Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абайдың 100 жылдығы қалай тойланды?

3319
Абайдың 100 жылдығы қалай тойланды? - e-history.kz

Әлемдегі әрбір халықтың жүріп өткен жолы, көнеден бүгінге дейінгі өзіндік тарихы бар. Кез келген ел өзінің ірі тұлғаларымен, қайраткерлерімен танылатындығы сөзсіз. Қазақ халқының тарихында аттары алтын әріптермен жазылатындай лайықты орынды иеленген қадау-қадау тұлғалар  бар. Олар әр дәуірде өмір сүріп, сол заманда халықтың басына күн туған шақта халықтың ішінен суырылып шығып, алмас қылыштай жарқылдап, өзінің болмыс-бітімімен, ақыл-парасатымен елден-ерек, жұрттан бөлек дараланғандар деп айтуға негіз бар. Міне, осында қазақтың дана және дара тұлғасы - Абай Құнанбайұлы еді.

Алаш қайраткелерінен тәрбие алған азаматтар

ХХ ғасыр басында Абай Құнанбаев пен Мағжан Жұмабаев өлеңдерімен бірінші танысқан Орта Азия жастарынан Ташкенттегі №14 мектеп-интернаттының оқушылары – Нұртас Оңдасынов, Бейсембай Кенжебаев, Жүсіпбек Арыстанов және тағы басқа қазақ жастары болған.

Қайраткер тұлға Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының киелі мекені Түркістан жерінде дүниеге келген. Өзінің саналы ғұмырында ел басқарып, халқына көп жақсылық жасап, перзенттік парызын адал атқарып өткен азамат.

ХХ ғасыр басында Ташкент қаласында Нұртас Оңдасынов пен Бейсембай Кенжебаевтарға дәріс берген ұстаздардың бірі Алаш қайраткері Сәдуақас Оспанов интернатта сабақ бергенде қараусыз көше кезбелері атанып келіп жеткен балаларға Абай өлеңдерін жаттата берген. Сол кезде оларға Абай өлеңдерінің құнары табиғи ана сүті, ана сүтінің уызы секілді сіңген. Таңдайына сіңген Абай рухы ұлтшылдық болып олардың маңдайына пешене болып жазылған. Олардан кейін қилы қилы-заман болғанда арына кір шалдырмай аман шығып, ғылым адамы болып қалыптасуы, ұлт алдындағы міндет парызын ақ-адал атқаруы осындай рухани алтын қайнардан жастай сусындап ішіп, қадірінше қанып өсуінен!

Сәдуақас Оспанов Алашорда құрамында болған адам. Қазақтың тұңғыш ағарту инсатитуты Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті деп жүрміз ғой. Шынтуайтында қазақтың тұңғыш ағарту институты Ташкент қаласында ашылған. Ашылуынан қашан қалыптасуына дейін аянбай еңбек еткен адам тағы да осы аты аталған қайраткер. Ол «Ақ жолды» шығарушы редакторлардың бірі. Осы аталған ұстаз Сәдуақас Опанов кейін Семей өңірінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде тұрып алашорда есебінен 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылған.

Интернатта тәрбиеленген жастардың таза жүрегіне ұлттық рух құйып тәрбиелейтін екінші бір ұстазы Әмин Жүсіпов (Мәшһүр Жүсіптің ұлы). Ол қазақтың алғашқы ағартушыларының бірінен саналатын қыршын кеткен Әмин еді. Ол да Абайшыл, ол да Алашшыл! Міне, Нұртас Дәндібайұлына жоғарыдан ағып келген ұлттық рух қайнары қайда жатыр?!

Кезінде С. Қожанов Нұртас Дәндібайұлына Нәзір Төреқұловтың басшылығымен 1922 жылы басылған Абайдың 1-томдығын, сосын өзінің алғы сөзімен 1923 жылы шыққан М. Жұмабаевтың бір томдығын беріпті. «Осы екі ақынды көбірек оқы, үлгі алуға тұрарлық» депті.

Кейін бір сәті түскенде Н. Төреқұловпен таныстырып, аз-кем әңгіме үстінде Нәзір «халық мұрасын жинауға атсалыс, ескілікті жыр-дастандарды көп оқы, тілін меңгер» деп ақыл беріпті. Кейін, қызметтен қол босатып, Мәскеуге келгенде сол Нәзір ағасының сөзі есіне түсіп, қазақтың қара сөзімен, тіл қазынасымен көбірек айналысуға бет бұрған. «Сөздік-словарьға» ден қоюыма да Нәзір аға сөзі қамшы болды», - деген екен Нұртс Дәндібайұлы 1989 жылы іздеп келіп әңгімелескен жазушы Жолтай Әлмашұлына.

