Қазақ батырларының тағдыры. Шақшан батыр
10.12.2024 198

 «Ақтабан шұбырынды - Алқакөл сұлама» жылдары шашыраған қазақты сыртқы күштер оңай олжалаған заманда, атақты батырлар Жасыбай, Олжабай, Бөгенбай, Қабанбай, Шақшан [1] және басқалар XVIII ғасырдың басында кеңеске жиналып, бейбіт қазақ ауылдарын жаулардың жойқын шабуылдарынан біржола арылтуға шешім қабылдаған. Қайтпас қайсар, еш жаудан қорықпайтын ерлер, батыр елі үшін семсерлесіп, жебе атқан. Ол үшін өмірлерін сарп қылған. Әр рудың өзінің қолбасшылары, қарамағында сарбаздары болған. Ұрпақтарының болашағы үшін көтерілістерге қатысқан, елін жеңіске жетелеп отырған батырлар танымалдылығы арқасында өшпес іздер қалдырған. Олардың жүріп өткен ерлік іздері аңыздарда, жер су аттары атауларында тарих болып қалды. 


XVIII ғасырдың көрнекті батырларының бірі, көптің назарынан тыс қалған ру басы Шақшан батыр зерттелмей, еленбей қалып келді. Дегенмен, кезінде мекен еткен жерлері Шақшан тауы, Шақшан болысы, Шақшан бекеті, Шақшан ауылы, Шақшан қыстауы, Шақшан адыры, Шақшан шатқалы, Шақшан жері, Шақшан тұз көлі деген атаулар қалған.

Тілеке Жеңіс [2] пен Тілеукен Ахметұлы Еңсебаев кітабына сүйеніп, Шақшан батыр ата-тегі туралы Рауанқажы Сейфулин [3] мақаласында дәйектеген. Шақшан – Мәмек – Жауғаш – Ақтілес - Басентиін деп берген. Шақшанның арғы атасы Бәсентиін. Арғын-Бәсентиін руының Ақтілес тармағы. Ол шамамен 1700 - 1770 жылдары өмір сүрген деп жорамалдаған.

Т.А. Еңсебаев кітабының 222 бетіңде «Павлодар уездь қазақ шежіресі»,- деген бөлімінде «этнотопонимы связанные родом Басентин» кестесінде келтірілген. Кестеде «Шақшан геотопоним, ороним, нас.пункт, гора, 3 урочище» деген сөз тіркестері шынымен келтірілген. Топонимикалық тұрғыда Шақшан сөзін «пылная сопка» деп аударған, жерді Ақтілестер мекені деп жазып қалдырған. Ол деректер Г.Н. Потанин атындағы тарихи –өлкетану музей қорында сақталған [4]. Оны «Пыльная сопка» деп филологиялық тұрғыда тура аударма мағынасын беріп қалдырған.

Шақшанның түп атасы Ақтілес туралы өлеңдер де ел аузында жазылып қалған-ды. Соның бірі 

«Қос өзен Есіл, Ертіс екі арасы, 

Жайлауы Ерейменнің кең саласы, 

Ақ жолды, ашық қолды Ақтілестің, 

Жауғабар, Жауғаш, Биғаш үш баласы» [2, 220]. 

Ақтілес тарихы Қимадиден Нығмановтың «Атырау» [5] романында да жазылған. Малтабар, Шақшан т.б туралы баяндалған. Тарихи роман деректері бойынша, Ақтілестен Жауғаш, Биғаш, Жауғабар туады. Жауғаштан Уәріс, Мәмек, Биғаштан Әйтімбет, Малай, Жауғабардан Еламан туады. Мәмектің үлкен қатынынан Бабақ пен Шақшан, тоқалдан Жайық пен Шелек туады. Есен, Қамбай, Байназар деген де балалары болған. Осылардың ең үлкені Бабақ ересен батыр болған. Оның төрт түлігі мыңғырып өскен бай екен. Қазақ арасында бірінің малын бірі жаулап алып олжа етушілік көп болған ғой. Бабақтың малына қызықпаған ел болмаса керек. Қысқа күнде дүркін-дүркін келген шапқыншыдан Бабақ батыр өз малын қорғап қалып отырады. Шапқыншы көбейе берген соң, Бабақ бір ата Ақтілестің жігіттерінен қол жинап, жақсы жер, шұрайлы жайылым іздеп келіп, Сарыадырдан бірақ шығады. Өз бауыры Сабамен табысып, мұндағылармен күш қосып малды бірге бағады. Малы да, басы да көбейіп, өздерін өздері қорғай алатын күшке ие ауыл болады» делінген. 

