Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бошайдың үш қарасы

2818
Бошайдың үш қарасы - e-history.kz
Бошайдың үш қарасын мен екі ұлы тойда көрдім: екі тойда да бас бәйгелерді Бошайдың үш қарасы әкетті

«Құланқара», «Бұланқара», «Желмая»!

Бұл үш қара аттың үшеуі де Шығыс Қазақстандағы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин колхозының аттары. Колхоз тұрсын ауданына, ауданы тұрсын облысына, облысы тұрсын бүкіл республикамызға абырой-атақ әперіп жүрген әйгілі аттар: «Құланқара» мен «Бұланқара» бәйге аттары, «Желмаясы» жорға.

Он жеті жылдан бері сол колхоздың бастығы болып келе жаткан Бошай Кітапбаев – ғылым кандидаты, Социалистік Еңбек Ері, заманымыздың озық азаматтарының бірі.

Ол бір жаны ақын адам. Оның ақындығы жорға-жүйріктеріне қойылған аттарынан да көрініп тұр: «Құланқара», «Бұланқара», «Желмая». Осы үш атауда қандай теңеулер, қанша поэзия жатыр!.. Бұл Құлатай, Cұратай, Жұматай деген сияқты мағынасыз ұйқастыра салған заттар емес, поэзиялық мәні берілген, ат үстінде өскен елдің поэзиясының әуені бар атаулар.

Өткен жылгы таза кірісі бір миллион екі жүз мың сом болған миллионер колхоздың бастығы Бошай жолдас сала-сала шалқып жаткан шаруашылығын мінсіз басқара отырып, үш қараның бапталуынан да көзін айырмады. Сенімді жылқышы, тәжірибелі атпаз Қожамсейіт Асантаев үш қараның шашасына шаң жұқтырмай бақса да, ат баптаудың қос тізгіні Бошайдың қолында екені даусыз. Сондықтан атақты үш қара ат Бошайдың үш қарасы деп аталады.

Ленин колхозы – әрі егісті, әрі малды, бай колхоз. Биыл 13 мың гектар егін салған. Өткен бесжылдыктын қорытындысында бес жыл бойы гектарынан 21 центнер астық алып отырғандықтан Бошай Кітапбаев жолдасқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Бұл колхозда 25 мың қой, 7 мың қара мал, 1800 жылқы бар екен. Бошай басқарғалы колхоздың малы жұтқа ұрынған емес, ылғи өсу жолында.

Бошай басқарып отырған колхоз – өз тұрғыластарымен салыстырғанда озық мәдениетті колхоз. Кітапханалары бар, орта дәрежелі үш мектебі бар. Оқытушыларын, агроном, механизаторларын, адам, мал дәрігерлерін қосқанда үлкен бір қауым интеллигенциясы бар. Мәдениеттілік колхоз жұмыстарын басқаруда да, сол жұмысты істеуде де ерекше көрініп тұр. Бұл колхозда бейбастақтық, әдепсіздік, маскүнемдік, еңбекке керенаулық дейтін көргенсіздіктер сирек кездесетін сияқты. Озық колхоздың ең алдымен адамдары озық. Мен бiлетін соңғы 4-5 жылдың ішінде Шығыс Қазақстан, Семей, Алматы облыстарына бәйге бермей жүрген үш қара сол озық колхоздыкі.

Ат жарысының қай түрі болса да барлық жүйке тамырыңды бірге шымырлатады. Жалғыз қара болып озып келе жаткан бәйге атын көргенде көзіңе ие бола алмайсың. Аузынан шығып кеткен сөзің түгіл даусыңа не бола алмайсың. Бұл қуану ғана емес, теңеуі жоқ үлкен сезім. Отырған орнынан ұшырып тұрғызатын сезім – поэзия. Күй поэзиясы, ән биігі, поэзия биігі! Көз алдыңа Тайбурыл келеді, Құлагер келеді, құлағыңда – Құрманғазы! Ой-сезімің басқа тіршілікпен түгел ажырасқан. Осы кезде жаратылыстың бар көркемдігі сол озып келе жатқан атта ғана қалады. Ат алдында басыңды игендейсің. Өйткені ол алға тартқан ұтымды қозғалыстың көркем бейнесі, мінсіз сұлулық. Тегі, мен машина, техника секілді заманымыздың поэзиясын немерелеріммен бірге сезінсем, ат поэзиясын бабаларымдай сезінсем керек.

