Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Эрнесто Че Гевара деген кім?

2703
Эрнесто Че Гевара деген кім? - e-history.kz
Осыдан тура жарты ғасыр бұрын, 1967 жылғы 9 қазанда, Боливияда латынамерикалық революционер, Кубаның мемлекеттік қайраткері Че Гевара өлтірілді

Оның берет киіп тұрған әйгілі суреті қазір тек тарихи және саяси басылымдарда ғана орын алмайды – ол образ поп-мәдениетте де кеңінен танымал болды.

Осы бір коммунистік идеалдар үшін күрескен белгілі тұлға туралы толығырақ тоқталғанымыз жөн шығар, өйткені біздің еліміз де КСРО құрамында осы идеалдарға ұмтылған болатын.

Эрнесто Гевара де ла Серна 1928 жылы 14 маусымда Аргентинаның Росарио қаласында өмірге келді. Гевараның денсаулығы онша болмады – ол екі жасында бронхиалды демікпенің ауыр түрімен ауырып, осы ауру оны өмір бойы мазалап өтті. Демікпенің кесірінен ол біраз уақыт мектепке бара алмады, бірақ бала кезінен білімге құмар болған ол үйде қуана-қуана оқыды.   

1945 жылы Альберт Швейцердің өнегесінен шабыт алған Гевара алапеспен ауыратын науқастарға көмектесу үшін медицина факультетіне оқуға түседі.

1951 жылы Эрнесто дәрігер-досы Альберто Гранадомен бірге ескі мотоциклге мініп, Оңтүстік америкаға саяхатқа шығады, жол бойы мотоциклдерінің қайта-қайта сынуына қарамастан, олар Чили, Перу, Колумбия мен Венесуэланы аралап шығады.  

1953 году Эрнесто Че Гевара Буэнос-Айрестегі Ұлттық университетті тәмамдап, дәрігердің дипломын алады. Осы жылы ол ұзақтығы бір жылға созылған екінші саяхатқа шығады, бұл саяхатта өзінің болашақ жары Ильда Гадеаны кездестіреді. Оның революциялық көзқарастары Че Гевараға бірталай әсер етеді. Оны саяси белсенді азаматтар қатарынан байқап, қауіпті коммунист ретінде солшыл радикалдарға жатқызады. АҚШ-тың Гватемала президенті Арбенсаны күшпен басып алуы туралы сыбыстар шыға бастағаннан, Арбенсаға қолдау көрсету үшін Че Гевара сонда барып, үкіметті қорғауға қатысады.

1954 жылы ол Мехикоға барып тұрады, онда журналист ретінде жұмысқа тұрмақшы болғанымен, оның «Мен Арбенсоның құлағанын көрдім» атты мақаласы бұл істе көмек көрсете алмайды.

Революционер ауызекі тілде «че» одағайын жиі қолданғаннан, өзінің аргентиналық түп-тамырын көрсету үшін осы  қосымшаны тегінің алдына қосып қол қоятын болған.

1955 жылғы маусымның аяғында Гевареге Кубадағы қарулы экспедицияға дайындық туралы хабарлайды. Көп ұзамай Рауль Кастромен танысады, ол Чеге жақсы әсер етеді: «ол басқаларға қарағанда жақсы сөйлейді, оның үстіне, ойлайды». Фидель Кастро бұл кезде АҚШ-та экспедицияға ақша жинап жүрген.

Алғашқы кездесуде Фидель Кастро Эрнесто Гевараның ақыл-ойына және оның айқын қалыптасқан саяси көзқарасына таң қалып, тәнті болады. Алдағы экспедицияда Че Гевара дәрігердің міндетін атқаруы керек болған.

1956 жылдың 22 маусымы Фидель Кастро Мехикода тұтқындалады. Жасырын пәтерде оның басқа да жолдастарын қолға түсіреді, олардың ішінде Че Гевара да бар еді. Қастандық жасаушыларды солардың қатарындағы арандатушы ұстап береді. Полиция Ильда Гадеаны да қолға түсіреді, бірақ көп ұзамай бұларды босатады, тағы да ұсталып қалудан қорыққандықтан Кубаға кетуге дайындала бастайды. Экспедицияға дәл жүрердің алдында Гевара үйіне жүгіріп келіп, әйелі мен қызымен қоштасып, әке-шешесіне қоштасу хат жазып қана үлгереді де іле-шала портқа жүріп кетеді.  

1957 жылы Че Гевара бес ірі партизандық құрылымның біріне қолбасшы болып тағайындалады. Сол жылы оған команданте шені беріледі. 1958 жылдың қарашасында Гевара өз колоннасымен Кубаның орталығы – провинциядағы маңызды стратегиялық объект Санта-Клара қаласын басып алады. Фульхенсио Батиста революционерлердің басқаруына өткен қаладан қашуға мәжбүр болады.  

Революционерлердің жеңісінен кейін Эрнесто Гевара Кубаның Ұлттық банкінің президенті болып, ал кейінірек Бостандық Аралының Өнеркәсіп министрі тағайындалады.

Бірақ Че Гевара бұл жеңісімен тоқтап қалмай, революциялық қызметті жалғастыру қажет деп санайды – өз жоспарын Конгода іске асыруды бастайды, алайда жергілікті революционерлермен туындаған түсінбестіктерге байланысты Африкадан Боливияға кетеді де, сонда 1966-1967 жылдары билеуші режимге қарсы күрес жүргізеді. Бірақ Боливияның жергілікті тұрғындары ол кезде революционерлерді қолдамағандықтан, ЦРУ (ОББ) Гевараның отрядын құрта бастайды.

1967 жылғы күзде аргентиналық суретші, революционер, Гевараның соңынан ерген серігі Сиро Бустос, оны Боливия үкіметіне ұстап беріп, өмір бақи «сатқын» деген атқа қалады.

8 қазанда әскерилер Юро шатқалында жасырынған лагерьге шабуыл жасап, атыстан соң командантені қолға түсіреді. Атуға кімнің бұйрық бергені әлі күнге дейін құпия болып қалып отыр. Ресми бұйрықта әскери үкіметтің басшысы Рене Ортуньюдің қолы тұрды, бірақ кейін ол өзінің бұл іске қатысы барынан бас тартты. Сонымен қатар, бұндай шешім АҚШ басшылығынан тарады деген болжамдар да бар.  

Марио Теран атуы керек болды. Оның қолы дірілдеп тұрды, сол кезде Гевара:

– Ат, қорқау, сен ер-азаматты өлтіресің!,-дейді.

Бірақ, ержүрек революционердің романтикалық бейнесін әшкерелейтін басқа да фактілер бар. 

Куба революциясы жеңіске жеткеннен кейін әскери қылмыскерлердің үстінен сот басталды, бірақ шын мәнінде қорғау рәсімдері сақталынбады. Сотталушылардың кінәсіне Че Гевараның еш күмәні болған жоқ: «Бұл – революция, бұл жерде дәлелдер екінші реттік»,-деп, өлім жазасын талап еткен.

Гаванада Че Гевара өзінің барлық коммунистік көзқарастарын ұмытып, ең керемет жекежайда тұрды. Оның күнделіктері мен хаттарынан революционердің кісі өлтірулер мен қанды көргеннен алатын ләззаты байқалады. 

Че Гевара Сталинді пір тұтып, кей кезде хаттарына Сталин II деп те қол қойған.

Партизандар қоршап алған кезде Гевара: «Атпаңдар! Мен – Чемін! Өліден гөрі, мен сендерде тірідей керекпін!»,-деп, айқай салды деген де нұсқа бар.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?