
Би өнері – тылсым сырға толы. Оны терең түсіну үшін көрерменнің қызығушылығымен қатар, ішкі талғамы да болуы керек. Өйткені ырғаққа құрылған әр қимылдың астарындағы ойды ұғыну оңай емес. Ал өнердің мәнін түсінген жан ғана өнерпаздың шынайы бағасын білмек. Көрерменнің қошеметінен шабыт алған сахна иесі де бар өнерін паш етеді. Бұл – өнердің бұлжымас қағидасы.
Қазақ биінің болмысын сақтап, оны кәсіби деңгейге көтерген Шара Жиенқұлова ұлттық бидің символына айналған бірегей тұлға. Оның өнер жолы – сахнадағы әрбір қимыл мен қоса жүрекпен сезінуді талап ететін бидің мән-маңызын айқындай түсті.
Әуен естіле қалса, шыр көбелек айналып билеу – бала күнінен болмысына сіңген қасиет. «Жайлаудың желігін сезінген жұрт Айтуғанға қаратпай, сауықты бастап жіберетін. Сондай кештердің бірінде гармоншы жігіт Құсайын бидің сазын құйқылжыта тарта жөнелді. Ал мен дөңгелене жөнелдім», – деп еске алады биші. Осылайша ауылдың үлкен-кішісі жиналған сауық кештері оны кәсіби өнергке қарай жетеледі. Мақсат айқын болса, арманның орындалуы – заңдылық.
Танымал тұлғалардың өмір жолына қатысты кейбір деректер тарихи шындыққа жанаспай жататыны бар. Мұндайда біз айтылған естеліктерге сүйенеміз, құжаттарды ақтарамыз. Алайда адамның өз қолымен жазылған өмірбаяны тұрғанда, ақиқаттан аттау мүмкін емес. Шара Жиенқұлова өз өмір жолын "Өмірім менің – өнерім" атты кітабында баяндайды. Бұл еңбек – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес құнды мұра.
Бүгінде осы бірегей туындының бір данасы Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде сақтаулы. Сондай-ақ музейде бишінің сахналық киімдері мен әшекей бұйымдары да қойылған. Мұндағы әрбір жәдігер – көненің көзі болғандықтан да аса құнды. Ол тұлғаның жүріп өткен жолын хатқа түйген сырдай сақтап тұр.
Мәселен, бес білезік – қазақ қызы мен орыс қызының арасындағы сыйластықтың символындай. Бұл әшекейді Шара Жиенқұловаға Мәриям Жагорқызы сыйға тартқан. Бес білезік екі жағынан дәнекерленіп, тізбекке ілінген қос сақинамен жалғасқан. Ал білезіктің бетінде араб қарпімен жазу бедерленген. Күмістен жасалған бұйым дәнекерлеу, сіркелеу техникасымен өрнектелген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі бұл құнды жәдігерді 1985 жылы 250 сомға сатып алған.
"1972 жылдың мамыр айында ауылға оралдым. Әскери борышымды өтеп, елге келген бетім еді. Бір айдай Арқа жеріне, Жезқазған жаққа, Қаражан өңіріне гастрольдік сапармен барып қайттым. Қыркүйек айында Шара апамыздың жетпіс жылдық мерейтойы өтеді дегенді естідік. Сол кезде мұғалімдердің конференциясы өтіп жатқан. Біздің мәдениет үйіміз сол тұста жаңадан салынып біткен еді. "Шара апамыз келе жатыр" дегенді естіген жұрт қуанып, мен де чемоданын көтерісіп, қарсы алуға бардым. Конференция аяқталған соң, Шара апамыз сахнаға көтеріліп, "Амангелді" фильмінің үзіндісін көрсетті. Өзі де ұлттық киім киіп, жарқырап сахнаға шыққанда, сахнаның өзі толып кеткендей әсер қалдырды. Ол кезде жасы жетпіске таяса да, қартаймаған, тек сәл толысқан ғана еді. Сахнада сөйлеп тұрып: "Ауылдың иісін, тезектің иісін сағынып қалыппын" деді. "Қазір билесем жараспайтын секілді. Мен жас кезімде биледім, "Амангелді" фильмінде ойнадым, сол кезде де билеген едім. Соны көріңіздер. Осында келгеніме шын қуаныштымын" деп ағынан жарылды", – дейді ҚР Мәдениет қайраткері Байдәулет Сазабеков.
