Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақ Орда мемлекеті және Қазақ хандығы кезеңіндегі Сыр өлкесі

9128
Ақ Орда мемлекеті және Қазақ хандығы кезеңіндегі Сыр өлкесі - e-history.kz

Себебі Ақ Орданың пайда болуы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына алғышарттар тудырды. Зардыхан Қинаятұлы: «Ақ Орда мемлекеті қазақтың алғашқы мемлекеті ғана емес, қазақ халқы, оның ұлттық ой санасы қалыптасуының ұйытқысы (концентрат) болып табылады» [1] деп оның қазақ тарихындағы орнын айқындайды. Ғалымның олай айтуының себебі қыпшақ тайпалары үстемдік құрған Дешті Қыпшақ Даласына моңғолдардың келуі орасан өзгерістер туындатты. Сырдың бойында жағалай орналасып, «ел-бөрілі» руынан басшысын сайлап отырған қыпшақтар енді «Шыңғысхан» әулиетіне бағынышты болды.

1206 жылы күллі моңғол тайпаларын біріктіріп «Шыңғысхан» атағын алған бөржігін тайпасынан шыққан Есугей батырдың ұлы Темірші 1224-1229 жылдар аралығында Қазақстан мен Орталық Азия жерлерін жаулап алды. Шыңғысхан бұл жорыққа өз вассалдарының жасақтарымен қоса жалпы саны 150 мың адамы бар қалың қол жіберді. Әскери жорық 1219 жылы қыркүйекте Ертіс жағалауынан басталды. Өзінің әскерін үш топқа бөлген Шыңғысхан бір бөлігін Отырарды алу үшін ұлдары Шағатай мен Үгедейге қалдырды, үлкен ұлы Жошы мен Жебе ноян бастаған екінші бөлігін Сырдарияның төменгі ағысына аттандырды. Өзі кіші ұлы Төлемен бірге Бұқараға бет алды [2, 37].   Әлемді бағындыруды мақсат тұтқан моңғол билеушісі шабуылға аттанған өзінің ұлдары мен нояндарына қарсылық танытпаған қалаларға қиянат көрсетпеуге, ал өз отанын жатжұрттықтардың билеуіне көнбеген елді күшпен бағындыруды бұйырды. Осының нәтижесінде Қазақстан территориясында қираған қалалардың саны көбейді. Себебі жергілікті халық өз отанын, елін, жерін жаудан қорғауға барын салды. Алайда бұған дейін көптеген көшпелі тайпаларды қырып келген моңғолдар күші жағынан да, саны жағынан да басым еді. Нәтижесінде ортағасырлық атақты сауда орталықтары болған Отырар, Баласағұн, Сығанақ, Ашнас секілді қалалар жермен жексен болды.

Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы қаланы шаппас бұрын ең алдымен жергілікті ұйғыр саудагері Хасан қожаны қала тұрғындарын берілуге көндіру үшін, Сығанаққа жібереді. Бірақ Сығанақтықтар сатқын Хасан қожаны өлтіріп, өздері жауға қарсы күреске шығады. Жошының әскерлері қаланы қоршап алады. Қала халқы жеті күн бойы берілмей, қарсыласып бағады. Бірақ күші басым Жошы қаланы басып алып, халқын қырып-жойып, қаланың күл-талқанын шығарады [3]. Д′Оссонның келтірген А.М. Жувейнидің мағлұматы бойынша: «Жошы Сығанақта тірі жан қалдырмаған» [4, 116]. Алайда З. Қинаятұлы бұл ақпаратқа күмән келтіріп: «Егер тірі жан қалмаған болса, Жошы Хасанның ұлын кімдерге басшы етіп Сығанақта қалдырды. Одан гөрі «...Ихэд алж...» немесе «көп адамды қырды» делінетін моңғол тарихшысы А.Амардың пікірі сенімдірек естіледі» деген қорытындыға келеді [5].      Екі мың жылдық тарихы бар – Қаңлылардың, Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ туралы алғашқы мәлімет 982 жылы түзілген «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен [6, 130] алғаш белгілі болды. Мұнда протоқазақтық Кимек мемлекетінің аймақтарымен қалалары туралы жазылған.    Х ғасырда өмір сүрген араб географы аль-Мукаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырар мен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км) [7, 229]. Ал ХІ ғасырда қаланың Сығанақ деген аты атақты ғұлама түркі тілінің маманы ғалым Махмут Қашқаридың “Түркі тілінің сөздігі” деген атақты еңбегінде жазылған. ХІ-ХІІ ғасырларда Қараханид мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жаппай кездесіп отырады [8].   «Сығанақ» атауы ежелгі түрік тілінде «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Ол ежелгі түркі-қалаларының бірі. Мұсылман деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Өйткені Сығанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын. Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазады [7, 229]. Хорезм шах Атсыз (1127-1154) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді бағындыру үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жойқын жорықтар жасап ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» Cығанақ деиірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған [5].       Ұлы моңғол шапқыншылығы қаланың гүлденген шағына тап келеді. Жошы әскерінің шабуылы нәтижесінде қираған қала туралы мәлімет жазба деректерде бір ғасырға жуық   кездеспейді. Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияны жаулап болғаннан кейін өзінің еншісіне түскен жерлерді бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. «Ұлыстардың құрылуы» атымен белгілі болып қалған бұл оқиғадан кейін Темучжиннің кіші ұлы Төле – ханның негізгі жұртын – Монғолияның өзін, сондай-ақ монғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленді. Үшінші ұлы Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы қарады. Оның ұлысының орталығы жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағында орналасты. Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен Мәуераннахрды қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды. Сонымен Қазақстанның аумағы монғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен бөлігі – Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді [2, 38]. Соның ішінде Сыр өңірі Жошы ұлысының құрамында еді.   Өмірінің соңғы жылдарын Жошы өзінің ұлысында – Сарыарқа жерінде өткізеді. 1227 жылы оның иелігі үлкен ұлы Бату ханға беріледі. Мінезінің жақсы қасиеттеріне орай халық арасында Сайын атанып кеткен мұрагер 1235 жылы Қарақорымда өткен құрылтайда Моңғол империясының билеушісі Шыңғыс ханның екінші ұлы Үгедейден тапсырма алады. 1236 жылы Бату хан және Шыңғыс ханның адал досы болған Сүбедей ноян бастаған атақты «Батыс жорығы» басталады [9,  57-58]. Ендігі жерде олардың алдында Дешті Қыпшақ жерінің қалған батыс бөлігін, Орыс княздіктері мен Батыс Еуропа мемлекеттерін түгелімен жаулап алу тұрды. Нәтижесінде моңғол әскері жолында кездескен барлық елді мекендерді бағындырып, салық төлеуге міндеттейді және 1242 жылы Венгрия территориясына дейінгі жерлерді (Еділ Бұлғариясы, Орыс княздіктері, Польша, Венгрия, Чехия, Молдовия, Валахия, Трансильвания) түгел өздеріне қаратады. Тек сол жылы ұлы хан болған Үгедейдің өлімі туралы қаралы хабар мен Батумен бірге жорыққа шыққан серігі Сүбедей ноянның қазасы ғана моңғол әскерінің аттарының ауыздығын кері бұруға мәжбүрлейді [9, 61].   Еліне барар жолында 1243 жылы ұлы хан болып Мөңкенің сайланғанын естіген Бату қазіргі Астрахань жеріне жеткенде сол жерге тұрақтап, Сарай Бату деген қала тұрғызуға бұйрық беріп, жаңа мемлекеттің негізін қалайды. Осылайша, Ертістен басталатын күллі Дешті Қыпшақ жерін қамтитын, батысқа қарай моңғол атының тұяғы жеткен ұлан ғайыр территорияда Алтын Орда пайда болады [9, 71].  Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі болды, сөйтіп, әуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын, бірақ Батый хан (1242-1256) өзін тәуелсіз билеуші ретінде ұстады. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында дербес мемлекетке айналды [2, 39].     Жошы ұлысы (Алтын Орда) өз ішінде оның ұлдары арасында бірнеше ұлыстарға бөлінді: оң қанат және сол қанат, олардың атаулары дерек мәліметтерінде әрқилы келеді. Егер ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІҮ ғасырдың басында жазылған деректерде, яғни Плано Карпини, Марко Поло, Вильгельм Рубруктың және Рашид ад-Диннің еңбектерінде Бату ұлысы, Орда ұлысы атаулары кездесетін болса [10], ал одан кейінгі уақытпен мерзімделетін еңбектерде, Т.Сұлтанов ең алғаш рет ХІҮ ғасырдың 40-жылдарында жазылған Кутбтың «Хұсрау мен Шырынында» деп есептейді [11, 73], «Алтын Орда», «Ақ Орда», «Көк Орда» деп берілген.   Олардың қайсысы «Ақ», қайсысы «Көк» екені тағы бір мәселе. М. Вяткин болса еш күман келтірмей «Жошы ұлысының батыс бөлігі (оң қанат) Батуға өтті, ол Алтын немесе Көк Орда деп аталды... ал Сырдарияның төменгі ағысы мен Ұлы тауға дейінгі жерлер, шығыс бөлік (сол қанат) Орданікі, ол Ақ Орда деп аталды» дейді [12, 69]. Қазіргі қазақ тарихшыларының басым бөлігі осы пікірді ұстанады. Қазақ тарихында Ақ Орда деп Жошының екінші ұлы Орда Еженнің ұлысын айтады. Оның алып жатқан территориясы шамамен: Батыста Жайық өзенінен шығыста Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік-шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлер [2, 40].  Орда Ежен ұлысының билеушісі «Сасы-Бұқаның тұсында (1309-1315) Жошы ұлысының орталығы Ертістен – Сығанаққа аударылды. Осы кезден бастап Сығанақтың қайта өрлеу дәуірі басталды. Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю жолға қойылды. Ерзен ханның ұлы Мүбәрәк Қожаның есімі көрсетілген, хиджра бойынша 768 жылы Сығанақта соғылған 5 тиын Петербургтағы Эрмитажда сақталуда [6, 130]. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсетеді.  Ерзен хан 25 жыл билік құрып 1344/1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленді [13, 211]. Осыдан бастап Сығанақ Жошы-хан - Орда Ежен әулетінен тараған Ақ Ордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды.

