Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Алаш100. Бір суреттің тарихы

2254
#Алаш100. Бір суреттің тарихы - e-history.kz
Тарихи фотосуретте төрт қатарда топтасып түскен 21 адамның тұлғасы бейнеленген. Сурет Семей шаһарында 1911 жылы немесе 1912 жылдардың бірінде түсірілген деп болжанады

1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор шаһарында өткен ІІ жалпықазақ сьезінде Алаш автономиясының құрылғаны жарияланды. Бұл – тарихи дата, ғасырлық мерейтой. Осы сьездің делегаты Әлімхан Ермеков: «Желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды» деп сүйіншіледі! 

Бір мақсат пен мүддеге орай жұмыс істеген қазақ зиялыларының шоғыры осы кезеңде қалыптасты, ұлттық баспасөз ісін ұйымдастырды, партия құрып, жалпықазақ құрылтайы ашып, демократиялық сайлау өткізді. Қалай болғанда да Алаш, профессор М. Қойгелдиев тұжырымдағандай, қазақ қоғамындағы ұлттық резонанстық құбылыс болып қалды. Алаш кезеңіне қатысты тарихи деректер мен құнды фотосуреттерді жариялау ісі толастамайды. Жылдар алыстаған сайын өткен ғасыр бедеріндегі маңызды оқиғалардың құндылығы артқан сайын сол оқиғаларды дәйектейтін материалдардың там-тұмдап болсын табылуы қуантарлық жайт. Біз ендігі әңгімемізді осындай қуанышты жайтпен сабақтастыра баяндаймыз.  

Алаш идеясы мен сол кезең дін мәселесін талқылаған кезекті ғылыми жиын Алматы қаласы Дін істері басқармасы мен Адырна ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастыруымен Ұлттық кітапханада өткізілді. Республиканың әр аймағынан келген белгілі тарихшылар бас қосып, түрлі мазмұндағы баяндамаларын ортаға салды. Конференцияның аяғына таман тыңдалған профессор Дина Қайымқызының «Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығы туралы» атты тақырыптағы мақаласы менің назарымды аударды. Себебі ол кісі әкесі, ғалым, ұстаз, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың архивінде сақталған алаш қайраткерлерінің жастық шағы бейнеленген тарихи суретті таныстырды.

Семейде Мұхамедханның «көк шатыры» деген үйде алаштың ақтаңгер азаматтары бас қосып, кеңес құратын кезеңдер өткенін Тұрсын аға Жұртбай айтып берген.   Қайымның әкесі 1870-1937 жылдары өмір сүрген Мұхамедхан Сейітқұлұлы – аса мейірімді, білімді, жомарт, алашордашы, ислам уағызшысы болған адам екен. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. Мұхамедханның Абай, Шәкәрім, Абай шәкірттері, белгілі мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен баспагерлер жиналатын. Үйдің үлкен залының бір бөлігін мазмұнға бай кітапхана алып тұратын, мұнда көптілді әлем классикасы, жаздырып алынған және әр жерден әкелінген сол заманның  газет-журналдары болды. Қайымның әкесі қазақ, орыс, татар, араб тілдерінде оқитын және аса жомарт адам еді. Сейітқұлұлының қаржыландыруымен  «Сары-Арқа» газеті,  1918 жылдан бастап  Ж. Аймауытұлы және М. Әуезовтың редакциясымен «Абай» журналы шығарылатын. Әлихан Бөкейхан Семейдің сол жағалауында өткен жиында қалаға бастапқы «Алаш» атауын қайтару туралы мәселе көтерген кезде Мұхамедхан оған қолдау беріп, қалаға «Алаш» атауын қайтаруды ұсынған. Сондай текті ортадан шыққан Қайымның қолында Алаштың оқиғаларына қатысты талай құнды деректер сақталғаны анық.  

Тарихи фотосуретте төрт қатарда топтасып түскен 21 адамның тұлғасы бейнеленген. Олардың 10-ын қайсар ғалым өз қолымен төтеше жазып, танитындарын белгілесе, қалғандарын жазбай қалдырған, кейбірінің тұсына сұрақ белгісін қойған. Сурет Семей шаһарында 1911 жылы немесе 1912 жылдардың бірінде түсірілген деп болжанады.

Құнды деректің артындағы Қайым атаның кириллица әрпіне толтырған сипаттамасы бойынша таныстырып көрейік:  

Бірінші қатарда (солдан оңға қарай): 1) белгісіз 2) Ахметжан Қозыбағаров; 3) Әлімхан Ермеков.

Екінші қатарда: 1) белгісіз; 2) Халел Ғаббасов; 3) белгісіз; 4) Көлбай Төгісов; 5) Нұрғали Құлжанов; 6) Аманбай (Жаманбай) Шегіров; 7) белгісіз; 8) белгісіз.