Өнер жолы – өзіне тән ерекшеліктерімен, қиындықтарымен дараланатын қасиетті жол. Әсіресе, бишілер үшін сахнамен қоштасу – ерекше күрделі сәт. Өйткені олар өзге өнер иелеріне қарағанда сахнадан ерте кетуге мәжбүр. Дегенмен, би тарихында зейнет жасынан асса да, ел алдында өнер көрсеткен тұлғалар бар.
Мысалы, аты аңызға айналған балерина Мая Плисецкая тоқсанға келгенше сахнадан түспеген. Егде тартса да, шыр көбелек айналып билеп жүрген үнді бишілерін де жиі көреміз. Ал қазақ биінің жарық жұлдызы Шара Жиенқұлова елу жылдық мерейтойынан кейін сахнамен әдемі қоштасып, өнердің болашағын шәкірт тәрбиелеу арқылы жалғастыруды мұрат етті.
Ол өз естелігінде: “1965-1966 жылдары шетелдік гастрольдік сапарымды аяқтадым. Иран, Сирия, Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, сапарымды Моңғолияда тәмамдадым. Өмірімнің бір белесі – елу жылдық мерейтойымды ел-жұрт болып атап өткеннен кейін, сахнамен қоштастым. Расын айтсам, мұндай ауыр нәрсені басымнан өткізбеп едім. Бұл тура өмірмен қоштасқандай сезілді”, – деп жазған еді.
Бишінің сахнамен қоштасуы – оның өнерден алыстауы емес. Шара Жиенқұлова сахналық өнерін аяқтағанымен, қазақ биінің өркендеуі жолында қажырлы еңбек етті. Ол өзінің таланты мен білімі арқылы қазақ биін жаңа деңгейге көтеріп, артына өшпес із қалдырды.
Би өнері жаңадан дамып келе жатқан шақта Шара Жиенқұлова қазақ билерін қалыптастыруда өлшеусіз еңбек сіңірді.
Бұл туралы ҚР Мәдениет қайраткері Байдәулет Сазабеков: "Қазақтың тұңғыш бишісі болғандықтан, бәрі Шараны жақсы көрді. Ол кезде би өнері енді ғана дамып келе жатқан еді. Оның шәкірттері көп болды. Шараның тікелей ұстаздық еткен шәкірттерінің ішінде Ғалия Тоқтарбаева, Гүлжан Талпақова сынды өнер иелері бар. Қазақ концертінде балетмейстер ретінде жұмыс істеп, би қойылымдарын жөндеп, қателерді түзеп, өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп отырды", – деп еске алады.
Шара Жиенқұлованың би өнеріндегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол тек биші ғана емес, ұлттық бидің қыр-сырын зерттеп, оны жаңа деңгейге көтерген жаңашыл тұлға. Өз естелігінде ол:
"Мені халқым тұңғыш биші деп атайды. Сол атақпен қоса маған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан халқымнан жинап жүріп, неше түрлі ұлттық ойындардың негізінде ырғақтар ойлап тауып, солардың бәрін би етіп дамыттым. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде қазақ билері өз орнын тапты. Содан бері би өнері қаулап өсіп келеді", – деп жазады.
Шара Жиенқұлова – қазақ биін әлемге танытып, оның сахна өнері ретіндегі беделін биіктеткен дара тұлға. Бүгінде ол салған сара жолды жалғап, қазақ биін одан әрі дамытып жүрген талантты өнерпаздар аз емес.
1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігі биші Шара Жиенқұлованың даңқын асқақтатып, оны өнердің биік тұғырына көтерді. Өзге ұлт өкілдерін қазақтың ұлттық биімен тәнті еткен оның талантына таңдай қақпаған жан қалмады.