Абай Құнанбайұлының 100 жылдығы

1944 жылы 15 тамызда Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы  Н.Д. Оңдасынов «Абай кинофильмін» түсіру үшін №458-ші қаулы шығарған. Сонымен қатар, Өнер саласының бастығы С. Толыбековке мынадай мәселелерді жүктеген: 1 тамыз – 1 қараша айларының аралығында Академиялық театрдан киноға түсетін актерлерді ұйымдастыру, «Абай» кино-картинасын түсіруге Қазақ мемлекеттік филормониясынан Жамал Омарованы, Опера және балет театрынан Әбішева және Шымкент Қазақ драма театрынан Мұхамедьярованы шақырту. Одан кейін, көркем фильмдер түсіруші киностудия директоры Кива жолдас пен Қазақ драма театрының директоры Джуманашали екеуі өзара ақылдасып, жоспар жасап, қатысушы әртістерге айлық төлесін, - деп тапсырма берген.

1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі уақытта Ұлы Абайдың 100 жылқық мерейтойына байланысты жазушы Әди Шәріпов өзінің «Көргенім, көңіліме түйгенім» деп аталатын естелігінде: «Тамыз айының аяқ кезі. Бүкіл халық көңілді. Кеудесін айрықша ашып тастап, жайбарақат жүрген жастар. Бүкіл қала халқы Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесіне дайындалып әбігер. Жан-жақтан келіп жатқан қонақтар. Облыстардан, туысқан республикалардан, Мәскеуден, Ленинградтан келуде.

Мерекеге арналған кеш Опера және балет театрының үйінде өтті. Ол кешке Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Скворцов, екінші хатшысы Ж. Шаяхметов, Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов, Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшелері, мәдениет, қоғам ұйымдарының, өндіріс орындарының өкілдері қатысты. Кештен кейін белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен үлкен концерт болды.

Тамыз айының 24-і күні КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институты мен Абай атындағы Қазақ педагогика институтының Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерексіне арналған ғылыми сессиясы болып өтті. Сессияны Қ.И. Сәтбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Абайдың өмірі мен шығармалары Н. Сауранбаевтың, М. Сильченконың, Ә. Мәметованың, Р. Лембергтің, Е. Ысмайловтың, А. Ахметовтың, Қ. Мұхаметқановтың баяндамаларында жан-жақты талданып, Абайтану жолындағы баға жетпес тың пікірлер айтылды.

Абай тойына Семей облысының Аягөз, Шұбартау, Абыралы, Новопокровка, т.б. аудандарына Қарауылда өтетін тойға өз киіз үйлеріңмен, сойыс малдарыңмен, сауылатын биелеріңмен келіңдер деп нұсқау бердік, Қарағанды облысының Қарқаралы, Қу және басқа аудандары да қатысты.

Тойға 33-тен астам мәдени-қоғам қайраткерлері барды. Басқа елдерден келген қонақтар да бар. Солардың арасында М. Әуезов, Ш. Жиенқұлова, А. Тоқмағамбетов, Е. Ысмайлов, К. Байсейітова, Қ. Жандарбеков т.б. болды. Қонақтардан Кариев, Жирмунский, Әбдрахманов, халық ақындары Орынбай, Үмбетәлі, Нартай бар. Той кезінде тәртіп болсын. Оны облыс басшыларына да айттық. Сонда кешке Қазақстан үкіметінің атынан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов қонақ күтетін үйде дастархан даярлатқан.

Алматыдан бір топ қонақтармен бірге қонақтарға арналған вагонмен Қажұмқан Мұңайтпасовтың өзі және жас әйелі, алты жасар баласы бірге барды. Cемейге жеткенде Қажұмқан ақсақалды отбасымен қос қабатты қонақ үйдің жеке бөлмесіне орналастырдық. Ол кісіге Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының «МК» жеңіл мәшинесі бекітіліп берілді. Барған күні облыстық театрда Абайдың жүз жылдығына арналған салтанатты жиналыс болды. Алматыдан келген өнер қайраткерлері соңында үлкен ойын-сауық кешін өткізді.

Біз асханадан шықсақ, «МК» тосып тұр екен. Мен бұрынырақ барып, мәшиненің артқы есігін аштым. Қажекеңнің көзқарасында ашу барға ұқсайды. Бір ыңыранып мәшинеге кірді де, мол денесімен күмп етіп отыра кетті. Сол кезде мәшиненің рессоры шақ-шұқ бөлініп түсті де, мәшине итше шоқиып қалды. Қажекең мәшинеден үнсіз шықты да, шашылып жатқан рессорға бір қарап:

- Әй, Шәріп, жүр, жаяу, кеттік! – деп жылжи берді.

Мәшиненің айдаушысы:

- Ойбай, құрыдым. Енді рессор табылмайды. Мұныңыз не? Кешігіп келгеніме мен кінәлі емеспін. Гаргаш жолдас бір жерге барып, сосон кешігіп қалдық, - деп жыларман болып тұр.

