Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арыстан туған Әлихан

1566
Арыстан туған Әлихан - e-history.kz
27 мамыр күнгі тергеудің барысында оның хаттамасына Әлиханның «Алашорданың құрылған уақытынан тарағанға дейінгі қызметі жайында мен жолдас Каширинге айтып бергенмін» деген бір-ақ ауыз жауабы жазылыпты

1929 жылы Алашорда мүшелерінің басым көпшілігі тұтқындалып, түрлі ұзақ мерзімдерге кесіліп, Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі азап-өлім лагерлеріне айдалады. Көп ұзамай А. Байтұрсынұлынан бастап Алашорда автономиясындағы кешегі үзеңгілестерінің үстіне қара бұлт жинала бастайды. Сол жылдың мамыр айында Ә. Бөкейхан Алматыға тергеуге шақырылады. 27 мамыр күні болған жалғыз тергеудің барысында оның хаттамасына Алаш көсемінің «Алашорданың құрылған уақытынан тарағанға дейінгі қызметі жайында мен жолдас Каширинге айтып бергенмін» деген бір-ақ ауыз жауабы жазылыпты. Ол жылы Алаш көсемінің өзін тұтқындап лагерге айдауға не, «Алашорда басшыларының совет өкіметіне қырын қарайтын және оған қарсы соғысқан бөлігінің көзін жою» туралы 1922 жылғы жоспарын жүзеге асыратын «қолайлы» мезгіл әлі келмегендіктен, оны атуға И. Сталиннің жүрегі бара қоймаған тәрізді. Алыс та болса туған елі мен қалың қазақтың алдындағы кіршіксіз абырой-беделі әлі биік, ықпалы зор Ә. Бөкейханды тұтқындаса, елі тұра көтеріле ме деген күдікке әлі толық негіз бар еді. Қазақ көсеміне тісі батпаған И. Сталин бар өшін оның туған-тумаларынан, үзеңгілестерінен алғанға ұқсайды.

Туған інісі – Смахан төренің жазуынша, кенже інісі Базылхан «бай-кулак» деген айыппен Новокузнецкіге айдалып, 1932 жылы 48 жасында көз жұмады; інісі Қасымхан Әбдіханұлы өлім жазасынан 1928 жылы аман қалып, 1936 жылы Алматыда опат болады; жақын туысы Мәнерхан Шолақұлы – 1933 жылы айдалып, хабар-ошарсыз кетеді; тағы бір туысы Қожайхан Мәтханұлы – айдаудан әскерге шақырылып, із-түссіз жоғалады...

Туған-тумаларының осындай қайғы-қасіретінен хабары болды ма, жоқ па – белгісіз. Әйтсе де қара уайымға салынбай, Алматыдағы тергеуден Мәскеуге оралысымен, азап лагерлеріне Мәскеу арқылы айдалған үзеңгілестерін теміржол бекетінде күтіп алып, оларға шамасы келгенше азық-түлік, жылы киім-кешек, қалам-қағаз ұстатып жіберу қамымен болып, ізінше оларды босатып алудың бар айла-амалына мықтап кіріседі.

«Жазасын» Карелия түбегі мен Архангельск облысындағы өлім лагерлерінде өтеп жүрген Мағжан Жұмабайұлы 1934 жылы М. Горький мен оның әйелі – Халықаралық Қызыл Крест ұйымы комиссиясында қызмет істеген Е. Пешковаға хат жазыпты деген мәлімет бос дақпырт, миф. Әрине, жазса жазған да болар. Алайда ол хат лагерь басшылығынан, НКВД-ның тезісінен өтпес, лагерден бір адым аттап шықпас еді. Алаш қайраткерлерінен бостандықта жалғыз қалған да, үзеңгілестерін босату үшін Е. Пешкованы араға салған да Ә. Бөкейхан болатын. Шамамен 1935–1938 жылдары Мәскеуде тұрған Жиханша және Халел Досмұхамедұлдарын есепке алмаса да болады.

Өйткені ол екеуі 1929-1935 жылдары «Алашорда ұлтшылдық ұйымының ісі» бойынша сотталып, айдауда болып қайтқанды. Ж. Досмұхамедұлының 1938 жылы НКВД тергеушілеріне берген жауабына қарағанда, олар айдаудан қайтқаннан кейін қит етуге қорқатын болған: «В разное время как до ссылки, так и после ссылки, а также встречаясь с казахскими националистами мы говорили о том, что в результате коллективизации почти половина казахского народа вымерла, вспоминали наши алаш-ордынские дела, о том, что в случае войны против Советского Союза будут происходить массовые аресты... Говорили о том, что казахи друг к другу больше не ходят, не общаются, ибо боятся органов НКВД, т. к. происходит слежка за каждым, говорили о массовых арестах в Казахстане, в частности, об аресте наркомов-казахов, высказывали по этим вопросам свое недовольство, нас удивляли происходящие аресты наркомов» [1].

