Зайсан өңірі қазақ даласының бір қиырында жатқан шалғай өлке болса да әрі алпауыт Қытай елімен шекаралас аймақта жатса да, ондағы тағдырлар мен тарих уақыт керуенінен қалыс қалмайды. Өлкенің тым тереңде жатқан тарихи оқиғаларымен танысу барысында өңірден шыққан, кейін өңірдің атын шығарған танымал тұлғалардың өршіл бейнесіне, өнегелі өміріне сан алуан бүгінгі адамдар шерттен естеліктер мен деректер негізінде қаныға түскеніміз рас.
Қазақ ұлттық тарихында ауқатты байлар мен олардың еңбектері жайлы деректер тәуелсіздік алған жылдардан бері ашық айту мәселесі көтерілді және олардың қызметі мен жанкешті өмірлерін үлгі ету процесі жүре бастады. ХХ ғасырдың басындағы алмағайып кезеңде өмір сүріп, кейінгі өмір жолы қуғын-сүргінге ұласқан қилы тағдырдың иесі Бидахмет Бобкин болатын.
Бобкин деген тегіне қарап, мұның қазақ екеніне күмән келтіруге де болар еді, алайда Бәбікен әулетінен шыққан ол Зайсанға қоныс тепкен орыс көпестерінің тілінен соң Бобкин аталуға мәжбүр болыпты. Тіпті атының өзі қиындық тудырып, Бидахметті «Фида Ахметович» деп өзгертіп сөйлеген екен.
Жалшылықтан жетілу
Бидахмет Бобкин осыдан тура 150 жыл бұрын, 1867 жылы Зайсан өңірінде дүниеге келген. Арғы аталарынан бері үзілмеген құтты дәулет болмаған, өз әкесі мен шешесі де орташа байлықты жандар болып өмір кешкен және пәниден ерте озған екен. Бәтима деген қарындасы бар екі бала болып, Бидахмет үлкені жастай байлардың жалшылығында жүріп, ауыр жұмыстарға жегіледі. Тумысынан алғыр әрі зейінді бала қожайынның айтқан сөздерін екі етпей адал орындап, көзге түседі, сенімге ие болады. Қызметі жаққандықтан қожайыны да әр түрлі қызметтерді сеніп тапсыратын болған, онысын әділ, таза орындайтындықтан, Бидахмет аз уақытта біраз қаржы қорын жинап алады.
Бидахмет Бобкин қызы Айшамен Қазан қаласында ►
Сөйтіп өсіп жетілген бала ақылды да іскер жігітке, өз сауда үйін, дүкенін ашқан жас періге айналады. Оның бір қасиеті, қулық пен сұмдықтаң ортасы сауда жолында арамдыққа бармайтыны, өзге саудагерлердің тұтынушыларын өзіне тартуға тыраштанбайтыны дейді көзкөрген замандастары. Өз ортасында оның беделінің артып, абыройы асқақтап тұратыны да осындай керемет қасиетінен еді. Адам жанын сүйсіндіретін мұндай ізгі қасиеттерін білетін басқа шонжарлар оның бұл қабілетін айрықша бағалап, артық ардақтайтын және керісінше оның саудасының қызып тұруына барынша көмектесетін.
Келіскен келбет
Бидахмет Бобкин атамыз түр-өңі келісті, сымбатты, сұңғақ бойлы жан болған екен. Қызы Айшадан туған жиені Халима Адамқызының жазуынша, дөңгелек жүзді, шығыс адамдарына тән келбетті, өңді нағашы атасы бір қараған адам үшін зиялы, шығармашылық адамы деп ойлап қалуы мүмкін екен. Себебі ол кісі, еуропаша киінген, алайда басынан мұсылман бас киімін тастамайтын болыпты.
Саудадағы адалдық
Бобкин Бидахметтің саудасы тек Зайсан өңірімен ғана шектеліп қалған емес, ол жыл сайын өтетін Нижгородтағы жәрмеңкеге қатысатын. Сауда жолының берекелі болғаны сонша, ресейлік көпестер Морозов әулеті одан бағалы терілерді сатып алатын болған, ал Бидахмет бабамыз олардан қажетті тауарларды алып, пароходқа тиейтін. Қыр өмірінің тұрмысына керекті тауарларды сатып алуға қаржысы жетпеген кейбір сәттерде ағайынды Морозовтар оған еш кепілдіксіз қарызға бере салатын болыпты. Бұл – сенімнің күші. Адалдыққа деген сенім. Бидахметтің бір ауыз сөзіне сенетін Морозовтардың әрекеті. «Саудада достық жоқ» деп тәпсірлейтін бүгінгі заманда ежелгі байлардың арасындағы дәнекерлік күшті болғанына қайран қаласыз. Келесі жолы келгенінде Б. Бобкин қарызын ұмытпай, тіпті артығымен қайтарып беріп кететін дағдысынан жаңылмапты.
