Домбыра – ұлтымыздың құнды қазынасы. Қазақ қолөнершілерінің ағаштан, сүйектен жасалатын күрделі ою-өректерді шебер менгергенін көрсету, сыршыл пернелерге тіл бітірген шеберлердің жұмысын насихаттау және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорында көздің қарашығындай сақталған өнер иелерінің домбыраларын сақтау, көпшілік назарына ұсыну, өскелең ұрпаққа дәріптеу, ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған қасиетті қара домбыраның мәртебесін көтеру біздің міндетіміз. Мақалада қазақ халқының ұлттық аспабы қасиетті қара домбыраның ерекшелігі, жасалу техникасы қоғамдағы рөлі жайлы қарастырамыз.
Домбыра – ерте замандарда пайда болып бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен етене қабысып, кеңінен қолданылып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі.
2014 жылдың 26 қарашасында ЮНЕСКО шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мұра тізіміне енгізілгенін еске саламыз. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары халқымыздың тұрмысы мен тіршілік қам-қаракетіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымдығы, тарихы мен өнеріндегі бірегей заттық мұрасы, рұхани-мәдени қазынасы ұлттық аспаптар екні сөзсіз.
Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі домбыра күніне орай «Ұлт қазынасы – домбыра» атты көрме ұйымдастырған. Көрмеге Ұлттық музей қорында сақталған қазақтың күйшісі Дина Нұрпейісова, ақын Кенен Әзірбаев, әнші Жүсіпбек Елебековтің және т.б. белгілі тұлғалардың домбыралары қойылды.
Көрме залындағы домбыралардың көрінісі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл мейрамды руханиятқа деген зор құрметпен, баршамызға ортақ құндылықтарымызды ұлықтау деп түсіну керек дейді. Домбыра – бұл халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам екенін, қазақ пен домбыраны – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым екенін, күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт бергендігін және ашып айтты: Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс деп есептеді.
Домбыра – көне заманның аңыздарына да арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақтың сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деді.
Қазір жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, дүние жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін қалыптастырады, – Ұлтымыздың рухын көтеретін домбыраға әр шаңырақтың төрінде орын бар. Себебі домбыра – қазақтың жаны, – деді Қазақстан Президенті.
Домбыра – ағаштан жасалған қос ішекті шертпелі аспап. Домбыраның шанағы тұтас ойылып та, құралып та жасалады. Домбыралардың сырт нұсқасы әр түрлі болып келгенімен, жасау әдіс-тәсілдері мен бөлшектері ортақ. Домбыра негізгі бес бөліктен тұрады. Олар: Бас, мойын, кеуде, шанақ, қақпақ. Оларға қосымша: құлақ, тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ішек, үндік (ойық), пернелер, қалта, серпер, желкелік, түйме, өрнек, желбезек тақтайша аталатын қосалқы бөлшектер бар. Тиектің де бірнеше түрі бар. Олар: бас (жоғарғы) тиек, негізгі тиек, түйме тиек, табалдырық (шайтан) тиек. Бұл бөлшектерсіз домбыра үн шығармайды, ойнауға келмейді.
Домбырада оң бұрау, теріс (сол) бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ (тел) бұрау деп аталатын түрлері бар. «Жеке деп әріптің бірігуін – сөз, жеке дыбыстың бірігуін, – әуез», – деп түсіне білген ата-бабамыздың ішкі ойды сыртқка шығару құралының сан түрін меңгере білген. Ал «күй» – жүйелі дыбыстар тізбегі мен домбыра аспабының пернесінен құралған адамның жан сезімі. Сондықтан домбыра пернесінің дұрыстық – (до), ризық, – (ре) мейірлі – (ми), парасат – (фа), сырлы – (соль), – (ляззат), – сипат (си) деп аталатын түсініктері де ел арасында сақталған [1] 112 б.
Домбыра пернелерінде ешбір халықта кездеспейтін қазақ дүниетанымына тән ерекше үн бар екені анық. Ертеректе әр күйші–орындаушы, аспапшы–шебер домбыра аспабын өз талғамына сай жасап алатын болған. Мәселен, қазақ дүниетанымы бойынша домбыра бойында қолөнер, орындаушылық, күйшілік секілді танымдық құндылықтар жинақталған. Адам көкірегіне нұр құятын, жамандықтан сақтайтын күшке ие аспап ретінде оған үкі, қоңырау тағып төрге іліп қастерлеген. Басқа аспаптарға қарағанда домбыра бақсы ойыны, дуаналық, балгерлік, емшілік секілді діни-ғұрыптық салттарға қолданылмайды.