1219 жылы Жошы әскерінің шабуылынан кейін қалада ХІІІ ғасырдың ортасына қарай тіршілік қайта жанданғанын археологиялық зерттеулер дәлелдейді [14, 199]. Оның негізгі себебі Сырдария бойындағы бірсыпыра қалалардың үстімен керуен жолдары өткен.  Отандық тарихшылардың пікіріне қарағанда: «Өлке экономикасы мен қала мәдениетінің өрге басуында ХІV ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстігінде моңғолдардан кейінгі уақытқа жергілікті этникалық негізде құрылған алғашқы мемлекеттік ірі құрылым – Ақ Орданың құрамына енуінің зор рөл атқарғаны даусыз. Ақ Орданың билеушілері көшпелілер мен отырықшы халықтың экономикалық байланыстарын қалпына келтіруге ұмтылып, Сығанақ қаласын өзінің астанасы етті. Сол кездерде, әсіресе Ерзен хан тұсында Сығанақта құрылыс жеделдете жүргізілді» [14, 200].  

Сыр өңірінде мал шаруашылығы мен егіншілік те жақсы дамыды. ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы саяхатшылар  мен тарихшылардың: Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Ибн Баттута, әл-Омари және т.б. еңбектерінде Қазақстан аумағында мал шаруашылығының ең көп тараған дәстүрлі түрі жартылай көшпелі мал шаруашылығы болғаны туралы айтылады [14, 171]. Соның ішінде Сырдария мен оның Қаратаудың күнгей беткейінен ағып келіп құятын көптеген салаларының алқаптарында отырықшы немесе бағымдағы тебіндеп жайылатын мал шаруашылығы дамыды. Қыстақтар мен қалалардың тұрғындары бұл жерде мал шаруашылығын суармалы және телімді егіншілікпен, ішінара балық аулаумен де ұштастырды. Мал өсірушілер  бүкіл жыл бойына жайылымнан жайылымға үздіксіз көшіп жүретін. Мұнда отырықшы және жартылай көшпелі мал шаруашылығы ұштастыра жүргізілді. Көктемгі және жазғы маусымда Шығыс Дешті Қыпшақ даласына көшіп баратын ауылдар қыстау үшін Сырдария бойына қайтып келетін еді. Моңғол дәуірі кезеңінде егіншілік жанама, қосалқы салаға айналса да, ендігі жерде малшы өзі қыстайтын тұрақты орынға берік орнығып, егіншілікпен кеңінен айналысуға кең мүмкіндік алды. Мейлінше қашыққа көшіп-қону мал шаруашылығының нағыз көшпелі түріне сай келді. Шығыс Дешті Қыпшақтың далалық аймақтарының малшыларына оңтүстіктен солтүстікке қарай және керісінше бойлық бағытында, мейлінше қашыққа көшіп жүру тән еді. Көші-қон бағыттары Аралдың солтүстік маңайы, Сырдарияның орта және төменгі ағысы мен Қаратаудың баурайындағы орналасқан қыстаулардан Ұлытау жазығы, Торғай, Ырғыз, Тобыл өзендерінің аңғарларындағы жайлауларға дейінгі аумақты қамтитын [14, 172].     Моңғол шапқыншылығынан кейін Ақ Ордада Оңтүстік Қазақстандағы егіншіліктің қалпына келуі Сыр бойындағы қала өмірінің жандануымен тығыз байланысты болды. ХІІІ ғасырдың аяғында байқалған шаруашылықтың жандану процесі ХІV ғасырдан кең құлаш жая бастады. Бұл Сығанақтың қалпына келтіріліп, егіншілік пен қолөнер кәсібі өркендей бастаған, сауда айналымы да өсе түскен кезеңі еді. Ақ Ордада қала және отырықшы-егіншілік өмірдің дамуына мемлекет орталығының осында ауысуы, оның ірі егіншілік ошақтарына жақын орналасуы мен билеушілердің моңғол хандары үстемдік еткен Алтын Орда, Шағатай мемлекеттеріне тәуелсіз өз билігін орнатуға ұмтылуы қолайлы жағдай қалыптастырды [15, 215]. Сонымен қатар Шығыс Дешті Қыпшақ халқының ұлғайып келе жатқан мал шаруашылығы өнімдерін өткізуге, өз кезегінде өздерінің де қолөнер мен егіншілік өнімдеріне деген сұранымын қанағаттандыруға ұмтылуы мал шаруашылықты аудандарының отырықшы-егіншілікті аудандармен экономикалық байланыстарын берік орнықтырып, Оңтүстік Қазақстанның жазираларында қала мәдениеті мен егіншіліктің жандануына алып келді: мал басы өсті, мал өнімдерін өндіру мүмкіндіктері артты.    Ақ Орда билеушілері Ерзен хан, Мүбәрәк хан, Ұрыс хан, Барақ хандар мемлекеттің оңтүстігінде егіншілік шаруашылығының ошақтары мен қалаларды қалпына келтіруге тырысты, сауда керуендерін ұйымдастырып қалаларды Темір ұрпақтары мен шағатайлықтардан тәуелсіз етуге күш салды [13, 129-130]. Ақ Орданың Сыр бойындағы қалалары Оңтүстік Қазақстан жазираларымен экономикалық байланыстары арқылы тығыз қарым-қатынаста болып, Жошының саяси үстемдігі кезеңінде «жаулап алушылық соғыстарда қолға түскен тұтқындарды пайдалану мен еңбек етуге күшпен еріксіз көндіру арқылы» тұрғызылған Алтын орда мен Еділ бойының «жасанды» қалаларынан түбірімен ерекшеленді» деп келтіреді Г.А. Федоров-Давыдов [16, 217].     ХІV-ХV ғасырларда Сыр бойының қалалары егіншілік жазиралар орталығы ретінде маңызды рөл атқарды, Сығанақ та осы егіншілік жазираларының бірінің төңірегінде орналасқан еді. Оның қайта қалпына келіп өркендеуі, Орда ұлысының астанасына айналуы да дәл осы кез. Бұған оның Түркістанның отырықшы-егіншілік аумағы Шығыс Дешті Қыпшақтың көшпелі аудандарымен шектесетін жерінде қолайлы орналасуы игі әсер етті. Ерзен хан, әсіресе Орыс ханның тұсында қайта тұрғызылғаннан кейін Сығанақ ХІV-ХV ғасырларда бекіністі қамалға, ірі сауда мен қолөнер орталығына айналып, Шығыс Дешті Қыпшақтың аумағында мемлекеттің мәдени-экономикалық және саяси өмірінде өз маңызын қалпына келтірді [6, 130-133].  ХVІ ғасырдың басында Сығанаққа жолы түсіп, қаланы өз көзімен көрген Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің айтуына қарағанда «ертеде бұл тұрғындары қөп, көрікті қала болыпты...қалада тыныштық орнап, барлық қажетті игіліктер өндірілген» [17, 116]. Қала мен оның төңірегіндегі қыстақтардың халқы суармалы егіншілікпен айналысты; жақын маңайдағы суармалы учаскелерде бау бақшалар мен бақша дақылдары өсірілді, дәнді дақылдар егілетін суармалы және тәлімді жерлер одан алысырақ орналастырылды. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани: «Өңделген егістікті суландыратын каналдардың ... бәрі Сейхун өзенінен таралатын еді»,-деп жазады [17, 116]. Солардың бірі – ежелден келе жатқан негізгі қанал Төменарық каналы сумен жабдықтап қана қоймай,  төңіректегі аумағы едәуір жерді де суландырып отырды. Бозғылұзақ деген басқа канал да болды, ол Сырдария тасыған кезде жайылған сумен толатын өзі аттас көлден бас алып, қалаға су әкелетін еді. Хижраның 803/1400-01 жылы Әмір Темірдің жазған сый грамотасында әлгі екі каналдың аты аталады [18, 317].  Каналдар қала төңірегіне келгенде өңделген жер учаскелерін суландыратын сансыз көп ұсақ арықтарға тарамданып кететін еді. Қаланың солтүстік-батысы мен солтүстігінде жатқан жер Қаратаудан ағып шығып, реттеліп отыратын шағын тау өзендерінен бас алатын арықтармен суландырылатыны белгілі. Сол кездегі вақф грамоталарында тіпті ХІҮ ғасырға жататын су көздерінің аттары кездеседі [18, 318]. 