Әлі есімде, 50-ші жылдан аз ғана әрірек Алматы ипподромында болған үлкен бір бәйгеде Кәрім Мыңбаев әкеліп қосқан торыала ат бір айналым жалғыз дара озып келгенде Мұхтар марқұм Кәрімді көк желкеден түйгіштей бастады. Аузына «өй-өй!» дегеннен басқа сөз түспепті. Көзінде парлап кеткен жас еді. Екі әскери полковник топ ішінен тура жүгіріп барып, аяңдатып жүрген атты тоқтатып, алдына екі аяған сылай бастады. Бұл Кәрiмнiн өзі баптап, өзі ғана мініп жүрген аты еді. Екі-үш жыл бойында алдына мал салмай келе жатқан.

Кәрім қайтыс болғаннан екі жыл кейін бәйгеге бапсыз әкеліп қосылған торы төбелдің трагедиясын да көрдік. Қара терге малшынып, төрт аяғы төрт жаққа кеткен. Буаз биедей қарны қампиып, жұрт алдынан арыз айтып жылап өткендей еді. Құлақ түбінен сорғалаған тер көзін жуып кеткен. Жүлдеге ілінген жоқ, әрине. Үстіне мінген ұзын сирақ біреу екі аяғын үзеңгіге шіреп алып, қос өкпеден шоқпармен ұрғандай тебініп келеді. Ол тебінген сайын аттың діңкесі қатып, аяғында жортақтай беріп тоқтап қалды да, кісінеп жіберді. Бұл жолы да Мұхтар екеуміз бірге, қатар отыр едік, үндеспей орнымыздан тұрып кетіп қалдық. Торы төбелдей асқан жүйрік атты қор қылған адамдарға наразылық көрсетіп кеттік.

Бошайдың үш қарасын мен екі ұлы тойда көрдім: алғашқы рет ұлы ақынымыз Абайдың туғанына 125 жыл толған тойында, былтыр. Екінші рет күні кеше ғана өткен халықтық позиянын алып ақыны Жамбыл бабамыздың туғанына 125 жыл толған тойында. Осы екі тойда да бас бәйгелерді Бошайдың үш қарасы әкетті.

Бұл екі тойда да ат жарыстары өте жақсы ұйымдастырылды. Екеуінде де жарыс айналмалы түрде өткізілгендіктен тойға келген жұрт бәйге қызығын бастан-аяқ түгел көріп отырды. Аттардың шама-шарқы, атқа мінген балаларды қалай тәсілденгені мен шеберлігі жарыстың әр кезеңінде көз алдында болды. Сәбиттің 60 жылдық, Ілиястың 70 жылдық тойларын да бейбастақтар мен көтермешілер аттарды быт-шыт қылып қуып әкетіп, қайсы аттың озғанын, қайсы аттың артта калғанын көре алмай кеткеміз. Ешбір атқа бәйге де берілмеген. Бұдан былай барлық бәйге, барлық ат жарыс айналмалы түрде өткізілгені дұрыс екен.

Абай тойында жиырма километрлік айналмалы бәйгеге 40-50 ат қосылып еді. Бошайдың «Құланқарасы» жеке-дара жалғыз келді. Оған ең таяу келе жатқан аттар бір айналым кейін қалды. «Құланқараға» мінген 12 жасар бала Валерий атына бір рет қамшы үйірместен тұйғындай түйіліп өте шықты. «Құланқара» әлі ауыздығымен алысып келеді екен. Қарсы алдынан соққан желді (тұтқыр ауаны) аттың басы мен еңкейе отырған баланың басы бірге жарып өтіп келе жатқаны танылады. Бұрынғы атпаздар мұндай тәсілқой баланы «аттың құлағында ойнайды» дейтін.

