Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтайдың алғабасары Шәріпхан Көгедаевті білеміз бе?

2636
Алтайдың алғабасары Шәріпхан Көгедаевті білеміз бе? - e-history.kz
NDH порталы Алтай қазақтарының ірі тарихи тұлғасы Шәріпхан Көгедаевтің өмір жолы мен саяси қызметіне қатысты Қытайдағы қазақ тарихшысы Жақып Мырзаханның зерттеу еңбегін ұсынады

Еліміздегі қазақ халқынан жетіліп шыққан ірі тарихи тұлға Шәріпхан Көгедаев туралы қазірге дейін баспадан шыққан Шыңжаң тарихына, қазақ тарихына қатысты ғылыми еңбектерде көптеген деректі материалдар жарияланып, алғашқы адымдағы зерттеулер жүргізілсе де, нағыз жүйелі зерттеу еңбегі жарыққа шықпады. Сондықтан Шәріпхан туралы зерттеуді тереңдетуге жол ашу үшін ол туралы жазылған барлық қатысты материалдар, мақалаларды реттеп баспадан шығару аса маңызды ғылыми жұмыс деген ойдамын. Осыдан 20 жыл бұрын жарияланған «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты шығармамның 7-тарауында Шәріпхан Жеңісханұлы туралы арнайы тоқталған едім. Бұл сол кездегі көзқарастарым негізінде, Жұңго қазақтарының ғана емес, Шыңжаңдағы әр ұлт халқының мақтанышына айналған ірі тарихи тұлға, үздік ағартушы және алғабасар күштердың өкілі ретінде тарихи сахнасына шыққан демократиялық төңкерісші болған Шәріпхан Жеңісханұлы жөнінде бір адым ілгерілеп кейбір көзқарастарымды ортаға салмақшымын.

1

Біз ең алдымен Шәріпхан жасаған тарихи дәуірге талдау жасағанымыз жөн. Шәріпханның балалық шағы оның туған елі Жұңгода дүниені өзгерткен доңыз жылғы төңкерістің ар жақ-бер жағында өтті. 1900 жылы дүние есігін ашқан Шәріпхан 1911 жылы басталған Шинхай (доңыз жылғы) төңкерісінің Жұңгода шет ел шапқыншылығына және іріп-шіріген феодал патшалық түзімге қарсы ту көтергенін көрді. Бұл төңкерістің Шыңжаңға да өте тез кеңейгены, әсіресе Іледе 1912 жылы туған төңкерістің тұтас Шыңжаңға ықпал жасағаны, Алтайдғы қазақ халқы арасындағы ықпалының өте-мөте күшті болғаны бала Шәріпханға терең әсер қалдырды. Жұңгоны 300 жылға жуық билеген Чиң патшалығы үкіметін құлатқан Сұн Жұңшан басшылығындағы бұл демократиялық төңкеріс Жұңгодағы әр ұлт халқын оятты. Төңкеріс жемісі бүкіл елде Юан Шыкаи сынды миллитарист жағынан қымқырылған соң Шыңжаңның әскери-әкімшілік билігі миллитарист Яң Зыңшинның қолына өткен еді. Ол Шыңжаң өлке болып құрылудан бұрын Чиң патшалығының (Ежен ханның) Іледе тұратын генералына қарайтын Алтайдың 1884 жылы Қобдамен бірге ерекше аймақ болып орталыққа төте қарап кеткен жағдайын өзгертуді және Мингоның алғашқы жылдарында орталыққа (солтүстік үкіметке) тіке қарап кеткен Іле мен Тарбағатай аймақтарымен бірге тегіс Шыңжаң өлкесіне қаратудың қамына кіріскен болатын. Яң Зыңшин ақыр мақсатына жетті.

