Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

СОҒЫСТЫҢ ҚҰПИЯ ҚАРУЫ

1898
СОҒЫСТЫҢ ҚҰПИЯ ҚАРУЫ - e-history.kz
1960 жылдың 9 қаңтары Алматы көркем және хроникалық фильмдер киностудиясы атауын ресми түрде «Қазақфильм» деп өзгертті

Қазіргі күнге дейін кинокомпания «Қазақфильм» акционерлік қоғамының бір бөлігі. Еліміздегі қазақстандық кинофильмдер мен телесериалдарды шығаратын басты алаң кеңестік киноматография өнері үшін ғана маңызды болып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол КСРО-дағы идеологиялық, насихат жұмыстары үшін де тиімді құрал болды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс  кезінде бұнда эвакуацияланған «Мосфильм» мен «Ленфильммен» бірлесіп, кеңестік жауынгерлерді жаңа ерліктерге шабыттандыратын фильмдер түсірілді. 1941-1944 жылдары ұйымдар Біріккен Орталық киностудия (БОКС) деген жалпы атау астына бірікті. Оның тұңғыш директоры Михаил Васильевич Тихонов болды. Алматы киностудиясының базасында сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеретін көптеген фильмдер шығарылып, басқа киностудияларда басталған түсірілімдерді жалғастыруға барынша мүмкіндік жасалды, олардың ішінде «Котовский» (реж. А. М. Файнциммер), «Машенька», (реж. Ю. Я. Райзман), «Александр Пархоменко» (реж. Л. Д. Луков), «Свинарка и пастух» («Шошқа бағушы қыз және малшы» (реж. И. А. Пырьев). Қазақстанның күн дидарлы қаласында көптеген танымал тұлғалар болып қайтты. Өзінің «Жди меня» (Күт мені) фильмімен жұмысы кезінде жазушы, ақын, сценарист Константин Симонов киностудияға ерекше көңіл бөлген. Біріккен Орталық киностудия материалдары Екінші Дүниежүзілік соғыс  кезінде шыққан барлық киноөндірісінің  80% құрады. Барлығы толықметражды 23 фильм және қысқаметражды 10 фильм түсірілді. Фильмдердің негізгі бөлігі жауынгерлерді қанаттандыруға, олардың моральдық рухын көтеруге, патриоттық сезімді тәрбиелеуге бағытталған әскери тақырыптағы фильмдерге арналды. Біріккен киностудияның ақырғы картиналары өз өнері түрінің бірегей туындыларына айналды.  

1944 жылы Н. В. Гогольдің «Ночь перед Рождеством» (Рождество алдындағы түн) повестінің желісі бойынша түсірілген «Черевички» (реж. М. Г. Шапиро мен Н. Н. Кошеверова) фильм-операсының түсірілімі аяқталды. 1945 жылы С. М. Эйзенштейннің екі сериялы «Иван Грозный» фильмінің бірінші сериясы шықты. Эйзенштейнның картинасы әлемге танылып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Сергей Михайловичтің жұмыстары кинорежиссураның жоғары шеберлігінің үлгісіне айналып, киноинституттардың міндетті көрсетулер тізіміне енеді. Фильмдерді түсіруге арналған материалдар шайқас болған жерлерден тікелей майдангерлермен жиналған. Константин Симонов, Иосиф Прут, Евгений Габрилович, Илья Вайсфельд майданнан материалдар жинап, сол материалдар негізінде сценарийлер жазылды. Түсірілімге қатысушылар Қазақстандағы госпитальдарда жатқан жаралыларға барып, олардан құнды мәліметтер мен ерекше оқиғалардан хабардар болып отырды.  Панфилов дивизиясының аттары аңызға айналған жауынгерлері БОКС қызметкерлерін қуана қарсы алып, құрмет көрсететін.

Сценарий жазуға қазақ интеллигенциясы да араласты: «Сын бойца» (1942) новелласының сценарийін Сергей Михалков, Иосиф Прутпен бірге Ғабит Мүсірепов те жазды. Осы фильмдегі басты рөлді Қапан Бадыров сомдады. Картина ойын жанрындағы қысқаметражды фильмге жататын, алайда ондағы кадрлардың шынайы болғандығы соншалық, фильмді көрермен кинохроника ретінде қабылдады. Ал келесі жылы АҚШ-та американдық монтаждаушылар әртүрлі кеңестік фильмдерді қосып «Ресей туралы жыр» атты толықметражды фильмді прокатқа шығарды. Фильм баспасөзде үлкен айғай туғызды. «Мосфильм» мен «Ленфильм» туған жерлеріне оралуға мүмкіндік алған кезде, олардың басты цехтары Алматы студиясына берілді. Бұл қадам жергілікті киноөндіріске зор пайдасын тигізді, өйткені бұрын пленканы өңдеу мен айқындап шығару қолмен жасалатын. Басқа жақтан келген кейбір жұмысшылар қазақстандық киноиндустрияға көмек көрсету үшін және болашақтағы мамандарды даярлау мақсатында Алматыда кідіріп қалды. Ал  Ефим Арон, Владимир Файнберг, Михаил Аранышев, Вячеслав Левицкий, Павел Зальцман сынды өз ісінің шеберлері осы жерде мәңгіге қалуға шешім қабылдады. Осылайша, мәскеулік және ленинградтық киностудиялардың Алматыда орналастырылуы едәуір пайдасын тигізіп, қазақстандық кино жасауда жаңа мүмкіндіктер ашты. Алдыңғы қатарлы өндірістік кинобаза мен өз саласының білікті мамандары үйреткен дағдылар «Мосфильм» мен «Ленфильм» жасаған нағыз сый болды. Біріккен Орталық киностудия таратылып, «Мосфильм» мен «Ленфильм» өз орындарына оралған соң, Алматы киностудиясы Алматы көркем және хроникалық фильмдер киностудиясы деген атауға ие болды. Осы жаңа атаумен ол да талай тамаша фильмдер шығарды:  «Абай әндері» (1946), «Жамбыл» (1952), «Махаббат туралы поэма» (1954).

Осы картинадан соң Алматы киностудиясынан қазақ көркем фильмдерінің ұдайы шығарылуы басталды.  1960 жылғы 9 қаңтарда Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Алматы көркем және хроникалық фильмдер киностудиясы «Қазақфильм» болып өзгерді. 1967 жылы қазақстандық мультипликаторлар анимациялық фильмдер түсіруді бастады. Әмен Әбжанұлы Хайдаров - «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш қазақстандық мультфильмнің авторы. 1984 жылы «Қазақфильмге» ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері, актер, режиссер Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың есімі берілді. Осылайша, киностудия  Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы деген толық атауға ие болды. Қазіргі атауы – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік қоғамы. «Қазақфильм» киностудиясының ерекше даталарының ішінде Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» тамаша фильмінің 50 жылдығын атап айтуға болады. Фильмдегі жеңіл әрі әсем әндер халықтың сүйікті әндеріне айналды, сонымен қоса оларды жеке музыкалық пластинкада да тыңдауға болатын.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?