Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ғасырлық үн

660
Ғасырлық үн - e-history.kz

Қазақ – жоғын іздеп, барын түгендеген халық. Бұл ұлт ұстазы, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының терең мағыналы сөзі. Ахаң – қазақ руханиятының шамшырағы, елдің сөзін сөйлеген, ұлттың мұңын мұңдаған қайраткер. Ол тек ағартушылықпен ғана шектелмей, қазақ баспасөзі мен мәдениетінің дамуына орасан зор үлес қосты. Қазақ радиосының негізін қалаушылардың бірі де – Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінде бұл қасиетті шаңырақ ғасырдан астам уақыт бойы елдің рухани серігіне айналып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді.

Қазақ радиосының негізі 1921 жылы қаланды. Сол кездегі астана Орынбор қаласында жұмысын бастаған бұл арна бұқара халықтың сауатын ашуға бағытталды. Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен қазан айынан бастап әуе толқыны арқылы радиобюллетеньдер беріле бастады. Қазақ радиосының алғашқы үні граммофон мен күйтабақ түрінде қазақ даласына тарады. Осы тұста Владимир Ильич (Ленин) Ахмет Байтұрсынұлы мен Станислав Песковскийді қабылдап, олардың сөзін тыңдайды. Ол өлкені басқару жөнінде бірнеше нұсқаулар жасап, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон мен күйтабаққа жазып, халық арасына тарату қажеттігін айтады.

1919-1920 жылдары Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңестің төрағасы Станислав Песковскийге Владимир Ильич Ленин былай деген: 

"Советтік конституция, Компартияның принциптері және ұлттық саясат туралы бірнеше баяндаманы граммофон күйтабағына түсіру керек. Сосын біздің орган арқылы граммофондарды көптеп алуға болады. Бұған мен көмектесейін. Граммофон мен күйтабақты ауыл-ауылға үлестіріп, көшпенділер арасында кең көлемде таратыңыздар. Осылайша үгіт пен насихат жұмысының негізін салыңыздар."

Осылайша, Қазақ радиосының алғашқы қадамдары дәл осы насихаттық мақсаттағы хабарламалардан бастау алды.

Патефон— француздың "patephonos" сөзінен шыққан, дыбыс жазуға және грампластинкаларды ойнатуға арналған механикалық құрылғы. 1950 жылдардың ортасынан бастап оны электрофон алмастыра бастады.Портативті граммофонды 1914 жылы Лондондық Barnett Samuel & Sons компаниясы "Dulcephone" деп атап, кейіннен "Decca" брендімен сатылымға шығарды. "Граммофон" сөзі дыбыс шығаратын құрылғылардың патенттелген атауы ретінде қолданылған. Мысалы, АҚШ-та граммофонды ойлап тапқан Эмиль Берлинер механикалық айналмалы табақты атау үшін графофон, фонограф, Викторлы сөйлейтін машина сияқты терминдерді қолданған.

1921 жыл. Орынбор. Тура бір ғасыр бұрын сайын далада, самал белде, ат жалы мен түйе қомында жүрген исі қазақ баласының құлағына дүниенің дүбірі жетсін, алты құрлықтың аласұрған ақпаратынан хабардар болсын деп, Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ радиосының негізін қалады. Белгілі ғалым Намазәлі Омашұлы бұл тарихи деректі нақты дәлелдеді. Бұл уақыт – қазақ руханиятының жаршысы, Қазақ радиосының бастау кезеңі.

Станислав Песковскийдің "Советская степь" газетінде 1939 жылы 4 қазанда жарияланған естелігінен:

"1939 жылдың желтоқсанында Революциялық Комитет (Ревком) атынан Советтердің жетінші съезіне Мәскеуге Ахмет Байтұрсынұлы екеуміз бірге бардық. Съезден соң біз Ленинмен кездесуге сұрандық..."

2001 жылға дейін Қазақ радиосының тарихы 1931 жылдың 4 мамырынан басталады деп айтылып келді. Сол жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі Қазақ радиосының 70 жылдығын мамыр айында атап өту туралы қаулы шығарды. Алайда, дәл осы кезде белгілі ғалым Намазалы Омашұлының "Қазақ радиосына қанша жыл?" атты мақаласы Егемен Қазақстан газетінде жарық көріп, бұл мәселеге жаңа көзқарас әкелді. Мақалада Қазақ радиосының негізі 1921 жылы қаланғаны дәлелденіп, оның тарихы әлдеқайда тереңде жатқанын көрсетті. Бұл жаңалық елді елең еткізіп, Қазақ радиосының шын мәніндегі бастауы қайта қарастырыла бастады.

Намазалы Омашұлының естелігінен: «Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімі республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсер етті. Онда қазан айынан бастап Орынбордағы радиостанция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық берілді», – деп жазылған.

Бұл шешім Қазақ радиосының ресми түрде құрылуына негіз болды. Осылайша, 1921 жылдың қазан айында алғаш рет қазақ даласына радиодан ақпарат таратыла бастады.