Авторы белгісіз «Аноним Искандердің» хабарлауы бойынша  «Орыс хан Ақ Орданы түбегейлі дербес мемлекетке айналдырды» [9, 316]. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды, ханның атында ақша соғылды.  Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ қара ала ту алып жауға шапты [5].Сығанақ жайлы аса құнды дерек қалдырған авторларының бірі Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани. Ол өзінің «Михман-наме Бұқар» («Бұқара қонағының жазбалары») атты еңбегінде «Дешті қыпшақты жер жұмағы» деп атап, Сығанақтың орналасу жайы аса қолайлы, ол Дешті Қыпшақтың шекарасы, Түркістанның орталық шебі, онда «күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып кешке қарай одан түйір де қалмайтын» деп жазған еді [17, 118]. Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылатыны туралы деректі жазып қалдырған да осы Рузбихан.

Сығанақты иеленген Ақ Орда билеушілері ХІV ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасына қарай Әмір Темірдің қолдауымен Тоқтамыс  Орыс ханның ұлы Темір Мәлікті 1479 жылы жеңіп 1395 жылға дейін Ақ Орданың билеушісі атанады. Ол өзінің атынан Сығанақтың теңгеханасында 1378-1379, 1379-1380, 1381-1382 жылдар арасында теңге шығарған. Алайда 1395 жылы Әмір Темір Тоқтамысты талқандап Сығанақты қиратады [5]. Осы кезден бастап Сыр бойы қалалары Темір әулетінің қолына көшеді. Сығанақ ХV ғасырда Ұрыс ханның ұрпағы Барақ хан мен Әмір Темірдің ұрпағы Ұлықбек арасындағы талас-тартыстың көзі болған. Барақ хан өзінің Ұлықбекке жолдаған хатында «Менің атам Ұрыс хан  Сығанақта тұрып, онда құрылыс орындарын салғандықтан Сығанақ жайылымдықтары заң бойынша да, әдеттік құқық бойынша да маған тиісті» деп оны қайтаруға барынша тырысты [19, 11].

1428 жыл Орда Ежен әулетінен шыққан Барақ қайтыс болғаннан кейін, осыған дейін Қазақстанның Оңтүстік-батыс территориясын иемденген Ақ Орда, Темір әулетінің толассыз шабуылдарынан мейлінше әлсіреп, ондағы билік Шибан ұрпағынан шыққан Әбілхайр ханның қолына өтеді. Іс жүзінде Ақ Орда өмір сүруін тоқтатып, оның орнына Әбілхайыр хандығы немесе Көшпелі өзбектер мемлекеті пайда болады.

