Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Алаш100. Зайсандағы штаб-пәтер және Татановтың тағдыры

1500
#Алаш100. Зайсандағы штаб-пәтер және Татановтың тағдыры  - e-history.kz
Зайсан қаласына жасаған арнайы сапарымызда (2017 жылғы 3-10 тамыз аралығы) шағын шаһардың қақ ортасында, арық суы сылдырап аққан,

бойы толған теректер өскен орталық көшелерінің бірінде орналасқан ескі ғимаратты көзіміз шалды. Бұл өз заманының белгілі байы, алаш жақтасы Жүніс Татановтан қалған тарихи жәдігер – Алаштың штаб-пәтері болатын. Ешбір оқу-білім алмаса да, тума талантымен сәулетшілік қыры танылған Баязит Сәтбайұлы есімді жобалаушы инженер бұл ғимаратты Зайсан қаласында болған 1900-1915 жылдар арасында салады. Зайсаннан шыққан байлардың өмірін қарап отырсаңыздар, олардың аста-төк қазынаның ортасында елге қарайлас, мұң-мұқтажын шешкіш қабілетін де байқар едіңіз. Мысалы, Бидахмет Бобкин мырза қуғындалған жылдарға дейін кем-кетікке жәрдемдесіп, жолын көтеріп, жоғын тапқызған. Сол секілді алаш партиясының Зайсан өңірінде жандануына, жиындар өткізіп, бір ұлттық идеяға біріктіруге қосқан Жүніс Татановтың да үлесін жоққа шығаруға болмас. «Татановтың өз өмірі туралы деректер тапшы, тек оның үйі 1918 жылдары «Алаш» партиясының өкілдері жиналыс жасап, штаб пәтері ретінде пайдаланғаны анық» дейді өлкетанушы Фемистокл Жүнісов.

Үй иесі Жүніс Татановтың кейінгі тағдыры өте аянышты: ішімдікке тойып алған үш революционер-большевик оны үйінің ауласында атып өлтірген. Есіл ғұмыр-ай, есерсоқтардың жолына кез болған дейсің шарасыздан. 

Зайсан уезі қазақтарының үш съезі өткен шаңырақ ретінде қарай бастадым бұл тарихи орынға. Баязиттай ұлы шебердің қолтаңбасы қалған орданың жаратылысына мін жоқ, өрнегіне барлық өнерін салып жасаған екен жарықтық. Екі жағынан адам енетін, ортасында үлкен қақпа орнатқан, сол қақпа арқылы аулаға кіретін, ауласы да атшаптырымдай аумақ, ондағы еңселі, зәулім үйдің өз уақытында керемет сарай болғанына дау жоқ. Бір үлкен, екі кіші қақпаның жоғарғы жағын доғалдау етіп жасап, оны ою-өрнекпен көркемдеу – шеберліктің шыңы. Қақпа бағандарының іргетасы да ірі, ұзындығы бір метрге жуық, бағанға ортасынан екі рет жолақ жасалған, төменгі бөлігіне дөңгелек шығыршық орналастырылса, жоғарғы бөлігінде төртбұрышты өрнек қойылған. Бұл үйді тұрғызуда қызыл кірпіштерді қалаудың да сан алуан әдісін толық меңгерілген, үйдің сыртқы келбетін ажарландыру мақсатында терезелерден бөлек, оның жоғарғы тұсына айрықша мән береді: үш кірпішті төңкерілген пирамида үлгісінде қаласа, оның үстіңгі жағын доғал және дөңгелек екі фигураны алма-кезек жасап отырған. Әр кірпішіне дейін сөйлеп тұрған мұндай ғимарат қаланың әр тұсынан шығады, ең қызығы сол, мұның бәрі бір ғана кісінің – Баязит Сәтбайұлының қолынан шыққан.

 

Әйгілі шебер Зайсан қаласына келген Алаш ұлт-азаттық қозғалысының Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсек, Отыншы Әлжан секілді жетекшілерін ертіп, қаланы аралататын әдеті болыпты.

1918 жылы Зайсанда Алаштың «Теңдік заман» атты бөлімшесі жұмыс істеп, Алаш жасағы құрылған. Уақытша үкімет кезінде құрылған Қазақ комитетінің облыстық ұйымын Райымжан Мәрсек басқарып тұрған, кейін өзі Алаш қозғалысына тікелей араласқанда зайсандықтарға да бағыт-бағдар сілтеген. Ұйым жұмысына Міржақып та бас-көз болып жүрген. Алайда 1918 жылдың көктеміне қарай большевиктер барлық жерде үстемдікке жетіп, Алашорда қайраткерлері Орынбордан ығысқан болатын. Сол жылдың 24 сәуірінде Міржақып идеялық серіктері Ахмет Байтұрсынов, Райымжан Мәрсеков пен оның інісі Шерияздан, Қанағат Сүлейменұлымен бірге Қытайдың Шәуешек қаласында болды. Менің тарихшы досым Еркін Рахметуллин: «Осы сапардағы Алаш Орда басшылығының басты мақсаты: 1.  «Алаш Орда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;  2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алаш Орда үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; 3. Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын» деп тұжырымдайды.

Алаш партиясының Зайсандағы бөлімдерінің құрылуына, «Теңдік», «Алаш ұраны» секілді ұйымдардың пайда болуына, уез бойынша Алаш съездерін өткізуге ұйытқы болған Жүніс Татановтың өмірі мен еңбегін зерттеу – келешек күннің еншісінде.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?