- Ол бастыққа сол керек. Мені кім деп жүр? дей салды Қажекең.

Палуан осы машинамен Қарауылға баруы керек еді, енді басқа машина іздеуге тура келеді. Рымбекке бардым. Болған жағдайды күле отырып айттым. Ол да ішек-сілесі қатқанша күлді. Ойламаған жерден Рымбек жол тауып кетіп, телефон шалды да Қажұмқанды Қарауылға тойға апаратын американдық «Студбеккер» деген үлкен мәшине шақыртты. Абай еліне барғанда Қарауылда үлкен той думан болды», - деп баяндаған екен.

Міне, осы бір дүбірлі Ұлы Абайдың 100 жылдық тойы 1945 жылы Абай ауданында өткенде. Тойды өткізу жөніндегі Республика бойынша құрылған комиссияның төрағасы болып сол кезде Министрлер кеңесінің төрағасы болып жүрген Әди Шәріпов, облыстық комиссияның төрағасы болып Семейдегі Абай мұражайының директоры Қайым Мұхаметқанов бекітілген.

Әди Шәріпов өз естелігінде тойда ат бәйгесі, балуандар күресінен басқа қыз қуу, аударыспақ, теңге алу секілді қазақтың ұлттық ойындары болып түні бойы алтыбақан тебіліп, жастардың әндуманы, ойын-сауығы таң атқанша созылғандығы жазылған.

Осы тойға барған Қажұмқанға қонақ үйінен бөлме дайындап, төсек салған екен. Бірақ оған палуан сиып жата алмайтын болғандықтан, төрге бірнеше көрпені қатар төсеп, жұмсақтап жер төсек дайындапты.

Тойдағы палуандар күресіне әр аймақтан мықты жігіттер дайындалып барған. Ол туралы бас балуандық жүлдені иеленген Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауданынан Дәулен (1908-1950 жж.) есімді балуан өз естелігінде: «Абай ауданында бас палуандыққа дайындалған адамды бір жыл бойына күтіп баптап, әр жұма сайын күтіп шынықтырып әкелген көрінеді. Тұлғасы енгезердей өте үлкен адам екен. Бас балуандыққа шығарда шынжырлап, шынжырдың екі жағын қар-қарш шайнап тұрған балуанға белдесуге шығуға ешкімнің де батылы бармапты.

Не де болса нар туекел деп, бас палуандыққа мен шықтым. Бас палуанға әкелген еңгезердей қара дәуді шынжырдан босатып қоя бергенде  жерден бір уыс топрақты маған қарай шашып жіберіп, тұра жүгірген кезде, мен де аллалап тұра ұмтылып белдескенімде, адам ала алмастай көрінген қара дәу өзінің қалай түскенін білмей қалды.

Мені қалың көпшілік үстіне көтеріп алып, құрмет көрсетіп жатыр. Қуаныштарында шек жоқ болған. Тойға келген Қажұмқанның жасы ұлғайған кезі екен, балуанға түскен жоқ, сырттан балуандардың күресін бақылады. Күресіп жатқандарға қарап отырып: «Ой бәрекелді-ай, олай болмағаны дұрыс болмады, былай ету керек еді», - деп қызынып, жанкүйерлік көрсетіп отырды. Сол кісінің сол көрінісінің өзі маған бір ерекше сезім әкелгендей болады. Мен ол уақытта 37 жаста едім. Күрестің қорытындысына бас палуанға лайықтаған кілем жабылған түйені Қажекеңе тарту етіп, батасын алған едім. Сөйтіп, күрестен бірінші орынды иеленіп, менің даңқымды бір көтеріп тастаған осы ұлы Абайдың 100 жылдық тойы еді», - деп естелігін баяндаған екен.

Тәуелсіз Қазақстан халқының ұлттық жаңғыруы

Қазақ елі өз тәуелсіздігін алған шақта елдің рухын көтеру және ұлттық сананы ояту мақсатында Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы елімізде ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілді. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының кесенесі қайта салынды. Ақын шығармалары әлем тілдеріне аударылды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемле­кеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз», - деп атқарылатын ауқымды іс-шараларды атап көрсетті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 9 қаңтарында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан»  аты көлемді мақаласын жариялады. Онда мемлекет басшысы: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі», - деп атап өтті.

Демек, қазіргі жаһандану заманында егемендікті нығайтып, ұлттық сананы қалыптастырып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін Қазақстан Республикасының әрбір азаматы еңбектенуі керек деген сөз. Кезінде Абай Құнанбайұлы: «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол!», - деген ғой. Сондай нақыл сөздер әрбір азаматтың назарында болуы керек деп ойлаймыз.

 

Қанат ЕҢСЕНОВ,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы

институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?