Беткі қақпағындағы өрнектер инкрустация әдісімен салынған. Құрамдас бөліктері шанақ – дыбысты күшейтетін қызметін атқарады. Жоғарғы жағында дауыс ырғағын реттейтін қос құлағы бар. Ішек – домбыраның бұралатын қос құлағы мен төмен жағында орналасқан ағаштан жасалып орнатылған түймешеге бекітіледі. Дыбыс үнін реттейтін негізгі тоғыз пернесі бар. Қос құлағы дыбыстық тербелісін реттейтін көзі болып табылады. Қос ішекке тиекті орнатады. Тиек алмалы-салмалы. Дауыс ырғағына қарай ары-бері қозғап басқаруға ыңғайлы. Қақпағы домбыраның үстіңгі шертетін бетіне қарайды. Ертеректе домбыраға қой мен ешкінің ішегінен дәстүрлі түрде арнайы жасалған ішекті пайдаланған. Кейіннен (леска) пайдаланатын болды. Домбыраның алдыңғы бетінің жоғарғы және төменгі бөлігінің үстіне қошқар мүйіз оюы ойылып салынған. Қошқар мүйіз оюы төрт құбыламыздың теңдігінің символы.
Музыкалық аспаптар жасау кезінде ағашты негізгі құрал ретінде пайдаланды. Сонымен бірге малдың сүйегін, сыйырдың мүйізін, жылқының жалыны (шашы) мен тұяғын да ұлттық аспаптарға пайдаланған [2].
Қазақ даласының әр өңірінен «үш ем», «бүктемелі», «үш ішекті», «қуыс мойын», «екі жақты», «желбезекті», «қос мойын», «кең шанақты», «қауақ», «тұмар» деп аталатын үлгі-нұсқалары пайда болған. Шағын үлгіде жасалатын, балаларға арналған екі ішекті түрі – шіңкілдек. Шіңкілдектің үні басқа аспаптардың дыбысымен қосылғанда ашық естіліп ерекшеленіп тұрады. Домбыра тобындағы әлі де болса сирек қолданылатын нұсқасы – үш ішекті домбыра. Аспап ішек саны, бұрауы және үш ішекте орындалатын күй шығармаларымен ерекшеленеді. Ұлы Абайдың кезінде өз ән-күйлерін сүйемелдеген үш ішекті тарихи домбырасы сақталған [3].
Ұлттық музей қорында белгілі музыка зерттеушісі Болат Сарыбаевтың жеке коллекциясынан алынған музыкалық аспаптар бар: Оның ішінде уақытша көрме залына қойылған домбыралардың арасында атақты тұлғалардың домбыралары да қойылған.
Бұл домбыра Қазақстан Республикасының халық әртісі, күйші-композитор Дина Нүрпейісованың домбырасы. Домбыра белглі шебер Арыстан Ермековтың қол жұмысы. Түсі сары, мойыны ұзын, құлағы гүл тәріздес шауып жасалған. Шанағы мен беті құралып жасалған, пішіні алмұрт тәріздес. Беті жұқа панер тақтаймен жабылған қошқар мүйізге ұқсас ою-өрнегі бар. Шанағының артқы бөлігі жеті бөліктен жұқалап өңделген тақтайша ағаштардан трапеция пішінді етіп құрастырылған.
Домбыраның ұшар басы қошқар мүйіз, немесе гүл тектес өрнекті бейнелейді. Мойны ұзын, жіңішке келген. Шанақтың беті жұқа тіліндімен (фанерамен) қапталған. Бет қақпағының қорғаны мен желбезегі қошқар мүйіз, ал ойығы айналдыра гүл өрнектерімен безендірілген. Қақпағындағы дыбыс ойығы дөңгелек. Ішегі кегут материалынан әзірленген. Тиегі ағаштан жасалған. Түбіне ішек байланатын кіндік ағаш орнатылған. Басы мен мойны аракідік күңгірт қою, шанағы ашық қоңыр түспен боялып, лакталған. Мойыны ұзындау, оған 17 пернелер тағылған. Жасалу техникасы: ағаш, ішек, қол жұмысы, ағашты өңдеу, қыру, оймалау,құрастыру, нақыштау. Жалпы ұзындығы 92 см., мойны 57,2 см., шанағы 34,5 см., ені 19,5 см. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорында сақталған. ҚРҰМ 7784 [4].
Бұл домбыра Кенен Әзірбаевтың 1950-60 ж.ж. пайдаланған домбырасы. Кенен Әзірбаев – қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ССРО Жазушылар одағының мен Композиторлар одағының мүшесі. Жамбыл облысы Қордай ауданының Мәтібұлақ ауылында (қазіргі Кенен Әзірбаев атындағы ауыл) дүниеге келген.
Ағаштан жасалған, ал қоңыр түсті домбыра. Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ және ішектер. Бөліктері өзара желімнің көмегімен жабыстырылған. Домбыраның басы, құлағы, мойны, және тиектері ағаштан жасалған. Ал шанағы мен бет қақпағы жұқа фанердан желімдеп жасалған.
Кенен Әзірбаевтің есімі Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық орта мектебіне, Алматы қаласындағы бір көшеге, Тараз қаласындағы кинотеатрға берілген. Алматы консерваториясының және Шымкент мәдениет институтының үздік студенттері үшін Кенен Әзірбаев атындағы стипендия берілген. Жамбыл облысындағы ақын ұзақ жылдар бойы тұрған Кенен ауылында Кенен Әзірбаевтің музей-үйі жұмыс істейді.
