Қазақ халқының ежелден келе жатқан беташар дәстүрі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы.
Беташар – әдетте келін түсірілгенде атқарылатын міндетті салтымыздың бірі. Кейінгі кездері шоуға айналып кеткені болмаса, беташар дәстүрі негізінен босағадан енді аттаған келінді сол әулетті таныстыруға ғана арналған салт. Әрі ол тек қазақ халқында ғана бар, өзге жұрттарда кездеспейтін ғажайып дәстүр. Келінің бетін ашқан адамға той иесі қолынан келсе, ат мінгізіп, қасқыр ішік, түлкі тымақ беріп құрмет көрсеткен. Яғни әркім өз шамасына қарай жоралғысын жасап, мәре-сәре болып жататын айрықша дәстүр.
Ал қазір беташардың да мазмұны өзгеріп, басақаша сипат алып кетті. Шоуға айналдырып алдық. Ұлттық дәстүрден хабары барлар беташардың зәулім той сарайлары мен мейрамханаларда жасалуын құп көре қоймайды. Жаңа түскен келіннің беті өзі табалдырығын аттаған шаңырақта ашылады. Ол аздай бұл дәстүр түнгі мезгілде де орындалып жүр.
Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиұлының айтуынша, беташар – өзінің туған отауынан ата-анасының ақ батасын алып, жаңа босағаны оң аяғымен аттап кірер алдында жасалатын қазаққа ғана тән ғұрып. «Негізінен рәсім екі бөлімнен тұратын. Алдымен, домбырасын қолына алып, әуелете әнге салып ақын жыр шашумен жас келінді жаңа жұртымен таныстырады.
Екінші бөлімінде ауылдың үлкендері құнды өсиет айтып, мәнді де мағыналы мәліметтер беретін. Беташар мәтінінің сөзі терең, ойы қорғасындай салмақты еді. Сөз қадірін биік қойып, оның әр сөйлеміне ерекше мән берілетін. Сондай-ақ рәсім келін табалдырық аттаған күні жасалып, оған ет-бауыр жақындары мен туған-туыстары ғана қатысқан. Кенен Әзірбаев әдемі жырымен келінінің бетін өзі домбырамен ашқан.
Бүгінде сол өлеңнің төрт-бес шумағы ғана эстрада жанрына салынып айтылып жүр. Оны да бүгінгінің «ақындары» жаттанды, жасанды дауыспен айтатынына қынжыламыз. Еш келістік жоқ. Мұның бәрі – өзімізді келеке ету, салтымызды аяққа таптау. Қазір тойлардағы «беташар» рәсімі тек әншейін «спектакльге» ғана айналды», — дейді Абат Кенжеғалиұлы.
Ардагер журналист, этнограф Марат Тоқашбаевтың айтуынша, беташар рәсімі той аяқталар кезде жасалатын жоралғы. «Иә, беташар – әдетте келін түсірілгенде атқарылатын міндетті салтымыздың бірі. Ертеде беташар рәсімі той аяқталар кезде жасалатын.
Бұл туралы Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде айтады. Әрі ол кезде той тек күндіз ғана өтетін. Ал қазіргі кезеңде уақыт бейімімен кешке, беташар рәсімі той басталарда жасалып жүр. Қазақтың қазіргі беташар рәсімі, өкінішке қарай, ұлттық салтымызды қорлауға, сайқымазақтыққа, беташар айтушының барынша молырақ көрімдік қарпып қалуына тырысқан көргенсіздігіне ұласып бара жатыр. Мұндай тексіздікті тоқтататын кез жетті.
Келін түскен бойда бірден атқарылатын екі шаруа болады. Оның алғашқысы неке қидырту болса, екіншісі – беташар рәсімін өткізу. Беташардың өзіндік мәдениеті болатынын екінің бірі біле бермейді. Ең бастысы – қазақтың келін түсіру қуанышында екі беташар болмайды. Ол бір-ақ рет жасалады. Егер үлкен той алдында үйде жақын-жуықтарға, көрші-қолаңға ілкі той (оны кейде беташар той деп атайды) жасалса, сол жерде беташар айтылу міндетті. Одан кейін мейрамханадағы тойда беташар айтылмайды!» – дейді ол.
Айтуынша, бүгінгі уақытта беташар рәсімі мүлдем бетімен кетті. «Әдетте табалдырық аттасымен көрші-қолаң, жақын туыстар жиналғанша келінді шымылдырық ішіне отырғызып қоятын. Одан соң жігіт жағынан өнегелі екі абысыны келінді екі жағынан қолтықтап ортаға шығарады. Ақын, әнші немесе термеші жігіттер жаңа түскен келінге ата-енесін, күйеуі жағынан жақын туыстарын таныстырады.
