Қасым хан қазақ хандығының тұңғыш астанасы еткен Сарайшықтың тарихы — қазақ халқының құрылу, бірігу тарихы екендігі күмәнсіз. Сарайшық — талай-талай хандардың мәңгілік мекені.Сонымен бірге Сарайшық — XVIII–XIX ғасырларда патша өкіметінің Кіші жүзді басқару орталықтарының бірі болған.
Кіші жүздің кейбір ірі лауазым иелері Сарайшықты мекен еткен. Мысалы, Кіші жүз хандығы жанындағы Кеңес төрағасы Бөкей сұлтан XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кезінде Сарайшықта тұрған. Тіпті, ол Сарайшықты өзі құрған Ішкі орданың орталығы болуы үшін-де әрекеттенген.
Біз бүгінгі әңгімемізде патша үкіметі тағайындаған қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы өмірінің Сарайшыққа қатыстылығы туралы айтпақпыз. Дәлірек айтқанда, Бөкей Ордасының болашақ ханы Жәңгірдің Сарайшықта туғандығы туралы пікір айтқымыз келеді.
Жалпы, Жәңгір хан туралы тарихи әңгімелердің аз емес екендігі баршамызға белгілі. Бірақ, солардың ішінде Жәңгірдің туған жері туралы деректер кездеспейді.
Тарихи әдебиеттерде Жәңгірдің туған жылы — 1801 деп көрсетіледі. Олай болса, әкесі Бөкей сұлтан басқарған Ішкі орданың құрылған жылы мен Жәңгірдің туған жылы тұспа-тұс келеді. Дәл 1801 жылы 11 наурызда император I Павел Бөкей сұлтанға Қара, Сары өзендерден Каспий теңізінің жағалауына дейінгі жерлерді жайлап, «қоныс салуына рұқсат еткен». Осылайша, Ішкі орданың болашақ — Бөкей ордасының негізі қаланған.
Бөкей сұлтанның бастауымен 1801 жылдың қазан, қараша айларында Сарайшық тұсынан Жайықтан өткен аз ғана ел (5 мың шаңырақ) Еділ мен Жайық өзеніндері арасындағы кең алқапқа бытырап,қоныс тепкен. Бөкей мен Шығай сұлтандардың Ішкі ордаға аз ғана малмен көшкені-де тарихтан белгілі.
Бірақ бұған қарап оларды кедейлердің қатарына қосудың еш жөні жоқ. Олай болса, бұл жерде Бөкей сұлтан жаңа туған Жәңгір мен оның анасын негізгі мал-мүліктерімен жаз шыққанша Сарайшықтағы қыстауында қалдыра тұрған болар деген жорамал дұрысқа жақын келеді. Егер Бөкей сұлтанның Ішкі ордадағы алғашқы қонысы Жалтыр көлінің жағалауы екендігін ескерсек, онда 1801–1802 жылдың қысын әлі толықтай қоныс салып үлгермеген, қарлы боранды,үскірік аязды далалықта жаңа туған баламен қыстап шықты деудің реті жоқ сияқты.
Сондықтан да біздің Жәңгір Бөкейұлын Сарайшықта 1801жылдың қазан,қараша айларына дейін дүниеге келген деуіміздің мәнісі осында. Бұл пікірдің 7 ғасырдан астам тарихы бар Сарайшықтың ғұмырнамасына қосылар жаңалық болары даусыз. Осыны ескеріп, біз өзіміз дайындаған және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі бекіткен Бөкей ордасы тарихына байланысты сызба картада Жәңгір ханның кіндік қаны тамған жер — Сарайшық деп көрсеттік. Осы картамен танысқан орта немесе арнаулы орта мектеп оқушыларының санасында Жәңгір ханның Сарайшықта туғандығы туралы пікірдің қалыптасатындығы күмәнсіз.
Жалпы жұртшылықтың бұдан былай Жәңгір хан сияқты тарихи тұлғаның кәзіргі Атырау облысында, соның ішінде бай тарихы бар Сарайшық сияқты ежелгі елді мекенде туғандығын біліп жүргендері дұрыс болады деген оймен осы мақаланы жариялап отырмыз.
Аманкелді Шамғонов, Х. Досмұхамедов атындағы АМУ профессоры