Жауғабардың баласы Еламанның жесір әйелі Ұлы жүз үйсін Аққожа бидің жалғыз қызы Айбаршаның Шақшанмен жарасқаны туралы Қимадиден Нығманов романда былай жазған: «Бабаң Бабақ әулеттің адамы болыпты. Барымтадан мал алмайтын, өз малын бермейтін бір сап жауынгердің қолынан келмейтін батыр боп өткен. Заман күштінікі, кім атта ойнап шабандоздық және батырлықпен көрінсе, сол дүлей түндегі дүрбелеңнің, ашық аспан астындағы аттаныстың ортасында жүреді. Қазақ болып Тәуке хан ту тіккенде Бабақ қолын жинап аттанып кетеді. Еламанның жаңа алған тоқалы Айбарша екіқабат болып жесір қалады. Жас сұлу іргелі елдің қызы екен. Әмеңгерлеріне көңілі тоқтамай, ұлы жүздегі төркініне алып кет деп хабар салып отырғанын естіген. Ат төбеліндей Ақтілестің тумаса да бір баласы ішінде кетуін қимаған ел дамылсыз кісі салғанымен, Айбарша көнбей қойыпты. Бабақ әлі үйленбеген бауыры Шақшанды сол Айбаршаға жұмсайды. Жас сұлу келіншек әлі үйленбеген батыр жігітті көріп, аз босаңсыған емегі бар-ды. Бабақтың қолы Еламанның ауылына келіп қонып аттанбақ болады. Жауғабардың баласы Еламан жалғыз болатын. Алдыңғы өткен соғыста батырлығын паш етіп қаза болған. Оның үлкен қатынынан Маймыл-Жобай туған. Екінші әйелінен Алпаш, Болпаш, Қалманбет әулие туған. Ұлы жүз үйсін Аққожа деген бидің бұла өскен еркесі, жалғыз қызы Айбаршаны үшінші әйелдікке алған жылы сол-ақ еді. Іргелі елдің білікті адамының қызы осыдан туған балаға Ақтілестің қара шаңырағын қалдырамын деген Еламан батыр қаза шекті. 

Ақтілестің Жауғаш, Биғаш, Жауғабар үш баласының кішісі Жауғабарда қалған қара шаңырақ оның жалғызы осы Еламанның қолында болатын. Еламан көзінің тірісінде өзге әйелдерін баласымен жеке шаңырақ етіп шығарды да, Айбаршаны алғаннан кейін қара шаңырақты одан туған балаға ұйғарып, сонда түсірген. Міне енді сол Айбарша ереуілді жылдар ішінде бітігі бар жесір қалды. Оның үстіне тәккаппар сұлу келіншек төркініне арқа сүйеп, әмеңгер таңдамай қойды. Қара шаңырақ иесін жат елге қимаған Бабақ батырдың соңғы амалынан түйсік береді. Оны шегіне жеткізуге мұрша болмай, тағы да ереуілге аттанып бара жатыр. Ақтілестің алпыс батыры бастаған 600 атты әскері келіп қара шаңыраққа түнеп шықпақшы болды. Бабақ Шақшанды оңаша қасына алып қысқа-қысқа кеңес айтты. «Атыңның тұяғына тобылғы қағамын. Ертең аттанғанда ақсап қалған атты сылтау етіп осы ордада қаласың. Оңаша қалып Айбаршаны өзіңе қарат. Бұл жолғы сенің жорығың сол болсын. Қара шаңырақтың иесі Айбаршаның ішіндегі шарана сыртқа кетсе, сенің жер басып жүргеніңнің керегі жоқ», - деді.

