
«Қазақ» газетінде жарияланған Алаш партиясының бағдарламасындағы басты 10 мәселенің бірі – оқу-ағарту, яғни ғылым-білімді үйрету болды. «Оқу-ағарту ісінде «Алаш» партиясы: «Оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық һәм ақысыз болу, жұртқа жалпы оқу жайлы, бастауыш мектептерде ана тілінде оқу, қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашу; Оқу жолын өз алды автономия түрінде бөлу, хүкімет оқу ісіне кіріспеу...» сынды бастамаларды көтерген еді. Жоғарыдағы мәселелер әлі күнге өзекті екені даусыз шындық.
ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақ даласында заман талабына сай білім беретін, негізінен, орыс-қазақ мектептері болған еді. Орыс-қазақ мектептерінің мақсаты қазақ балаларын білім нәрімен сусындату емес, өз кеңселеріне қажетті төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау, ел арасында орыстандыру саясатын жүргізу үшін де керек еді. Орыстандыру саясатына миссионер оқымыстылар да көп еңбек сіңіргені өздеріңізге аян. Бұл миссионерлер қазақ балаларына жоғары деңгейдегі білім беруге қарсы болып қана қоймай, қазақ даласындағы мұсылман мектептерінің ашылуына мүмкіндік бермеуді көздегенін, жаппай сауаттылыққа қарсы болғанын байқаймыз. Мәселен, академик Бартольд «История культурной жизни Туркестана» еңбегінде ХХ ғасырдың басында орыс-қазақ мектептеріндегі қазақ балаларының саны күрт азайып кеткендігі жөнінде мынадай дерек келтіреді: «Ташкенттегі ұлдар мен қыздар гимназиясында 1883 жылы 286 ұлдың 20-сы ғана қазақ болса, 286 қыздың 10-ы қазақ қызы. Ал 1896 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша: 327 ұлдың 10-ы ғана қазақ, 377 қыздың 8-і ғана қазақ қызы. 1909 жылға қарай жалпы есепте қазақтардың саны: ұлдар 2 пайызды, қыздар 1 пайызды ғана құрады». Қарап отырсаңыздар бұл халықты сауатсыздандырудың бірден-бір көрінісі. Оқу-ағартудағы қысымның туындауына қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың да себебі болды. Жоғарғы төлем, алым-салық елдің еңсесін көтертпегені белгілі [1, 16 б.].
Ұлтын шексіз сүйген Алаш ардақтылары осы олқылықтың орнын толтыру үшін жан аянбай еңбек етті. Олардың әрбір газет, журналдарда жарияланған мақалалары елдің көкейкесті мәселелерін қамтыды.
Соның ішінде оқу-ағарту, тәрбие мәселесіне Алаш көсемі, Қыр баласы Әлихан Бөкейхан, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы сыны т.б. қайраткерлер мақалалар, әліппе, оқу-құралдары мен оқулықтар арнады.
«Қазақ» газетіндегі Ахмет Байтұрсынұлының оқу-ағартуға байланысты жариялаған мақалаларына назар аударсаңыз, бірнеше бағытты қамтығанын аңғарасыз. Олар: ұстаздық міндет; ұлттық мектепті қалыптастыру; оқулық мәселесі. «Оқу жайы» мақаласында әрбір облыстағы халық санына қарай мектептің жетіспеушілігін көтерсе, «Қазақша оқу жайынан» мақаласында қазақ мектептеріндегі оқытуды жетілдіру, дыбыс жаттықтырудың маңыздылығына; «Оқыту жайынан» мақаласында жәдиттік мектептің өзіндік тәсілдері турасында, қазақ балаларына оңтайлысы «усул сотие» түрін атап, мұғалімдердің балаларды сол бағытта оқытуына жөн сілтейді; «Орысша оқушылар» мақаласында оқу-білімді мал табудың, күн көрістің көзі деп ұғынатындарды, осыған үгіттеп, қолдау білдіріп отырған патшалықты сынайды. Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық қазақ мектебін қалыптастыруды көздеп, қазақ мұғалімдеріне әдістемелік нұсқаулық ретінде әдіс-тәсілдерді мегзеп, жол басшы бола білгенін оқулықтарынан бөлек, «Бастауыш мектеп», «Оқу мерзімі», «Мектеп керектері», «Жазу тәртібі» сынды т.б. мақалаларынан да байқаймыз [2]. Мұнда «Қазақ» бастауыш мектебі қандай болуы керек? деген сауал төңірегінде өзінің ашық әрі өткір пікір-түйінін ұсынады. Ең алдымен бала бастауышта ана тілінде білім алуы қажеттігін, ауыл мектебі мен орыс школасын салыстыра отырып, ауыл мектебінде ана тілінде алынған білімнің ал арасында өнер-білімді таратуда сіңімді болып келетініне назар аударады. Мектептің ең қажеттісі мұғалім, оқу құралы мен оқу бағдарламасы екендігін тілге тиек ете келе, мұғалім қандай болу керек, оқу құралдарының сапалылығы мен оқу бағдарламасының жүйелілігі туралы өзіндік ұстанымдары мен тұжырымдарын білдіреді.
Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің оқу-ағартудағы құндылығын Дидахмет Әшімхан құрастырған «Бес арыс» еңбегіндегі Көкен Мұқаметов «Бізге сауат ашқызған» естелігінде былай деп еске алады: «бірінші сыныпта «Оқу құралын», екінші сыныпта «Тіл құралын», үшінші-төртінші сынапта да Ахмет Байтұрсынұлының кітаптарын оқыдық. Кітап оқуға жеңіл, тілі ұғымды, баланы қызықтырып, ынталандырып, баурап әкететін. Кітаптағы қысқа әңгімелерді құлшынып, құныға оқитынбыз», - дейді [3, 261-262 б.].
Ұлтқа сәулелі білім беруді көздеген Ұлт ұстазының еңбегі қашанда ұлықтала берері сөзсіз.
Ендігі кезекте Жүсіпбек Аймауытұлының оқу-ағартуда көтерген мәселелеріне, еңбектеріне ойыссақ.
Ж.Аймауытұлының шығармашылық мұраларының ішінде білім һәм ғылым, әдістеме негіздеріне сүйене отырып жазған «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» («Жан жүйесі мен өнер таңдау») (1926), «Комплекспен оқыту жолдары» (1929), «Жаңа ауыл» (1929) т.б. еңбектерінде әлеумет тәрбиесінен бастап, ұлттық тыныс-тірлік, адамгершілік әлем, еңбек тәлімі, оқу ісі т.б. тақырыптар кең орын алған [4, 66 б].
Сондай-ақ қай елде, қай жерде жүрмесін Жүсіпбек Аймауытұлы «сол елдің жастары, балалары оқумен айналысуда ма? Мұғалімдер қалай, қандай білім беріп жатыр? Балалар оны қорытып, бойына сіңіріп жатыр ма? Мектептің хал-ахуалы, оқытылатын оқулықтардың мазмұны» деген дүниелерді үнемі назарында ұстап, әрдайым көңіл бөліп отырғанын жариялаған мынадай мақалаларынан байқаймыз: «Емлені өзгерту жобасы», «Әйелді мектепке алыңдар», «Қазақша хат таныту әдістері», «Мектеп қандай болу керек», «Ана тілінің оқыту әдістері» сынды т.б. еңбектерінде сауатсыздықты жою, ана тілінің мәселелерін көтеруінде елге деген сүйіспеншілік пен ұлттық рух, жанашырлықтың жатқанын аңғару қиын емес.
«Тәрбиеге жетекші» еңбегі мұғалімдерге арналған таптырмас құнды еңбек. Мұнда бала тәрбиесі, оқыту жайы, оқыту түрі, мектеп жайы, дидактика ережелері, оқу мен оқыту істерін жете талдайды. М.Жұмабайұлының «Педагогика» еңбегіндегі тәрбие мәселелеріне де көңіл бөледі. Оқушының оқу материалын жеңіл әрі түсінікті меңгеруінің төте жолы «әдіске» ерекше маңыз беріп: «... әдіс деген ой мен істі белгілі жоспармен дұрыс жеткізу өнері» деп бағалайды.