Қызылорда астана болып бекітілгеннен кейін, Қазақ радиосы да 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Сыр еліне қоныс аударып, жұмысын жалғастырды. Дәл осы жылы қазақ театрының негізі қаланып, Жұмат Шанин бастаған өнер қайраткерлері радионың дамуына өз үлестерін қосты. 1931 жылдың мамырында Қазақ радиосы астанамен бірге Алматыға көшіп, Алатаудың баурайынан Алты Алашқа үнін жеткізе бастады. Бұл кезеңде радиожурналистика жүйелі жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралы ретінде қалыптасты. Байтақ дала төсінде түп-түзу бағаналар бой көтеріп, сымдар тартылды. Осылайша, радио елге "қағаз бен қашықтықты білмейтін газет" атанып, тыңдаушыларына үздіксіз ақпарат тарата бастады.

Көрнекті композитор Ахмет Жұбановтың естелігінде:

"Бұл мекеме – Алматыдағы музыка мекемелері арасындағы ең ежелгі ұжым. 1931 жылдан бастап Алматыда Қазақ радио комитеті концерттер бере бастады. Қазақ музыкасын, өнерін өзінің көпұлтты аудиториясына таратуда үлкен рөл атқарып келді және атқарып отыр."

Осы бір ғасыр ішінде қазақ халқы талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Қазақ радиосы сол қиын-қыстау кезеңдерде ұлттың үні болып, жанына жалау, рухына демеу болды.

Бүгінде Қазақ радиосының қара шаңырағы Алматыда орналасқан. Қарт Алатаудың баурайында бой көтерген бұл ғимаратқа елу жыл толды. Ардагер ақсақалдардың айтуынша, 1970 жылдың соңында салынып, 1971 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жарты ғасыр – күн сайын жаңарып, құбылған дүниенің дүбірін елдің құлағына жеткізіп келе жатқан Қазақ радиосы үшін бұл ғимараттың орны ерекше. 1970 жылдан бастап бұл ғимарат журналистердің радио үйіне айналды. Қазақ даласын барқыт үн, сандуғаш саз кезіп, ұлт руханияты тың серпін алды. Халық қазынасын түгендеп, өшкен отты қайта тұтатты. Сол тарихи сәттердің куәсі болған техникалар да бүгінде құнды жәдігерге айналды.

Қазақ радиосының Алтын қор бөлімінде 100 072 фономатериал сақталған. 2003 жылдан бастап оларды қазіргі сандық жүйеге көшіру жұмысы басталып, бүгінде толықтай аяқталды деуге болады. Бұл істі алғашқылардың бірі болып қолға алған Базаралы Мүптекиев болатын.

Фоноқордағы үнтаспалар екі форматта сақталады, ал материалдарды цифрлық жүйеге көшіру кезінде Венгрияда өндірілген арнайы магнитофондар қолданылады. Бұл магнитофондардың тарихы 1945 жылдан басталады. Сол уақытта Венгр зауыттары қиратылып, өнеркәсіп тұралап қалған еді. 1946 жылы Зенде Бело бастаған алты электрондық компания бірігіп, шағын өндіріс орнын құрды. Бірнеше жыл ішінде олар радиоэлектроника саласында ірі компаниялармен байланыс орнатып, өндірісті дамытты.

1948 жылы Венгрияда 100-ден астам зауыт мемлекет меншігіне өтті. 1950 жылы құрылған Орталық ұлттық электр компаниясы әскерилерге қажетті құрал-саймандар өндірумен айналысып, Қорғаныс министрлігінің басқаруына берілді. Уақыт өте келе компания General Electric Company (GEC), кейінірек AEMI (Electromechanical Company) болып өзгерді.

1953 жылы Венгрияның Қорғаныс министрлігі компанияға "Механикалық лаборатория" атауын берді. Осы кезеңде әлемге танымал "H-R 11" портативті студиялық магнитофоны жасалды. 1959 жылы алғашқы STM-Strel студиялық магнитофоны шығарылып, халықаралық нарықта үлкен жетістікке жетті.

"Механикалық лаборатория" компаниясының негізгі тұтынушылары социалистік елдер ғана емес, Австрия, Италия, Германия, Финляндия сияқты мемлекеттер де болды. 1980 жылы компания Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына арнайы магнитофондар партиясын жеткізді. Кеңес Одағындағы радио және телестудиялардың көпшілігі осы венгрлік ML магнитофондарымен жабдықталған болатын.

1972 жылы STM-510 катушкалы магнитофон палубасы жасалды, ал 1978 жылы STM-610 моделі өзінің сенімді магниттік құрылғысымен ерекшеленді. Қазақ радиосының Алтын қорындағы материалдарды сандық жүйеге көшіруде дәл осы сапалы магнитофондар қолданылды.