Үзеңгілестерінің жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаны аздай, жалғыз күйеу баласы, қазақтың жас та болса көрнекті мемлекет қайраткері, дарынды жазушы әрі публицист Смағұл Садәуқасұлы аяқастынан жұмбақ дертке шалдығып, 1933 жылы Кремль ауруханасында 33 жасында қайтыс болады. Марқұмды жерлеуге қайын атасы Ә. Бөкейхан, зайыбы Әлиханқызы Елизавета, ұлы Ескендірмен бірге Мәскеуде РСФСР ОАК төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Т. Рысқұлұлы мен Н. Нұрмақұлы және т. б., елден жазушы С. Мұқанов зайыбы Марияммен бірге келіп куә болады. Мариям Мұқанова сонда көргенін былай деп суреттейді: «Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай боп көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді» [2].

Иә, елағасының «мәскеу кезеңі», әсіресе 1930-жылдарды қайғы-қасіретке толы болса, қуанышқа бөлеген сәттері де жоқ емес-ті. Қызы Лизажан медицина институтын тәмамдап, немересі Ескендірмен бірге қолында қалып, әкесінің ізін қуып мамандығы бойынша ғылымға бет бұрады. Ұлы Өктай-Сергей – тау-кен институтын бітіріп, қай жылы екенін айту қиын, әкесінің зор қуанышына сай 1930 жылдарға қарай үйленеді. Әлекең екінші немересінің маңдайынан иіскеп үлгермеді: Евгений Өктайұлы – 1938 жылы дүниеге келеді. Ал 1934 жылы СССР Ғылым Академиясының төралқа жиынында бүгінгі Жезқазған түсті металдар кен көзін игерудің қажеттілігі мен тиімділігі туралы үлкен баяндама жасап, онысы ғылым ордасының «Большой Джезказган» атты академиялық жинағымен сол жылы басылып шығады. 30 жасына қарай Сергей Әлиханұлы да әкесіне тартып – үлкен ғалым әрі көрнекті өнеркәсіп және мемлекет қайраткері болатын сыңай танытып үлгерді. Жезқазған кенішін игерудің басы-қасында сонау баста кім тұрды деген сұрақ – әлі бейтарап әрі тиянақты зерттеуді талап ететін маңызды тақырып. Бұл да тарихтың бір зор ақтаңдақ беті. Тарихтың әділдікті атайтын кезі келді.

1934 жылы елағасы, сонымен қатар, Е. Пешкованың күш-жігерімен А. Байтұрсынұлын Архангельскідегі лагерден шығарып алды. Интернеттегі википедия мәліметіне қарағанда, Францияда эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай сол маңайға аялдаған Францияның сауда кемесімен М. Дулатұлын Соловкиден қашырмақ болған көрінеді. Бірақ бала-шағасының кейінгі тағдырын ойлаған Мадияр қашудан бас тартыпты. Бұл қиялдан шыға қойған мәліметке ұқсамайды. Патша заманында астыртын әрекет етуден (конспиративная деятельность) мол тәжірибе алған Алаш көсемінің оған да қатысуы болуы мүмкіндігін теріске шығаруға асықпайық. Өйткені өзінің саяси шәкіртінің бірі – М. Шоқаймен шекара асқан сәттен бері астыртын байланысын үзбеген Ә. Бөкейхан болатын. Елағасы азап лагерлеріне айдалған үзеңгілестерінен де хабар үзбеді. Міржақып інісіне жолдаған хатын 1934 жылдың 26 қыркүйегінде, яғни Жақаңның зайыбы Ғайнижамал мен қызы Гүлнар өзінің бір бөлмелі пәтеріне түнеп, оларды елге қарай жолға шығарып салысымен жазған. Бұл жалғыз да соңғы хат емес, күні бүгінге жеткені ғана. Қалай болғанда да, Алаш көсемі Мадиярды босатып үлгермеді: ол 1935 жылдың 5 қазанында Сосновецк лагерінің Орталық лазаретінде көз жұмып, бейбіт күнде опат болған Алаш қайраткерлерінің алды болды. Соңы емес-ті.

Сол жылы лагерден шыққан тағы бір үзеңгілесі Жанша Досмұхамедұлы, туған бажасы Т. Рысқұлұлының қолпаштауымен Мәскеуде пәтер тауып, тәуір жұмысқа да орналасады. Оның 1938 жылдың 2, 4, 7 шілдесінде НКВД жендеттеріне берген жауабына қарағанда, 1935-1937 жылдары Қыр баласымен «2-3 айда, кейде жарты жылда бір рет не оның, не өзінің пәтерінде бас қосып, әңгіме-дүкен құрады екен; «Бөкейханов... әңгіме айтуға шебер, әзілқой, сықақшы» дегенді қосады [3].

