Шәрбану Бейсенова: Сүйінбике білезігі
25.11.2016 2817
Біз журнал тағайындаған ерекше марапат-сыйкәдені көрдік. Қоғамдық еңбекте ерекше нәтижеге жеткен қыз-келіншектерге арналған марапат бар екен. Ол – Сүйінбикенің кескіні бедерленген таза күміс білезік

Белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенованың идеясымен жарық көрген «Сүйінбике. Ұлы дала аруы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өткенін бұған дейін де жазған болатынбыз. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қабырғасында өткен кезекті салтанатты шарада Сүйінбикенің тағдыр мен трагедиясына, Қазан хандығының сол уақыттағы ахуалына тарихи шолулар жасалып, кітаптың ұрпаққа берер тағылымы сөз болды.

Кешті жүргізген ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызының айтуынша, Сүйінбике мен Сүзге секілді алаш аруларының тарихы жайында көп айтыла бермейді. Туған елінің азаттығы үшін жанын қиған сұлулардың ерліктері, адами қасиеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Кітаптың идея авторы және құрастырушысы Шәрбану Бейсенова Сүйінбике тақырыбына қалай келгенін баяндап берді. «Қазақстан әйелдері» журналында 18 жылдан астам уақыт қызмет атқарған қаламгер басылымда тарихи тұлғалар есімін, қазақ әйел қайраткерлерінің атын қайта жаңғырту мақсатында арнайы айдар ашылып, деректерді там-тұмдап жинап, алғаш рет жаза бастағанын айтты. Сонымен қатар автор Қазан хандығы мен патшалық Ресейдің қарым-қатынасын, Ноғай мемлекетінің негізін қалаушы Едіге бейнесін, одан тараған әулеттің тарихын, Қазанның соңғы ханы Сапагерейдің, Жүсіп би мен қызы, түріктің сұлу айымы Сүйінбикенің және ұлы Өтемісгерейдің аянышты тағдырларын аз сөзге сыйдырып әсерлі баяндады. Кітап авторымен он күннің ар жақ-бер жағында екінші мәрте кездесу алдымен кітаптың сапалы, тартымды болып шығуын, сосын қаламгер апайдың қызықты әңгімелеп беріп отыруын көрсете алды десек артық емес. «Фолиант» баспасы ұйымдастырған халықаралық кітап жәрмеңкесінің аясында аталған кітаптың тұсаукесері жасалғанынан оқырман қауым хабардар.

Шара барысында елімізге аты белгілі тарихшы ғалымдар Жамбыл Артықбаев пен Бүркітбай Аяған сөз сөйлеп, еңбектің құны жоғары екенін айтты. Жамбыл Омарұлы кітаптың екінші бөліміне енген Сүзгеге бөлек кітап арнаса артық болмайтынын, оған қатысты тың деректерді сипаттап берді. Сібір ханы Көшімнің кіші әйелі болған Сүзге де Сүйінбике секілді ерлік көрсеткен, қайсар тұлға. Көшімнің моласына қатысты айтқан фактілер де оқырман қауым үшін соны деректер болып табылады.

Мемлекет тарихы институтының директоры Б. Аяған мырза ноғай және татар этностары, Едіге мен Тоқтамыс, Тоқтамыс пен Әмір Темір шайқастарының себеп-салдары, ноғайлардың құрып кету қаупі, қазақ арасындағы өкілдері жайында кеңірек сипаттап берді.

Кітаптың безендірілуі де өте жоғары деңгейде орындалған. Атақты суретші, жақында ғана Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Камил Муллашевтің «Сүйінбике» картинасымен сыртқы мұқабасы айшықталып, ішкі көркемдеулеріне де суретшінің «Қыпшақ аруы», «Сүйінбике» ескерткішінің жобасы суреттері пайдаланылған. 

Сонымен қатар жиында сөз сөйлеген белгілі кинорежиссер Сіләмбек Тәуекел түркі халықтары бірігіп, тарихи тұлғалары туралы көркем фильмдер түсіретін мезгіл жеткенін ашына айтты. Көк экранды жаулаған шетелдік экспанциядан арылудың бір жолы – осы Сүйінбике, Сүзге секілді арулардың өмірін қамтитын фильмдер топтамасы дүниеге келсе деген ойын жеткізді. 

Сүйінбике тақырыбын зерттеу барысында Қазанға сапары түскен Ш. Бейсенова ондағы ағайынның қаһарман қызды қалай ұлықтап отырғанын баяндады. Арнайы тағайындалған «Сүйінбике білегізі» атты сыйлықтың жай-жапсары туралы кітапта жазған шағын материалды назарларыңызға ұсынамыз.

Шәрбану Бейсенова, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: «Біз Қазанға барған сапарымызда «Сөембикә» журналы редакциясында болғанымыз айтып өткен едік. Журнал ұжымы бізді үлкен ынтамен қарсы алды. Бас редакторы Ляйсан Юнусовадан бастап барша әріптестері барынша ыждағаттылық танытып, көп жайларға қанықтырды. 

Осы арада біз журнал тағайындаған ерекше марапат-сыйкәдені көрдік. Қоғамдық еңбекте ерекше нәтижеге жеткен қыз-келіншектерге арналған марапат бар екен. 

Ол – Сүйінбикенің кескіні бедерленген таза күміс білезік. Ол «Сүйінбике білезігі» деп аталып, жоғары бағаланатын сыйлық көрінеді. 

«Ол – жылына бір-ақ рет үздіктердің үздігіне ғана берілетін сыйлық» дейді Ляйсан ханым. Журнал атқарып отырған Сүйінбикеге деген құрметтің бір үлгісі еді бұл.

Сүйінбикенің күреске толы бүкіл ғұмырын кейінгі ұрпаққа үлгі ету жолында журнал осындай игі істер атқарып отырғанына ризашылығымызды білдірген едік сонда. Ол әсеріміз әлі де суйи қойған жоқ. Оған осы жолдардың жазылуы дәлел».

Жиын соңын қорытындылаған ғалым Жанат Әскербекқызы «Ұлы Дала арулары» сериясы жалғасатынын, кезекте Бозоқ-Ақмола-Астана арқауындағы алаштың сұлулары баяндалатынын жеткізді.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)