Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЭКСПО-ға қатысқан тұңғыш қазақ тағдыры сахналанды

2589
ЭКСПО-ға қатысқан тұңғыш қазақ тағдыры сахналанды  - e-history.kz
Париж аспаны астында қазақ әнін әуелетіп, төрткүл дүниенің өнер сарапшыларын тамсантқан Әміре Қашаубаевтың өмірі қазақ театр өнерінің төрінен орын алды

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры көрермен назарына кезекті жаңа «Әміре» премьерасын ұсынды. Пьеса авторы – жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер – Нұрлан Жұманиязов. Спектакльдің бас суретшісі – Берік Бурбаев. Хормейстері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Амантай Жұмашев.

Бұл драматург Р.Отарбаев пен режиссер Н. Жұманиязовтың Қаллеки сахнасындағы бірлескен екінші жұмыстары. Бұған дейін «Нашақорлар жайлы новелла» пьесасының желісі бойынша «Көлеңкесіз жолаушы» атты драманы дүниеге әкеліп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сүйікті қойылымдарына айналған еді. Енді «ӘМІРЕ» драмасы жарық көрді. Әміренің суреткерлік шеберлігі мен өміріндегі құпиялары жайындағы драматург Рахымжан Отарбаевтың туындысы, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың қолтаңбасымен үйлесіп сахна атты киелі әлемге жол тартты. Спектакльдің бас кейіпкері «Әміре» бейнесін театр әртісі Қасымхан Бұғыбай сомдады. 

Әміре Қашаубаевтың тағдыры тәлкекке толы болды. Парижден келгеннен кейін 1925 - 1934 жылдар аралығында «үш әріп» әйгілі әншіге көрмеген қорлықты көрсетеді. М.Шоқаймен кездескені үшін Әміре КГБ-ның тізімінде болады. Ә.Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданды. Дәл сол күні Әмірені КГБ-ның адамдары өлімші қып сабап кетеді. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш қойылған кезде Әміре Жапал рөлін ойнады. Кейін М.Әуезовтің «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрдың әнші-әртісі болған. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысты. Ол мұнда қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекте» Бекежанның ариясын орындауға тиіс болатын.

 

1934 жылғы қарашаның 5-інен 6-сына қараған түнінде Әмірені далада өлтіріп кетеді. Оның денесін халық даладан тауып алған. Операның премьерасы 1934 жылдың 7-қарашасында өтеді. Әміренің орнына Қанабек Байсейітов шығады. 1925 жылы Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған "Жалғыз арша", "Үш дос", ''Ағаш аяқ", "Смет", "Дудар-ай", ''Бес қарагер" әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж.Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілді. Әміре орындаған қазақтың классикалық әндері ол айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты.

Бұл ретте Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, М.Ешекеев, Б.Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап айтқан жөн. Ә.Қашаубаев туралы жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филормония Ә.Қашаубаев атымен аталады.

Ендігі тілегіміз, Әміренің Парижде шырқаған осы әндері келер жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің Қазақстан павильонында асқақтап тұрса қандай ғажап болар еді. Қазақ баласының ЭКСПО көрмесіне осыдан бір ғасыр бұрын қатысып, ән салғаны мақтанып көрсетуге тұратын-ақ іс қой.

Әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?