Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Билер династиясы: үш ұлы би

3819
Билер династиясы: үш ұлы би - e-history.kz
Қазақ тарихында тегінен билік ажырамаған үлкен әулеттер бар. Мәселен, қазақ халқының үш ұлы биі Төле, Қазыбек, Әйтекенің арғы аталарынан бастап, өзінен кейінгі ұрпақтың да билік дәстүрі еш үзілмеген

Бірнеше ғасырдың өн бойынан билік династиясының салтанат құрғанын байқаймыз. Мұндай әулет, мұндай династия басқа да билер ұрпақтарынан аңдалады және бұл мақаламызда біз ұлт тарихындағы ұлы билерге арнайы тоқталамыз. 

 

6bfee9c2e0f58441d639cdfff1bd03fa.jpg

Қазақтың ұлы үш биінің бірі, атақты шешен Төленің өзіне дейінгі он атасы да би болған адамдар. Бұл туралы дерек «Бабалар сөзі» 100 томдығының 57-томындағы Қазанғап Байболұлының жырында айтылады. «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек ұрпақтар шежіресі» («Өнер», 2004) атты кітапқа сүйенсек, Жаныс – Жортуыл – Жантудың Жайылмысынан Қожамберді тарайды. Қожамбердіден Құдайберді, Құдайқұл, Кәдірқұл, Кәдірберді, Олжағұл, Сұлтанқұл, Ақберді туады«, – деп жазылған. 

 

7c7bf6f58d770d4b66d94e49548a5688.jpg

Тарихта «тоғыз ұлды Құдайберді» деп сипатталатын Төле бидің ұлы әкесі Құдайберді Есім ханның төбе биі атанса, өз әкесі Әлібек те би болып, билікке араласқан. 1627 жылдары қайтыс болған әкесі Құдайбердінің орнына Әлібек би сайланып, «ұлыс бегі» атанған деген деректер бар. Шежірешілердің жазуы бойынша Әлібектің екі әйелінен Тыныбек, Ақбота, Шора, Өтебай, Төле, Елібай есімді 6 ұл тараған. 

Қазақтың қоғам қайраткері, Ұлы жүздің бас биі, үш жүздің төбе биі Төле бидің ағасы Өтебайдың баласы Қуандықтың ұлы Тастемір би-шешен адам болыпты. 

Өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы: «Төледен кейін билікке келген оның ұлы Қожамжардан бастап, Дербісәлі, Шойбек би, Момбек датқа барлығы ел есінде қалатын тұлғалар деңгейіне көтерілді. Осы жерде, баса көрсететін жайт, олардың барлығы дерлік өз мүдделерінен көрі, өзіне қарайтын елдің мүддесін жоғары қойды. Ниязбек батыр Ташкент маңында «Ниязбек» қамалын салса, Момбек датқа Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. Осы әулеттен шыққан ең соңғы би Досалы Досмұратов еді», – дейді де, мына бір деректі алға тартады: «1906 ж. наурыз айында Бадам болыстығының №2 ауылында орыс келімсектерінің Сайрамсу бойындағы суармалы жерлерді алуына қарсы Қоқай би Көкиев пен Досалы би Досмұратов бастаған толқу болып өтті».

Өз заманында қазақ хандығының нығаюына, ұлттың бірлігіне өлшеусіз қызмет еткен тұлға «Шаншар абыз» атанған ұлы би Қазыбектің арғы атасы еді. XVII ғасырда Орта жүздің төбе биі саналған Шаншар абыз Есім хан мен Жәңгір ханның тұсында Қазақ хандығының нығаюына зор үлес қосқан. Шаншар тұқымы тұқымынан қаракөк үзілмеген текті әулет деп дәріптеледі. Шежіреде оның ата-тегі былайша тарайды: Қаракесек – Ақша – Бошан – Таз – Бұлбұл – Шаншар. Ал Шаншардың ұлы Келдібек Қазыбек бидің әкесі екені баршаға мәлім. 

 

e3fb3b4b729a66cd6aaeaf3007ce2043.jpg

Қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек бидің Абылай хан бағалаған мына бір ерлігі (Шоқан қалдырған дерек бойынша) ұрпақ жадында мәңгілік сақталған. Хан Абылай айтыпты: «Өткендегі игі жақсылардың ішінен айрықша қадір тұтып таңдануға тұратыны екеу: бірі — Қалданнан өзінің тоқсан тұтқынын қайтарып алған қаракесек Қазыбек, екіншісі ағайындарын қайтарып алған уақ Дербісәлі. Алғашқысы Қалданның алдына барып алғыр ақылы, айтқыр шешендігі арқасында сөзбен жеңіп сұрап алады; ал екіншісі ауылынын адып аттап шықпай-ақ, айбынымен дұшпанын қорқытып қайтарды». 

Қазыбек бидің ұлы Бекболат та дәуірінде шешендігімен, батырлығымен танылған, Абылай ханның кеңесшісіне дейін көтерілген ірі қайраткер. Хан онымен көбінде жорық-жортуылдар жайында ақылдасып отырған деседі. Әкесінің қартайған шағында ел тізгініне ие болған Бекболат бәйбішесінен тоғыз ұл, тоқалынан бір ұл (Тіленші), бір қыз туған. Бәрі де шетінен ығай мен сығай, шаруаға мықты, сөзге шебер, ісмер боп өскен деген деректер бар. 

