Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100 ауыл: Жаңа Жайнақ

3054
#100 ауыл: Жаңа Жайнақ - e-history.kz
NDH порталының шығарушы редакторы Заңғар Кәрімхан Ақмола облысы Целиноград ауданына қарайтын Жаңа Жайнақ ауылы жайлы деректерді жинап қайтты

Жайнақ – батыр есімі ме, жер атауы ма?

Астана қаласынан 38 шақырым жерде, Есілдің сол жағасында жатқан Жаңа Жайнақтың бұған дейінгі атауы Новостройка болған. Әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша, ауыл Воздвиженка совхозына қарайтын бір бөлімше. Негізінен «Ақтық» АҚ ретінде тіркеліп, егін шаруашылығымен айналысатын Воздвиженка ауылы Нұресіл деп өзгертілді.

Ел арасында Жайнақ атауы жайлы әр қилы пікір бар. Бұл өлкені атам заманнан бері мекендеп келе жатқан байырғы тұрғындардың ойынша, Жайнақ – жер атауы. Олар батырдың есімі дегенге келіспейді, бұрын естімеген, қорымы қайда екенін білмейді. Ұрпақтарынан хабары жоқ.

Ал тарихшы марқұм Мұрат Керейбай «Қажы Мұқан» атты кітабында Кенесары бастаған азаттық күресіне ерген қыпшақ батырларының Ақмола бекінісін шабу үшін палуанның атасы Ернақ пен Лұқ (Ұлық) батырлар бастап дуан орталығына 25 шақырым қашықтықтағы Қоскөл, Қосөткел, Қоспа деген жерлерде хан бұйрығын күтіп тұрды деп жазады. Мұнда Жайнақ Абылай заманының батыры деп таңбаланыпты. «Ол кезде осы жерде, Есіл өзенінің батыс қапталында орын тепкен Абылайдың Жайнақ атты батырының атақонысы мен кейіндері Ақмоланың сыртқы округінің алғашқы аға сұлтаны болған, Семеке ханның шөбересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлынан кейін, осы округке аға сұлтан болған Ыбырайым Жайықбайұлының атажұрты «Бай ауылы» (Ақмешіт) атты екі ауылы ғана болған» (мәтін еш өзгертусіз берілді – З. К.) деген дерек кездесті.

Жайнақ батыр дегенге кітап авторы «Жайнақ ауылы қазір жоқ. Қазіргі «Ақтық» атты шаруашылықтың Раздольное атты бөлімшесінен 1 шақырым қашықтықта жеке қорым болып жатыр» деген түсінік енгізген екен.

Жер атауының кісі есіміне байланысы бар ма,  жоқ па – әлі де айта жатармыз. Жайнақ деген батырдың болуы аңыз, ауызша айтылғанымен, жазбаша жалғыз дерек осы. Ал батырдың жеке қорымы қайда жатқанын осы өлкені зерттеуші археологтарға айтып көретіндей екен. Себебі, қазіргі кездегі қорымнан сәл төмендеу жерде үйілген обаның барын 1999-2006 жылдары ауыл тұрғыны Тілеуғазы Қиямазанов та айтып берген.   

Жайнақтың географиялық атау екеніне онымен іргелес жатқан Мортық секілді таза қазақы ауыл есімімен де байланыстыруға болатын шығар. Тек қазақтар ғана өмір сүріп, ұрпақ өрбіткен осындай қадау-қадау ауылдар кезінде орыс экспанциясына да ұшырамай, атауларын таза қалпында сақтап қалды. Мортық та, Жайнақ та сондай көздердің куәсі.

Ескі мешіт пен көмілген қазына

Есілдің иірімдене ағатын тұсына ұрымталдау жерде орналасқан ескі Жайнақтың орны ғана қалған. Біз көргенде кезінде тұрғызылған үйлердің топырағы әбден үгітіліп, жермен тегістеліп кетіпті. Ескі Жайнақ Новостройка елді мекенінен бері, 15 шақырымдай жерде екен. Бұл Жайнақта қырықтай үй болып, олардың бай мен кедейі араласып тіршілік құрыпты. Ауылдың бұрынғы басқарушысы Ғабдрахман ақсақалдың апасы Бапанның ардақты мұғалім Қымбат Бәйменқызына әңгімелеп беруінше, бұл ауылда мешіт те болған, жұмыс істеген. Және сол мешіттен кісілер қажылыққа аттанғанын бала кезінен біледі екен. Қазір мешіт жоқ, орны үйілген топыраққа айналып, жермен-жексен болып кеткенге ұқсайды.

Біз ауылдың ең үлкені, жасы сексеннің алтауынан асқан Алтынбек қарияны алдымызға салып, ескі Жайнаққа келдік. Ақсақалдың кіндік қаны осында тамған екен. Қазіргі кезде қимылы шабандап, көзінің нашарлауына байланысты қарт адам ауылдың жалпы сұлбасын көрсетіп бергенімен, өзі туған шаңырақтың орнын таба алмады.

