Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сағымбай Жұмағұл: Абай – алаштың темірқазығы

2784
Сағымбай Жұмағұл: Абай – алаштың темірқазығы - e-history.kz

Абай сынды алып тұлғаның кемел ойларының рухани өркендеудегі құндылығы – қазақ қоғамының кешегі, бүгінгі және ертеңгі күнінің мәңгілік мәселелерімен сабақтастығында. Әсіресе, бүгінгі қоғамдық дамуды ізгілендіруде, рухани жаңғыруда гуманистік қағидаларын негіз етіп ұстану арқылы ұлттық мұраттарға түпкілікті бет бұруда ақынның классикалық мұрасына жүгінуіміз заңды. Түптеп келгенде, Абайды тану – қазақтың адамзаттық өркениеттегі тұғырын айқындау. Сондықтан қазіргі әлемдік ғаламдасудың қарқынды үрдісінде ұлттық болмыс-бітімді сақтап қалуда ақын діттеген ізгі мұраттарын қоғамдық дамудың күретамырына айналдыру басты міндеттердің бірі.

Ұлттық идеяны басты орынға қойған ақын «Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып құрып барасың. Өтірік, шағым толды ғой, өкінер кезің болды ғой» деп отаршылдық қыспақтағы исі қазақты тұтастыққа, рухани және саяси ұйысуға шақырды.

«Біріңді, қазақ, бірің дос Көрмесең істің бәрі бос» деген ақын бірлігі жарасқан елдің қиындықтарды еңсеріп, ұлы мұраттарға жететінін ұрпақ санасына құйды.

 

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқы­мыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін ар­найы құрылған комиссия дайын­­дық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халық­аралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

 

Елін құлдық санадан арылу мақстатында «Ұятың, арың оянсын» деп ұлттық ояну ұранын көтерді. Надандықтан, тобырлық санадан арылу керектігін айтып, «Көп шуылдақ не табар Бастамаса бір кемел», «Еденица болмаса не болады өңкей нөл» деп «толық», «кемел» адамның өз халқының тағдырына бей-жай қарай алмайтынын ұғындырды.

«Ұятың, арың оянсын, Бұл сөзімді ойлансын» деген Абай мұраты ұлтты ояту десек, ХХ ғасыр басындағы Алаш әдебиетінің өкілдірі «Оян, қазақ!» деп сол үрдісті көркемдік үрдісте тарихи сабақтастықпен дамыта түсті.

Алаш қайраткерлері осынау әлеуметтік ойды ұлт-азаттық күрестің басты темірқазығы етіп ұстанды. Олар Абайтанудың классикалық үлгісін негіздеп, ақын шығармашылығын танудың түпкі негіздерін ұлттық мүдде бағытында атқарылар кемел істермен сабақтастырды. «Абай был самородок, вынесенный судьбой в безвременье его родины» (Ә.Бөкейхан), «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек» (А.Байтұрсынұлы) деген ұстанымда болды әрі оны нақты жүзеге асыруда келелі істер атқарды. Руаният әлемінде Абай сынды ақынның алар орнын әлеуметке жеткізуді, ұлт санасына сіңіруда басты парыз санады.

Абай – қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі. Ал, классикалық мұра құндылығы тек көркемдік сипатында ғана емес, оның елдігін басты орынға қойған ұлт тағдырымен біте қайнасқан отаншылдық мұратының шынайы айнасы болуында. Отаршылдық қысымдағы қазақ халқын «айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды» (Ж.Аймауытұлы, М.Әуезұлы). Міне, сөз зергері отаршылдық қысымнан қазаққа елдігінен айрылу қаупі туған кезеңде оның түпкі себептеріне терең бойлады.

Отаршылдық дәуірінен бастап бүгінгі тәуелсіздік кезеңіне дейінгі аралықта қазақ әдебиеті түрлі саяси қысымдарды басынан өткергенімен, өзінің бастапқы бұла күші болып табылатын ұлттық азаттық, дербестік және еркіндік сынды қасиетті ұғымдарды халық санасына сіңірумен келді. Қазақ халқының ұлттық қасиетін сақтап қалудағы шешуші тарихи кезеңдерде мемлекеттік идеологиямызды құраған бірден бір қастерлі кие әдебиет болды. Мұндай ілкі қасиет қазақ халқының және оның төл әдебиетінің тарихына тән қайталанбас құбылыс деуге болады. Соның бір ғана мысалы Абай шығармашылығы десек, бүгінгі ұрпақты сол қайнар бұлақтан толыққанды нәр алуына ерекше мән беруіміз қажет. Өйткені ақынның шығармашылық қызметінің басты мұраты – адам тәрбиесі, ұлттық мінез-құлық, әдеп, ар-ұят, ұждан сияқты мәңгілік мәселелер. Ал, оны рухани жаңару мен жаңғырудың басты арқауы етіп алу – Абай жолын ұстанған ұлт мерейінің асқақтығы деп білеміз.

Әдебиет халықтың эстетикалық мұраты, этикалық қағидалары, философиялық толғанысы және де психологиялық ерекшелігінің басты сипаты ғана емес, ол адамзаттық рухани құндылықтардың ажырағысыз бөлшегі. Оның класссикалық үлгісі – АБАЙ!!!

Сағымбай Жұмағұл,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?