Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Бәсентиін Малайсары батыр

4213
Қазақ батырларының тағдыры. Бәсентиін Малайсары батыр - e-history.kz
«Абылайдың рыцарлық дәуірінде» асқан батырлығымен аты шыққан ержүрек Малайсары батырдың даңқы заманында шарықтап тұрған

Бәсентиін руынан шыққан әрі батыр, әрі би Малайсары туралы деректер ұлы ағартушы Шоқан Уәлиханов, шежіреші ғұлама Мәшһүр Жүсіптерден бастап белгілі ғалым Ерлан Арынның мақалаларында және Ұлттық ғылым академиясының қорындағы «Абылай ханның 40 батырымен Сарыарқаны Қалдан Цереннен тартып алған уақиғасы» атты материалдарда кездеседі. 

 

2439b10be92526f6f20c36fe1df39003.jpg

Абылай заманының ұлы батыры Малайсарының туған жылы туралы әр қилы пікір бар. Көптеген оқулықтар мен әдебиеттерде 1700 жылы деп көрсетіліп жүрсе, кейінгі кезде батыр өмірін зерттеуші ғалымдар 1708 жылы деп көрсетуді нақтылап жүр. Мәселен, ғалым Ерлан Арын: «Малайсары 1708 жылдары Сырдың бойында Түркістан атырабында туып, кейін Арқаға көшкен», – деп жазады. Оның Сыр бойында туғанына дәлел ретінде бауырларына Бағыс, Қарнақ атауларын қойылумен байланыстырады. 

Батырдың әкесі – «түйені көтерген, жолбарысты жалаң қолымен жарып өлтіретін» деп сипатталатын Тоқтауыл батыр, ал анасы Молдыр – қалмақ ноянының қызы. Ал қарындасы Гауһар туралы әңгіме бір бөлек. Өлкетанушы Жеңіс Мардановтың дерегінше, «Тоқтауыл батырдың Молдыр деген қалмақ әйелінен Малайсары, Қайдауыл, Бағыс туады, ал Алма атты қазақ әйелінен Қарнақ пен Көбес туады». 

Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында Малайсарыны «Осы Малайсары өз заманында епетейсіз ірі, дөкей батырдың бірі есепті болған», – десе, Жеңіс Марданов: «Малайсарының түр келбеті ақсақалдардың айтуынша, батыр ұрпақтарының ата-бабаларынан естіген деректері бойынша кең иықты, ұзын бойлы, алқымды, шекелі, мұрынды болыпты», – деп сипаттайды. 

Асқан оқымысты Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты мақаласында Абылай аса жоғары бағалаған батырларының ішінде Малайсары есімі аталады. Бұл – қазақ тарихындағы батырға қатысты алғашқы жазба деректің бірі. Абылайдан: «Үш жүздің батырларының ішінде бәрінен жақсы көріп, құрмет тұтатыныңыз кім?» деп сұрағанда ол былай деп жауап беріпті: «...Өз батырларымның ішінде байлығы мен батырлығы, мінезі жөнінен бәсентиін Малайсары... бәрінен артық» (Орыс тілінен аударған Сарбас Ақтаев). Сондай-ақ Шоқан «Абылайдың рыцарлық дәуірінде» бір мүддеге сай елдіктен гөрі, әуелгіде бірнеше саяси бағыт, мүдде, қөзқарас көрініс тапқанын жазады. Солардың ішінде отаншыл бағыттағы топтың («патриоттық партия») көсемі Малайсары болғанға ұқсайды. Әрине, Малайсары – Ресейдің қоластына кіруге қарсы болған адам. Қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітім жасау саясатын ұстанды. Онысы жоңғарларға қазақтың елшісі болып барғанынан аңғарылады. 

Шоқан Уәлиханов қалдырған тағы бір құнды дерек – Малайсары батырға жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің «Тархан» атағын беруі жайлы. Қалмақ тілінде «тодо бичиг» деп жазылған құнды жәдігер – грамотадағы төте жазуды Шоқан батыр ұрпақтарынан алып, туысы Абылай Ғаббасұлына оқытқан. Бір қызықты жайт, Қазақ тарихында «тархан» атағын Шақшақ Жәнібектің Ресей империясынан, ал Малайсарының Жоңғар мемлекетінен алуы және екі батырға бірдей мезгілде ұсынылуы. Ғалым Ерлан Арын өз мақаласында қазақ-қалмақ байланыстарының жайма-шуақтығына кепілдік беріп тұрған Малайсарыдай ұлы батырдың осы екі елдің қарым-қатынасы үшін еткен еңбегін ашып көрсетеді. 

Қалдан Сереннің өлімінен кейінгі жоңғар мемлекетіндегі қырқыстар, Давацы мен Әмірсананың Абылай астынан пана табуы және кейіннен қазақ батырларын бастап өз елін шабуы туралы деректер сақталған. Шекара түбіндегі Қайып батырға елшілік жіберіп, бейбітшілікті сақтауды тапсырған Малайсарының өтінішін Қайып қабыл алмайды. Малайсары бұл оқиғаларда Абылай хан сияқты бейбіт саясат ұстанып, мәмілегерлік танытады. Ақырында Қайып батыр бастаған қазақ жауынгерлері Давацы мен Әмірсананың кегін қуып, 1753 жылы жоңғар қонтайшысы Лама-Доржыны өлтіру операциясына қатысады. 

 

70df21b3d9300ac0ff3f828778b760db.jpg

Малайсары жотасы

 

Ал Малайсарының өмірінің соңы туралы ел аузында сақталған ескі аңызды Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырады. Онда қазақ-қалмақ соғысына қатыспаймын деп ант-су ішкен батырды Абылай қолқалап, қоймай соғысқа қатыстырады. Шайқастың бірінде оқ тиіп, жараланған батырды Абылай кері шегіндіріп, қоста қаралуын, емделіп қатаң тапсырыпты. Сүр ет берілмесін деген бұйрықты біле тұрса да, батырдың қылышынан қаймыққан қос бақыршысы оған сүрленген ет беріп, ажал аузына айдағаны туралы аңызды келтіреді шежіреші қарт Мәшһүр Жүсіп. 

Батырдың қаза болғаны туралы нақты тарихи жазба дерек жоқ. Ел аңызы бойынша, ол қалмақ нояндары Әмірсана мен Давацы арасындағы жаулықтың салдарынан болған соғыста шейіт болғанға ұқсайды. Уақыт 1754 жыл. Ғалым Ерлан Арын: «Алтынемел тауының бір сілемінде Малайсары батыр оққа ұшты. Сол заманнан бері бұл жота Малайсары атанады: биіктігі 1446 м, батыстан шығысқа қарай 100 шақырымға созылып жатыр, ені 10-20 шақырым. Жоңғар Алатауының басталатын тұсы да осы жер», – деп жазады. 

 

4cbc8448dd390af3514ef1d64c224239.jpg

Батыр бабаға құрмет

Белгілі кәсіпкер, ұлт құндылықтарының жанашыры Қуат Есімханов батыр баба ерлігін дәріптеп, Алматының Кербұлақ ауданында үлкен тас орнатты. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?