1927 жылғы байларды кәмпескелеу науқанында Жайнақта жазалауға ұшыраған байлардың бірінің ұрпағы Мағфруза Хамитова аласапыран кезеңде аталарының алтын-күміс аралас қазынаны ауыл іргесіне көміп кеткенін баяндайды. Өз әкесінен естіген әңгімені жаңғыртқан бұрынғы кітапханашы Мағфруза Бағанқызы әшекей бұйымдары, киімге тағатын заттар, небір түйреуіштер мен түймелер, ыдыс-аяқтар мен қару түрлері, әсіресе қылыш – жалпысы он келіге тартатын алтынды Әкімжан әулеті Жайнақ ауылының маңына жасырған дейді. Содан әлі із жоқ.

Жайнақты жою

Атышулы 37 жылдардың ызғарында қасиетті Сарыарқа төсінде лагерлер жүйесі қалыптасты, картаға түсірілді. Отанды сатқандардың әйелдеріне арнайы бір лагер салынып, ол АЛЖИР деп аталды, бұл жерден Жайнақ небары 20 шақырым ғана. Қанқұйлы кезеңде ауылдарды атымен атау қалып, сандармен нөмірленді: айталық, Воздвиженка №26, Раздольное №27, Жайнақ №28, Мортық №29, Новоишимка №30 болып кете береді. Өрмекшінің торындай әсер қалдыратын бұл жүйенің зардабы жойылған жоқ. Қасіретті жылдарда қиындық көрген өзге диаспора өкілдеріне қазақ қамқорлығын аямады, әлгі тас секілді атып, құрт-ірімшіктерді жолдау әдісі де Жайнақ тұрғындарында болыпты.

Қазақстанда 1950 жылдары елді мекендерді ірілендіру процесі жүргені де тарихтан белгілі. Колхоздарды қосып, совхозға айналдырды. Ал совхоздарға тірек ретінде бірнеше бөлімше ашып беріп, қарамағына берді. Сондай процестерден біз жайын қозғап отырған Жайнақ та аман қалмады.

Жайнақты негізінен қыпшақ руының азаматтары құрайтын. Есіл өзенінің екі жағын да тең болып қыпшақ руының адамдары жайлаған, байлары мал өргізіп, кедейі оған болысып, батыры жерін қорып дегендей, өмірін өткізген. Белгілі тарихшы ғалым, профессор Жамбыл Артықбаев «Максимовка мен Семеновканың арасын қыпшақ руы мекендеген екен. Бармақ батыр Максимовканың, Қарамеңді батыр Семеновканың тарихи атауы» дейді.

Соғыс жылдарындағы депортациялау мәселесінде Балтық бойы елдері мен неміс тұрғындарды еріксіз мәжбүрлеп, оларды осы Жайнақтың маңайындағы ауылдарға қоныстандырған. Жайнақтың өзіне діні бір мұсылман деп шешендерді кіргізген. Бала кезде әкесінен естігендерін бізге баяндап берген Қымбат Бәйменқызы еріксіз қоныс аударған халықтардың тұрмыс деңгейі әр түрлі болғанын айтады. «Балтық жағалауы елдері мен неміс халықтарының жағдайы жақсырақ болды, олар өздерімен тұрмыс заттарын, әшекей бұйымдарын, тиын-тебендерін арқалап алып келді. Сол заттарды тамаққа айырбастап күн көрді. Ал шешендер тап-таза тақыр күйінде әкелінді», – деді Қ. Бәйменқызы. 

Тек қазақтар тұрған Жайнақты (депортация кезінде көшіп келген шешендердің зираты Раздольное тұсында жол бойында тұр) 50-інші жылдары таратып, ауыл тұрғындарын Островное, Литовка, Раздольное және жаңадан бой көтерген Новостройка елді мекендеріне бытырай орналастырған. Осылайша жер бетінен Жайнақ ауылы жойылды. Орыс атауларына ие Раздольное ауылы қазір құрып бітуге жақын, 20 шақты үй қалды. Ал Литовка мен Островноеден ел көшкен, ешкім қалмады.

Ескі орынға тақау маңдағы қорымның хроникасы өткен ғасырдың 40-ыншы жылдарынан басталады. Мұнда негізінен Жайнақты мекендеген қыпшақ руларының адамдары жерленген. Басына қойылған тастарда төте жазумен қатар кирилл қаріптері де қолданылған. Ауыл адамдарының басқа жаққа көшірілуіне және өзге де демографиялық-әлеуметтік құбылыстарға байланысты кейінгі зираттарда кірме адамдардың да жерленуі байқалды.

Жайнақ – Новостройка – Жаңа Жайнақ

Жаңа ауыл Новостройканың іргесі 1961 жылы қаланған. Тұрғындарының басым көпшілігі негізінен немістер болатын ауылда 127 аула бар деп есептелген. Қазақтардың үлесі өте аз болды. Орыс және орыс тілінде сөйлейтін немістердің үстемдік құрған шағында тың игерумен бірге қазақ рухын да, демографиясын да, тіпті жерінің құнарын да құлдыратып қолдан тұншықтырды. Сондай саясат өтті.