Онкүндіктің соңғы күнінде қойылған "Қыз Жібек" операсының ортасында Шара Жиенқұлова билеген сахна көрермен ықыласына ерекше бөленеді. Бишінің өнеріне сүйсінген жұрт оның қайта билеп беруін сұрап, қойылым тоқтатылып, сахнада Шара екінші рет өнер көрсеткені айтылады. Бұл оның шынайы таланты мен би өнеріндегі даралығын көрсеткен тарихи сәттердің бірі еді.
Шара Жиенқұлова – қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі. Ол ұлттық бидің мән-мазмұнын, сахналық образдардың ішкі жан сұлулығын би пластикасымен шебер үйлестіре білді. Оның соңында қалған ең құнды жәдігерлері де – табиғаттан алынған сырлы қимылдар еді. Биші бұлақтың сылдырынан, шолпының сыңғырынан, желдің уілінен, аққудың сазынан, арудың назынан үйреніп, ұлттық бидің қайталанбас мәнерін қалыптастырды.
Сахнаны мың бұралған қимылмен толтырып жүрген Шара Жиенқұлова актерлік өнерден де шет қалған жоқ. Театрдағы алғашқы рөлі – Бейімбет Майлиннің "Майдан" пьесасындағы Пүліш бейнесі болса, ұлттық кинематографиядағы қолтаңбасы қазақ киносының тұңғыш туындысы "Амангелді" фильмінде қалды. Бұл фильмде аты аңызға айналған Амангелді батырдың бейнесін Елубай Өмірзақов сомдаса, батырдың баласының рөлін Шара Жиенқұлова ойнады.
Байдәулет Сазабеков, ҚР Мәдениет қайраткері:
"Шара апамыздың актерлік шеберлігі керемет болатын. Оның бет мимикасы биімен үйлесіп, әрбір қимылы эмоцияға толы еді. Қазіргі бишілер кейде жансыз қуыршақ сияқты көрінеді – не күлімдемейді, не қимыл-қозғалысында жан жоқ. Ал Шара апамыз әр бидің ішкі сезімін сыртқа шығара білетін. Ол "Маусым Чан" биін көпшілікке арнап қойды, ал "Қыз Жібек" операсында Тәттімбеттің "Бұлқылдақ" биін биледі. Бұл бидің ерекшелігі – биші кеудесіне гүл жасырып, оны әр қимылында әдемі қылықпен көрсететін. Сол кезде Шара апамыз денесін ерекше иіп, ерекше пластикамен билейтін. Отырып билеп, кейін кері шалқайып, көрерменін өзіне баурайтын. Оның көзқарасының өзі ерекше болатын – алақандай жанары адамды тартып тұратын."
Шара Жиенқұлова – сахнада ғана емес, кинода да өзіндік қолтаңба қалдырған, актерлік өнері биімен астасқан дара тұлға.
"Амангелді" фильмі экранға шыққан жылы қазақтың тұңғыш балеті "Қалқаман-Мамыр" сахналанды. Бұл қойылымда Шара Жиенқұлова басты кейіпкер Мамырдың партиясын орындады. 1940-1962 жылдары еңбек жолын Қазақ филармониясында жалғастырып, 1962-1966 жылдары Қазақ ән-би ансамблін басқарды. Алайда ол хореография училищесіне оның құлдырау кезеңінде келді. Ол уақытта оқу орнының жеке ғимараты да жоқ еді. Қиындықтарға қарамастан, сахна майталманы өнер көшін алға сүйреуге тырысты. Онын ішінде училищеде елеулі өзгерістер орын алды. Ұлттық би өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлген Шара Жиенқұлова ел аралап, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеді. Соның нәтижесінде қазақ биінің алтын қорына енген "Тәттімбет", "Айжан қыз", "Қаражорға", "Қырық қыз" билерін сахнаға алып шықты. Бұл ұлттық бидің қалыптасуына ықпал еткен құнды мұралардың бірі болды.
Байдәулет Сазабеков, ҚР Мәдениет қайраткері:
"Қазақ биінің класын ашқан училище бұрын болмаған. Онда тарихи-тұрмыстық, классикалық би және халық билері сабақ ретінде енгізілді. Шара апамыз қазақ билерін жүйелеп, арнайы әдістеме жасады. Өзбектің "Урожай" биі, украин билері сияқты әр ұлттың билерін зерттеп, оны станоктық жаттығулармен үйлестірді. Ғани Камал екеуі қазақ билерінің техникасын жетілдіріп, кәсіби деңгейге көтеруге үлкен еңбек сіңірді."