Үшінші қатарда: 1) белгісіз; 2) Ахметолла Барлыбаев; 3) белгісіз; 4) белгісіз; 5) Сұлтан Махмұт Торайғыров; 6) Мекаил Абайұлы; 7) белгісіз; 8) белгісіз.

Төртінші қатарда: 1) Жүсіпбек Аймауытов; 2) белгісіз.

Енді тұлғасы анықталған он адамға (К. Төгісовтан басқасы) ғалымдар Д. Қамзабекұлы мен Ербол Тілешев құрастырған «Алаш қозғалысы» энциклопедиясынан қысқаша сипаттама берейік:  

1879 жылы ШҚО Абай ауданында туған Ахметжан Қозыбағаров 1901-1906 жылдары Омбыдағы фельдшерлік мектепте оқыған. 1906-1918 жылдары Семейдегі губерниялық ауруханада фельдшер қызметін атқарды. 1917-1919 жылдары Алаш партиясының жергілікті ұйымдарын құруға атсалысып, 1918 жылы Алашорданың Семей облыстық кеңесіне мүше болды. Алаш Орда атты әскерінің Семей бөлімін құруға сол кездегі уездік земство басқармасының төрағасы болып та қызмет атқарған. Облыстық архивте сақталған тарихи құжатта оның әр болыстан қажетті құрал-саймандарымен және ат, ер-тұрманмен жабдықталған 30 адамды халық милициясы үшін деп Семей қаласына жіберіп отырғаны жазылады.     

Екінші тұлға – бәріміз білетін Әлімхан Ермеков. Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебін тәмамдаған соң, Семей гимназиясына оқуға түскен. Жастық шағының белгісіндей мына сурет сол кезеңдегі оқу жылдарынан естелік болса керек. Өйткені оқу жылдары мен фотода көрсетілген жылдар  сәйкес келеді. Кейін, яғни 1921 жылы Том технология институтын аяқтаған. Әлімхан Ермеков – Алаш қозғалысы мен партиясына үлкен еңбек сіңірген қайраткер. 1917 жылғы 21-26 шілде күндері Орынборда өткен І және ІІ Жалпықазақ сьезіне қатысып, сүйіншілеген сөзін жоғарыда келтірдік.  

Алаш қозғалысының қайраткері және Алаш Орда ұлттық үкіметі белді мүшесі Халел Ғаббасов 1898-1909 жылдары Семейде приход, орыс-қазақ мектептерінде, гимназияда оқыған. 1910 жылға дейін Сейтен болысында мұғалім болса, 1910 жылы Мәскеу университетінің заң факультетіне түсіп, 1911 жылғы студенттер ереуіліне қатысқаны үшін оқудан шығарылған. Осы жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1915 жылы алтын медальмен бітірген. Өмірдерегіне қарап отырсаңыз, оның 1911-1912 жылдары Семейде болмағаны көрінеді. Ал 1917 жылғы қазан айынан бастап Алаш партиясы Семей облыстық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. ІІ Жалпықазақ сиезінде Алаш милициясын құру жайында баяндама жасайды. Алашорда үкіметі құрамына сайланды. Сонымен қатар Халел Ғаббасов – 1918 жылғы. 20 наурызда Алаш Орда үкіметінің тапсыруымен телеграф арқылы И.В. Сталинмен сөйлесіп, Совет үкіметімен келіссөз жүргізген тағдырлы тұлға.    

Бастапқы кезеңде Алаш қайраткерлерімен бірге араласып, кейіннен арасы суып кеткен, ой-пікір қайшылығы туындаған күрделі тұлғаның бірі – Көлбай Төгісов. 1896 жылы Зайсандағы ауыл шаруашылық мектебін бітірген ол орыс тіліне жетік болғандықтан отарлық билік орындарының ұйғарымымен Зайсан уезінің бітімгерлік сотының тілмашы болып қызмет етті. 1905 жылдары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ақпайдың Жақыбы секілді қайраткерлермен бірге патша өкіметінің жүргізіп отырған отарлық саясатына қарсы шығып, Қарқаралы петициясын әзірлеуге қатысты. 1909 жылы патша өкіметінің ұйғарымына орай «халықты бүлікке үндеуші» ретінде тұтқынға алынып, 1912 жылға дейін түрмеде отырды. Абақтыдан босағаннан кейін Семей өңірінде үш жыл мерзім аралығында тұру құқығынан айырылып, Қапалға жер аударылды.  