Он алты километрлік бәйгеде «Бұланқара» екінші болып құйрық тістесе келді. Отырған жұрт ду ете түсті:

– Озып келген көлденең қосылған ат! Көлденең қосылған  ат! – десті.

Ертеңіне «көлденеңінен қосылған ат екеу екен. «Бұланқара соның біреуін басып озып, енді біреуінен құйрық тістесіп қалып еді» деген лақап тарады. Тексере калған адам болса, анығына жеткен шығар. Ешкім тексермесе, шикілік болған екен деп ойлауға болады.

Жорға жарысында Бошайдың «Желмаясы» тағы да жалғыз-дара  болып келді. Қазақша айтқанда басқа жорғалар далада қалды. Сегіз километр жорғалаған «Желмая» бусанған да жоқ. Сонымен Абай тойының екі бас бәйгесі, бір екінші бәйгесін Бошайдың қаралары әкетті.

Жәкеңнің тойында «Бұланқара» мен «Желмая» тағы да екі бас бәйгені әкетті («Құланқара» ақсап қалды).

Он екі километрлік бәйгеде бірінші болып келген Алматы облысының қара аты аты да асқан жүйрік екен. Үстіне мінген бала да ақылды, тәсiлқой екені танылды. Бошайдың караларымен талас жалғыз жүйрік сол ма деп қалдық.

Айтты-айтпады, үш жүйріктің жем-шөбін Бошай батырдың ала келгеніне өз басым күмәнданғам да жоқ.

Бұл жолы «Бұланқараға» мініп шапқан бала 14 жасар Ершоқ Әскенов екен. «Желмаямен» жорға жарысына да сол Ершоқ түстi. Бақылаған адамға Бошай балаларының бұлжытпай ұстайтын бірнеше ұтқыр тәсілдері бары байқалады. Бұл балалар атты өкпесі қысып тебінбейді. Аттың шабыс ырғағын бұзып, камшыламайды. Шалқаймай еңкек отырғандықтан алдынан соққан жел (тығыз ауа) баланың кеудесіне де тірелмейді, ықшам киінгендіктен жел кеулеп етегінен де тартпайды. Бошайға айтуға лайық бір ескерту – аттарының құйрықтары ұзынырак. Аздап тарап, аздап қысқартса да, аттарының сәні бұзылмайтын сияқты.

Аттар дүркіре жөнеліп бергенде Бошайдың аттарын бiрінші шоғырдың ішінен көре алмайсың. Мерзімді жерді орталаған кезде ғана Бошайқаралар алдыңғы топты тықсырып келе жатады. Бұл кезде алғашында шыға тартқан аттар енді екінші, үшінші шоғырлардың ішінде танылады. Келесі айналымдарда Бошайқаралар жылысып жөнеледі де кете барады. Енді олар ешкімді маңайлатпайды.

Бошай аттарын былтыр Абай тойына да машинамен әкеліп еді. Биыл бір мың алты жүз километр жердегі Алматыға да машинамен әкелді.

***

– Аттар машинаға өздері мініп, өздері түседі, – дейді Бошай. –Атқа да таза ауа керек. Анда-санда жерге түсіріп саралатып, бойын жаздырып аламыз. Бәйгеге аздап ерігіп келіп қосылады.

Ат жарыстары ат үстіндегі ойындар түгелі исі спортқа жатады. Мұның бәріне де аттың бапталуымен бірге ойынға қатынасатын жастардың жаксы әзiрленуі керек. Әсіресе ат үстінде ойын көрсететін жастарды спортттық мағынада толық әзірлеу керек. Той болардың алдында ғана емес, олар әзірленіп келуге тиісті. Спорт мамандарының қолынан өтуге тиісті. Олай болмаған күнде өнер көрсетудің орнына күлкі боламыз.

Жәкең тойында не көрдік? Қазақ жастарынан жерден күміс ала алған бір жігіт болған жоқ. «Көкпар» дегеніміз ұйқы-тұйкы бірдеме болды да тарады. Бұл біздің байырғы ойындарымыз емес пе?! «Қыз қуу» да қызықтырған жоқ. Бұл алғыр қыранның алтайы қызыл түлкіге түйілуі емес пе? Алғыр мен алдырмастың өнерін көрсетулері емес пе? Тарсыл-тұрсыл тік шапкыламай, жұрт алдында әр түрлі айла-тәсіл, өнер көрсетсе несі бар? Жігіт түйіліп келгенде қыз атын тежеп қкалып, жігітті қасынан «құр ауыз» өткізіп жібермес пе?