 ХV ғасырдың басына дейін Ұлықбек Сығанақты уақытша иеленеді, ал 1446 жылы Сығанақ Әбілхайыр ханның (1428-1468)  иелігіне көшіп, оны ол өз билігінде өмірінің соңына дейін ұстады [14, 145] және ХVІ ғасырдың басына дейін Сыр бойы сауда орталықтары шибан әулетінің еншілігінде болды.

ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығы құрылады. Әбілхайыр ханның озбыр саясатына налыған Ақ Орда билеушісі болған Барақ ханның ұрпақтары, ағайынды Керей мен Жәнібек Көшпелі өзбек мемлекетінен бөлініп шығып, Моғолстан ханы Есен Бұға мемлекетінің батыс шекараларындағы Шу мен Талас өзендерінің арасындағы Қозыбасы жерінде Қазақ хандығының негізін салады [14, 326].

Өмірін жаңа бастаған саяси құрылымның негізі кейінгі қазақ халқын қалыптастырған, сол кезде Әбілхайыр саясатына көңілі толмаған ру тайпалардан құралды. Мемлекет атрибуттарының барлығына ие болған Қазақ хандығы туралы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары  (1465—1466)  билей бастады...» [18, 196]. Бұл оқиғаны «Қазақстан аумағындағы ежелгі замандардан бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этникалық, саяси, экономикалық, мәдени, рухани, мемлекеттілік дамулардың заңды қорытындысы және ХҮ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан мен оған іргелес орналасқан аумақтардағы мемлекеттердің ішкі, сыртқы саяси дамуларының заңды нәтижесі» деп түсіндіруге болады [20, 34].

Жаңа кұрылған Қазақ хандығы құрамына,  яғни  батыс Жетісу өңіріне он шақты жыл айналасында екі жүз мыңдай саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы  кең  өріс-қонысты  керек  етті. Сонымен қатар  көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық - Сырдария  жағалауындағы  қалалармен  сауда-саттық  қарым-қатынасқа  қолайлы жағдай жасау  маңызды мәселеге айналды. Бұл  қарым-қатынастың оңалуына тек  көшпелі ел  ғана емес  отырықшы аймақтардағы  халықтар да  мүдделі болды.  Осыған байланысты Қазақ хандығының алдында  үлкен тарихи міндеттер тұрды.  Оның негізгісі: «Шығыс пен батыс  сауда керуен жолы үстіне  орнаған  Сырдария  жағасындағы  Сығанақ,  Созақ, Отырар, Яса  (Түркістан)  т. б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің — Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді» және «Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық  территориясын біріктіру» [2, 45].

Осы мақсатта XV-ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды. Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.

Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Сонымен қатар бұл қалаларды  Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс те қолдарына түсіруге дәмелі болды. 

Сыр бойы  калалары үшін Қазақ хандары өте  қажырлы қайрат жұмсады. Ең алғаш Қазақ хандығының құрамына қосылған Сырдария жағасындағы  — Созақ және  Сауран  қалалары  болды. XV ғасырдың ақырында Отырар,  Яссы,  Аркөк,  Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ,  Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі [2, 46].

Осы кездегі Сығанақ қаласының тұрғындары туралы Рузбихан «қала аймағындағы қыстақ кенттер мен қала тұрғындарының қазақ хандығына ылғи да жақсы ниетте болып, қақпаларын ешбір қарсылықсыз айқара ашып қарсы алады. Қала тұрғындарының басқарушысы Қазы Садыр  ал Ислам, Шақпақ жүзбегі, Сыдыр-Шайхтар қаланы алуға келген Бұрындық ханға қала тұрғындарын жинап алып «бұрын бұл аймақ Бұрындық ханға қарайтын, сондықтан ешбір қарсылық көрсетпей, қаланы оған берсек дұрыс болады» деп қаланы ешбір қарсылық-шығынсыз берген» деп хабарлайды [18, 112]. Сонымен бірге оның еңбегінде қаланың діни-қоғамдық ғимараттарында Ислам дініне байланысты сұрақ-жауаптар, түрлі жиындар болып тұратындығын, ондай кештерге өзінің де қатысатыны жазылған [5].

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы үшін «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған»  заман туады. Ол Қазақ хандығының астанасы етіп экономикалық маңызы жоғары Сығанақ қаласын сайлайды (одан кейін Есім ханның тұсында Түркістанға көшірілді).

Оның Дешті Қыпшақ территориясында сауда орны ретіндегі маңызын  Рузбихан былай суреттейді: «Дешті Қыпшақтың Еділ өзені шегіне дейінгі иеліктері мен жергілікті көпестері... Сығанақ қаласын өздерінің жиналатын орны істеді және осында сауда тауарларын әкелді. Түркістан, Мәуереннахр аймақтарының және Шығыстан Қашқар, Хотан шегіне дейінгі жерлердің көпестері Сығанаққа осы елдердің тауарларын әкеліп, сауда мәмілелерімен айырбас жасайды. Бұл сауда мәмілелері Сығанақта жасалатын болғандықтан, бұл иелік әрқашанда елдерден көпестер келіп тұратын орын болып табылады және онда барлық елдердің байлығы мен тауарлары мол» [17, 117] оларға: «бұлғын мен тиын терісінен тігілген тондар, мықты садақтар мен ақ қайыңнан жасалған жебелер,  жібек маталар мен басқа да қымбат бағалы бұйымдар» [17, 118].