Бекболат бидің ұлы Тіленші туралы деректер аз болса да, ол билік, төрелік айтқан ел әңгімелері сақталған. «Дау-шарда Тіленші биден жеңіле берген қуандық, сүйіндік елі Тіленшіні шақыртып алдыртады. Тіленші би келіп кірген үйде Жәнібек би басын біреуге, аяғын біреуге сипатып жатыр екен. Кіріп келген Тіленші биді көре тұра қарамапты, көрмеген болып жата беріпті. Тіленшінің жас, албырт кезі екен, ол да аңдаусыз түрде: 

– О, тәйірі, басын біреуге, бөксесін біреуге артып жатқан бұл қай кісі? – депті. 

Сонда Жәнібек би басын көтеріп: 

– Әй, мынау қай ұл? – дейді. 

Жәнібектің қасындағылардың бірі: – Бекболат бидің баласы Тіленші би ғой, – депті. Тіленші тоқалдан туғандықтан, Жәнібек би осыны Тіленшіге ілік етпек болып: 

– Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер деген екен, ей, Тіленші. Көргеніңді айтшы! – дей салыпты. Сонда Тіленші: 

– Менің арғы атам Қазыбек би, бергі атам Бекболат болса, мен қандай болар едім? – дегенде Жәнібек би: – Мен Бекдәулеттің баласы отындық ағаштан шыққан, қолға ұстауға жарайтын мүсінді оқ дағы! Бұл Тіленші жақсыдан жаман туған боқ дағы! – депті. Осы сөздің есесін қалай қайтаруды ойлап жүрген Тіленші би Жәнібек қартайған шағында кездесіп көріп, көріскен жерде: 

– Сен бір жапанға біткен шынарсың, 

Қазаң жетіп сынарсың, 

Жалғыз ағаш сынған соң, 

Ойға-қырға шабармын, 

Орныңды қайдан іздеп табармын?! 

Мен бір қалың қара тоғаймын, 

Табылуға оңаймын, – деп Тіленші өзінің жақсы бала өсіргенін айтып, Жәнібекті бір мұқатқан екен».

Тіленшінің «жақсы баласы» Алшынбай болар, сірә. Билер династиясының тарихын қарасақ, ХІХ ғасырдағы ұрпақтарының би немесе болыс болғаны айқын аңғарылады. 

Болыс, старшын, би Алшынбай Тіленшіұлы 1826-1846 жылдары Айбике-шаншар болысын басқарған. Алшынбайдан: Қақабай, Бану, Бәпи, Шәпи, Қосық, Жанығұл, Жүсіп тарайды. Абайдың бәйбішесі Ділдә – Жүсіптің қызы. Ел аузында Абайдың Ділдәні алған соң, Алшынбайға сәлем бере барып, Шұбар айғырдың үйірін сұрағанда, мұны бере алмай, «батамды алсын» деген ұлы атасына «Ондай батасын сатқан шал өзімде де бар» деген өкпелі сөзі қалған. 

Қазақтың үшінші дана биі Әйтекенің де арғы аталары дала данышпандары еді. Әмір-Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажы – ұлы бидің бесінші атасы. 

 

dc1b26df1b8d45bfa2e3ab220ac59780.jpg

Қазақ шежіресінде Жанарыстың бір аталарынан Алшын, одан Сарыбас, Пұсырман, Шіңгір, Төртқара шығады. Төртқарадан Ораз, Қарашы, одан Сейітқұл. Сейітқұлдан сегіз бала болған. Соның бірі кезінде Самарқандты билеген Жалаңтөс батыр еді. Әйтеке – сол Жалаңтөстің немересі. Ақшаның үшінші баласы Бәйбек те Шығай ханның тұсында орда хатшысы болған, би, беделді тұлға. Көшпелі қазақ, өзбек, тәжік,қарақалпақтардың ынтымағын жарастыруға көп күш жұмсаған, атақты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің сарбаздарының аттарын дайындауда ерекше еңбек еткен және бір деректер бойынша жылқы мен түйенің тұқымын асылдандыру жұмыстарын ұйымдастырған қайраткер ретінде есімі тарихта қалды. 

Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке бидің немере ағасы Қаратоқа би 1749 жылы 3 тамызда Батыр ханмен бірге Әбілқайыр ханның асына қатысқан. 

Ал өз ұлдары Өтебас, Жалтыр, Қонысбай, немерелері Қаракөбек би, Есекене мырза өз заманының айтулы ел ағаларына айналды. Профессор Әбілсейіт Мұқтар: «Әйтеке би ұрпақтары XVIII ғасырда ел алдына жарқырай шығып, қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігімен көрінді. Ресей саясаткерлері оларды қазақтың қамқоры ретінде таныды. Өтебас, Қаракөбек, Боранбай билердің, олардың бауыры Басықараның ел ішіндегі беделін үнемі есепке алып, назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, Әйтеке бидің немересі Қаракөбектің Ордада аса беделді екендігіне, тіпті Айшуақ ханға қарағанда халық алдында Қаракөбектің сөзі өтімділігіне куә болды», – деп жазады. 

 

644cc76e9d969ac41d64b3210f21d620.jpg

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?