Бұл ойынның бәйгесі – жігіт қызды қуып жетсе сүйеді. Сүйе алмаса, қыз оны қамшылап қайтады. Ал сүйісе алса ше? Екеуі әшейін қатар шауып қайта ма? Жоқ, қызды қуғанда да, жігітті қуғанда да өнер көрсетілуі керек: кыран өнері, түлкі өнері!

Бір өрескел жігіт қызды кәдуілгідей сүйемін деп аттан құлатып алды. Әрине, «кәдуілгінің» керегі жоқ, тұспалы керек, баламасы керек. Намыстанған қыз өрескел жігітті аяусыз қамшылап кайтқанда риза болып отырдық. Бірақ қамшылаудын да баламасын табу керек. Мысалы, қыз қамшы сілтегенде жігіт қайқаң етіп қалса о да тұспал ғой. Қысқасы, бұл ат жарысы ғана емес, алдымен қыз бен жігіттің өнер жарысы болу керек.

Қыздар жарысына да бір ұсыныс қосқым келеді. Қыздардың көрініске желбірегі көп көйлектерімен, үкілі бөріктерімен шыққандары әбден дұрыс, әсем көрініс. Бірақ жарысқа сол киімдерімен түскендері аттарына обал екен. Қарсы алдарына гулеген жел желбірегі көп жібек көйлектердің етек-жеңінен үздіксіз тартып келе жатқанын көресің. Кыздар қисая берген үкілі бөріктерін оң қолымен түзей бергенше ат көзіне қамшы шалынады да ат ығысып кеп шабысынан жаңылып қалады. Жарысқа түскенде қыздар да жел кеулемейтін ықшам киім киетін болсын. Одан соң «қыздар жарысына» кәнігі спортсменкалар қосылмауы керек. Атының шабысын секундометріне дейін біліп алған спортсменка, тіпті, озбай коймайды. Оның үстіне спортта тең күштер, шамалас салмақтар сынасады.

Алдымызда Совет Одағының 60 жылдық тойы тұр. Келер жылы Алматыда Азия-Африка жазушыларының V конференциясы өтеді. Конференцияға дүние жүзінен түгел конактар шакырылады. Конференцияның шек-шеңберін осы магынада мөлшерлеп әзірленуіміз керек. Мен Суданда өңкей ақ нар – желмаялардың жарыстарын, Нигерияда ат жарыстарын көрдім. Желмаялар шүу деп жөнеле бергенде ұша берген бір топ аққуға ұқсап ерекше бір көркем көрініс береді екен. Азия-Африка елдерінің қайсысына болса да жарыс спорттық өнер дәрежесіне көтерілгені таңсық. Жалпы ұлттық ойындардың бәрі де көркемөнер дәрежесінде болғанда ғана қызықтыра алады.

Келетін қонақтар, ең алдымен, еліміздің ұлттық көркемөнеріне, ұлттық ойындарына, ұлттық дастарқанына, араласып жүрген адамдарға көздерін тіге қарайды. Сынау үшін емес, білу үшін, тану үшін. Шала көріністерден шалағай корытынды жасап кетеді. Ең үлкен ұят – кәнігі ұлттық ойындарымызды шикілі-пісілі көрсетуде болып жүрмесін.

Осындай жиын-тойларда салмақтың көбі жастарға түсетінін ескеріп, мақаланы «Лениншіл жас» газетіне ұсынуды мақұл көрдім. Илаһи, әркім тойға Бошайдай әзірленгей-ақты.

Ғабит МҮСІРЕПОВ.

 

Мүсірепов Ғабит.  Бошайдың үш қарасы. // Лениншіл жас. – 1972, 19 тамыз.

Ғабит Мүсірепов. Шығармалары. Үш томдық. 2-том. – Алматы: Жазушы, 1980.

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?