Тек тоқсаныншы жылдардың ортасында Моңғолия, Ресейдің Алтай аймағы қазақтарының және Қазақстанның өзге өңірлерінен көшіп келушілердің (Торғай-Арқалық, Теңіз-Қорғалжын, Шығыс Қазақстан облыстарынан) есебінен толықты. Немістер мен орыстар азайып, керісінше олар басқа жаққа қоныс аударды.

Новостройка атауын өзгерту туралы ұсыныс 1993 жылдары көтерілді, басқа да талаптар бірнеше рет жасалды. Бірақ ауыл тарихи атауының өзгерген нұсқасына 2007 жылы ие болды. Сөйтіп Жаңа Жайнақ болып  Жайнақтың екінші тынысы ашылды. «Бұл істе Олжабай есімді қарияның еңбегі зор болды» деп еске алады ардақты ауыл ұстазы Қымбат Бәйменқызы. Олжабай Өмірзақұлы – бізбен бірге оқыған сыныптас қыз Әлияның әкесі болатын.

Жаңа Жайнақтың интеллигенті кім?

Жаңа Жайнақтың интеллигенті осы кісі – Қымбат мұғалім. Институтты 1972 бітіріп, еңбек жолы бәріміз білетін Светлана Жалмағамбетова, Зағипа Балиева сияқты аудандық партия комитетінде басталғалы тұрған жерінен мүлде басқа арнаға түседі. Мектепте мұғалім болып қалам деп табандап отырып алады. Аудандық партия комитетінің секретары Исенов жолдас та «Қымбат қарындасымыз сөйлегенде арқа-басым кеңіп, жайланып-ақ отыратын едім» деп лебіз білдіреді екен жарықтық.

Сөйткен, ел үміт күткен Бәйменқызы бас айналдыратын мансап жолын тәрк етіп, шағын елді мекенге тартып отырады. 230-дай бала оқыған кішкентай ғана мектептен бір адым ұзамай, еңбек етті. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Қымбат мұғалім өз саласының ауыл, аудан ғана емес, күллі Ақмола облысының мақтанышына айналды. Педагогикалық ғұмырында ол кісіден сабақ оқығандардың қатарында орыс тілінен қазақша шығарма жазып тапсыратын осы жолдардың авторы да бар.

«Ауылдың ардақты ұстазы» деген атаққа ғана марқаятын аяулы жаннан сұрадым: «Сол кездегі әрекетіңіз үшін қазір өкінбейсіз бе?» деп. «Жоқ», – деді бірауыздан Қымбат Бәйменқызы. Кіндігі осы ауылға байланғаны шығар, тағдырын осы бір елді мекенмен байланыстырғаны шығар, ірі дәрежеде қайраткер болар қызды жіпсіз байлаған қандай құдірет екенін біле алмай, бас шайқадым.

Ауылдың болашағы бар ма?

Заманның өзгергенін қараңыз, бүгінде ауыл халқының 90 пайызын Моңғолиядан келген оралман бауырлар құрап отыр. Ауылда 1968, 1970, 1972 жылдары салынған дүкен, мәдениет үйі және мектеп жұмыс істеп тұр. Мектепті 1990-ыншы жылдардың аяғы мен 2000-ыншы жылдардың басында Ғабдулкәкім Нұртайұлы деген азамат басқарды, қиындық кезеңде қажырлы еңбегімен алып шықты. Ал мектептің қазіргі басшысы Байқоныс Жапанұлы деген жап-жас жігіт. Суы тартылған, электр желісі бар, тек жол жағынан, қалаға қатынау жөнінен проблемасы болмаса, болашағы бар көп ауылдың бірі. Тоғызыншы сыныпта жүргенде «Жол азабы титықтатты» деген мақала жазғанбыз аудандық «Ұран» газетіне. Сол мәселе әлі де өзекті.

Ауыл тұрғындарынан тағы бір ұсыныс бар: ол – Астана-Қостанай бағытына шығатын жолға Есіл өзенінің үстінен көпір салу. Төңкеріс, Максимовка ауылдарының бірінің тұсынан шығатындай етіп көпір салса, бұл – ел жағдайы үшін жасалған игілікті шаруа болары анық. Бірақ бұл арман сияқты. Несі бар, армандар орындалады!

P.S. Жаңа Жайнақтың Воздвиженка-Нұресілге қарайтынын айттық сөз басында. Воздвиженканың тарихи атауы – Қозыкөш. Астанадан қозыкөш жердегі ауыл этнографиялық мағынасы зор, символдық мәнге ие түпкі тарихи атынан айырылып,  Нұресіл деген атау алды. Мұны Нұра және Есіл сөздерінің қосындысы деп түсіндіреді. Біздің көкейімізден «неге Есілнұра емес» деген ой кетпей қойды. «Есіл, Нұра, Ертісім, Бөбегімнің жан дүниесін сен түсін» деген Тұмағаң – Тұманбай ақын жыры ойға оралды.

Қозыкөш десе дегендей еді-ау...

Тағы айналып соғармыз!


 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?