Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисі тағы бір семинар өткізді

1984
Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисі тағы бір семинар өткізді  - e-history.kz

Нұр-Сұлтан қаласында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Жобалау кеңсесі Қарағанды облысы әкімдігімен бірлесіп Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырған «Кулактарды, байларды, жартылай фе

Zoom арқылы онлайн өткен басқосу барысында Алматы мен Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақ­стан облыстары бойынша жұмыс топтарының жетекшілері баяндама жасап, аймақтарда атқарылған ауқымды жұмыстары жайлы ақпараттармен бөлісті. Заң ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік комиссияның мүшесі, жобалық офистің жетек­шісі Сабыр Қасымов модератор болған семинарға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы Абзал Нүкенов және белгілі тарихшылар мен ғалымдар қатысты. Семинарға қатысушылар 1928-31 жылдары дүние-мүлкі тәркіленіп, қуғын-сүргінге ұшыраған байлар туралы мәліметтерді жинақтау кезінде туындап отырған аударма саласындағы, техникалық кедергілер жөнінде айта келіп, кей бай-кулактарға қатысты ақпараттарды анықтау кезінде құжаттармен алмасу жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Кездесуде сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Жакишованың «ХХ ғ. 20-30 жж. шегінде Қазақстандағы байлар шаруашылығының элиминациясы: Жаңа бағыттар, әдістер мен технологиялар» деп аталатын кітабының тұсаукесері өтті.

Семинарда тақырыпқа қатысты өте маңызды әрі қызықты мәліметтерге толы баяндамалар жасалды. Іс-шараға қатысушылар мұндай басқосулар архив деректеріне қол жеткізуде туындайтын мәселелерді талқылауға қажетті алаң екеніне баса мән беріп, өзара алмасқан ақпараттардың әдістемелік тұрғыдан көп көмек екенін де мәлімдеді. Сондай-ақ кездесу кезінде жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелері тақырыпқа қатысты глоссарий құрастыру, мұра­ғаттардағы мәліметтерді ғылыми ма­қала­лар мен еңбектерге енгізу секіл­ді ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, Өскемен қаласынан қосылған ғалым Қанша Қалиева «Мұндай семинарларда баяндама жасаумен шектелмей, нақты тақырып жөнінде талқылау жүргізілгені дұрыс» десе, Жамбыл облысы комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі Назым Қожамарова бай-кулактарды ақтау кезінде олардың отбасы мүшелерін толық енгізуді ұсынды. Ал профессор Фатима Қозыбақова саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ортақ республикалық электронды база құру жөніндегі ойын айта келіп: «Аймақтарда бір-бірін қайталаған құжаттар өте көп. Осының кесірінен осы уақытқа дейін жасалған талай еңбек зая кетуі мүмкін. Сол себепті барлық ақпаратты бір жерге топтастыруды ұсынамын», деді. Тарихшы сонымен қатар ҰҚК, ІІМ архивтерінде төте жазумен жазылған мәліметтердің өте жиі ұшырасатынын, осыған орай жұмыс тобына араб, шағатай тілдерін жетік білетін аудармашыларды кіргізу қажеттігін айтты. «1920-30 жылдары сауатсыз деп таныған қарапайым орта, тіпті кедей шаруалардың араб тілінде жазба қалдырғанын көріп, олардың сол кезде-ақ көзі ашық болғанына көзіміз жетіп отыр», дейді Фатима Ақынбайқызы. «Қарапайым шаруалар, саудагерлердің көбі 1929-30 жылдары жан сауғалап Қытай асып кетіп, 33-жылдары қайтып оралғанда шекараны заңсыз кетіп өткен деген қылмыстық баппен сотталған болатын. Солардың бірде-бірі әлі күнге дейін ақталған жоқ. Себепсіз сотталып, із-түзсіз жоғалып кеткендер де көп. Олардың барлығын мемлекеттік қылмыскерге жатқызуға болмайды», деп тарихи шындықты ашына айтқан ғалым әлі күнге құпия деп сақталып отырған деректерде ақталмаған жер­гілікті халық өкілдерінің көп екенін жеткізді. «Сотталғандар Қылмыстық кодекстің 84-бабы – шекарадан заңсыз өту бойынша жазаға кесілген. Олар түгелдей дерлік – босқындар. Осы бап бойынша сот­талғандардың бір бөлігі 1955 жылы ақталғанымен, олардан «аса құпия» грифі әлі күнге дейін алынбаған. Өйт­кені ол істерде «эмиграцияға кетуге аштық себеп болды» делінген. Ал 1955 жылы бұл мәселе әлі де құпия болған еді», дейді семинарға қатысушылар. Жұмыс топтарының жетекшілері көп­теген ғалымдарды ақталмаған байлар мен орта шаруалардың тағдыры қызық­тыратынын да ашық мәлімдеді.

Қарағанды облысы бойынша комиссия жұмыс тобының жетекшісі, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков әлі күнге дейін ақталмаған, кеңестік тәркілеу саясатының құрбандары болған бай, орта шаруаларға қатысты ақпараттардың көбі аудандардағы архивтерден табылып жатқанын, қазірдің өзінде көптеген мәліметтер алынып, біраз қор жинақталғанын айтса, керекулік жұмыс тобының мүшесі Әсел Аманова төте жазумен жазылған архив құжаттарының көптігін алға тартты. Семинар жұмы­сының соңында қатысушылар тақырыпқа қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, алда атқарылуы тиіс жұмыс жоспарларын тағы бір тиянақтап алды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы 24 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнаулы Жар­­лығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Қазіргі таңда комиссия төрағасы – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшер­баевтың жетекшілігімен еліміз­дің әр аймағында өңірлік комиссиялар нақты жұмыстар жасап жатыр.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?