Бұдан біз Сығанақ қаласы ХV-ХVІІ ғасырлар арасында да атақты қалалардың бірі болғанын байқай аламыз. Оны археологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. «1867 жылы орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша археолог П.И.Лерх Түркістан аймағындағы ортағасырлық қалаларды қарап шығуға жіберіледі. Ғалым қалада болып, оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат берген. 1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.А.Каллаур қалаға барлау жұмысын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап және қаланың шығыс жағындағы қақпасының алдындағы 100 м жердегі мешіттің жобасын қағазға түсіреді. 1906 жылы қаланы археолог И.А.Кастанье қарап шығады. «1927 жылы Ресей ғылым академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын  А.Ю. Якубовский біршама тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп жанындағы кейбір керегелері сақтаулы тұрған ғимараттардың суретін түсіріп алған. Қала туралы үлкен ғылыми мақала жазған» [19, 6].

1947 жылы ОҚАЭ-ның жетекшісі А.А.Бернштам келіп қаланың топографиялық жобасын түсірсе, 50-ші жылдары ОҚАЭ-ның жетекшісі Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевичтер археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген [19, 13].

ХХ ғ. 70-ші жылдары қалаға ОҚАЭ-ның Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі К.А.Ақышев пен К.М.Байпақовтар Отырар қаласының ұзақ жылдарғы зерттелуіне байланысты қаланың топографиялық жағынан зерттеліп, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген анықтама берген [19, 13].

Алайда тұрақты археологиялық ізденіс жұмыстарын С. Жолдасбаев 2003 жылы бастап, бүгінгі күнге дейін зерттеу жұмыстарын жалғастырып  келеді.

Осы Сығанақ археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде қаланың Х-ХІІ ғасырлардан ХV-ХVІІІ ғасырлар арасында өмір сүргендігі анықталды [19, 44]. Оны жазба деректер де дәлелдей түседі, себебі ХІХ ғасырдың басында жазылған «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» еңбегінің авторы А. Левшин Сығанақ қаласын Сырдың сол жағалауында «жатқан» қала деп атап өтеді, соған қарағанда ол қаланың орнын ғана айтып отырса керек [21, 129].

Экспедиция нәтижелері бойынша: Қазіргі Сығанақ жұрты екі бөліктен: шахристан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабаттан тұрады. Оның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан шахристан кезінде пішімі бесбұрышқа ұқсайтын мықты қамал болган, оның өлшемдері: солтүстігі 275 метр, солтүстік-батысы 175 метр, оңтүстік-батысы 190 метр және оңтүстігі 175 метр, ал оңтүстік-шығысы 320 метр өлшемінде. Биіктігі 1,5 метр. Қала 6-7 метр шығыңқы 15 төбешікке айналған және мұнара іздері сақталған, қасында Сунақ –Ата мешіті бар.  «қаланың шығыс жағындағы қақпасының алдынан 100 м. қашықтықта күйдірілген кірпіштен (25х25х5 см) жасалған алғашқы кезде ХІІІ ғ. аяғында сағана салынып, оның жанына табынатын ғимарат кейіннен ХІV ғ. аяғы мен ХҮ ғ. басында мешітке айналдырылған, оған басты дәлел ғимараттың оңтүстік қабырғасын тесіп михраб жасалған. Осы кезден бастап ғимаратты айналдыра кіші бөлмелер жасалған. Соған қарағанда ғимараттың қолданыста болған соңғы уақытында мешіт медресенің де рөлін атқарған тәрізді. Ол шамамен ХХ ғ. 20-жылдарына дейін өмір сүрген» деген қорытынды жасады.

Сыр өңірінің бұл кезеңдегі этникалық тарихы туралы мәліметтер тарихи деректерде көп емес. Сығанақ және оның маңайындағы қалаларда қыпшақтар басым болған деген ақпаратты Рузбиханнан кездестіреміз [17, 106].

Моңғол шапқыншылығына дейін Қазақстан территориясында, соның ішінде Сыр өңірінде автохтонды қыпшақ тайпалар бірлестігі өмір сүрді.Қыпшақ конфедерациясының құрамын терең зерттеген Б.Е. Көмеков оның құрамында қыпшақ тайпаларымен бірге кимек, құман, пиченег, ертедегі башқұрт, оғыз, қаңлы, ұран, баят, азкиш, түргеш, қарлұқ, жікіл, қай және иран тілдес этникалық жіктердің болғандығын көрсетеді де, оларда «топтасу және бірігу негізінде туыстас қыпшақ тайпалары одағының халық болып қалыптасу үрдісі жүріп жатқандығын» атап өтеді [21, 21]. Алайда бұл процеске моңғол шапқыншылығы түбірімен әсер етті, бірақ тоқтатқан жоқ. Оған жағымды әсер еткен Ақ Орда болды, себебі оның билеушілері «шыңғыстық» болғанымен мемлекет негізінен жергілікті автохтонды (қаңлы, үйсін, дулат, қыпшақ) және моңғол үстіртін мекен еткен түркі тектес найман, керей, меркіт, қоңырат, жалайыр, уақ және т.б. тайпаларынан құралды [22, 59]. Кейін олар қазақ халқының негізін құрады. Қазіргі қазақтардың руларының саны 43. Алайда олар  бірнеше ғасырдың нәтижесінде бір халықтың астына біріккен болатын. Халқымыздың сипатына қарай сыртымыздан таңылған «еркін» деген мағына беретін «қазақ» аллоэтнонимді халықтың өзіне тән этникалық ерекшеліктері бар (Қазақ халқының өздік аты Ақ Орда кезеңінен бері «алаш» еді). Ол ерекшелік – қазақ жүздері.

