглифлердің көп болғанына өте-мөте таңқалдым. Зерттеуімнің бірінші нысаны орталық Өзбекстанның Сармышсай алабындағы жартастағы суреттер болды. Диплом жұмысымды қорғар алдында, Өзбекстанға үш рет барып келдім. Өткізілген зерттеудің нәтижесіне сүйеніп, магистрлық жұмысымды да бітірдім. Бұл 20 жыл бұрын еді. Орталық Азиядағы басымнан өткен қызық оқиғалардың бастауы осыдан басталды.

– Қазақстандық жартастағы бейнелерге қызығушылығыңыз қалай пайда болды?

– Бір жағынан, бұл осы аймақтың жартас өнеріне деген қызығушылығымның нәтижесі себеп, сосын докторлық зерттеуімнің нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Қола дәуірінің суреттері мен көне үндіеуропалық бейнелер арасындағы байланысты анықтаймын деп шештім. Бұл мәселені басқа жағынан алып қараймын деп, теориялық тұрғыдан да қарастырдым. Жартастағы өнерді мәдени мәтін ретінде қабылдауға болады деген болжам осы жұмыстың негізіне айналды. Осылай алғанда, бір жердегі бейнелердің жиынтығына талдау жасау керек болды; оның «грамматикасын» анықтап, осы грамматиканың үнді-еуропалық мәдениеттің басқа саларымен байланыстылығын анықтау қажет болды. Сармышсай алабындағы өткізілген жұмысымның нәтижелерін тексеру үшін Қазақстанға беттедім. Осы үшін Қазақстандағы Қаратау тауларының оңтүстік-шығысындағы Тамғалы мен Арпаөзен петроглифтерін таңдадым. Профессор З. Самашевтың арқасында мен екі нысанда жұмыс істедім.

Қаратау жолында

Арпаөзендегі жартастағы бейнелер

Тамғалыдағы зерттеулерім өте өнімді болды. Мен Өзбекстандағы жартастағы суреттермен белгілі бір ұқсастығын байқадым. Осы кезде де мен жаңалықтың мәнін түсіндім: бұл табылған суреттер ғана емес, мені бұрыннан бері белгілі болған материалда әдеттегіден тыс сызықтардың табылу мүмкіндігі одан да қызықтыра алады.

Таңбалыдағы петроглифтер

Қазақстан петроглифтерінің өзі өте қызық болып шықты. Қазақстандық экспедициялар мен үшін ұмытылмас тәжірибе болып есімде мәңгі қалары сөзсіз. Мұнда көп нәрсені үйрендім. Сәті түсіп, маған  көмектескен керемет адамдарды кездестірдім. Мысалы, профессор З. Самашевпен достасып кеттім. Кейін ол Польшадағы университетімізге барып қайтты.

– Қазақстан жерлерін мекендеген ежелгі адамдар өмірінде жартастағы кескіндеменің рөлі қандай? Өнер деп қарастыруға бола ма?

– Шын мәнінде бұл өте маңызды сұрақтар. Жартастағы суреттердің рөлі – археология мен антропологияда ең көп талқыланатын мәселе. Кейде белгілі бір бейненің мағынасын түсіну оның Қызметінің мәнін ашу мүмкіндігімен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл болады. Әрине, бұл өңірді белгілеу тәсілдерінің бірі болып, осындай жерлерді өткендегі қоғамдар үшін айтулы орындарға айналдырып отырған. Бәлкім, бұл қажылық орындары болған. Осындай жерлер «күш-қуаттың орындары» (әлемнің түкпір-түкпіріндегідей) болуы ықтимал. Адамдар мұнда бірталай жер жүріп келген. Көптегендер тарихтан бұрынғы замандардағы жартастағы бейнелерді өнермен теңестіру идеясын теріске шығарады. Дегенмен, өнер сұлулықтың бір қырына тиіп жатқанымен, уақыт өткенімен әдеміліктің түсінігі бір өңірден басқаға қарай өзгеріп сала береді. Және, адамдар көне бейнелерді тек қана осы тұрғыдан қабылдағанмен, ең дұрысы – суреттерді хабарлар түрінде қарастыру, ал олардың құндылығы ақпараттық потенциалға тәуелді болған. Өнердің (соның ішінде қазіргі өнердің де) басты мақсаты мәлімет беру екендігін (эстетикалық сезімдермен салыстырғанда едәуір дәрежеде) түсінгенде, жартастағы суреттер өнердің бір түрі болып табылатыны туралы мәселе басқаша көрінеді. Менің ойымша, бұл – өнер, яғни эмоциялар, ойлар, жеке және көпшілік қабылдаған идеяларды көрсету өнері.

– Қазақстанда табылған жартастағы суреттерді басқа елдердегі жартастағы бейнелермен салыстыра кетсеңіз?

Қазақстан аймағында жартастағы кескіндеме өте маңызды мәдени мұра болып табылады. Бұл – жергілікті мәдениет пен тарихтың айғағы. Сондықтан да оны қорғап, зерттеу қажет. Қазіргі кезде бүкіл әлем осымен айналысады.

