
Тарих өз қойнауына талай сырды бүгіп, жылдармен бірге ілгері жылжып барады. Сол ұлы көште қазақ халқы өз тарихын тасқа қашап, арманын жүрегімен жазды. Ешкімге намысын таптатпай, ел қорғаған қайраткерлер, дауға да, жауға да қарсы тұрған батырлар аз болмады. Сол ерлердің бірі – Шығыс Қазақстанда дүниеге келіп, Алтайдың арғы бетінде мәңгілік мекен тапқан дін және қоғам қайраткері, Алаш арыстарының бірі, қайтпас қайсар хас батыр — Зуқа қажы Сәбитұлы.
Зуқа Сәбитұлы 1866 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Кендірлік деген жерінде дүниеге келген. Әкесі шығыс өңіріне танымал Сәбит молда, ал арғы атасы – Нұрмұхаммед Абыс. Сәбитті жеті жасында Уфа қаласындағы белгілі діни ұстаз Уәлдан хазіретке аманат етіп тапсырған. Болашағынан үміт күткен шәкірт он тоғыз жыл білім алып, Бұқара, Қазан, Самарқан сынды ілім орталықтарын аралайды. Жиырма бес жасқа толғанда, ұстазы Уәлдан оның зеректігіне тәнті болып, немере қызы Бәтимамен некелестіріп, ақ батасын беріп, елге аттандырады.
Марқакөл, Маңыраққа оралысымен, Сәбит молда елге қалтқысыз қызмет етіп, Ласты, Тасты, Буыршын, Тарбағатай өңірлерінде төрт бірдей медресе ашады. Бар ғұмырын ағартушылыққа арнаған Сәбит пен текті ана Бәтимадан туған Зуқа да жастайынан білімге ден қойып, діни сауатын жетілдіреді. Кейін өлкеге дін тарату мақсатында келген Мұхаммед Мумин ишаннан дәріс алып, шариғат ілімін терең меңгереді. Зеректігімен, алғырлығымен көзге түскен Зуқа ерте есейіп, ел ісіне араласа бастайды. Алайда, ержетіп, жауапкершілікті сезіне бастаған шағында Майқапшағайда әкесінен айырылып, тағдырдың сынағына кезігеді.

Бұл түскиіз Зуқа Сәбитұлының бәйбішесі Қызеке анамыздың қолынан шыққан құнды жәдігер. Ол кейін батырдың төртінші әйелі Додиға аманат болып жеткен. 1950-ші жылдары ел босып, аласапыран кезінде, Доди Тибет жерінде өмірден өтерінің алдында түскиізді қара шаңырақтағы келіні Сәмия хан Зейноллақызына тапсырады. Көш Анадолыға жеткен соң, келіні енесінің аманатын сақтап, түскиіздің орта бөлігін жаңғыртып, қалпына келтіреді. Бұл жәдігер барқыт матадан жасалған, иірілген жіп техникасымен кестеленіп, оюланып, бастырылған. Бүгінде түскиіз Стамбулдағы Зуқа Сәбитұлының қара шаңырағының иесі Сауыт қажының отбасына тиесілі. Орналасқан орны – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі.
Зуқа батыр Зайсан өңірінде дүниеге келсе де, өмірінің көп бөлігін Алтайдың арғы бетінде өткізді. Ол әділдік пен еркіндікті ту етіп, ұлты мен діні үшін күрескен тұлға еді. Сол заманда орыс пен қытайдан қысым көрген көптеген ұлттарды – ұйғыр, қазақ, дүнген, моңғол, татар халықтарын бауырына тартып, оларға пана болды. Діни ілім беріп қана қоймай, заман талабына сай білім беру ісін де қолдаған ағартушы болатын. Зуқа батыр әділет жолында күресіп, туған жұртының болашағы үшін жанын пида еткен қайраткер ретінде тарихта қалды.
Зуқа Сәбитұлы тек қазақ үшін ғана емес, әділдік іздеген, қорғансызға пана, қысым көргенге қамқор бола білген тұлға еді. Оның немересі Арыстан қажы Шәдетұлының естелігінде:
"Атам ешқашан ешкімді ұлтқа, руға, дінге бөлмеген. Зуқаның ауылында Моңғолиядан, Ресейден, тіпті Қытайдан қашып, жан сауғалағандар да болыпты," – деп айтылған.
