Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғарыш сырының ашылуы

2480
Ғарыш сырының ашылуы  - e-history.kz
Осыдан 60 жыл бұрын КСРО Жер орбитасына жасанды серігін шығарған әлемдегі тұңғыш ел болды. Ракета «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылды

Қазіргі уақытта полигонды Ресей жалға алған, бірақ ол Қазақстанға тиесілі. Жасанды серіктерді орбитаға шығару тек Фау-2 баллистикалық ракеталары пайда болғаннан кейін ғана мүмкін болды. Жоба бойынша неміс инженер ғалымы Вернер фон Браун жұмыс істеді.

Ол Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияда объектіні жасауды бастаған. Соғыс біткен соң Браун АҚШ-қа қоныс аударып, сонда америкалық қызметтерге арналған қару-жарақты әзірлеумен айналысатын бөлімді басқарады. 1946 жылы ғалым АҚШ Қорғаныс министрлігіне ғарыш кемелері туралы баяндама ұсынады, кеменің орбитаға шығаруға мүмкін болатын ракета тасығышы бес жылдың ішінде құрастырылатындығы осы баяндаманың негізгі түйіні болды.

1946 жылдың 13 мамырында Иосиф Сталин қорғаныс өнеркәсібінде жаңа сала – ракета құрастыруды ашу туралы Қаулы қабылдайды. Бөлімге белгілі кеңестік ғалым, инженер Сергей Королев басшылық етті. Он жыл ішінде КСРО-ның ғарыш индустриясы Р-1, Р-2, Р-3 және басқа да объектілерді жасап шығарды. 1948 жылы ракета құрастыру конструкторы Михаил Тихонравов симпозиумда құрама (көп сатылы) ракеталар және жақын уақытта ғаламат қашықтықтардан өтіп, жасанды серіктерді орбитаға шығара алатын кеңестік ракеталармен жүргізілген жұмыс қорытындылары туралы баяндама жасады. Ол кезде бұл айтылған сөзге ешкім мән бере қоймады, бірақ 1950 жылы Михаил Тихонравовсерікті орбитаға алып шыға алатын ракетаны ұшыру жобасы туралы тура айту мүмкіндігіне ие болды.

1955 жылы Н.С. Хрущев, осы уақытқа қарай Р-7 құрылысын аяқтаған Ленинград металлургия зауыты жұмысының қорытындыларымен әсерленіп, жер айналасындағы орбитаға орналастыруға болатын серікті жасау бойынша жұмыстарды бастау туралы Қаулы шығарады. Құрылыс жұмыстары 1956 жылдың қарашасында басталады.

1957 жылдың күзінде серігі бар ракета қорытынды тексеруден өтеді. Жер серігін жасау бойынша жобаны Михаил Тихонравов, ал ракета-тасымалдаушыны құрастыру және серікті орбитаға шығару жұмыстарын Сергей Королев басқарды. 2 қазанда Королёв Мәскеуге ракетаның ұшуға дайындығы туралы хабарлама жібереді, бірақ әрі қарайғы іс-қимылдар жөнінде нұсқаулық келмегендіктен, Королев ракета-тасымалдаушыны ұшу алаңына орнату туралы шешім қабылдайды. 4 қазанда, жұма күні, ракета сәтті ұшырылады. Ұшырылғаннан кейін 5 минут өткен соң Спутник бөлініп шығады да, алғашқы дыбысы естіледі. «Бип! Бип!».

Дыбыстың ұзақтығын Байқоңырда Спутник көкжиектен асып кеткенше екі минут тіркейді. Ғарыш айлағының жұмысшылары далаға жүгіріп шығып, шат-шадыман қуанып, конструкторлар мен әскерилерге құрметтерін көрсетті. Спутниктен дешифрланған белгіні алған кезде жобаны сәтсіздіктен бар болғаны секундтар ғана арашалап қалғаны белгілі болды. Іске қосылар алдында блоктардың біріндегі қозғалтқыш «кешігіп жатты», ал әр механизмнің жұмысы қатаң белгіленген уақытта жүруі керек.

Белгіленген уақытқа бар-жоғы бір секунд қалғанда блок іске қосылып үлгереді. Ұшудың 16-шы секундында бактарды босату жүйесі істен шығады, керосинді шамадан артық жұмсау салдарынан орталық қозғалтқыш белгіленген уақыттан бір секунд бұрын өшіп қалады. Қалай болғанда да процесс сәтті аяқталады. ПС-1 сырт құрылысы біршама дөрекі, қарапайым, диаметрі 60 см құрайтын алюминийден жасалған сфера, оған бірін-бірі айқыштаған екі имек антенна бекітілген. Құрылғының жалпы салмағы - 83,6 кг. Спутниктің таратқыштарының жиілігі 20 МГц пен 40 МГц тең болды, яғни оның сигналдарын қарапайым радиоаппаратурамен қабылдауға болатын. «Радио» журналы ұшудың алдында Спутниктің сигналын қалай қабылдауға болатындығы туралы нұсқаулық жариялады. Спутник ғарышта 92 күн болды. Ол біздің ғаламшарымызды 1440 рет айналып шықты, ол 60 миллион шақырымға тең келеді.

Жер орбитасына алғашқы спутниктің шығарылуы әлемдегі саяси күштердің орналасуында елеулі оқиға болды. Спутник-1 әлемдегі басты жаңалық болды. Алғашқы ғарыштық жеңісімен КСРО технологиялық дамуы жоғары деңгейлі ел ретінде бекіді. Кеңестер елімен қырғи қабақ соғыс жағдайындағы АҚШ-та ПС-1 туралы жаңалық әсіресе кең резонанс тудырды.

Жасанды спутникті Жер орбитасына шығарылуын осы кезге жоспарлаудың тағы бір себебі – 1957 жылдың шілдесінен бастап 1958 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта Халықаралық геофизика жылы өтіп жатқан болатын. Ғылыми зерттеулерге 67 елдің, оның ішінде КСРО-ның да ғалымдары қатысты. 4 қазан Ресейде кәсіби мереке - «Ғарыш әскерлерінің күні» тойланады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?