Ж. Досмұхамедұлының айтуынша, 1935-1937 жылдары Мәскеуде Х. Досмұхамедұлы, М. Есболұлы, Ә. Мұңайтпасұлы, М. Бұралқыұлы, М. Мырзаұлы (Мурзин) сынды Алашорда үкіметіндегі бұрынғы үзеңгілестері тұрған, сондай-ақ Санжар Аспандиярұлы, өзімен бірге І Мемлекеттік Думаға депутат болған А. Қалменұлы, С. Ақайұлы және т.б. Мәскеуге келіп-кетіп тұрған. Олардың ең алдымен елағасымен амандасып көрісуге асыққаны  айтпаса да түсінікті-ау деймін.

Ә. Бөкейханның «мәскеу кезеңінен» бүгінге аман жеткен тағы 2 хат бар. Бірі В. Бонч-Бруевичтің 1934 жылы 27 ақпанда Алаш көсеміне жолдаған хаты [№ 32-сурет]. Ол кезде Бонч-Бруевич «дүние жүзі еңбеккерлерінің көсемі» В. Лениннің жақын сыбайласы, көркем әдебиет, сын және публицистиканың Орталық мұражайының директоры болатын. Хаттың мәтініне тоқталмаймын, оны суреттен оқуға болады. Ал екіншісі – 1934 жылдың 17 қазанында Ә. Бөкейханның ГУЛАГ-тан Алматыға оралған А. Байтұрсынұлы мен Е. Омарұлына жазған хаты. Хатты белгілі түрколог ғалым Алтай Аманжолов әкесі Сәрсен Аманжоловтың жеке қорынан кездейсоқ табады. 

Бұл хаттың мәтінінен автордың ғылыми ізденістерін, оның ішінде, сонау 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың тарихы» мақалаларында берген уәдесін ұмытпай, қолы саясаттан босаған кезде Алты Алашы мен елінің тарихын жазуға тиянақты кіріскенге ұқсайды. Алайда ұлт көсемінің 1930-жылдары жазған еңбектерінің қолжазбалары сақталмады.

Олар 1937 жылдың шілдесінде тұтқындалып, пәтерін астаң-кестеңін шығарып тінтудің нәтижесінде хаттары, фотосуреттері және т. б. дүние-мүлкімен бірге тәркіленсе керек. Алайда, 1991 жылдың тамыз айында (1991 жылдың 19-21 тамызындағы белгілі «ГКЧП» деген бүліктің ізінше) осы жолдардың авторы Мәскеуде СССР КГБ-сына Ә. Бөкейханның ісінен кезінде тәркіленген қолжазба, хаттар және т. б. дүние-мүлкін сұрап жазған өтінішіне – сол жылдың қыркүйегінде берген жауабында мынадай бір-ақ жол болды: «Бөкейхановтың тұтқындағанда тәркіленген жеке хаттары жоғалған» [4]. «Жеке хаттары» деп қолжазбаларын да айтып отырғаны сөзсіз. Алайда қылмысының «айғағы» ретінде іске тігілген құжат-қағаздардың жайдан-жай «жоғалуы» жалпы мүмкін бе?

Әйтсе де «жоғалудың» бар құпиясын мына бір жайттан анық байқауға болады. Смахан төре естелігінде былай жазды: «[19]23-інші жылы Әлекең Тобықты келіп, қасына Медеу баласы Біләл, күйеуі, қызы, Құлке баласы, Өміртай баласы, 10 кісі ерітіп елге келген. Жиен қызы үлкен әкесі Дайырға патша берген алтын стақанды, көп нәрсе алып (!), Әлекең үш інісінен үш құлынды бие алып... балалар қайтқан») [5].

Смахан төре тізіп отырған «алтын стақан» мен «көп нәрсе» де тінтудің ізімен «жоғалады». Мұны жалпақ тілмен, әдеби тілмен айтсаң да «ұрлық»,  «қарақшылық тонау» дейді. Жарайды, таза алтыннан құйылса да ыдыстың аты ыдыс қой – өлі зат. Ал ұлт көсемінің орны толмас қолжазба-хаттарына құн жете ме?

Сұлтан Хан ЖҮСІП, алаштанушы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Алаш рухани даму институтының директоры

 

1 50-59 стр. протокола от 08.06.1938 г. – История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов. //Под общей редакцией Сдыкова М.Н. Том 1. Уральск. стр. 260.

2 Мұқанова М. Сағынышым Сәбитім (Естелік). – Алматы: «Өлке», 2000 ж. 60 бет.

3 31 стр. протокола допроса от 02.06.1938 г. – Там же: стр. 246.

4 Түрік баласы. Қазақтың тарихы. Сөз басы. //«Қазақ» газ., №№ 2, 3, 5, 7, 1913 ж. Самар.

5 Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі. //«Жұлдыз», журн., № 3, 1996 г, 102–125 стр.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?