Ертеңінде қосын аттанғанда бірге аттанған Шақшан қайтып оралып, Айбаршаға оңаша тағы қонды. Ақтоқалдың ақ төсегіне қарғып мінген көрікті жас батыр жас тоқалдың көңілін табады. Содан барып Айбарша Шақшанға тәуелді болады. Жорыққа аттанған батырлар аман оралса, некемізді қиғызамыз деп уәде жасайды. Бұлардың тілегі қабыл болады. Екі ай бойы жортуылда жүрген Бабақ қолы аман келе жатыр дегенді естиді. Сонда Айбарша: Бабық батыр менің саған қосылуыма қуана ма?» - деп сұрайды Шақшаннан.

- Қуанады, - деп жауап береді Шақшан.

- Қаһарланбай ма? - дейді Айбарша.

- Қалайша?

- Маған сөз салған батырдың өзі болатын.

- Маған да сөз салған сол батырдың өзі.

- Олай болса мен алдынан шығып сауға сұраймын, - дейді Айбарша.

Айбарша ат-тұрманын сәндеп келе жатқан батырдың алдынан шығады. Жауды жеңіп атағы жер жарып келе жатқан Бабақ көңілді еді. Алдынан Айбарша жеңгесі шыққанда мұндағы жәйді білмейтін ол қайран қалады.

- Сауға батыр, сауға, - дейді Айбарша айғай салып.

- Ал, сауға болса ал, - деген Бабақтың «Айбаршаның бұл қай айласы, біржолата құрықтан шығайын деген екен ғой» деп күдіктеніп іші әлем-жәлем болады.

- Алатын сауғам бір басым, - дейді Айбарша.

- Бір басың болса ала ғой, - дейді Бабақ. Бәрі де бітті деп ойлайды ішінен.

- Ініңіз Шақшанмен некемізді қиыңыз, - дегенде Бабақ қуанып кетеді.

Айбаршаға дән риза болып келе сала той жасап, екеуінің ақ некесін қияды. Айбарша айы-күні толып Еламанның үміті ұл табады. Атын Ерейде (жер аты. Автор) туды деп Ерубай қояды. Шақшаннан одан кейін де үш ұл табады. Олардың атын да Айбарша өзі қояды. Екінші ұлы Шерубай. Үшінші ұлы Жайылған, төртінші ұлы Жайлау. Міне солар Шақшанның баласы болып тарайды.....»

Шақшанның ағасы Бабақ батыр болса балаларымен 1729 (болжамды) жылы күзде қаза болғаны айтылады. «Сәмеке ханның қалың қолын қалмақтың Сыбан-Рабтан бегі қырғынға ұшырата жеңгенде» Сол соғыста Бабақ батыр өзінің бес баласымен қаза тапқан екен. Ол туралы былай жазылыпты «Шақшаның ағасы Бабақ батыры туралы «Бабақ қолын жинап, жылқы бетінде қос тігіп жата береді. Ауылда еркек кіндіктен Қалманбеттен басқа ешкім қалмайды екен. Қалманбет Еламанның баласы. Еламанның бәйбішесінен Маймыл-Жобай, тоқалдан Алпаш, Болпаш, Қалманбет туған. Қалманбет Бабақ атамызбен бір жылғы құрдас екен. Бабақтың бәйбішесі Тоқбике әжеміз қосқа жіберуге қымыз артып жатқанда Қалманбет келеді. Үстінде киім бар ма, жоқ па оған қарамай жүгіре басып желіп жүреді екен. Айтқан сөзі күн аумай дәл шығып отыратын көріпкелі бар екен. Оны біреу әулие, біреу жынды деп атайды. Шынуайтында Қалманбет әулие екен. Ол Тоқбике анамыздың нарға саба теңдеп жатқан кезінде келіпті. Үстінде алдынан айырылып жыртылған көйлегі бар екен. Басқа киімі жоқ, түп жалаңаш болыпты жарықтық. Келін-кепшік, әйелдердің алдына сол бетімен жетіп барғанда Тоқбике анамыз:

- Ойбай бетім-ай, келіндер ұялады әрмен жүр, әрі кет – дейді.

- Тоқта, тоқта Тоқбике, сабаңа сариын деп едім, тоқта, тоқта – дейді Қалманбет. Кіші дәретке отырғысы келген балаға ұқсап жыныс мүшесін қолына ұстап жүгіріп ұмтылады.