Қазақ жүздері Қасым (1511-1518) ханның тұсында өзінің территориялық иелігін айтарлықтай кеңейткеннен кейін, Хақназар (1538-1580), Тәуекел (1582-1598), Есім (1598-1628)  хандардың билік еткен заманында мемлекет саяси беделге ие болған соң, Қазақ хандығының өркендеу дәуірінде оның саны мен көлемі артқан кезде қазақ даласында дүниеге келді. Оның мерзімі соңғы дерек көздері бойынша, Хақназар ханның билік еткен кезі, ХVІ ғасырдың ортасы [23, 190]. Көшпелі халықтардың сонау ғұн заманынан келе жатқан дәстүрлі ел билеу жүйесі [24, 80] болып табылатын қазақ жүздері – мемлекеттің үш әкімшілік иелікке бөлінуіне негізделген. Бұл  әкімшілік иеліктер болса қазақ халқының этникалық территориясында өмір сүрген мемлекеттерден мұраға қалған үш географиялық-шаруашылық территориялар негізінде пайда болған. Аталған  территорияларда көшпелі мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқан, ол үш жүздің орналасқан жерлеріне сәйкес келеді [25, 178].

Ұлы жүздің – үйсін, қаңлы, дулат, жалайыр, албан, суан, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, шанышқылы тайпалары Іле алқабын, Шу, Талас өзендерінің өңірі мен Сырдария бойын; орта жүздің – арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, қыпшақ тайпалары Алтай тауы мен Ертіс бойын, Жетісудің солтүстігін, қазіргі орталық Қазақстан өңірін мекендеген. Кіші жүз құрамына кірген – әлімұлы ( қаракесек, қарасақал, кете, төртқара, шүмекей, шекті); байұлы (алай, жаппас, алаш, байбақты, малқар, беріш таз, есентемір тана, қызылқұрт, шеркеш, ыстық); жетіру (кердері, керейт, табын, тама, жағалбайлы, телеу, рамадан) тайпалары Сырдарияның аяғы мен Арал теңізінің атырабын және Каспий теңізінің солтүстігін қоныстанды [26,  278-279].

Бұдан біз Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Қызылорда облысы кіші жүздің территориялық аймағына сәйкес келетінін көріп отырмыз. Дегенмен бұл Сыр өңірінде тек кіші жүз рулары мекен етті деген сөз емес, себебі облыстың шығыс бөлігінде орта жүз тайпалары да бар. ХІХ ғасырдың екінші жартысында жүргізілген статистикалық санақ мәліметтері 1827 жылы «Түркістан өлкесінің статистикасына арналған материалдар» атты жинақ болып жарық көрді, оның Сырдария облысына арналған Е.Т. Смирнов даярлаған бөлімінен сол кездегі Қазалы және Перовск уездерінің ру-тайпалық құрамы біздің қазіргі Қызылорда облысына сәйкес келеді [27, 321]. Осы мәліметтерге сүйеніп М.С. Мұқанов бұл уездердің этникалық қартасын сызған [28, 141;146]. Онда Сыр өңірінде алты ата Әлімұлынан – шекті, қаракесек, төртқара, шөмекей рулары; он екі ата Байұлынан – алтын, жаппас рулары, Жетірудан – табын, тама, керейіт рулары және орта жүзден қыпшақ, арғын, найман, қоңырат рулары белгіленген. Әлімұлы тайпалары негізінен Аралдың солтүстігі мен Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген, қазіргі Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Сырдария, Қармақшы аудандарына сәйкес келеді. Жосалыдан оңтүстік-шығысқа қарай байұлының алтын, Жетірудың тама, табын, керейіт, сосын жаппастар (байұлы) орналасса, Сұлу-төбе станциясынан дарияны жағалай жоғарыға қарай орта жүз тайпалары қыпшақ, арғындар Шиелі ауданында, Жаңақорған ауданын қоңыраттар қоныстанады екен [28, 141-142].

Сыр өңірі және оның бойындағы қалалар Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі алғашқы екі ғасырға жуық уақытта гүлденіп, көркее түседі. Бұл үрдісті тек 1635 жылы Батыс Моңғолияда ойрат тайпаларынан құралған Жоңғар хандығы бәсеңдетті. Осыған дейін Қазақ хандығын мазаламаған моңғолдың шорос, хошоут, дурвэд, хойттар тайпаларының бірлескен қолы Есім (1598-1628) ханның билігінің тұсында шабуылдарын күшейтеді. Ал Жәңгір хан (1628-1652) болса халқын солардан азат ету жолында өмірін құрбан етеді. Қазақ хандығының бұдан кейінгі билеушілерінің жүргізген саясаты ойраттардың шабуылдарынан құтылуға бағытталды. Алайда ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақтар «ақтабан шұбырынды» қасіретіне ұшырайды. Қазақ халқы аштықтан қаңғып, босып кетеді. Жоңғар шапқыншылығы өңірдің қала мәдениетіне зор зиянын тигізеді. Археологиялық қазба жұмыстарының мәліметтері бойынша дәл осы уақытта Сығанақ сияқты атақты қалалар қирап, өмір сүруін тоқтатады.