Бұл сөздер Зуқа батырдың шын мәнінде бүкіл азаттықты аңсаған халықтың қамқоршысы болғанын айғақтайды. Ол Алтайды мекендеген аз қазақтың ғана емес, тұтас алты Алаштың батыры еді. Оның қол астында әділдік пен тыныштық іздеп келген әртүрлі ұлт пен дін өкілдері өмір сүрді. Қарамағындағы қалың қауымның арасында қазақ та, ұйғыр да, дүнген де, моңғол да, татар да бар болатын. Ол халықты бірлікке үндеп, ел ішіндегі татулықты сақтап қана қоймай, сыртқы қысымға қарсы тұрудың жолын іздеген.
Зуқа Сәбитұлының есімі тек ерлігімен ғана емес, әділеттілігімен, жанашырлығымен, болашаққа деген ұмтылысымен де тарихта қалды.
Зуқа батырдың қажылық сапары жайлы көп айтылады, бірақ сол сапар барысында түрік сұлтандары мен пашаларының қазаққа деген көзқарасы мен қамқорлығын да ұмытпауымыз керек. Қазақ зиялылары: «Қазақ Алтайда туып, Түркістанда өскен» дейді. Бұл біздің тарихи тамырымыздың тереңдігін көрсететін даналық сөз. Алтай – біздің алтын бесігіміз, Түркістан – рухани өзегіміз.
Зуқа батырды тек қолына найза, қылыш ұстаған жауынгер ретінде ғана қарастыруға болмайды. Ол білімі жетілген, халыққа не қажет екенін түсінген, болашаққа нақты көзқарасы бар, тұжырымдамасы мен жобасы қалыптасқан қайраткер еді. Оның есімі тек батырлар жырында ғана емес, сол дәуірдегі хат-хабарлар мен естеліктерде де сақталған.
Алаш зиялыларының Шәуешекке бірнеше рет сапар жасағаны белгілі, бірақ біз соның бір-екеуін ғана айтумен шектелеміз. Ал шын мәнінде, олардың қаншама жасырын кездесулері өтті. Бұл сапарлардың артында тек Азия ғана емес, Жапония да тұр. Сол кездегі батырларымыз бен қайраткерлеріміз Түркістанда бас қосып, қазақтың болашағы туралы талқылаулар жүргізді. Бұл кездейсоқ жиналыстар емес, Алаштың басын қосқан ұлы құрылтайлар еді.
Бұл құрылтайларға Шәкәрім де, Зуқа да, өзге де біз білетін-білмейтін көптеген қайраткерлер қатысқан. Олар жассынған жоқ, ешкім оларды мәжбүрлеген жоқ. Барлығы өз еркімен, жан қалауымен, болашақ ұрпақ үшін барды. Бұл ұлттың қамы үшін жасалған тарихи қадамдар еді.

Зуқа Сәбитұлының қажылық сапарында, 1906 жылы Стамбулда аялдаған кездегі жалғыз фотосы – бүгінгі баспасөзде жарияланып жүрген сурет. Бұл оның сол кезеңдегі тарихи сәттерінің бірден-бір көрінісі.
Зуқа батырдың ақ патшаның генералы Бакишевқа айтқан жауабы оның қайтпас қайсар мінезін айқын аңғартады:
"Өр Алтайға аттап бассаң, ажал құшасың. Қара Ертістен өтсең, қаныңды ішемін. Менің елім шашудың құртындай шашылып жатқан даланың халқы. Менің батырларым мен мергендерім әр тастың тасасында, әр бұтаның түбінде жатыр. Келсең кел, Ертіс бойында тосып аламын!"
Бұл сөздер Зуқа батырдың тек өз жерін ғана емес, тұтас қазақ даласының тәуелсіздігін қорғауға бел буғанын көрсетеді. Оның ерлігі мен әділдігіне сүйсінген ел азаматтары жанына топталып, оның әскері алып қосынға айналады. Құралайды көзге атқан мергендері мен жаужүрек сарбаздары қазаққа тісін батырмақ болған дұшпандардың мысын басып отырды.