- Кет қырсық, кет жынды, кет! - деп Тоқбике тобылғы таяғымен ұрғылап, денесіне батырып жолатпайды. Таяқ өткен әулие көңілі қайтып тұрып қалады.

- Тоқбике басың томардай домаласын, Бабақ көмусіз қал, Тоқбике ерусіз қал, сабаң қымызға толмасын, екі үйің бір жерге қонбасын, - деп қарғапты да сол бетімен қаңғырып кетіпті. Артынан елге өкпелесіп Алпаш пен Болпаш та кетіпті дейді Қалманбетті іздеп. Осы жайды есіткен Бабақ Тоқбикеге:

- Бекер-ақ еткен екенсің бәйбіше, ол құт сарушы еді ғой, - деген екен. Бабақ Қалманбетті іздеймін деп жүргенде бүтін қазаққа келген ауыртпашылық Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама болды ғой..... деп, Малтабар қамыға тоқтап қалды.......» делінген. 

Басентиін Ақтілес руынан шыққан батыр Шақшан кейінгі жылдары ағасы Бабақ батырдың ізін басып, ру басы болып, құрметке ие болған болуы керек. Баянауылдағы жер су атаулары соның құрметіне аталған. 

Тәуке хан ту тіккенде (1680 ж.) Бабақ қолын жинап аттанып кетуіне қарағанда 1680 жылдың шамасы болуы керек. Сонда Бабақтың үйленбеген бауыры Шақшан 18-20 жаста болса, 1660 жылы туған деуге болады. Осы жылдары Ақтілестің тармақтары бұл жерлерде біраз тұрақтағандары болып тұр. Өйткені Ертістің жағасына жағалай Бәсентиіннің Ақтілес, Сырым, Күшік, Әйтей басқа тармақтарының бекініп алғандығы туралы 1750 жылғы Ертіс жағасындағы форпост комендаттарының губернаторларға жазған рапорттарында айтылған болатын. [6] Ол жылдары Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет сұлтанның және ұлдарының иелігіндегі жерлер болған-мыс.

Тек кейінгі жылдары 1878 жылы рулықтан жер атауына өткенде Шақшан батыр атымен Шақшан болысы аталған. 

Ақбеттау мен Ақсу болысының бір бөліктерінен құралған Шақшан болысы туралы [7] Даурен Аяшинов зерттеп жазған болатын. Онда былай делінген: «Павлодар уезінің Шақшан болысы. «1881-82 жылдары Батыс Сібірдің бас басқармасын қайта құру процесінде Дала генерал-губернаторлығы құрылды, ол 1878 жылдан кейін жаңа әкімшілік реформаға әкелді. Ақсу болысының бір бөлігінен (Басентиін руынан) және Ақбетау болысының бір бөлігінен (Әжібай-Қанжығалы руынан) Шақшан пикетіне (Шақшан-Басентиін руынан Шақшан батырдың атымен аталған сопка) іргелес жатқан Шақшан болысы құрылды. Қалыптасу процесі шамамен                2 жылға созылды және әкімшілік бірлік ретінде болыс Семей облысының әскери губернаторының бұйрықтарында алғаш рет 1884 жылы 1 мамырда атап өтілді. Болыстық басқарушы болып Байсүгір Манамбаев (Басентиін руы – Рысбек тармағы, одан әрі руы Б-Рысбек мәтіні бойынша), орынбасары – Шәкір Сейсенбаев (Қанжығалы тегі-бұдан әрі р. К. мәтіні бойынша) бекітілді. Ауылдардағы би: Тостик Сарин (р. Қ.), Сейсембай Шикібаев (р. Қ.), Тәтібай Таласбаев (р. Қ.), Тюлемис Бесимов (р. Қ.), Бабен Қозғанбаев (р. Қ.), Танке Мужиков (р. Б-Қоянбай), Құлмағамбет Сарыкотев (р. Б-Қойсары), Жансүгір Данекин (р. Б. - Рысбек), Есенбай Әбенев (р. Қ.)». Көріп отырғандай бұл жылдары Қанжығалы рулары орныққан. Ақтілестің жоғарыда аталған тарматары Баянауылдағы Малтабар, Сарыадыр, Сары көл жерлерінен Ертіс жағасына қарай ауысқан. Ол жерлер Қанжығалы басқа да рулардың тармақтарына тастап кеткен болатын.