Мейірімді жарылқаушы
Жәрмеңкеге кеткен жандардың қыр халқына оралуы – қала тұрғындары үшін сауық-сайранға ұласатын думанды мереке. Себебі Бидахмет атамыз тек сауданы баю мақсатында жолға қойған саудагер ғана емес, зекет беруші жомарт, сақи адам деседі. Қасиетті исламдағы бес парыздың бірі зекетті таратушы адам ретінде қала жұртшылығы аса жақсы көрген. Біріне етік, екіншісіне бәтіңке, үшіншісіне мәсі, төртінші-бесіншісіне... тіпті балаларға дейін базарлық үлестіріп, адамдар жаны шаттанғанын құп көретін.
Бобкин балалары: Әнуар, Сара, Ғалия, Халима, Ғайния
Бидахмет бабамыздың тек сенімді адамдарды жұмысқа қабылдап, оларға нақты тапсырманы орындатып, жағдайларын көтеруге құлшыныс танытқаны белгілі. Халима Бекмаханованың жазуынша, Әділхан, Жиенгелді, Файзрахман, Шаяхмет, Темеш сияқты адал туыстары ұрлық қылмай, Бобкинге адал ниеттерімен қызмет ететін. Ал Бобкин болса олардың еңбектерін бағалап, ақыларын жоғары төлейтін. Сол себепті олар да өз заманының дәулетті адамдары бола алды. Сондай-ақ осы сөзімізді дәлелдей түсетін айшықты дерек ретінде «қызметшілеріне қайырымды, үш мезгіл тамақты отбасы болып солармен бірге ішетін» деп құдағиы Мәрия әжей еске алатыны Ж. Жұмаханұлының естелінде келтірілген.
Осындай мейірімді жарылқаушы, бала шақтағы адал еңбегімен адал ірі кәсіпкерге айналған Бидахмет Бобкин еш жерде оқымаған. Бірақ қараңғы, сауатсыз да емес. Өз күшімен қазақ-орыс тілдерінде жазып-сызуды, сауда үшін ең қажетті арифметикалық қарапайым амалдарды меңгеріп, жетік білген. Өзі дер кезінде ала алмаған білімге ол балаларының қол жеткізуін, оқуын, жақсы, сауатты болып өсуін қадағалапты. Сондай-ақ қыр қазағының да, шаруа балаларының да білім алуын көздеген ізгі ниетті жан туралы «Айқап» журналының 1912 жылғы №14 санында «Зайсан қазақтары мектеп салуға қаржы жинау шараларын ұйымдастырды. Бидахмет Бобкин бұл шараға 500 сом бөлді» деп жазылған.
Б. Бобкиннің екінші әйелі Гүлсім Мусина балаларымен
Білімге деген ынтызарлық бай Бидахметтің бойынан еш өшпеген. Семей өңірі бойынша алғашқы ұстаздардың бірі, өз заманының белгілі жазушысы Тайыр Жомартбаевты да аттай қалап Зайсан қаласына алдырады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы секілді алаштың аймаңдай азаматтарымен аралас-құралас болған Тайырдың Зайсанға келуі үлкен оқиға болған. 1916 жылы қалаға көшіп барған ол Бобкиннің көмегімен өзі де, әйелі де мұсылман медресесіне жұмысқа орналасады. Жақсының шарапаты осындайда болса керек.
«Бобкин өзінен көмек сұрап келгендердің ешқайсысынан да көмегін аямаған, – деп еске алады нағашы атасы туралы Халима Бекмаханова, – бірінің оқуын төлеп берсе, тағы біреуі Зайсаннан Семейге пароходпен жүруі үшін жолақысын төлейтін, келесіге балаларына қажетті заттарды алуға ақша беретін және тағы да көптеген игілікті істерге мұрындық болушы еді бұл мейірімді адам. Сондықтан Бидахмет Бобкин халықтың үлкен құрметіне бөленген».
Арыстың ұрпақтары
Асып-тасқан дәулетінің арқасында ел мен жер көру мақсатында Б. Бобкин Ресейдің біраз өлкесін, атап айтқанда Санкт-Петербург, Қапқаз, Қазан, Үфө, Түмен қалаларына барған, тамашалаған. Сол сапарда өзімен бірге үлкен қызы Айшаны да ерте жүрген. Айша демекші, атақты байдың балаларына келетін болсақ, алғашқы некелі жары Халимадан Айша, Хадиша деген екі қыз көрген. Ал екінші әйелі Гүлсім Мусинадан (бірінші гильдиялы көпес Л. Мусиннің қызы) сегіз бала сүйеді, олар: Құсайын, Әнуар, Нұрым, Талғат, Сара, Ғалия, Ғайния, Фатима.