Ж.Аймауытұлының көлемді еңбегі – «Психология». Оқу құралы кіріспе сөз бен 12 тараудан тұрады. Жүсіпбектанушы ғалым Рахымжан Тұрысбек ағамыз осы еңбектегі тарауларға тоқталып, қандай мәселелер көтерілгеніне назар аударған еді. Ендігі кезекте әрбір тараудың оқытудағы маңызына мән беріп, бүгінгі ұлттық білім берудегі әдіс-тәсілдерде пайдалануымыз керек-ақ.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен Ж.Аймауытұлының «Психология» еңбегіне жазған «Кітап сыны» атты мақаласында: «Бұл күнде психологияны білу өте-мөте бала оқытушыларға керек. Психологияға ескі көзқарас қартайды. Жаңа көзқараспен толық жазылған кітап орыс тілінде жоқ. Жүсіпбек психологияны жаңа көзқараспен жазған. Мұндай кітапты жазуға біршама білім керек. Жүсіпбек кітабын біршама жеңіл тілмен жазған. Мұндай кітапты жеңіл де ұғынықты тілде жазуға зор ұсталық керек. Мағынасы терең нәрсені қанша жеңіл тілмен жазсаң да жайлап, ойланып оқуды керек қылады. Солай оқыса ғана оқыған адам көп пайда ала алады», - деп жоғары бағалаған болатын [4, 96 б.].
«Жан жүйесі мен өнер таңдау» еңбегінің беташары: «Неге арналсаң, соны істе!» деген тақырыппен ашылады. Бұл жастардың мамандықты дұрыс таңдауына алаңдайтын педагогтің, ұлттың алға жылжуына өлшеусіз үлес қосатын сапалы маманның қалыптасуына қам жеген қайраткердің жанайқайы. Бүгінгі біздің қоғамда да осы мәселе өзекті екенін бірде-бір педагог теріске шығара қоймас.
Оқыту күрделі процесс. Білімнің дұрыс меңгеріліп, тәрбиенің саналы сіңірілуінде, әрине, мұғалімнің рөлі орасан болмақ. Ол үшін мұғалімнің білігі мен білімі әрдайым ұшталып отыруы тиіс. Ж.Аймауытұлының «Комплекспен оқыту жолдары» еңбегі – кешенді оқыту, жұмыс жоспарлары, оқу кестесі, мектеп ұжымы, балалар психологиясы, тіпті, «баланы өз бетімен еңбектендіріп, бірлестіріп, өз бетімен білім тапқандай қылу» деген мәселелерді қамтыған әдістемелік еңбек. «Комплекс деген не?» деген сұраққа: «Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді бір тақырыппен бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп біріктіріп оқыту...» дейді педагог [4, 102 б.]. Комплекспен оқыту қазіргі пәнаралық байланыс деуімізге болады.
Біздің жаңашылдық деп жүрген: «Сыни тұрғыдан оқыту, 4К дағдысы, мамандықты дұрыс таңдату, пәнаралық байланыс, әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдану, бағдарламаның құрылымы, оқулықтың маңызы» т.б. Жүсіпбек Аймауытұлының еңбектерінде бір ғасыр бұрын айтылып, шешілу жолдары көрсетілген.
Ендігі сөз Қарқаралы, Баянауыл, Семей топырағының түйіскен тұсында дүниеге келген, ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихындағы көрнекті тұлға, саяси қайраткер, белгілі ағартушы, өзі туған өңірде алғаш мектеп ашушы, «Мамания» мектебінде ұстаздық етіп «Мейірбан ұстаз» [5, 92 б.], Алаштың ардақты азаматының бірі – Мұстақым (Сиқым) Матақұлы Малдыбай туралы болмақ.
Өңірлерде ғана болмаса, көпке дейін Мұстақым Малдыбай есімі аталмай келгені жасырын емес. Ұстаздың есімін ұлықтауда ұшан-теңіз еңбек атқарған «Qyr balasy» қоғамдық қорына, Ә.Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтына, алаштанушы-ғалымдар Ұшқын Сәйдірахманұлына, Елдос Тоқтарбайға, Алтынбек Құмырзақұлына алғысымызды білдіреміз. Бұл азаматтар Мұстақым Малдыбай басына белгітас орнатып, «Алаш кітапханасы» сериясымен «Мұстақым Малдыбай» атты кітап шығарды. Еңбекте Мұстақым Малдыбайұлының өмір мен шығармашылығы туралы зерттеумен шектелмей, әдеби-ғылыми, публицистикалық мұрасы, оның ішінде төтеден кириллица харпіне аударылған ұстаздың «Қазақша ең жаңа әліппе», «Қазақша оқу кітабы», «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» еңбектері жинақталған.