Арпаөзен шатқалындағы бұғы бейнесі

Жартастағы өнерге әр кезде жалпы адамзаттық мұра ретіндегі көзқараспен қарадық, және бұл дұрыс. Сонымен бірге, тарихтан бұрынғы замандардағы өнерді жергілікті мәдениеттің айғағы ретінде түсіну керек, оны тұрғындар өздерінің сәйкестендіру үшін пайдалана алады. Мысалы, жартастағы бейнелер заманауи суретшілерді шабыттандырады – осындай жағдайды Қазақстанда және әлемнің басқа да бөліктерінде байқауға болады (Африка, Австралия немесе Америка). 2014 жылғы Сочидағы XXII қысқы олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшыларды көріп таңдандым – жергілікті жартастағы кескіндеме суреттерімен безендірілген костюмдер киінген.Бірақ жартастағы кескіндеме – көне мәдениет, ежелгі халықтар арасындағы байланыстар, адам бойындағы кейбір қасиеттер туралы білім дереккөзі. Осылай, ортаазиялық немесе сібірлік шамандық дәстүрлерін қарастырып отырғанда, келесі жағдай анықталады: жартастағы өнер өз көнелігі, динамикасы, әлемнің осы бөлігінде таралуын түсінуге қажетті маңызды ақпаратты беріп отыр. Тарихи уақытқа қатысы бар жартастағы бейнелерді Алтайда көріп отырмыз. Тарихтан бұрынғы дәуірді қарастырғанда, бұл мәселе күрделене түседі. Мұнда сібірлік шамандыққа тән болған дабылы бар бақсылардың бейнелерін көре алмаймыз. Бірақ Қазақстанда, Алтайда да ұқсас бейнелерді тауып жатырмыз. Олар Қола дәуір ғасырына жатып, шамандықтағы орталық бейнемен (адам-жануар трасформациясына қатысы бар) байланысты ашады. Осылай, ерте замандарда шамандық Сібірде ғана емес, сонымен бірге Орталық Азияда, Қазақстанды қоса алғанда, да маңызды рөлін атақарған деген қорытынды ақылға қонымды болып көрінеді.

Таңбалыдағы енеке (буйвол) бейнесі

– Таңбалыдағы «күн басты» бейнелердің мәнін қалай түсінесіз?

– Қазақстанның жартастағы өнеріне қатысты ең қызықты сұрақтардың бірін қойып отырсыз. Осындай бейнелер «күн тәріздегі» деп аталған, бірақ олардың күнге қандай қатысы бар? Кейде адамға айқын болып көрінетін нәрсе тек қана елес болып қалуы мүмкін. Егер суреттерге мұқият қарасаңыз, онда күнмен ұқсастығын табу қиын екендігін түсінесіз. Олардың бәрі әртүрлі. Осы суреттердің басқа петроглифтермен байланысын анықтағанда, олардың пішіндеріне ерекше назар аудармадым. Осылай, сыртқы пішіндердің шамандық бейнелерімен ұқсастығы байқалады. Одан басқа, транс күйінде адамдар «күн тәріздегі» пішіндерге ұқсас бейнелерді елестетіп отырады. Сондықтан да Таңбалыдағы «күн тәріздегі» құдайлықтар – талқылауға маңызды мен қызық тақырып. Орталық Азияның басқа жерлерінде де – Өзбекстандағы Сармышсай, Қырғызстандағы Саймалы-Ташта оғаш болып көрінетін домалақ пішінді бастары бар бейнелер табылған. Былтыр Саймалы-Таш өңірінде жұмыс істегенімде, Қазақстанға тән болатындай петроглифтерді тауып алдым, мысалы, көзілдірікке (сызықпен біріктірілген екі шеңбер немесе екі диск) ұқсайтын бейнелер. Сондықтан да Қазақстанның жартастағы кескіндемесі толықтай, яғни орталықазиялық көлемде зерттелуге тиісті болып отыр.

Қырғызстанның Саймалы-Ташындағы күн тәріздегі фигура

– Болашаққа қандай ғылыми жоспарларыңыз бар? Қазақстанға қайтып келу ойыңызда бар ма?

– Қазіргі кезде  Орталық Азияның жартастағы өнері мен шамандығы жайында кітап жазып жатырмын. Сондықтан да осы еңбекті көп қажетсінетін жұмысты істеп отырмын. Сонымен бірге, Танзаниядағы бір жобаны басқарып отырмын. Мүмкін, жақын болашақта африкандық жартастағы кескіндемеге зер саламын. Дегенмен, Қазақстанның жартастағы суреттер мені соншама қызықтырып жіберді. Елге қайтып оралып, зертеу жұмыстарымды әрі қарай жалғастырғым келеді.Болашақ бәрін өз орындарына қояды.


Инна КУЗЬМЕНКО

Аталған мақалада пайдаланылған суреттер Анджею Розвадовскийдің меншік құқығы болып табылады. Суреттерді автордың келісімінсіз пайдалануға тиым салынады.