Шақшан батыр, би, рубасының Елубай, Шерубай Жайылған Жайлау атты 4 ұлы болады. Олардан Алан би, Дауек болыс, Алпыс балуан, Тінәлі би, Өте балуан қатарлы танымал ұрпақтары болған. Ол жылдары Ертістің жағасындағы Атыраулы деп аталатын жер қонысында тұрған. Бүгіндері үрім бұтағы сол өңірлерде тұрады. Қазіргі Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов пен Қараоба селолық округ аумағындағы жерлер.

Бүгінгі күнде Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері экспедициялық топ құрып, Шақшан батыр бабаның мәңгілік мекенін, жатқан орнын анықтауға ағымдағы жылы зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Экспедициялық топ қатарында Май ауданының депутаты, өлкетанушы Берік Ескендіров пен Шақшан батырдың ұрпағынан тарихшы Рауанқажы Сейфуллин болды. Бұл іздестіру жұмысында тарихқа қызығушылық танытып жүрген «Жасыбай қоғамдық қоры» азаматтары да экспедиция құрамында болды. Олар тарихи дерекнамалар бойынша Шақшан батыр жатқан орынға келді. Зерттеулерімен, ғылыми топшылауларымен, ойларымен бөлісті. Олар жер шоқылары топонимикалық атаулары бойынша деректермен алмасты. 

Сонымен қатар, Павлодар облысына танымал гинеалог, тарихшы-мұрағатшы және өлкетанушы, тарих ғылымдарының докторы Аяшинов Даурен Масығұтұлынан бұл экспедицияға қажетті Шақшан батырдың мәңгілік орны бекітілген координаты бар мәліметтер алынды. Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басшылығы басқа да көмектерін көрсетті. Сұлтанбет Сұлтан орталығының ғалымдары мен ғылыми қызметкерлері кеңестер мен нұсқаулар берді. Қолдағы координаттардың сілтемелерімен танысып, деректерге сәйкес зерделенді. 

Соның ішінде, ел аузында көп айтылып жүрген Шақшан тауы туралы аңыз әңгімелердің шындыққа жанасуы тұрғысында жауап ізделді. «Атырау» атты романында баяндалған Шақшан батыр деректері талқыланды. Картографиялық мәліметтер қарастырылды. Шақшан батыр гинеологиялық шежіресі талқыланды. 

Бұдан соң экспедициялық топ Ақсу, Май аудандары елді мекені Ақшиман арқылы Қалмақ қырған жерін аралап, тіке Шақшанға жол тартты. Баянауыл Бірлік совхозының Ақмектеп деп аталатын ауыл сыртындағы қыстаққа келіп жетті. 

Қыстақтың азаматтары экспедициялық топтың Шақшан қыстауын басып өтіп, Кіші Шақшан жеріне келіп қалғанымызды айтты. Шақшан тауына баратын жолды көрсетті. Шақшан тауының өзі бір жағына ойыса ұзарып жатыр екен. Ұзарып жатқан екінші жағы «Кіші Шақшан» деп аталатын көрінеді. Бұл қоныстың қасында қабірлер болды. Бұл қабірлар Мұрат Ишан қожалармен, басқа да әулиелермен байланысы бар өзге адамдар екендігі туралы мәлімет алдық. Қожаға байланысты жазбалар табылғандығын тілге тиек етті. Кейіндері сұрастырғанда, басқа ел азаматтарының айтуынша «бұл қорымда қожа дегендей жазу табылған» деп ақпарат берді. Шақшан бабамыздың жатқан жерін, онымен байланысты деректерді іздеп жүргендіктен, Шақшан бабамыздың әйелі, Ұлы жүз Үйсін тармағынан Аққожа бидің жалғыз қызы Айбарша да ғылыми нысанамыздан тыс қалмады. 