Адамбек Бекмұхамедұлы – Алаш командирі
Айша Зайсандағы жергілікті мектепте сауатын ашқан, орыс тілін білетін, кейін баспа машинкасында жұмыс істеп, әкесінің іс қағаздарын жүргізуге көмектесетін елгезек қыз болды. Бой жеткен соң, «указной молда» деген есіммен күллі атырапқа аты мәшһүр Бекмұхамедтің ұлы Адамбекке тұрмысқа шығады. Бекмұхамед Сатыпалдыұлы да заманында көзі ашық, санасы сергек, елі үшін жаны күйген ерлердің бірі. Қазақ балалары білім алсын деген ізгі ниетпен ашқан мектебінде Алаш Орда көсемдерінің бірі Міржақып сабақ берген. «Указной» молданың баласы Адамбек те осал жан емес-ті, Зайсан өңірінен шыққан тұңғыш офицер, Алаш жасағының командирі. Осында дәулеті мен сәулеті жарасқан қос әулеттен бәрімізге белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың сүйікті жары Халима Адамқызы дүниеге келеді.
Қуғындалған жылдар
Туған дала, өскен өңірдің салқын самалын жұтып, тұнық суын ішіп, адал кәсібін дөңгелете жүргізіп отырған дала алпауыттарының басына қара бұлт үйірілетін 1920 жыл жақындады. Қырдың басқа да қазыналы көпестері секілді Бидахмет Бобкиннің де бұдан кейінгі тағдыры қуғын-сүргінге, қашып-босуға ұласты. 1920 жылы Зайсанға генерал Деникин жасақтары басып кіреді. Қызылдардың екпінінен шегінген ақ гвардия генералының бұл жорығы Бобкин әулетінің Моңғолияға жылыстап кетуіне себеп болады. Онда біраз тұрақтап, Зайсанға қайта келсе, мұнда большевиктер совет үкіметін орнатып жатқан кезеңге тұспа-тұс келеді. Өзі секілді қала көпесі Жүніс Татановты зәулім үйінің алдында жазықсыз, еш сотсыз-тергеусіз өлтірген қым-қуыт заманда Бидахмет бабамыз Семей шаһарына, одан Өзбекстан, Қарақалпақ жеріне өтіп кетуге мәжбүр болады. Соңында Ташкент қаласына тұрақтайды. Бірақ 1937 жылғы жазалаудан аман қалмайды, негізсіз айыпталып, қамауға алынады. «Қиыр Шығыстағы Ворошиловград қаласына этаппен айдалып бара жатқан жолда қайтыс болған» дейді жиені Х. Адамқызы. Нағашы атасы оған «Мен қайтыс болған соң, кедейлерге садақа беруді ұмытпа» деген өсиет қалдырыпты.
Бобкин баспанасы
Бидахмет Бобкин отбасы тұрған үй
Қаладағы ең ескі ғимараттың бірі – Бидахмет Бобкиннің үйі. 1891 жылы құрылысы басталып, 1894 жылы аяқталған. Мұнда Бидахмет Бобкиннің отбасы тұрған. Үйдің жалпы аумағы өте кең, бірнеше бөлмелер мен үлкен залға бөлінген. Жылыту пеші екеу болып екі жағынан жағылатындай орналастырылған.
Үйдің жоспарлы формасы П әрпі секілді. Қасбеттері рустпен үзілген, үзілмелі рельефті белдеуі бар, карнизі өрнектелген және жоғары жағы плиястермен әшекейленген. Терезелері тік бұрышты, жоғары жағы иіліп барып аяқталады және карниздерге қарағанда кірпіш қалауымен біршама жұтаң безендірілген. Ғимаратты жалпылай алғанда нашар сақталмаған, тек карнизі біраз бүлінген. Ғасырдан астам уақыт бойы сынын да, сырын да жоғалтпаған бұл тамаша ғимаратты бізге тарту еткен халық сәулетшісі Баязит Сәтбаев болатын.
Бобкин үйінің ішкі көрінісі: пеш, терезе және бір бөлменің қабырғасы
Большевиктер үкіметі орнағанда бұл ғимаратта уездік және аудандық партия комитеті, 60-70-інші жылдары «Достық» газетінің редакциясы, 80-інші жылдары аудандық білім беру мекемесі орналасқан болатын. Қазір мұнда Зайсан тарихи-өлкетану музейі қызмет етеді.
1890-1920 жылдары берісі Зайсан өлкесі, Семей мен Өскеменге аты шыққан, бағалы терілерді өңдеу кәсіпорындарының қожайыны ретінде Ресейдің оңтүстік өңіріне нарыққа шығарған, сөйтіп ол жақтағы қажетті заттарды туған даласына әкеп, қыр халқының тұрмыс-тіршілігінің мұқтажын өтеген қажырлы қайраткер Бидахмет Бобкин есімі ХХ ғасыр басындағы ұлттық буржуазиясының әзірге сирек, кейін қалың шоғырға айналатын әлеуетті топтың қатарында тұратыны сөзсіз.