Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанин

4260
Қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанин - e-history.kz
Қазақ халқының ұлттық өнерінің дамуына зор үлес қосқан актер, музыкант, жазушы-драматург, еліміздің алғашқы режиссерінің бірі Жұмат Шанин туралы қанша жазып-айтсақ та артықтық етпейді

Жұмат Шанин 1892 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Арғы атасы Қожамберді деген батыр адам болыпты. Өз атасы Шана бес ағайынды, дарынымен, алғыр қасиеттерімен маңайын мойындатқан, өнерпаз кісі болғанға ұқсайды. Шананың ұлы Тұрғынбайдан екі ұл – Жұмат пен Әкіш туады. Баянауыл тумасы, қадірлі ақсақал Нығмет Жәмінұлының айтуынша, Жұматтың әкесі Тұрғынбай сүйегі берік, қайратты, мінезі тура, әділ адам болған. Ол керісінше, ән-күйге, домбыраға қырсыз адам екен. Есесіне, әйелі Қалия және оның төркін жұрты әнші, күйші, мейлінше өнерпаз жандар болыпты. 

Өнерге ғашық бала Жұмат әке қалауымен Омбы қаласына тартып, сауда саласына араласады, білім үйреніп, көзін ашады. Әр түрлі аспаптарда, әсіресе ұлттық аспаптардан басқа скрипка, мондалина секілді өзге елдің музыкалық құралдарымен еркін ойнайтын болады. 

«1916 жылы Патша үкіметінің жарлығымен ол армия қатарына алынып, майданға түседі. Ресейдегі Ақпан төңкерісінің нәтижесі оны қайтадан өз еліне алып келеді. Туған жерге оралған Жұмат әр түрлі мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, өзінің өмірлік арманына айналған, жүрегінің төрінен орын алған театр өнерімен қолы қалт ете қалғанда айналыса жүреді», – деп жазады ғылыми қызметкер Алмагүл Сағындыққызы өз мақаласында. 

5e91ab477795b86802889aaed4aad64b.jpg

Жұмат Шанин зайыбы Жанбике және ұлы Рауыпбекпен бірге отыр

«Атам өз ғұмырында талай игі жақсыларға көмек көрсеткен, өзі де шапағат көрген жан еді» деп еске алады Болат Шанин. «Атам Жұмат Қоянды жәрмеңкесіне барып, Қалибек Қуанышбаевты, Әміре Қашаубаевты, Иса Байзақовты кездестіріп, театрға әкелген. Жұмат Шаниннің қазаққа сіңірген еңбегін біз ешқашан қайталай алмаймыз», – дейді өзі де режиссер Болат Қасымханұлы. 

Жұмат Шанин – қазақ сахнасына «Гамлетті», Пушкин шығармаларын әкеліп сахналаған, өз замандастары Сейфуллин мен Майлиннің, Әуезовтің шығармаларын қойған кәсіби режиссер. Ол алғашында Семей қаласында «Ес аймақ» деп аталатын театр труппасын құрады. 1924 жылы оның режиссура саласындағы алғашқы еңбегі «Арқалық батыр» пьесасы қала сахнасында қойылды. Ол кездегі қазақ зиялыларының бәрі дерлік театр төңірегіне жиналатын. Хамиди, Брусиловский, Затаевич секілді музыканттармен де тығыз байланыста болған. 

1926 жылы Жұмат Шанин оқу-ағарту Халық Комиссариатының қаулысымен Қызылорда қаласына тұңғыш кәсіби қазақ театрының режиссері әрі директоры болып тағайындалады. Осылайша ол қазақ кәсіби театр өнерінің алғашқы қарлығашы деп танылып, есімі тарихта қалды. 

Оның бойындағы терең, байыпты білім, тасыған талант, алғаусыз қабілет оны өз заманының алдыңғы қатарлы тұлғасына айналдырды, замандастары, достары қызыға қарайтын беделді жан болды. Содан болар, «Қазақтың халық әртісі» атағы бірінші рет 1931 жылы Жұмат Шанинге, сосын Елубай Өмірзақовқа берілген екен. 

3594cb74d062b6a491fca96a36fea92f.jpg

Қазақ-совет жазушыларының І пленумы. Жұмат Шанин жоғарғы қатарда, сол жақтан екінші отыр

1936 жылғы Мәскеудегі қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндік сапары Жұмат Шанин өмірінде өшпестей із қалдырды. Шанинның шаңырағында үш ұл болған. Мәскеуге сапар кезінде жол үстінде жары, актриса Жанбикенің омыраудағы баласы Аян мезгілсіз шетінеп кетеді. «Осынау қайғылы жағдайға байланысты үлкендер Жұмат пен Жанбикеге баланы жерлеу үшін елге қайтыңдар дейді. Сонда Жұмат: «Өлер бала өлді, бала біздікі, бірақ қазақ өнері өлмесін, мен де, Жанбике де қайтпайды» дейді. Өз қайғыларын өнер жолына жеңдіре білген олар сәбилерін Мәскеудегі мұсылмандар зиратына жерлейді», – деп жазады бұл оқиға туралы А. Сағындыққызы. Жұмат Шанинның тағы бір ұлы Рауыпбек – қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы. Ал Қасымхан Шанинның елге белгілі актер, режиссер екенін көпшілік біледі. 

Жұмат Шанинның сүйікті жары Жанбике Шанина ерінің қайғылы тағдырынан соң, азапты күндер кешіп, Алжир лагерінде тұтқын болғаны мұрағат деректерімен дәлелденген. «1936 жылы Мәскеуден оралғаннан кейін атам бір жылдай Бішкекте тұрыпты. Өйткені, Алматыдан қудалаған. Бішкекте жүргенде қырғыз театрының ашылуына да ықпал еткен. Бүкіл қырғыз оны мойындайды. Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс театрын да ашуға көмектескен Жұмат Шанин», – дейді текті әулеттің бір тұяғы Болат Шанин. 

5a91d92bda7bb3bdcec864e956c8492e.jpg

Мәскеуде 1927 жылы өткен этнографиялық концертке қатысушылар тобы: Бірінші қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): Қали Байжанов, Жұмат Шанин, Жанбике Шанина, Әміре Қашаубаев, Дәлила Оңғарбаева; екінші қатардағылар: Қалыбек Қуанышбаев, Александр Затаевич, Ғаббас Айтбаев, Серке Қожамқұлов және Иса Байзақов

Жұмат Шанин Бішкектен Оралға қоныс аударып, қызмет етіп жүргенде ұсталып, Алматыдағы қазіргі ҰҚК-нің жертөлесіндегі абақтыға жабылған. 1938 жылдың 26 ақпанында не-бары 46 жасында «халық жауы» деген жаламен атылды. Бірақ, араға біраз жыл салып, 1958 жылы ақталды. 

Қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанин өміріне арналған академик, сыншы Рымғали Нұрғалидың «Ай қанатты арғымақ» романы тіл байлығымен, психологиялық талдау шеберлігімен ерекшеленеді. 1934 жылы құрылған Шымкет қаласындағы театрға 1972 жылы тұңғыш әрі ұлы режиссердің есімі құрметпен берілді.

 Заңғар КӘРІМХАН


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?