2024 жыл Қазақстан Жазушылар одағы үшін жемісті әрі есте қаларлық жыл болды. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің бастамасымен жүзеге асқан ұлттық және халықаралық жобалар халықтың, шығармашылық орта мен мемлекеттің оң бағасын алып, әлеуметтік желілерде жылы пікірлермен қолдау тапты.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының тұсаукесері – Жазушылар одағы мен ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының жыл қорытындысындағы маңызды жобаларының бірі болды. Бұл шара өзгеше форматта ұйымдастырылды. Аталған жиынның идея авторы – Мереке Құлкенов. Шараның ерекшелігі – қазақтың кең дастарқаны басында еркін пікірталас пен шынайы ой алмасу болды. Дегенмен, ресми рәсімдер де ұмыт қалмай, лента қиылып, құттықтау хаттар оқылып, шығармашылықты дәріптейтін жылы лебіздер айтылды. Өлең оқылып, Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған әндер де шырқалды.
Тұсаукесерге ақын-жазушылар, тарихшылар, әдебиетшілер, мәдениет және өнер қайраткерлері, этнограф-ғалымдар, журналистер мен Қазақстан Жазушылар одағының ұжымы қатысты.
ҚР Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, Мемлекет басшысының атынан Алғыс хатын оқып, Алтын барыс төсбелгісін табыс етті. Дулат Исабеков, Өмірәлі Қопабаев, Нағашыбек Қапалбек, Жанғара Дәдебаев, Қансейіт Әбдезұлы, Мәмбет Қойгелдиев, Марат Тоқашбаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Зайда Елғондинова, Роза Есенбаева, Раушан Каршалова, Гаухар Балтабаева сынды зиялы қауым өкілдері тілектерін білдірді.
Биыл сонымен қатар Қасымхан Бегманов басқаратын ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының жарық көргеніне 15 жыл толды. Журнал ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуда маңызды рөл атқарып келеді және алдағы уақытта да осы бағытта қызмет ете береді.
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының тұсаукесерінде әдебиет пен мәдениет майталмандарынан жылы лебіздер мен ақ баталар айтылды. Бұл шара тек әдеби туындының ғана емес, қазақтың ұлттық дәстүріне де жоғары баға берілгенін көрсетті.
Шара барысында айтылған әрбір лебіз бен бата – қазақтың болашағына деген сенімнің нышаны сияқты көрінді.