Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орбұлақ жеңісі және қырғыздар

2439
Орбұлақ жеңісі және қырғыздар - e-history.kz
Қазақ-қырғыз арасындағы ұзақ уақытқа созылған шабыстың басында Бердіқожа батырдың аты тұрады. Ол әу баста Ташкентте қырғыздар қолынан мерт болған қазақтардың құнын даулап, соғыс бастаған

Жүз жылдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысының  бір шежіресі – Орбұлақ шайқасы. Орбұлақ жеңісі – қазақ халқының ерекше тарихи мақтанышы, биыл 375 жыл толатын даңқты шежіресі. Қазақ-қырғыз  халқының жоңғарларға бірлесіп тойтарыс беріп, жеңіске жеткен ерекше тарихи беттері. Орбұлақ дегенде, ең әуелі есімізге түсетіні – ол жеңістің еш теңдесі жоқ екені. Жаудың 50 мың қолын 600-700 жауынгермен ғана тоқтату, шынында да, теңдесі жоқ ержүректік. Орыс деректерінде қазақ қолы 600 делінсе, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында 700 адам деп айтылады [1].                                   

Қалмақ қолы ә дегенде-ақ Алатау және Тоқ­мақ қырғыздарына тиіскенін орыс, қазақ тарих­шы­лары түгел жазады. Қалмақ қонтайшысы 1643 жылы қазақ пен қырғызға қар­сы 50 мың қолмен  неге  аттан­ған? Жазушы Бексұлтан Нұркенжеұлының еңбектерінде келтірілген мәліметтеріне сүйенсек, 1635 жылы Талай, Құжы, Торғаш атты қалмақ қонтайшылары бірігіп, қазақты шауып, сол соғыста Есім ханның ұлы Жәңгірді байлап әкеткен. Ал бұл Жәңгірді  тұтқынан Қарасай мен Ағынтай батырлар қырғыздардың (қазақтың белгілі Ұзынмұрт Ұзақ батырдың қайынатасы қырғыз Бурайке) көмегімен құтқарады.

Ал енді «қалмақтар неге қырғызды шапты, олардың жазығы не?» дегенге жауап беру біршама қиын. Ол жайында жазба дерек жоқ. Бұл арада ауызша тарих саналатын қазақ шежіресі, біздіңше, біршама көмек жасай алады. Қарасай батыр Жәңгірді қалай құтқарудың жос­парын құрғанда ол алдын ала қал­мақ ішіне «жансыздар» жіберсе керек. Оған қазақтарды жұмсау әрі күдікті, әрі мүмкін болма­ғандықтан, сөз жоқ, көрші ағайын қырғыз адамдарын тартуы мүмкін деп шамалаймыз. «Ал сол жазда қырғыздың қандай атақты адамдары өз ордасына келіп кеткенін Батыр қонтайшы өте жақсы білсе керек. Сондықтан қазаққа барлаушы болған қырғыздардан кек алуды ол басты мақсат еткен, оларды сол үшін шапқан деп ойлаймыз» дейді  жазушы-зерттеуші Б. Нұржекеұлы [2]. 1643 жылғы соғыс – қазақ қазақ болғалы оқпана ор қазып соғысқан алғашқы соғыс. Бұл – жердің ыңғайлылығын пайдалана білсе, азғантай қолдың өзінен әлдеқайда көп күшке тосқауыл жасай алатынын іс жүзінде дәлелдеген соғыс. Елдің мүддесі мен халықтың амандығы үшін бастарын өлімге тіккен бабаларымыз бірліктен асар күш болмайтынын, «қорықпай, ықпай соғыссаң, ақыл мен айла жеңіске жеткізетінін» олар жақсы аңғарған. Қазыбек бек аталған кітабында осы соғысқа басшылық жасаған Салқам Жәңгір­дің қатарында шапырашты Қарасай, арғын Ағын­тай, алшын Жиенбет, дулат Жақсығұл, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, суан Елтінді, арғын Тоқан баласы Қомпай болғанын жазады. Кейінгі зерттеулер қазақ қолының ішінде дулат Сырым­бет, найман Бөдес, суан Ұзақ батырдың да болғанын дәлелдейді.        

«Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында осы соғыс туралы мынандай қызықты деректерді оқимыз: «Алтын ханның ұлы Омбы, ойраттың білікті нояндары қазаққа қайта лап қойды. Оның басында əкесінің қолға түсіп қорлық көргенін ұмыта алмай жүрген Батыр хонтайшы болды. Бұл соғысқа ол елу мыңдай қолмен келді. Жəңгір хан жолындағы қырғыздарды тапап өткен ойрат қолына мыңға жетер-жетпес адаммен қарсы шығып, соғыста тəсілін арттырып жеңіске ие болды. Ол адамының жартысын тас арасына орналастырып, оған мосқалдау батыр Жиембетті, Жақсығұлды қалдырды. Жас батырларды Қарасайға бастатып шабуылға дайындады. Сөйтіп, олар жаудың желкесінен келу үшін тау айналып кетті. Алаңсыз Лабастағы Доңыз тауға кіріп келе жатқан қалмақты Жəңгір адамдары атып, көп адамын өлтірді. Олар сасып-салбырап қалғанда, желкесінен келген Жəңгір мен Қарасайдың азғантай тобы ойраттарды ойсырата қырды. Бəлкім, енді арттан жиырма үш мың қолмен алшын-әлімұлы-төртқара Жалаңтөс батыр келмегенде, қазақтар жеңіліп қалар да еді. Батыр қонтайшы осы соғыста он мыңдай адамынан айырылып, қайтуға амал жоқ бет бұрды. Кейін ойрат нояндары: «Соғыстан неге қайттың?» деп батырдан сұрағанда, ол: «Он бір мың бес жүз адамымнан айырылдым, енді болмаса бəріміз қырылатын едік» деп жауап беріпті. Бұл соғыс осылай аяқталуы тиіс екен, өйткені Жəңгір жанындағы жеті жүз адам бəрі сен тұр мен атайын, сыннан өткен Қарасай, Ағынтай, Жиембет, Сарбұқа, Көксерек, қырғыз Көтен, Табай батыр əрқайсысы жүз кісіге татитын адамдар болатын» [1; 200, 201]. Қырғыз батырларының ерлігін Орбұлақ шайқасын арнайы зерттеген тарихшы-ғалым В.З. Галиев те растайды: «На помощь к  Джангиру подошли и киргизские ополченцы. Известно, что рядом с казахскими войнами приняли участие киргизские батыры Котен и Табай» [3; 49 с.]. 1653 жылы Сесен тайшының он жеті жасар баласы ол кезде егде тартқан Жәңгірді жекпе-жекке атап шақырады. Ондағы ойы – егде кісіні әбден шаршатып барып жеңу. Оның бұл ойы, өкінішке қарай, сәтті жүзеге асады. Ұзаққа созылған шайқаста Жәңгірдің шаршағанын пайдаланып, Сесеннің ұлы Ғалдама (қазақтар Қалдан дей салады) жеңіске жетеді. Бірақ сонан соң лап қойған қазақтар қалмақ қолын быт-шыт қылып жеңеді де, Жәңгір ханды сол араға жерлейді. «Жәңгірдің сүйегі өзі қаздырған оқпанадан атшаптырым жердегі Сарыбелге қойылды», – деп жазады Қазыбек бек [1; 204].       