Ол 1914 жылы Ілені, 1916 жылы Тарбағатайды, 1919 жылы Алтайды орталыққа өтініш етіп жүріп Шыңжаң өлкесіне біріктіру жұмысын аяқтатты. Бүкіл елде және Шыңжаң өлкесінде болған тарихи өзгерістер және Яң Зыңшинның Шыңжаңда үстемдік жүргізу саясаты, бір жағынан Шыңжаңдағы ар ұлт халқының басына талай ауыртпалықтар әкелсе, енді бір жағынан ар ұлт халқының кертартпа үстемдікке қарсы оянуын тездетті. Еліміздегі қазақ халқынан Шәріпхан Көгедай бастаған көрнекті мемлекет қайраткерлерінің жетілуіне, Шыңжаңдағы Алтай, Тарбағатай, Іле қатарлы қазақтар жиі қоныстанған өңірлерде ХХ ғасырдың алғашқы жартысында елім деп еңіреген бір шоғыр зиялылар, ағартушылар, ақын-жазушылар шығуына жол ашқан еді.

Оның үстіне 1917 жылы Ресейде Октябрь революциясының жеңіске жетуі мен Совет Одағы сынды социалистік мемлекеттің дүниеге келуі, 1919 жылы Жұңгодағы «4 мамыр жастар қозғалысының дүмпуі, 1921 жылы Жұңго коммунистык партиясының құрылуы қатарлы ел іші-сыртындағы ірі тарихи оқиғалардың да Шыңжаңға ықпалы барған сайын тереңдей түскен болатын. Міне осындай ел іші-сыртында пайда болған төңкеріс, қозғалыс, өзгерістер ықпалы күшейе түскен тарихи жағдайда, Шыңжаңдағы билігін бекемдей түсуге күш салған Яң Зыңшин бір жағынан ұйғыр, қазақ, моңғұл, т. б. ұлттардың жоғары жік адамдарына (уаң, гұң, ру-тайпа бастықтары, молла, қазы, лама қатарлы дінбасыларына) сүйеніп билік жүргізгенінде, оларға шен-шекпен беріп, шырғалау жолымен шыжымдап ұстаса, енді бір жағынан оларды береке-бірлікке келтірмей, бірін-біріне айдап салып, олардың арасында құзғындаған қайшылықтардан шеберлікпен пайдалану жолын ұстанды.

Шәріпханның балалық және жастық шағы Шыңжаң өлкесінде ғана емес, Жұңгода және дүниеде осындай үлкен өзгерістер, тарихи бұрылыстар болған дауірде өтті. Доңыз жылғы төңкерістен кейін, 1912 жылы ашылған құрылтайда «зұңтұңдықты» зорлық күшпен тартып алған миллитарист Юан Шыкаи үкіметі жағынан осы «құрылтаәға» қатынасуға барған Алтай қазақтарының өкілдері Закария төре мен Баймолла арқылы Алтай қазақтары (абақ керей) төрелері мен рубасыларына берілген мансап бұйрықтарын ала келген болатын. Осы бұйрық бойынша кезінде (1790 жылы) Бейжіңге барып гұңдық шенді Чиң патшалығы үкіметі жағынан алып, оны ұрпақ жалғап иемденген Көгедайдың бесіншы ұрпағы Әленге жұнуаңдық шен берілген еді. Әленнің әке бір (Жеңісхан гұң), шеше бөлек інісі Шәріпхан Жұңго қазақтарының сол тұстағы ең жоғары билік иелеген ақсүйек (төре) тұқымы отбасында өсіп жетілді. Шыңжаң олкесінің жергілікті билеушісі Яң Зыңшин дүниеде және Жұңгода болып жатқан өзгерістерге қарамай өзінің билік ұстау өнерін іске салып, жалғасты әр ұлттың феодал шонжарларына, дінбасыларына сүйеніп отырғанын көрген ол ақсүйек тұқымы болса да, ескішіл болмаи, жаңалыққа бейім, өзгерісті қуаттайтын, халыққа жақын адам болып өтті.