Зуқа батыр тек әскери тұлға ғана емес, Алаш автономиясының құрылуына ықпал еткен қайраткерлердің бірі еді. Алашорда үкіметі қуғынға ұшыраған тұста, көптеген қайраткерлер мен сарбаздар оған барып паналады. Бұл оның тек бір аймақтың емес, күллі Алаштың батыры болғанының тағы бір дәлелі.
Сарыарқа мен Семей жақтан келген азаматтардың Зуқа батырдың атты әскерлерін даярлауы – оның ықпалының кең ауқымын көрсетеді. Бұл батырдың тарихи рөлін айшықтай түсетін маңызды жайттардың бірі.
Зуқа Сәбитұлының мұралары бүгінгі күнге дейін сақталып, тарихи жәдігерлер ретінде қадірленіп келеді.

Бас киімі 1991 жылы Моңғолиядан Түркияға барған сапарында Сәтей қажы Нұртазаұлына батырдың ұрпақтары тарапынан тарту етілген. Масаты матадан тігілген, өлшемі 62-ге тең бұл бас киім бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде сақтаулы.
Жырыққұла – батырдың әйгілі сәйгүлігі. Оның жорыққа мінетін атындағы кісен ерекше, оюмен өрнектеліп, қос кілтпен ашылатын етіп жасалған. Қазақ теміршілерінің қолынан шыққан бұл жәдігер де талай тарихтың куәсі. Зуқа Сәбитұлынан аталас інісі Берікболсын Жанғашбайұлы, одан ұлы Рахымжан Берікболсынұлы, ал 1969 жылы Майтақыұлы Ісләмхан мұраны өз қолына алған. Бұл құнды зат қазір Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде тұр.
Зуқа Сәбитұлы діни сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу тұлға болған. Ат жалын тартып мінгеннен-ақ ел ісіне араласып, ерлігімен елге танылған. Ол қарапайым халықтың қамқоршысы, әлсіздер мен кедейлердің қорғаушысы атанды. Оның ой-өрісінің кеңдігі, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардарлығы оны тек батыр ғана емес, түркі жұртына ортақ ұлы істердің басы-қасында жүрген тұлға дәрежесіне көтерді.
Зұқа Сәбитұлы мен Әлихан Бөкейхан – бір дәуірдің перзенттері. Екеуі де отаршылдық езгінің күшейіп, қазақ халқының ұлттық рухы мен дінін жоюға бағытталған саясаттың қарқынды жүріп жатқан тұсында дүниеге келді. Сол заманның толғағы ауыр мәселелері оларды қайраткерлікке жетеледі.
Бұл кезеңде қазақтың еркіндігі үшін күрескен әрбір тұлға – халықтың мұңынан, арманынан туған қайраткер еді. Әлихан да, Ахмет те, Зұқа батыр да қазақтың өзегінен шыққан ұлы тұлғалар. Олардың ұстанымдары бір арнада тоғысып, ортақ мүдде – ұлттың болашағы, рухани тәуелсіздігі, білім мен жаңғыру жолы үшін күреске айналды.
Зұқа батырдың қалыптасуында ислам ілімінің жаңғыруы, жәдитшілдік қозғалысы үлкен рөл атқарды. Ол кезеңде білімге, ұлттық тәрбиеге, жаңашылдыққа негізделген жәдитшілдік бағыты өріс алып, қазақ баласының көкірек көзін ашуға ықпал етті. Мектеп, медресе, ауыл молдасы мен мүдәрістер – бәрі де жаңа оқу жүйесінің қажеттілігін терең түсініп, заман талабына бейімделді.
Зұқа батырдың рухани кемелденуі мен батырлық болмысының іргетасы да осы жаңғыру кезеңінде қаланды. Оның азаматтық қайраткерлігі, қаһармандық жолы, ұлт үшін күреске деген жігері жан-жақты білім алуының, ішкі рухани даярлығының, ата-анасының берген тәлімінің және өз бетімен үздіксіз жетілуінің жемісі еді.