Шақшан жерінде тұратын азаматтардың айтуы бойынша, бұл өңірді әулиелі жер дейді. Тылсым уақиғалар болып тұратын көрінеді. Біреулер қожа деген жазу табылған, сол себепті қожалар мекені депті. Алыс -жақыннан зиярат етуге келіп тұратындар да бар көрінеді. Шақшан батырдың жұбайы Айбаршаның да бұл жерден табылуы, оның мәңгілік мекені Шақшан тауларының маңында жатуы заңды. Жағалай Шақшанның атымен іздері көрінген соң Шақшан батырдың жары Ұлы жүз Үйсін Аққожа бидің қызы Айбарша жатқан жер ме дегендей ой да мазалады. Әулиелер мекені болғандықтан Құлманбет әулиенің жатқан жері ме екен деген ой да келеді.

Содан Шақшан тауына жол тарттық. Белгіленген орынға жетісімен Шақшан тауының басына шықтық. 

Шақшан тауының басына көтерілгенде жан жағындағы жайлаулары мен көлдері алақандағыдай көрінді. Шақшан тауының ең жоғарғы нүктесінде тас құландылары шашырап жатқаны да бар. Ол «Бақауылдың» орны деп жорамалдадық. Шақшан тауы басындағы «Бақауыл» ерте жаугершілік замандары жауды қарайлап отыру мақсатында, әнде белгі беретін орын ретінде қолданған. Ерте заман көрінісінен сыр шертетіндей әсерлі болып көрінді.

Бұл таудың аты Бәсентиін руының Ақтілес тармағынан шыққан Шақшан батыр бабамыздың атының құрметіне берілгені анық еді. 

Шақшан тауының басынан төмен қарасақ, көптеген зиярат орындары жағалай ана жерде, мына жерде көзге анық көрінеді. Бірі 100 жылдық, екінші-үшіншілері 250 жылдың әрі берісіне ұқсас белгісі бар мола орындары анық көрінеді.

Сонымен картографиялық дерекке сүйеніп «Могила Шақшан» деген нүктеге бағыт алдық. Алдын ала Шақшан тауының сағасындағы қыстау үйден бекітілген координат бойынша 950 метр Шақшан тауынан 1 шақырым төмен түстік. I ғасырлық қорымдар артынан ескі қорымдар ішінен үлкендеуі зират орны нүкте ретінде көрсетілді.

(кординаты 51 05 25.1N -  75 55 37.8 E)

Оның ешкімге еленбей жатқан, басқаларға қарағанда 7 х 7 аумағы, мен үйінді биіктігі ауқымды қорымды көрсетті. Координаттың 2,3 метрге ғана қате көрсеткеннің өзінде шатасу мүмкін емес болды.

Сонымен, көптен іздеген ата баба аруағының мәңгілік мекен болып жатқан орны анықталып, картаға бекітіп, құран бағыштап қайттық. Жоғарыда баяндалған негізде зерттеу жұмысы ойдағыдай шешімін тапты. Осы істің жүзеге асуына үлкен үлес қосқан азамматтарға, әсіресе Павлодар облысына танымал, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік мұрағаттары XVIII ғасырға дейінгі тарихты, оның ішінде шежіреге қатысты генеалогиялық зерттеулер жүргізіп, елді мекендердің тарихын қалпына келтіруде еңбегімен танылып жүрген Аяшинов Даурен Масығұтұлына алғысымды білдіргім келеді. 

Осы экспедиция барысында анықталған бірқатар деректерге тоқталғым келеді. Шақшан бабамыздың генеологиялық тарихында Биғаш дегенге қатысты да сәйкестік болды. Шақшан тауы орналасқан жерде Шақшан болысы кезінде Биғаш ауылы болған. Даурен Аяшинов Шақшан болысы бойынша толық зерттеулер жүргізген дерегінде Биғаш ауылының старшинасы Мырзағұл туралы дерек бар. Ескі картада Мурзагул деп басылған жер аты жазылған. 

Шақшан болысының аумағынан қазіргіге дейін белгілі Сары адыр жері бар. «Ақтілестің ұрпақтары Сарыадырды жайлап Сары көлді мекендеп Саба ауылы атанғандығы. Сабаның «Бес сарысы» осылар. Жаугершілік заманда быт-шыт болған» деген ел аузында да бар. Сары адыр мен сары көл сол Шақшан болысының аумағындағы жерлерден табыла кетті. 