Көптілеуова А.Б. Қорқыт ата атындағы ҚМУ

Әдебиеттер тізімі

1.  Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті. Т. 2. – Алматы. «Тарих тағылымы», 2010. – 728 б.

2.  Қазақстан тарихы:Лекциялар курсы. /Қ.С. Қаражан, Ж.Ә. Әбсеметова, Ф.А.Қозыбақова, Т.Қ.Мекебаев, С.С.Саржанова, С.Смағұлов, Ш.Б.Тілеубаев; Редакциясын басқарған Қ.С. Қаражан.  – Алматы: Қазақ университеті,  2008. –  216 б.

3.  Жолдасбаев С. Сығанақ қалашығы // http://kze.docdat.com/docs/506/index-631803.html

4.  Д′Оссон К. От Чингисхана до Тамерлана. –Алматы: «Санат», 2003.  – 290 с.

5.  З.Қинаятұлы. Сығанақ алғашқы қазақ мемлекеті – Ақ Орданың астанасы http://do.gendocs.ru/docs/index-268001.html

6.  Якубовский А.Ю. Развалины Сыганака (Суганака). Сообщ. ГАИМК. т.ІІ. Л.,1929.

7.  Бартольд В.В.  Pаботы по исторической геoграфии. Соч., Т. ІІІ. - С. 229.

8.  Сериев Т.Н. Түркістан аймағындағы сығанақ қаласының тарихы http://anatili.kz/?p=12195 

9.  Греков В.Г. Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. - М.Л., 1950. С. – 316.

10.  Книга Марко Поло о разнообразии мира, записанная пизанцем Рустикано в 1298г. от р.х. – Алма-Ата, 1990. – 352 с.; Рубрук. Путешествие в Восточные страны. Введ., пер. и прим. А.И. Малеина. – СПб., 1911.; Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. – Алматы, 1993. – 248с.; Рашид ад-дин. Сборник летописей / Пер. с персидского  Л.А. Хетагурова, ред.и примеч. А.А. Семенова.  – М.-Л., 1952. – Т.I. Кн. 1. –222 с.

11.  Султанов Т.И. О терминах Ак-Орда, Кок-Орда и Йуз-Орда //Изв. АН Каз ССР. Сер. обществ. 1972. № 3. – С. 73-74.

12.  Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР. Т.І. – Москва, 1941.   – 370с.

13.  Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды Т. 2. Извлечения из персидских сочинений, обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. М.-Л., 1941 – 840 с.

14.  Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. Т. ІІ. –Алматы: «Атамұра», 1998. – 640 б.

15.  Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХІҮ-начале ХҮІ вв. Алма-Ата: «Наука», 1977. – 290 с.

16.  Федоров-Давыдов Г.А. Исторические особенности городов в монгольских государствах Азии в ХІІІ-ХІҮ вв. // Средневековая городская культура Казахстана и Средней Азии. Алма-Ата, 1983. – 287 с.

17.  Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-йи Бухара. (Записки Бухарского гостя). Перевод, предисловие и примечания Р.П.Джалиловой. Под ред. А.К. Арендса. – М., 1976. - 196 с.

18.  Материалы по истории Казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Алма-Ата: «Наука», 1969.– 347с.

19.  Жолдасбаев С. Ортағасырлық Сығанақ қаласы (Х-ХҮІІІ). Көмекші оқу құралы. Түрлі-түсті суреттермен. – Түркістан: «Тұран», 2010. – 224 б.

20.  Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы. т. ғ. д. ғыл. дәр. диссерт. Автореферат. Алматы, 2010. – 40 б.

21.  Левшин А. И. Описание киргиз­кайсацьих или киргиз­кайсацких орд и степей.– Алматы: «Санат», 1996. – 656 с.

22.  Кәрібаев Б.Б. Моңғол жаулап алушылығына байланысты Қазақстан аумағына тайпалардың қоныс аударуы //ҚазҰУ хабаршысы, тарих сериясы, 2008. №3. – Б. 57­63. 

23.  Көптілеуова А.Б. «Жүз» термині туралы //ҚазҰУ хабаршысы, тарих сериясы, № 1 (60), 2011. –186-191 б.

24.  Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. / Н. Э. Масанов, Ж. Б. Абылхожин, И. В. Ерофеева. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2007. – 296 б.

25.  Көптілеуова А.Б. Қазақ жүздері қашан пайда болды? // «Ғылыми қазына және отан тарихы: жас ғалымдар үлесі» атты жас тарихшы ғалымдардың IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдары. Алматы, 2013. – 173-178 бб.

26.  Қазақтың көне тарихы. /(Дайындаған М. Қани. – Алматы: «Жалын», 1993. – 400 б.

27.  «Материалы для статистики Туркестанского края». СПб., 1872. вып.І, Е.Т.Смирнов «Сыр-Дарьинская область». СПб., 1887. С. – 321.

28.  Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов: (конец ХІХ-начало ХХ вв.). – Алма-Ата: «Наука», 1968. – 255 с.

af5adf890358babc41d336d6b3f15e82.jpg

Сығанақ қаласының аэрофотосъемкасы.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?