Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ақ Олимпиада тарихы: кешесі мен бүгіні

2273
Ақ Олимпиада тарихы: кешесі мен бүгіні - e-history.kz
Санаулы күндерден соң, әлем назарын өзіне аударған қысқы Олимпиада ойындары жалауын көтереді. ҚР ҰОК жетекшілері мен спортшылары, жаттықтырушылар Кореяны бетке алып, Ақ Олимпиада төріне келіп жетті

Олимпиадалық қалашыққа орналасып, алды дайындық жарыстарын пысықтауда. Десе де жазғы Олимпиада таяғанда делебеміз қозып, алағызу күйге түсетініміз бар. Қысқы Олимпиада ойындарына келгенде ондай емеспіз. Бәлкім ақ Олимпиададан алған жалқы алтынымыз себеп пе? деп ойлайсың кейде. Әйтпесе қысқы спорт ойындарының дамуына біздің елде толықтай жағдай жасалынған. Инфрақұрылым мен спорттық нысандар ретке келтірілген. Енді неліктен жүлденің ауылынан алшақ жүрміз деген сауал ойымызға қозғау салары анық. Ол өз алдына жеке тақырып деп ойлаймыз. Әзірге сіздерге ақ Олимпиада ойындарына қатысқан Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін парақтап өтсек.

Қысқы Олимпиада ойындарының тарихы

Қысқы Олимпиада ойындары тұңғыш рет 1924 жылы Францияның Шамони қаласында ұйымдастырылды. Әлемнің 16 мемлекетінің спортшылары спорттың сегіз түрі бойынша бақ сынады. Одан бұрын  Швеция астанасы Стокгольм қаласында 1901 мен 1926 жылдар аралығында Еуропа мемлекеттерінің басын қосқан шағын сайыстар өтті. Әуел баста қысқы спорт түрлері бойынша Скандинавия түбегі елдері өзара жарыстар ұйымдастырды. Осылайша ХХ ғасырдың басында қысқы Олимпиада ойындарыда өз тарихын парақтады. Содан бері қысқы ойындарда АҚШ, Ресей, бұрыңғы КСРО, Скандинавия түбек елдері, Германия, Канада үздік ондықтан тұрақты көрінді. Айта кетер жайт, 1992 жылға дейін жазғы және қысқы Олимпиадалар бір жылда өтіп келген болса, 1994 жылдан бастап әрбір екі жыл сайын Олимпиада ойындарын тамашалауға мүмкіндік туды. Яғни, Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен жазғы және қысқы ойындар әртүрлі жылдарда өтетін болды.

Қысқы Олимпиада саңлақтары

ҚазКСР арасынан қысқы ойындардан тұңғыш Олимпиада медалін иемденген қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин болды. Гаранин 1976 жылы Инсбрук қаласында өткен XII Олимпиада ойындарында екі қола медаль жеңіп алды. Мұнан соң 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада ойындарында шаңғышылар Владимир Саханов – күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медаль алды. Бұл біздің тәуелсіз ел болғанға дейінгі жетістіктеріміз. Ал биылғы Пхёнчхандағы XXIII Қысқы Олимпиада ойындары Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі 7-інші байрақты бәсекесі. Осы орайда Тәуелсіздік алғаннан бергі Олимпиада ойындарына қысқаша тоқталып өтсек. 

Лиллехаммер – 1994 жыл

Қазақстанның Тәуелсіздік алған тұстағы тұңғыш Олимпиадасы. Себебі 1992 жылғы Жазғы және Қысқы олимпиада ойындарына КСРО мүшелігінде қатыстық. Сондықтан да Лиллехаммер қазақ тарихында алтын әріппен жазылған Ақ Олимпиада.  

 

ОЛИМПИАДА ТАРИХЫ. ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ        

 
 

1994 жылы XVІІ қысқы Олимпиада ойындары Норвегияның Лиллехамер қаласында өтті. Әлемнің 69 елінен 1700-ден астам спортшы келді. Атақты шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 12 орынға орналасты. 1994 жылғы Олимпиададан соң қазақ спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді.

Нагано – 1998 жыл

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында XVІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Әлемнің 72 елінен 2302 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасынан шаңғышы Владимир Смирнов пен конькимен жүгіруші Людмила Прокашева қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Беларусь Республикасымен 20-21 орындарды бөлісті.

Солт-Лейк-Сити – 2002 жыл

2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында XІХ қысқы Олимпиада ойындары өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің  77 елінен 2390 спортшы келді. Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиада да жүлде ала алмады.

Турин – 2006 жыл

XХ қысқы Олимпиада ойындары Италияның Турин қаласында жалауын желбіретті. Жарыс жолына әлемнің 80 елінен келген 2508 спортшы келді. Бұл жолы да қазақстандық спортшыларға жүлде бұйырмады.

Ванкувер – 2010 жыл

2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында ХХІ қысқы Олимпиада ойындары жалауын желбіретті. 82 елден 2766 спортшы сынға түсті. Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан мен Эстония елдері 25-26 орынды өзара бөлісті. Жалқы күміс жаңа ғасырдағы үлкен жүлдеміздің бірі.

Сочи – 2014 жыл

ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарын Ресейдің Сочи қаласы қабылдады. Байрақты бәсекеге әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысты. Қазақстан намысын бұл додада 52 спортшы қорғады. Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиада да мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қос бағдарлама бойынша 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды. Осылайша 2014 жылы Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орынды иеленді.

Пхёнчхан – 2018 жыл

XXIII Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы Пхёнчхан Олимпиадасына спорттың 9 түрінен бақ сынайды.  ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, ойындарға әлемнің 80-нен астам елінен 5 мыңнан аса спортшының және ресми тұлғалардың қатысуы жоспарланған. Спорттың 15 түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстандықтар спорттың биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жүгіру, шаңғы, шана спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, фристаил, акробатика могул түрлері бойынша сынға түседі. Ендеше отандастарымызға сәттілік жолдас болсын!

 

Тақырыпқа орай... 

ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ЖАРҚЫН СӘТТЕРІ

(1991-2004 ЖЫЛДАР) 
 

ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ЖАРҚЫН СӘТТЕРІ 

(2005-2016 ЖЫЛДАР) 

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?