Онда Ақтілестің жігіттері жиналып Сарыадырға көшіп келгені туралы жазылған. Баянауыл аудан орталығы мен Шақшан тауының ортасында жолдың жиегінде қасиетті бұлақ ағатын өңір. Сол өңірді жергілікті халық Сарыадыр деп атайды. Оның солтүсік жағында Сары көл деген көлі бар, сол өңірде әлі сақталған. Бұрынғы Сарыадыр жері мен Сары көл әлі күнге дейін аты белгілі орындар. 

Сонымен бірге, Ақтілестің Малтабарына байланысты бұл өңірде ауылы ретінде тарихта жер аттары белгіленіп қалған. Баянауыл орталығына бара жатқан жолда Малтабар ауылы жер аты болған. Ақтілестің Малтабарының жері ертеде Баянауылдың кіре берісіндегі өңірден болған көрінеді. Қазір көнеден келген Малтабар ауылының атын Моялды деп өзгертіпті. 

Қимадиден Нығмановтың жинағындағы біз барған жер атауларына қатысты бір атадан тараған көрнекті тұлғалар туралы көптеген жазбасында ұйқасты мәліметтер болды. Оларға тоқталатын болсақ. Олардың бірі, Ақтілестің батыры Нарнайдың әкесі Саба байға сан біткендігі туралы да жазылғаны. «Сонша мал біткен Сабаға да алғашқыда бір торы тай жолыққан. Сол торы қылып берген малмен танылған. Ол да неғайбылдан кездескен-ді. Саба Сарыадыр деген сары далада жалғыз өзі қаңғырып жүріп, бір тобылғының түбінде ұйықтап жатса, түсінде бір ақ шалмалы қария адам келіп: 

- Пай-пай! Саба байдың үйір-үйір жылқысы-ай, қора-қора қойын-ай, табын-табын сиыры-ай, лек-лек өрген түйесін-ай деп ұзай беріп, көкжиектен ғайып болыпты, - дейді. Түсіне таң болған Саба ояна келсе бір қотыр болған жетім торы құлын тобылғы еміп жанында тұр екен дейді. Жаңағы құлынды жалынан ұстап, отты жермен айдап отырып сар даланы кезіп жүре беріпті....»  «Сол мекенде тұрақтап тұрып қалған Сабаға аға-бауырлары Жәнібек, Тапай, Мамыр, Төлеміс және Өтеп батырдың бес баласы Шақабай, Байшақ, Қарнақ, Көбес, Сарша келіп қосылады. Осыдан барып жаңағы Сарыадырды жайлап, Сары көлді мекендеп Саба ауылы атанады. Сабаның «Бес сарысы» осылар.» деп Қимадиден Нығманов жинағында жазылған. 

Сонымен, экспедииялық топтың жұмысы нәтижелі болып, Шақшан батыр және оның төңірегіндегі Ақтілес ұрпақтарының жатқан орындары табылды, кезінде мекендеген, қоныс тепкен жерлері табылды деген қуанышты ақпаратпен бөліскіміз келеді.

Әдебиеттер:

1. По следам старых легенд / П. С. Балабаева, М. Ларионова,  С. Матвеева, В. Сидельникова, Л. Стесина, П. Шевова. 1976 г.

2. Тілеке Ж. Шежіре: Ертіс – Баянаула өңірі. – Павлодар : «Дауа», «Қазақстан», 1995. – 368 б. 

3. Сейфулин Р. «Шақшан батыр жайында бірер сөз» // http://mazhab.kz›kk/maqalalar/din-men-dastur…batyr…birer…

4. Г.Н.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінің қоры бөлімі. Т.Еңсебаевтің жеке тектік қоры.

5. Нығманов Қ. Атырау// mezgil.kz›e/action/ShowInfo.php…

6. Иститут истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова. Из истории казахско-российских отношений XVIII век. Сборник документов 2019 г.

7. «Шақшан болысы» Аяшинова Д.М. (Астана) и Попова Ю.Г.  (С.-Петербург) 

Рүстембек Қалымқұлов, 

Г. Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты 

Әскери Даңқ музейінің басшысы