Қысқасы, халық мүддесі үшін қашанда бас қоса кететін қазақ Орбұлақта тағы да ұрпаққа өш­пес үлгі етіп қалдырды. Ол кез үшін жер түбі сана­латын Самарқаннан 23 мың қолмен алшын Жалаңтөс батырдың көмекке келуі – қазақ бауыр­мал­дығының теңдесі жоқ көрінісі. Орбұлақ жеңісі – ерліктің ғана кө­рі­нісі емес, қазақтың ғажап бірлігінің жемісі. Ал қырғыз батырлары Көтен мен Табайдың бұл соғысқа қатысуы – екі елдің қиындықта бір-бірін қорғайтынына, бір-бірін тастамайтынына тарихи дәлел. Б. Нұржекеұлы бастаған мәдениет қайраткерлерінің «оқпананы қазуға сол араның халқы жаппай жұмылған» деп жорамалдауы да ақылға қонымды. Орбұлақ шайқасының жалпы­ха­лықтық мәнін бұл жағдай арттыра түседі деп ой­лай­мыз. Өйткені, туған жерді қорғауға жауынгерлер ғана емес, қара халық та жаппай қатысқан. Осындай өнегелі оқиғаның куәсі мен дәлелі бол­ған қасиетті жерді қазақ пен қырғыз ерлігі мен бірлігінің өнегесі ретінде насихаттау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының астарын Ш.Ш. Уәлиханов «Абылай», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қоқан хандығы туралы жазбалар» атты еңбектерінде біршама тереңірек қарастырады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген П. Пичугин, Н.А. Аристов, т.б. зерттеушілердің зерттеулерінде қарастырылып отырған кезеңдегі қазақ-қырғыз байланыстары барысында патша өкіметінің мүддесі болғаны ашық айтылады. Ресей империясының «бөліп ал да билей бер» саясаты, әрине, біраз мәселеге салқынын тигізді. Осы жағдай ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ-қырғыз қарым-қатынасын зерттеген Р.Б. Сүлейменов пен В.И. Моисеев еңбегінде де ептеп айтылады. Қазақстан мен Қырғызстанның өз тәуелсіздігін жариялауы тарих ғылымының даму үрдісіне өзіндік әсерін тигізді. Екі елдің тарихшылары мен қаламгерлері кеңестік дәуірде «ақтаңдақ» болып, ашылмай қалған тың тақырыптарды игеріп, тарихты ұлттық мүдде тұрғысынан жаза бастады. Қазақ тарихшылары арасында С. Мадуанов қазақ-қырғыз қарым-қатынасының біршама мәселелерін зерттеді және ізашар тарихшы ретінде елеулі ойлар айтты. Тарихшы ғалымдардың ішінде А.Ш. Махаева қызық-қырғыз саяси байланыстарының тарихын, Н. Мұхаметханұлы мен Ә.Қ. Мұқтар Абылай дәуіріндегі қазақ-қырғыз қарым-қатынасының түйінді тұстарын,  М.А. Алпысбес мен М. Әбдәкімұлы XVIII ғасыр оқиғаларының шежірелік деректері мен қақтығыс себеп-салдарларын тиянақты зерттеді. Қырғыз тарихшысы Д.Б. Сапаралиевтің ХVІІІ ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі Ош және оның төңіріндегі қырғыздардың этносаяси тарихын көршілерімен байланыста қарастырған еңбегі де көп мәселеге жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қырғыз тарихшылары ішінде  К.С. Молдокасымов пен Т.Н. Өмүрбеков те бұрынғы дүдамал мәселеге қатысты жаңашыл пікірін ұсынды.        