2

Біз енді Шәріпхан Көгедаевтың демократиялық төңкерісшілдік идеямен қаруланған ірі тарихи тұлға болып жетілуі жөнінде қысқаша тоқталайық. Бұрһан Шаһидының «Шыңжаңда өткен елу жыл» атты кітабында жазуынша, Яң Зыңшин өз үкіметіне адал бір топ моңғұл, қазақ кадрларын жетілдіру үшін 1920 жылы моңғұл-қазақ мектебін ашып, оған моңғұлдар мен қазақтардың жоғары жіктегілерінің балаларын қабылдап оқытқан еді. Шыңжаңның сол тұстағы тарихи жағдайында, бұл мектеп қазақ, моңғұл зиялылары мен кадрларының жетілуіне жол ашқан жаңаша мектеп болды. Шәріпхан Жеңісханұлы Көгедаевтың осы мектепке келіп оқуы, өлке орталығы Үрімжіде тұрып ел іші-сыртындағы қоғамдық жағдаймен танысуына, алғабасарлық, төңкерістік идеяларды үгіттейтін газет-журнал, кітаптарды оқып, үйреніп, төңкеріс жолына түсуіне жол ашты. Шәріпхан бала кезінен тәртіп, өнер-білімге құштар болып, өздігінен үйренуі нәтижесінде, ана тіліне жетік қана болып қалмай, ханзу, орыс, моңғұл, тілдерін де игерген өз тұсындағы Жұңго қазақтарынан үздік, алғабасар зиялылардың бірі және бірегейі еді. Сондықтан ол Яң Зыңшин күткендей оның жергілікті үкіметіне адал кадр емес, қайта алғабасар, төңкерістік идеялармен қаруланған, туған халқына және Шыңжаңдағы әр ұлт халқына адал адам болып шығады. Миллитарист Яң Зыңшын ендігі жерде оның өлке орталығында тұрып төңкерістік идея таратуынан қауіптеніп, оқуын бітірген Шәріпханды 1927 жылы Алтайдың Бурылтоғай ауданына әкім етіп тағайындады.

Екінші қатарда оң жақтан үшінші отырған Шәріпхан Жеңісханұлы

Өйткені Яң Зыңшин өзінің «Қателіктен ғибрат алу естеліктерінде» жазуынша: «Төмендегілер надан болса, олармен өмір мен өлімде, жапа-машақатта бірге болуға болады» деген жолды ұстанған еді. Сондықтан ол Шәріпхан секілді аз ұлт тілін игерген, ғылым, білімге құштар, оның үстіне Үрімжіде оқудағы кезынде, ел іші-сыртынан зиялыларға ықпал жасаған төңкерістік идея-ағымдардан мол нәр алған өжет білімды адамнан төтенше қауіптенген-ді. Шәріпханның өзімен өмір мен өлімде бірге болмайтын төңкерісшыл зиялы екенін байқаған соң, оны өзінен алыс ұстап сынап көрмекші болды. Ал Шәріпхан болса, Бурылтоғай ауданына әкім болып баруын өзінің халыққа қызмет етуіне, ағартушылық, төңкерістік жүргізуіне жақсы орай деп білді.

1928 жылы елімізде ондаған жыл билік жүргізген солтүстік миллитаристер үкіметі құлады, Жяң Жэшы солтүстікке жорық соғысының барлық жеңіс-жемістерін тартып алды, сол тұста Шыңжаңда жергілікті патша болып тұрған Яң Зыңшин кезінде доңыз жылғы (1911 жылғы) төңкеріс жемісін Юан Шыкаи бастаған солтүстік миллитаристер иемденіп алғанын қалай қолдаған болса, бұл рет Жяң Жэшы бастаған Жұңгодағы ірі помещиктер мен буржуазия мүддесіне өкілдік ететін үкімет үстемдігі орнағанында баяғысынша қолдайтындығын, Минго үкіметіне бағынатындығын, ұш мұратты ұстанатындығын жариялады. Сөйтіп, Нанжиң үкіметі сол жылы 1 шілде оны өлкелік үкімет төрағасы қосымша бас қолбасшылық міндетке тағайындаған еді. 1928 жылы 7 шілде оқиғасында Яң Зыңшин атып өлтірілген соң, оның орнына Шыңжаңның билігін қолына алған Жин Шурын тұсында экономикалық жағдайдың құлдырауы, саяси жақтан аумалы-төкпелі аласапырандық жағдай жарыққа шығуы, Шыңжаңдағы әр ұлт халқының наразылығын, қарсылығын қозғады... 1932 жылғы Құмыл аймағындағы ұйғыр халқының Жин Шурынның кертартпа өктемдігіне қарсы көтерілісі, оған Жыншидегы (Баркөлдегі) ел ағасы  Әріп бастаған қазақ халқының үн қосып көтеріліске шығуы сол қарсылықтың натижесі еді.