Микрофон – радионың басты қаруы. Бұл шағын құрылғы дыбыстық толқындарды сигналға айналдырып, ақпаратты мыңдаған тыңдаушыға жеткізеді. Ең алғашқы микрофон 1916 жылы АҚШ-та пайда болды. Сол уақыттан бері микрофон технологиясы үздіксіз дамып, түрі көбейіп, құрылымы күрделене түсті. Бастапқыда көмір ұнтағынан жасалған микрофондар бүгінде түрлі сандық форматқа негізделген жоғары сапалы құрылғыларға айналды. Дегенмен, пішіні өзгерсе де, негізгі қызметі – дыбысты дәл әрі анық жеткізу – сол қалпында сақталды.

Қазақ радиосының Алтын қорында сақталған тарихи микрофондар кезінде Әнуарбек Байжанбаев бастаған қоңыр дауысты дикторлардың үнін тұтас қазақ даласына жеткізді. Қазақ радиосы қай уақытта да халықпен бірге болып, тыңдаушы талғамын ескеріп отырды. Бұған дәлел – өткен ғасырдан қалған мына бір естелік:

«Бүгін, яғни жиырма сегізінші сентябрь күні радио халық сұрауы бойынша концерт берді. Қазақ радио редакциясы»

Бұл естеліктің авторы – Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының тұрғыны Қайрош Сәрсенғалиев. Ол совхозда қарапайым қызмет атқарып, әуесқой жазбамен айналысқан. Радиоға деген ықыласы мен ықпалы осындай тың деректер арқылы бүгінгі күнге жетіп отыр.

Қазақ радиосының Алтын қоры – ұлт руханиятының баға жетпес мұрасы. Мұнда ХХ ғасырдың басынан бастап жинақталған тарихи дыбыстық жазбалар сақталған. Алтын қордың тарихын 1945 жылдан бастасақ та, мұнда 1925 жылы Францияда Әміре Қашаубаевтың орындауында жазылған алты ән бар. Бұл қазынаны Мәскеу архивінен елге әкелген белгілі өнер зерттеушісі, күйші Жарқын Шәкәрім еді. Париж сахнасында алғаш шырқалған қазақ әндері Қазақ радиосының эфирінен әлі күнге беріледі.

Алтын қорда сақталған мұралар қатарында Ленин мен Крупскаяның, жазушы Максим Горькийдің дауыстары бар. Сонымен қатар, қазақтың даңқты батырлары – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова сынды тұлғалардың дауысы келер ұрпаққа таптырмас асыл қазына.

Радиодағы монтаж – үлкен жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін жұмыс. Әуелі пленканы дұрыс орналастырып, магнитофон арқылы тыңдау қажет. Дауыс жазылмаған бөліктерді мұқият қырқып, қажетті тұстарын ғана қалдыру маңызды. Бұл – дыбыстық материалдың сапасын арттырып, тыңдарманға таза әрі нақты ақпарат жеткізудің бір жолы. Осылайша, Қазақ радиосы сан жылдар бойы тарихи сәттерді, ұлы тұлғалардың үнін сақтап, болашаққа жолдауда.

Бұл тарихи шежіре Қазақ радиосының ұлт руханиятындағы ерекше орнын көрсетеді. Алғашында грамофоннан басталған радио тарихы бүгінде озық технологиямен үндесіп, ұлттық ақпарат кеңістігінің алдыңғы қатарында тұр. Алтын қор – Қазақ радиосының ең қымбат қазынасы, онда ғасырдан астам уақыт ішінде жиналған дауыстық жәдігерлер сақтаулы. Күләш Байсейітова, Манар Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев сынды саңлақтардың өз орындауындағы әндері үнтаспаға алғаш жазылып, қазақ өнерінің мәңгілік мұрасына айналды.

Бүгінде Қазақ радиосының мұрағаты Қазақстандағы жалғыз дыбыс музейі ретінде жұмыс істейді. 100 мыңнан астам жазба жинақталған бұл қор 92%-ға цифрландырылып, болашақ ұрпақ үшін сақталуда. Радиожурналистика мен эфирлік хабар таратуда жаңа белестерді бағындырған Қазақ радиосы 2012 жылы Қазмедиа орталығына көшіп, жаңа дәуірін бастады.

Қазақ радиосы – елдің ең шалғай түкпіріне дейін жететін ұлттық үн. Радионың 89,1% аумақты қамтуы – оның ақпарат майданындағы маңыздылығын көрсетеді. Жаңа ғасырда шекаралық аймақтардағы төрт жүз елді мекен радиохабарға қосылып, ұлттық руханияттың шекарасы кеңейе түсуде.

Бір ғасыр – аз уақыт емес. Ахаңдардың арманы орындалды. Әуелде санаулы ғана хабар таратқан радио бүгінде тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Қазақ радиосы – ұлттың үні, руханияттың жоқшысы. Бүгінгі күн де, эфирден тараған әрбір үн де алтын қорға еніп, келешек ұрпаққа жетеді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?