Мұстақым Малдыбай Алаштың астанасы – Семей шаһарына беймәлім тұлға емес. 1912 жылдан бастап Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқытушы болып қызмет істеген. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Семей облысында Қазақ комитеті ұйымдастырылғанда, комитеттің құрамына енді. Семейде облыстық қазақ сиезі ұйымдастырылғанда, зиялы топтың жуан ортасында М.Малдыбайда болды. Алаш партиясының Семейдегі комитетінің құрылуына да ерекше еңбек сіңірген қайраткер тұлға. Халық ағарту бөлімінде жұмыс істей жүріп, мектеп жайы мен оқу-ағарту мәселесіне, қазақ жастарын сауаттандыруға көп қажыр-қайратын жұмсады. Оны біз ұстаздың баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларының мазмұнынан аңғарамыз. Үшкілтай Субханбердина еңбектерінде М.Малдыбай газет-журналдардағы жарық көрген мақалаларын өз атымен жарияламай, көбінде «М.М.», «Азамат Қорықбасов», «Мұстақым Ризабек», «Сәулей» т.б. бүркеншік аттармен жариялағанын жазады. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында жарияланған ұстаздың мақалаларын қарап шыққанымызда мынадай тақырыптарды қамтығанын байқадық. Яғни ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының әлеуметтік мәселелері, оқу-ағарту, қазақ тілін дамыту, қазақ елінің басқа елдермен қарым-қатынасы, тәрбие мен әдебиет мәселелері қамтылған [2].
Қазақ халқының басқа елдермен, халықтармен қарым-қатынасына байланысты «Айқап» журналының №10 басылымында «Қарқаралы жайынан» деген мақаласы жарық көреді. Мақалада автор Қарқаралы қаласындағы тұрғылықты халықтар қазақ, татар, өзбек, орыстар туралы сөз қозғай отырып, қаладағы оқу орындары, ондағы оқулықтар жайында баяндайды. Оқу-ағарту, тәрбие мәселелері тақырыбында «Семейпалат қазақтары жайынан», «Қайырлы ниет, жақсы ырым», «Семейпалаттан», «Қазақша бастапқы ойын» т.б. мақалалары жарияланған. 1911 жылы «Айқап» журналының №6 санында «Семейпалат қазақтары» деген мақаласында Семей қаласындағы оқу жағдайына жан-жақты тоқталған. Сондай-ақ төте жазудың пайдасын айта отырып, мектеп-медресе салу керектігін сөз етеді.
1912 жылы «Айқап» журналының №1 басылымында «Қайырлы ниет, жақсы ырым» деген мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада Семей қаласында ашылған мектеп жайында баяндап, оны ашуға жәрдем берген зиялы азаматтарға алғысын білдіріп былай дейді: «Шаһарымыздың қымбатты адамдары осы алдыңғы жазға мектеп салуға тиісті орынға арыз беріп, рұқсат сұрады. Бұл мектепке Есіркепов, Андамасовтар да жәрдем етпекші дейді һәм сол мектептің керек-жарағы үшін тұтынарға бір жүз сомдық құрбан терісі жиналыпты. Орынсыз жерге кетіп жүрген қайыр садақалар, құрбан терілері, підия малдары осындай ғылым жолына тұтылса, қаншама сауапты, уа пайдалы болар еді. Бірақ қара басы пайдасын ойламай халыққа түсіндірілсе, қабыл ететіні ашық көрініп тұр. Сөз басында қайырлы ниет дегенім осы мектеп еді... Құрметті Ахметжан қажы Андамасовтың жәрдемі арқасында Асылабөдкеде қыздар мектебі ашылып, елуден артығырақ қыз балалар оқып жатыр. Жоғарыдағы жақсы ырым дегенім осы кісінің ісі. Бұдан басқа жақсы ырым, қайырлы іс болар ма?.. хақ мұндай адамдарды көбейтіп, дүние мен ақиретте бақытты етсін... Мұндай халық қараңғы тұман ішінде адасқан уақытта қызмет еткен мырзаларымыздың қадірі білінбесе де келешекте қадір-қызметке жолығады, тарих беттерінде есімдері қалады. Өздері жоғалған, біткен уақытта да аттары жоғалмас, бітпес...». Сөз соңында халықтың оқу, білім алу ісін көпшіліктің қолдауын сұрай отырып, «Соңғы жұрағатыңның көз жасына, қарғысына қалмайын десең, жиылып отыр бір жерге! Сал мектеп, оқыт балаңды, басқалары істеген егін, сауда кәсібіне кіріс. Біраздан кейін өзіңізде осылардың бәрін істерсіз. Бірақ қолдан жер-суың кеткен соң аш-жалаңаш қалғанда не іс келеді?..», - деп түйіндейді [6, 96-97 б.].