Жин Шурын үкіметі Құмыл көтерілісінің барған сайын ұлғаюынан Құмыл жағдайының бүкіл Шыңжаңға ықпал жасауынан қорықты. Сондықтан жер-жердегі төңкерістік күштерді алдын ала құрсаулау шараларын қолданды. Міне осы құрыққа ең алдымен ілінген адамдардың быры Шәріпхан Жеңісханұлы болды. Ол Құмыл көтерілісімен байланысы бар делініп қудаланып, 1932 жылы мамырда Үрімжіге алдырылып, мырза қамаққа алынды. Бұл мәселені тереңірек білу үшін біз Бұрһан Шаһиды мырзаның естелігіне жүгінелік. Ол кісінің жазуынша, Шәріпхан моңғұл-қазақ мектебінде оқып жүрген кезінде-ақ (1922 жылы), Бұрһан, Тайырбек қатарлылармен бірге ұлттық езгіге, бюрократтық саяси жүйеге қарсы түс алған мәдениетті дамытуды, оқу-ағартуды жалпыластыруды көздеген құпия ұйымға қатысқан. ...Ол Үрімжідегі моңғұл-қазақ мектебін бітіргеннен кейін алғашында өлкелік үкіметтың кеңесшісі болыпты (одан соң Бурылтоғайға әкім болып тағайындалыпты − Ж.М.).

Бұрһан Шаһиды мырзаның жазуынша, Шәріпхан Бурылтоғайға әкім болып барғаннан кейін-ақ тұтас Алтайда Жин Шурынға қарсы қозғалысты ұйымдастырған. Сол тұстағы Алтай районының әкімшілік істер бастығы Жаң Миңюанды өзіне қаратып алған. Олар алдымен Шыңжаң өлкесінен оңашаланып, Алтайдың орталыққа төте қарайтын бұрынғы құрылымын қалпына келтіруді, онан соң реформа жасауды жоспарлаған. Бұл істі осы қозғалысқа қатысқан офицер Чын Пиншю Жин Шурынға астыртын мәлімдеп қояды. Жин Шурын Уи Жынгоны әскер беріп Сарсүмбеге түнделетіп суыт жүргізіп, Жаң Миңюанды міндетінен алып тастайды, содан соң Шәріпхан екеуін өлке орталығына алдырады. Шәріпханның бұл мырза қамаққа алыну себебі, тек Құмыл көтерілісін қолдауы жөніндегі күмәнмен шектелмегенін көрсетеді. Шәріпханның Жин Шурын қолындағы мырза қамақтан Құбының құмы арқылы 1933 жылы ақпанда қашып кеткенін естігенде: «...Шәріпхан егер Алтайға аман-есен жетсе, сөзсіз қарулы күш ұйымдастырып, көтеріліс жасайды деп тұжырымдадым» дейді Бұрһан мырза. Демек, Шәріпхан ұлттық демократиялық тұс алған төңкерістік қимылға ерте араласқан. Оның 1933 жылы көктемнен (наурыздан) бастап алдымен Жеменейде, артынан тұтас Алтайда көтеріліс жасап, Алтай халқын жеңіске жетелеуі аяқ астынан болмаған, бұл оның 1927 жылы Бурылтоғайға әкім болып барғаннан бастап төңкерістік қимылдарын жалғастырғанын, 1933 жылы көктемдегі Жин Шурынға қарсы қарулы көтерілістің сондықтан өте тез жеңіске жеткенін дәлелдейді.

Жақып МЫРЗАХАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Жалғасы бар...

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?