Алаш қозғалысына қатысушы, мәдениет қайраткері Нұрғали Құлжанов Торғай уезінің қазағы болғанымен, 1905 жылдардан бастап Семей қаласындағы Мұғалімдер семинариясында ұстаздық еткен. 1908 жылы Батыс Сібір географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүшелікке қабылданған. Бөлімшенің тексеру комиссиясының құрамында болып, өлке тарихына қатысты ежелгі тарихи, музыка, фольклорлық мұраларды бөлімше мұражайына жинақтап тапсырған. Суретке осы кезде түсуі әбден мүмкін.  

Түр-түсі келіскен, еуропалық киім үлгісіндегі кісінің есім-сойы Аманбай Шегіров екен. Қарқаралының қазағы. Інісі Ахмет екеуі де білімді, Қарқаралыдағы училищені бітірген соң, Омбының орталық фельдшерлік және ветеринарлық мектебін тауысқан. Оқуды бітірген соң, Аманбай Қарқаралыда қызмет жолын бастаған. Алаш қозғалысына белсенді қатысқан, алаштың қоғамдық жұмыстары бойынша қауіпсіздік саласына жауапты болған, Қарқаралы өлкесінде фельдшерлер қоғамын басқарған, алғашқы дәріхананы ашқан кісі деп сипатталады.  

Ахметолла Барлыбаев есімді азамат мұғалім деп сипатталады, өмірі туралы деректер аз. Тек 1911-17 жылдары Павлодардағы 2 сыныпты орыс-қазақ училищесінде сабақ берген екен. 1911-14 жылдары осы училищеде Қ. Сәтбаев, Ж. Аймауытов және т.б. білім алған. 1917-19 жылдары Семейдегі Алаш қозғалысының жұмыстарына белсене араласқан.  

Сұлтан Махмұт Торайғыров жай ғана ақын, ағартушы емес, Алаш партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі болды. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі. Бір жыл оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. 1912-1913 жылдары шығармашылығында үлкен жаңалықтар болды: «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Жазғы қайғы», «Кешегі түс пен бүгінгі іс» т.б. өлеңдері мен «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазады. 1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметінің жұмыстарына қатысады. «Алаш ұраны» өлеңін жариялайды.  

Ұлы ақын Абай ұрпақтары Алаш қозғалысынан шет қалмаған. Соның бірі суреттегі  Мекайыл (Мекеш) Абайұлы 1917 жылы Алаш партиясы жетекшілерінің ықпалымен жастардың «Талап» атты мәдени-ағарту ұйымын құрып, соның төрағасы болды. Осы ұйым арқылы Бүкілресейлік Құрылтай жиылысына сайлау науқанында Алаш партиясын қолдау үшін халық арасында үгіт-насихат жүргізді.  

Жүсіпбек Аймауытұлының табанының ізі Семей шаһарында сайрап жатыр. Семей қаласында құрылған қазақ комитетіне ол 1917 жылдың көктемінде мүшелікке кандидат болып қабылданады. Осы кезеңде Семей облыстық қазақ сиездеріне де қатысады. Алаш идеяларының  ықпалымен М. Әуезов екеуі 1918 жылы алашшыл бағыттағы «Абай» журналын ашады.  

Дина Қайымқызы бұл фотосуретті көрсеткелі бері елімізге аты белгілі алаштанушы ғалымдар мен зерттеушілердің пікірін білгіміз келіп, Т. Жұртбай, Д. Қамзабекұлы, Д. Махат, С. Жұмағұл, Б. Мүрсәлім, Е. Іргебай секілді азаматтарға хабарластық. Тұрсын Құдакелдіұлы тарихи фотоны бұрын көргенін, бір кітапта (қай кітап екенін есіне түсіре алмаса) жарияланғанын айтты. Академик Дихан Қамзабекұлы бұл фотосуретті жаңалық деп, қадамымызға жылы лебіз білдірді. Ал ғылым докторы Сағымбай Жұмағұл пен «Алаш Орда», «Алаш әскері» фотоальбомдарының авторы Болат Мүрсәлім және Қайым Мұхамедхановтың он томдық шығармаларын құрастырушы Ербол Іргебай бұрын кездестірмегенін жеткізді.  

Алаштың Ақаңы – Ахмет Байтұрсынұлы Қайым туралы әкесі Мұхамедханға: «Бұл бала біздің есімімізді жаңғыртады» деп айтқан деседі. Біліп айтқан Ақаң, қайсарды туған Мұхамедхан әке, «...өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес...» дейтін Қайым өнегесі ұрпаққа жалғасады. Аса көп жариялана бермейтін, кейбір арыстарымыздың санаулы ғана суреттерінің қатарын толтыратын құнды фотосурет – бір ғасыр бұрынғы қозғалыстың бір сәтке тоқтап қалған бөлшегі. Боздақтардың жарқын бейнесі мен алыптарымыздың албырт кезеңіне сіз де бойлап көріңіз. Бұл да білген адамға рухани жаңғыру!

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?