Зұқа Сәбитұлының қажылық сапары оның тек діни сенімі үшін ғана емес, сол дәуірдегі қазақтың рухани және саяси байланыстары тұрғысынан да маңызды оқиға болды. 1902-1903 жылдары ол ұстазы әрі нағашысы Мұмин ишанмен бірге қажылыққа аттанып, Османлы сұлтаны ІІ Абдулхамид ханның қабылдауында болған. Бұл кездесу сол кезеңде Османлы билеушілерінің қазақ халқына деген ықыласы мен қамқорлығының бір көрінісі еді.
Қажылық сапар кезінде Зұқа батырдың Стамбұлда аялдап, сол кездегі белгілі "Отель Роман" деген жерде болғаны туралы деректер бар. Немересі Қабылан Шәдетұлының естеліктерінде атасының қажылық сапарынан темір ысқырық әкелгені айтылады. Бұл ысқырық – Зұқа батырдың қажылықтан алған естелігі ғана емес, сол сапардың тарихтан сыр шертетін бір жәдігері деуге болады.
Бұл сапар қазақ зиялылары мен батырларының тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де байланыс орнатып, түркі жұртының бірлігін нығайтуға атсалысқанын көрсетеді.
Зұқа Сәбитұлының өмірінен қалған жәдігерлер – оның рухани мұрасының куәсі іспетті. Ол қажылық сапарында Стамбұл қаласынан туыстарына кәдесый ретінде антикалық стильдегі жез ысқырықты сатып алған. Бұл Эйси Эм-и брендінің Ұлыбританияда жасалған бұйымы. Қазіргі таңда винтаждық құны 278 еуро шамасында бағаланады.
Сонымен қатар, Зұқа батырдың отбасылық жәдігерлері сақталған ағаш қобдиша бар. Оның биіктігі – 12 см, ені – 7 см, ал жасалған мерзімі XX ғасырдың басына тиесілі. Бұл қасиетті құтыда батырдың сақалы, көр топырағы, тері тұмар, Құран аяттары, маржан моншақ, сондай-ақ атасы Сәбит молланың жейдесінің жағасы секілді құнды заттар сақталған.
Зұқа Сәбитұлы – тек қол бастаған батыр ғана емес, әділ билік айтқан шешен, ұстаз, рухани тұлға еді. Кез келген даулы мәселені шешуде Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін, бес шешеннің даналығын, Абайдың өлеңдерін негізге алып, әділдік жолынан таймаған. Оның халық алдындағы беделі, парасаттылығы мен көрегендігі оны өз заманында ерекше тұлғаға айналдырды.
Зұқа Сәбитұлының мөрі – оның тарихи тұлғасының белгісі. Бұл ақ тасқа ойылып жазылған араб жазулы мөрде:
"Қажы Мұхаммед-Зұқа бин Сәбит, 1926 жыл" деп көрсетілген. Яғни, мағынасы "Мұхаммед-Зұқа қажы, Сәбиттің ұлы" дегенді білдіреді. Қазіргі таңда бұл жәдігер Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде сақтаулы.
1900 жылы Қытайдағы Бақсыр көтерілісі кезінде Алтай қазақтары қиын жағдайға тап болды. Осы кезде Османлы патшасынан көмек сұрап, елдегі көтерілісті басуға ықпал етуін өтінеді. Абдулхаммед хан бұл өтінішке құлақ асып, Шанхайға арнайы делегация жібереді.
Шанхайға жеткен топ Алтайда белгілі тұлға Мұхаммед Менюнмен кездесіп, одан әрі Құмыл, Тұрфан арқылы қазақтарды қажылыққа шақыруға барады. Осы қажылық сапарында 1902 жылы Зұқа қажы Османлы патшасы II Абдулхаммедтің "Жұлдыз сарайына" ресми қабылдауға шақырылады.
Қажылар Османлы патшасынан Меккеде қазақтар үшін арнайы тәкие (қонақ үй) салуды сұрайды. Бұрын Абай Құнанбайұлының әкесі Құнанбай салдырған тәкие бар еді, алайда ол уақыт өте келе жойылып кеткен болатын. Абдулхаммед хан бұл өтінішті қолдап, тиісті әкімшілікке "қазақ қажыларына арналған жаңа тәкие салу" туралы ресми хат жолдайды.