Шара Жиенқұлованың өз естелігінен:
"1940 жылдың ақпан айында республика басшыларына барғаным есімде. Зор қолдау таптым. Көп кешікпей ән-би ансамблі құрылды. Майданға баруға мен де сұрандым. Оқ пен оттың арасында Отан қорғаушыларымыздың сәл-пәл болса да көңілдерін желпіп, алыстағы туып-өскен елінің сәлемін әнімізбен, биімізбен жеткізгендей болдық. Алматыға келген соң, бар жиған-тергенімді Отан қорғау қорына өткізіп, жауынгерлерге тарту жасадым."
Шара апамыз концерттік сапармен шетелдерге көп шыққан. Солардың ішінде Қытайға барған кезінде ерекше бір аяқ киім алған екен. Шара апамыздың аяғының өте кішкентай болғаны. Оның 36-размердегі аяқ киімі өте сүйкімді, сапалы лақталған үйге арналған аяқ киім.
Мақалаға арқау болған кейіпкеріміз көркі көз тартар әсем қала Алматыда дүниеге келген. Отбасындағы он бесінші бала болғандықтан, азан шақырып қойған есімі – Гүлшара. Ал оның жастайынан білім алып, өнерде өз жолын қалыптастыруына ықпал еткен немере ағасы – Сұлтан Жиенқұлов.
Шара Жиенқұлованың өз естелігінен:
"Алатаудың бөктерінде, бау-бақшаға малынған әсем Алматы – бұл қаланы алманың атасы десе, дегендей-ақ. Жас кезімнен есімде қалған бір нәрсе – алыстан алма иісі аңқып тұратын көшелері еді", – деп еске алады.
Шараның ауыл молдасынан білім алып жүрген кезі еді. Бір күні ат басын арнайы бұрып, ауылға немере ағасы Сұлтан Жиенқұлов келеді. Ол әкесі Баймолда ақсақалдан Шараны оқуға жіберуді сұрайды.
— Заман өзгерді, оқығанның болашағы жарқын, — деп, білімнің маңызын түсіндіреді.
Алайда Баймолда ақсақал қыз баланың бөтен жаққа оқуға кетуін алғашында құптамай, бірден қарсы шығады. Дегенмен ойлана келе, қызының Құран тілін толық меңгеріп болған соң ғана басқа оқуға көңіл бөлуіне рұқсатын береді.
Шара Жиенқұлованың өз естелігінен: «Мен тоғыз жылдық мектепті жеті жылда жақсы бітіріп шықтым. Ата тілегін орындап, Құранды да бір аудардым. Риза болған әкем сол жылы Алматыдағы Қазақ-қырғыз педагогикалық институтына, қазіргі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына, бар-жоғы он бес жасымда оқуға түсірді. Бірақ алдымда білім жолы тұрса да, мектептің сауыққой үйірмесіне қатысып, орысша, татарша, өзбекше билейтінмін. Биші болам ба, әнші болам ба – ол жағын да білмеймін, әйтеуір өнерге деген құштарлық мені ес білгеннен билеп алған. Бір жерде біреу ән салып отырса, бар шаруаны жиып қойып, соны тыңдауға асығатын едім. Өскен орта, көрген-түйген жайлар, тіршілік тынысы да адам бойындағы қасиетті бесік әлдиіндей әлпештейтін болар. Өнердің ақ уызын мен де өз ортамнан еміп өстім».
Би – өнер. Ал өнер – өмірдің сәттерінен құралған, бойға біткен дарыныңмен дәлелденетін құдірет. Бүрмелі көйлек киіп, он саусағы майсадай иіліп билей жөнелген қазақ қызының әр қимылы шартарапқа жар салып тұрғандай. Шара Жиенқұлова – сондай ғажайып өнерімен халық жадында мәңгілікке қалған бірегей тұлға.