Кенен Әзірбаев әнші әрі күйші ретінде домбыраның екі түрін пайдаланған. Бірі күйге, екіншісі ән салуға арналған.
Кенен Әзірбаевтің музей-үйін басқарып жүрген, атақты ақынның баласы – Әзірбаев Бақытжан Кененұлы «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына ақынның 1950-1960 жылдары күй тартуға қолданған домбырасын және т.б. құнды заттарын Ұлттық музейдің қорына сыйға тартты.
Домбыраның алақаны ұлкен, мойны жуан. Шанағы жеті бөліктен тұрады желімдеп жасаған. Домбыраның дыбыс ойығы мен бет қақпағы қоңыр-қызыл бояумен боялған. Домбыра ескірген, бояуларының сыры кеткен, шанағының орта тұсы бойлай жарылған, сырылған, дақтары бар, оюының үстіне қызыл бояу жағылған, ал қоңыр түсті, тиегі, ішегі бар. Жасалу техникасы: ағаш қол жұмысы, ағашты өңдеу, қыру, оймалау,құрастыру, нақыштау. Өлшемі: Жалпы ұзындығы 103,5 см., мойыны 61,8 см., шанағы 41,5 см., шанағының ені 23,3 см. Қазаргі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық музеінің қорында сақталған ҚРҰМ 4004 [5].
Бұл домбыра Жүсіпбек Елебековтың домбырасы. Күйші Мағауия Хамзин Ж. Елебековтың 1964 жыл 60-жылдығына сыйлаған. Домбыраның жасалу үлгісі ерекше. Мойнының пернелері бір бірінен сары металмен бөліп жасаған, 19 пернесі бар. Домбыраның бетіне қызыл пастамен " Қымбатты Жүсеке! Сізді 60 жылдығыңызбен құттықтаймын! Өміріңіздің ұзақ болуын тілеймін. Мағауя " деп жазылып әйнек пластинамен беті бұрандамалардың көмегімен жабылған. Шанақтың бетінің екі жағы сәндік үшін ойылған. Тиектің төменгі жағы бет қақпақтың үстіне жұқа фанера орнатылған. Жасалу техникасы: ағаш қол жұмысы, ағашты өңдеу, қыру, оймалау,құрастыру, нақыштау. Өлшемі: жалпы ұзындығы 93,2 см., мойны 56,7 см., шанағы 36,3 см., ені 22,3 см. Қазіргі таңда Ұлттық музейі қорында сақталған.
Қорытындылай келе, Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың «Домбыра» өлеңін қоса кетейін.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра.
Қазақ нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды содан сұра тек қана,
Одан асқан жоқ шежіре,одан асқан жоқ дана.
“Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын”,
Деп бір қаһан шанағына құйған оның қорғасын.
Жалған сөйлеп көрген емес бірақ соның өзінде,
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.
Бір ішегінде биіктік бар,бір ішегінде тереңдік,
Ол мақауды сөйлетеді,жылатады кереңді.
Көкірекке толған кезде бар қуаныш,бар бақыт,
Сандуғаш боп,бұлбұл болып сайрайды ол әр уақыт.
Көкірекке толған кезде бар қасірет, бар қайғы,
Бозінген боп боздайды ол, бозінген боп сарнайды.
Білгің келсе біздің жайды,содан сұра тек қана,
Одан асқан жоқ шежіре,одан асқан жоқ дана.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра.
Қазақ нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра.
Аннотация: Домбра – драгоценное достояние нашего народа. Казахские ремесленники мастерски освоили сложные узоры и резьбу по дереву и кости. Продвижение этого искусства и прославление трудов мастеров, вдохнувших жизнь в мелодичные струны домбры, – наша главная задача. Кроме того, необходимо бережно сохранять домбры великих мастеров, которые, как зеницу ока, хранятся в фонде Национального музея Республики Казахстан, и демонстрировать их широкой публике, чтобы воспитывать уважение к национальному искусству среди молодого поколения. Повышение статуса священной домбры, которая веками занимала почетное место в каждом казахском доме, – это наша обязанность.
Abstract: The dombra is a precious treasure of our nation. Kazakh artisans have masterfully perfected the intricate carvings and patterns crafted from wood and bone. Promoting this art and honoring the works of craftsmen who brought life to the melodious strings of the dombra is our primary mission. Additionally, it is essential to carefully preserve the dombras of renowned artists, safeguarded as treasures within the collection of the National Museum of the Republic of Kazakhstan, and to showcase them to the public, fostering an appreciation of national art among the younger generation. Elevating the status of the sacred dombra, which has held a place of honor in every Kazakh home for centuries, is our responsibility.
Әдебиеттер тізімі:
1. Қазақтың дәстүрлі музыкалақ аспаптары.
2015 Алматыкітап баспасы – 2015 ж. [1][3] 9/112 б.