Зұқа қажы мен қажылар тобы Жерорта теңізі жағалауынан кемеге мініп, қажылық сапарына аттанады. Бұл оқиға Зұқа батырдың тек әскери қолбасшы ғана емес, рухани қайраткер ретінде де үлкен беделге ие болғанын көрсетеді.
Оның бүкіл ғұмыры мен мұрасы бүгінде батыр ұрпақтарының қолында және Қазақстанның әскери-тарихи музейінде сақтаулы.
Батыр дүние салғаннан кейін басшысыз қалған ел жан-жаққа босып кетеді. Зұқаның үлкен ұлы Сұлтан Шәріп бастаған көш 1931 жылы Алтайдан Еренқабырғаға, кейін 1951 жылы Баркөлден Тибет арқылы Түркияға жетті. Алпыс бір адаммен басталған бұл көш қақаған қарлы боранмен, аштықпен, аурумен арпалысып, түйенің табанына туырлық төсеп, жаумен шайқаса жүріп, дүниенің ең биік жотасы саналатын Гималай тауынан асып өтті. Түркияға жеткенде небәрі отыз-ақ адам қалған еді.
1936 жылы Сұлтан Шәріп Баркөлге келеді. Ұлы көш дәл осы жерден бастау алады. Баркөлге келгеннен кейін Үндістан мен Пәкістанға жақын орналасқан Тибетке, одан әрі Қалмақ жерін басып өтуге мүмкіндік туады. Алайда бұл жол оңай болмады. Алда асу бермес Гималай тауы тұрды. Ақыры ел көшуге бел байлап, тәуекел етті.
Тибет халқы момын екен, ал Қалмақ жеріне жеткенде көшке ешкім тиіскен жоқ. Бірақ жолдың қиындығы жанды қинады. Қардың қалыңдығынан аттар жүре алмай, адамдар амалсыздан жаяу жүруге мәжбүр болды. Жолай азық таусылды, шөп болмаған соң мал ашығып, жүдеу тартты. Қайраттары кеміп, әлсіреген жұрт тек «бір Алла» деп тілек тілеумен болды.
Көш Тибеттен өткенде қиындық күшейе түсті. Бір күні таңертең Сәния ханым қараса, отыз кісі жоқ. Олардың ішінде Сұлтан Шәріп пен Қалибек Құсайын да бар. Бұл жағдай елді одан әрі күйзелтті. Енді не істеу керек? Молдалардан сұрағанда, олар дінімізде «уды у қайтарады» деген сенім барын айтып, балалардың ішетін тағамын пайдаланып көруді ұсынды. Басқа амал қалмаған соң, жұрт сол кеңеске жүгінді. Бірақ азық-түлік пен су тапшылығы жұртты одан сайын қажытты. Суықтан дірілдеген, қалтыраған адамдар әлсіздікке ұшырады. Осылайша, көш қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді.
Зұқа батырдың немересі Әбдірахман Жәлелұлы бұл азапты көшті осылай еске алады.

Америкалық фототілші Милтон Кларктың әлемге әйгілі National Geographic журналындағы Кашмирдегі қазақ ауылының тыныс-тіршілігі туралы фоторепортажы бүкіл әлемді таңғалдырды. Осы суреттердің бірінде бұлақтан су алып жатқан, билеп жүрген бүлдіршін қыздар бейнеленген. Қазір олар – батыр әулетінің келіндері. Гималайдың асу бермес шыңдарынан тоғыз-он жасында өткен бұл жандар бүгінде қажыдан қалған құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отыр.
Милтон Кларк естелігінде былай деп жазады:
"Мен Кашмир жазығындағы Сринагарда ата-бабалары екі мың жыл бойы Орталық Азияны мекендеген ерекше халықтың өкілдерімен бір жыл бірге болдым. Қасіретті жорықтың ауыр сынын артқа тастаған қазақтар енді ғана ес жия бастағандай көрінді. Олардың дәулескер ауыз әдебиетін тыңдаған алғашқы америкалық мен болармын."
Семейден басталып, жүз жылдан астам уақытқа созылған бір әулеттің көш жолы исі қазаққа аты мәлім атақты батырдың талай қанды тарихқа куә болған мұрасын төрткүл дүниені шарлап, ақыры туған топырағына жеткізді.