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда заманның күрделі тайталасы жетегімен бір-бірін аямай шапқан қазақ пен қырғыз оқиғалары да кезінде жазбаларға түсiп, мұрағаттарда сақталғаны рас. Мұны ел iшiндегі шежiрелiк жүйемен, ауызша жеткен мұралармен, тіпті ғылыми-көпшілік әдебиетпен саралап жүрген қаламгерлер бар. Осы ретте белгілі қаламгер-зерттеуші Момбек Әбдәкімұлының еңбегінен үзінді келтірсек: «Қазақ-қырғыз шежіре жазбаларында да, мұрағатты құжаттарда да екі бауырлас елдің жағаласуының алғашқы себебі – Бәйтіктің Көкімге у беріп өлтірген шатағынан басталған деп көрсетіледі. Одан кейін Бәйтік есімі түк аталмайды да, қазақ-қырғыз арасындағы ұзақ уақытқа созылған шабыстың басында Бердіқожа батырдың аты тұрады. Ол әу баста Ташкентте қырғыздар қолынан мерт болған қазақтардың кұнын даулап, соғыс бастаған. Қырғыздардың ондағы әрекеті белгілі-тін: Көкімнің өлігі үшін кек қайтарған. Ол кездегі ел баскарған билер мен батырлардың ұстанымдары мен көзқарастары бойынша, екі жұрт арасындағы дау құнмен өлшенген. Шаһардағы қалмақ тайшыларының кеңесімен қырғыздар Көкімнің өлімі бірнеше жүздеген қазақтың өлім құнына тең деп, қазақ сөз ұстағандарының уәждерін пысқырмай, ұлы жүз бен орта жүздің қаншама өкілдерін қырып салған. Сөз бен уәжге дес бермей, қырғынға барған қырғыздармен Бердіқожа батыр мен оның айналасындағылар «қанға – қан» деген қағиданы басшылыққа алып, жауласуға кіріскен. Дегенмен, Көкімнің өліміне «кек қайтарамыз» деген желеумен қазаққа жау болған қырғыздардың әрекеті – ұзақ уақыт қантөгіске барысқан екі елдің жанжалына бір себеп қана. Ол кезде оңтүстік аймақ, солтүстік аймақ деп екі тарапқа бөлінген қырғыздардың барлығы тау арасын жайлайтын. Уақыт өте, олар мал жайылымы мен егіс егуге, сондай-ақ кең тынысты өмір сүру үшін байтақ алапты, кең жазиралы далада қоныстану керектігін ұғынады. Ол үшін қалмақ шапқыншылығынан біржолата азат етілген, сонымен қатар босап қалған қазақ даласының бірқатар өңірлерін иемденіп алуға ниеттенеді. Сөйтіп, атам заманнан қазақ жері боп келе жатқан алапқа ауыз салады. Анықтап айтқанда, Ферғана жазығының солтүстік-шығысы мен Шатқал тауларының шығыс бетінде тұратын Адығын, Тағай, Мұңқыш бірлестіктеріне жататын рулары Ташкент пен Шымкенттің шығыс, оңтүстік аймақтары мен Түлкібас, Қаратау етегіндегі жазық беткейлерді, ал Ыстықкөл жақтағы сары, құсшы сияқты ірі тайпалар бастаған рулары Алматының іргесін, Іленің Балқашқа құятын тұсының сол жағын, осы күнгі Жамбыл облысының Алатау бетке қарайтын аудандары орналасқан өңірлерге еге боп қалуға ұмтылады. Содан сары мен құсшының көсемдері бастаған қырғыздар аталған жерлерді иемденіп қалу үшін «бұл аймақтар – бұрынғы біздің жеріміз» деп етекке түсе бастайды. Түскенде жай түспейді, қазаққа найза көтеріп, қылыш сілтеп, ат ойнақтатып түседі. Тау етегін жайлаған Ұлы жүз бен Орта жүздің рулары оларға өз жерін тегіннен тегін бере қойсын ба? Екі ел қалмақ соғысы кезіндегідей 30-40 мың қол шығарып соғысатындай үлкен майданға түспесе де, жер дауы, құн дауы үшін арты бітіспестей ірілі-ұсақты шайқастың алдында тұрады. Осымен қазақ-қырғыз жауласуының екінші тарихи себебі туындайды» [4 ].                          

Айтайын дегеніміз, М. Әбдәкімұлының,  М. Алпысбестің еңбектері жаңа әдіснамалық, деректемелік негізде жазылған. Мұнда бұрын мәлім болмай келген көп шындық ашылған. Дей тұрғанмен бұл бағытта да салиқалылық пен дәйектілік өте қажет.

Сонымен бірге енді қазақтың ауызша тарихындағы  «Қазақ-қырғыз бiр тудың астына бiрiгiп, Алаш ұранын көтерiп, қалмаққа қарсы бiрлесiп күрес жүргiзген», «қазақ-қырғыздың ауылы аралас, қойы қоралас», «қазақ пен қырғыздың төскейде малы, төсекте басы қосылып, жұбы жазылмай, тату-тәтті өмір кешкен» деген тезистерді кең көлемде зерттеуіміз қажет.

Мұндай тұжырым – бірнеше ғасырлық тарих көшінде бастары біресе қосылып, біресе қосылмай, кейде ортақ жауға бірге аттанған, ал кейде өзара жауласып, үздіксіз шабысқан екі халықтың белгілі бір кезеңдерде объективті-субъективті себептерге байланысты жасасқан қарым-қатынасының кейбір көріністерін сипаттау десек те, жоғарыдағы ойдың мәмілегерлік маңызын еш ұмытпауға тиістіміз. Бұл – екі елдің Тәуелсіздік заманында аса маңызды еларалық бірлік пен ынтымақтастық жолы деп білеміз.  