Беташар рәсімінде де өзіндік доза болады. Келін сәлем салатын туыстар саны он шақты адамнан аспау керек. Уақыт жағынан да шектеулі болғаны дұрыс. Ал беташарды жарты сағат, бір сағаттан асырып 30-40, 50-60, тіпті 200 адамға сәлем салдырту көргенсіздік, ұят жағдай, дәстүрімізді қорлау болып шығады. Бұған той иесінің білместігі немесе беташар айтушының тойымсыздығы себеп. Сондықтан той алдындағы кездесу кезінде мұндай нюанстар ескерілгені жөн.
Беташар мәтінінің өзіндік ерекшеліктері болады. Әдетте оның әуені өзгеріп тұрғанмен, мәтіні бір арқауға негізделеді. Әдетте ол шағын үш бөліктен тұрады. Алғашқысы – келінге жаңа туыстарын таныстыру, екіншісі – өсиет, үшіншісі – міндет. Өсиет бөлігінде ата-бабалардың өнегесі айтылса, соңғысында ата-енені сыйлауды, ағайын-туыстыққа берік болуды, ұрпаққа имандылық дарытуды, қазақша сөйлейтін ұл-қыз тәрбиелеуді міндеттеген жарасады. Сондықтан той алдындағы кездесу кезінде беташар айтушыға беташардың әлгіндей үш талабын ескерткен жөн болады», – дейді М. Тоқашбаев мырза.
Сонымен қатар этнограф беташардың мәдениеті мен өзіндік әдебін нақтылап берген:
1. Халқымыздың той мәдениетінің бір бөлшегі болып табылатын Беташар салты тарих тереңінен жеткен өзінің ерекшеліктерін сақтауымен құнды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін өлең тілімен өрнектеп жеткізеді. Мұндайда жергілікті ерекшеліктерді ұлттық дәстүрге бағындырған жөн болады.
2. Келін келіп, беташар айтылып жатқанда той қонақтары орындарынан тұрып тыңдайды. Арасында беташар айтушыны көтермелеп, дауыс шығарып қолдап жатады.
3. Көрімдік жинау үшін орындық үстіне табақ қойылып, табақ үстіне орамал жайылады. Көрімдік соның үстіне тасталады.
4. Қыз жағынан келген құда-құдағилар беташар рәсімінде ішке кірмей сыртта тұрады. Оларды ұзақ күттірмеу үшін той ерте басталып, беташар рәсімі ертерек өткізілгені ләзім. Беташар айтушы сыртта құдалар күтіп тұрғанын ұмытпау керек.
5. Келіннің бетін ашу рәсімі бір-ақ рет жасалады. Үйде беташар жасалса, мейрамханада қайталап «спектакль» қоюдың қажеті жоқ.
6. Келін алдағы уақытта өзінің кішілік жолы бойынша үнемі сәлем салып жүруге тиісті адамдарға ғана сәлем салады.
7. Келін күйеуінің атасы мен әжесіне, немерелес жақын ағалары мен жеңгелеріне, күйеуінің әкесі мен шешесіне, күйеуімен аталас және құрсақтас ағалары мен жеңгелеріне, нағашы атасы мен нағашы әжесіне, күйеуінің өкіл әкесі мен өкіл шешесіне сәлем салады.
8. Келін күйеуінің ұзатылған әпеке-жезделеріне, інілеріне, қарындастарына, басқа нағашы туыстарына, өзінен жолы кіші абысындарына, жұмыстағы бастықтарына, көршілеріне, кластастарына сәлем салмайды. Егер біреуді сәлем салуға қосқысы келсе, оны той иесі шешеді.
9. Келін сәлем салатын туыстар саны 12-15 адамнан аспау керек.
10. Беташар рәсімі уақыт жағынан шектеулі, 15-20 минуттан аспайды.
11. Беташар рәсімі басқа рәсімдердің орындалуына, атап айтқанда, құдаларды қарсы алып, төрге оздыртуға кедергі жасамауы ләзім.
Беташардың әдебі
1. Беташар дыбыстық қуаты жағынан өте қатты да емес, өте баяу да емес, орташа деңгейде айтылады.
2. Беташар айтушы әзілдеймін деп, сәлем салынатын адамдардың намысына тимеуі керек.
3. Беташар жұртты шаршатып әбіржітетіндей ұзақ боп кетпегені жөн.
4. Беташардың бизнестік трансформациясына жол берілмейді. Беташар айтушы тасталатын көрімдікке қызығып, ашкөздік пен сорақылыққа ұрынбауы керек.
5. Беташар айтқан адам беташар рәсімін бітірген соң, көрімдікке жиналған ақшаны алдын ала белгілі бір ақыға келісілген болса, той иесіне береді, ондай келісім болмаса, орамалдағы көрімдікті толықтай өзі алады.