Тағы бір ерекше тарихи оқиға бар. Камараддин Дулати 1371-72 жылдары Моғолстанға шабуыл жасаған Әмір Темірге қарсы лайықты әскер жасақтап, оған айтарлықтай тойтарыс береді. Тарихта қазақ пен қырғыз руларының бірлесіп жауға шабуы алғаш рет осы соғыста іске асқан. ХІҮ ғасырдың аяғында Камараддин қайтыс болған соң, Моғолстан билігі қайтадан Шағатай әулеттерінің қолына көшеді де, осы аймақтағы барлық қазақ-қырғыз рулары оларға басыбайлы болады. 1508 жылы Жетісудағы қазақ, Тәңіртау етегіндегі қырғыз руларының басшылары бас көтеріп, Моғолстан билеушілерін Қашқария жаққа ысырып тастайды. Бұл – екі халықтың бірлесіп, ұйымдасқан түрде жауға шапқан екінші оқиғасы. Дәл осы жылы оң қанат және сол қанат (оңтүстік, солтүстік) боп бөлінетін барлық қырғыз тайпаларын біріктірген Тағай би (кейбір тарихи деректерде оны Мұхамед қырғыз деп те атайды) өз елінің солтүстік тарапындағы Ыстықкөл маңын орталық етіп, халқын жеке хандыққа ұйыстырады. Бұл келтіргеніміз - қазақ-қырғыз бауырластығының  тереңдігін көрсететін, тарихтың бір ғана мысалы.          

Абылай хан туының астына бірігіп, жауға қарсы ерлігімен танылған қаһарманның бірі – Апыр батыр. Қабанбай батырдың бөлек тапсырмасымен Апыр қырғыз батыры Шабдарханды тізе бүктіреді. Шабдархан өзінің қызын Апыр батырға қосып, жоңғарға қарсы қазақ жағына шығып, талай соғыстарға қатысқан. Қарасай батырдың үлкен ұлы Түрікпен, одан туған немересі Жарылғап та – атағы үш жүзге тараған батырлар. Шежіре бойынша Түрікпеннен тараған ұрпақтан батырлар көп шыққан. Түрікпеннің бәйбішесінен туған Жарылғаптың  жеті баласы­ның бірі – аты аңызға айналған  Қараш батыр. Қазақ энцикло­педиясында: «Қараш батыр (1715-1813) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан, Қарасай батырдың немересі. Қараш батыр батырлығымен қоса қазақ-қырғыз арасында тату көршілікті, ел бірлігін сақтауда әділеттілігімен де аты шыққан» деген дерек бар [5; 514].  

Осы сияқты мәліметтерді екі елдегі тарихшылар, әдебиетшілер, саясаттанушылар білсе, бұл бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізсе, екі жақ та ұтар еді.                                     

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біріншіден, қазақ-қырғыз байланыстарының түйіні шешілмеген тұстарын әлі де зерттей түсу қажет; екіншіден, бұл мәселе бойынша бірлескен кешенді ғылыми жұмыстарды жүргізу керек. Ең бастысы, қандай тарихи оқиғаны болса да, екі жақтан, яғни қазақ және қырғыз ғалымдары, қаламгерлері бірігіп, ой-тұжырымдарды ортаға салып, қайсыбір саясатшылардың даңғойлығына ермей, байыпты қарастыруымыз шарт. Екі ел бар жағдайды, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, адамшылық көзқараспен кеңесе отырып шешсе, бауырлас қос халықтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан достығына да, ықпалдастығына да оң әсерін тигізері сөзсіз. 

Күлзира ЫСҚАҚОВА, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Әдебиеттер:

  1. Тауасарұлы Қ.Түп-тұқияннан өзіме шейін. – Алматы: Жалын, 1993. – 416-б.
  2. Нұржекеұлы Б. Орбұлақ өнегесі  // Егемен Қазақстан,  23.07.2011
  3. Галиев В.З. Хан Джангир и Орбулакская битва. – Алматы: Наука, 1998. – 128 с.
  4. Әбдәкімұлы М. Ақтаңдақтар ақиқаты. //  Жалын. 25.04.2015
  5. Қазақ энцикло­педиясы. 6-том. – Алматы, 1983.                                             
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?