Ұстаздың 1912 жылы жарық көрген «Қазақша ең жаңа әліппе» еңбегі «Әліппе оқытудағы қағидалардан» басталады. Мұнда мектеп яки медресеге балалардың бір уақытта жиналуы мұғалімге де, шәкіртке де тиімділігі сөз болып; мұғалімнің балардың ынтасын арттыруда сабақты бірден бастап кетпей, түгендеп, балалардың хәл-жағдайын сұрап, «әр нәрсені ойыншық күлкі сықылды айтып», өзін жақсы көрсетуі «бірінші шарт», балалар толық жиналғанша сызықтар сыздырып, қаламды ұстауды үйрете тұруы керек деп мұғалімге әдістемелік көмек ретінде бағыт-бағдар береді.
Одан соң негізгі мақсатқа кірісіп, әріп үйретуден бұрын дауысқа үйретілуін меңзейді. Онда да мысалдарды алыстан, балалар білмес дүниелерден келтірмей. Балаларға етене жақын, күнделікті көріп жүрген заттар мен жан-жануарлардан мысалдар келтіріп, ұғынықты болуын көздейді.
Сондай-ақ балаларды отырғызудың да маңыздылығына мән беріп: кішісін алдыға, үлкенін артқа отырғызуға дейін түсініктеме бере кетеді.
Дауысты меңгерткен соң, сөздің бөлімдерін үйрету керек дейді ұстаз. Бөлім дегеніміз, қазіргі тіл біліміндегі «буын». Әрбір бөлімді сөзді бірнеше рет қайталап, көп сөздерді түсіндіру керегіне назар аудартады.
Шәкіртке сөзді бөлімге, бөлімді дауысқа айыруды үйреткен соң барып, «әр нәрсенің белгісі, түрі болатынын» ұғындыру ләзім екендігін айтады.
Әр дәріс 5 дағдыдан ғибратты болатынын ескертеді. Олар:
1. Күн сайын дәріс бастарда үйретілер әріптің түрін тақтайға жазып қоюы керек;
2. Үйретілетін дыбысқа байланысты сөздер сөйлеп, бөлімге, яғни буынға бөлдіртіп, дауыстап айттырып, ішінде білінбейтін дыбыстарды таптыру керек;
3. Оқытылатын дыбыстағы сөздерді балалардың өздерінен сұрау керек;
4. Дыбыстардың түрлерінің басында, ортасында, аяғында жазылуын көрсетіп, балаларға жаздыртып үйрету;
5. Күн сайын үйретілген дыбыстарды емле бойынша айттырып, мүмкін болғанда мағыналы сөздер сөйлету керек [5, 13 б.].
Мұнан біз ұстаздың мұғалімдерге жаңа әліпбиді шәкіртке меңгертудің тиімді жолдарын «соқырға таяқ ұстатқандай» тәптіштеп, кезең-кезеңімен жүзеге асыруы тиіс әрекеттердің әдіс-тәсілдерін баяндағанын, әліпбиді алғаш ашқан шәкірттердің дыбыстар мен сөздерді жеңіл қабылдауына, көкейіне тез қонуын да назардан тыс қалдырмағанын аңғарамыз.
«Қазақша оқу кітабында» Мұстақым Малдыбай оқушыларға өлең сөз бен де, қара сөзбен де берілген мысалдар арқылы ЖАСТАРҒА: ұйықтап жата бермей, ойнап уақытты құр өткізбей, жалқауланып өкініште қалмай, бірлікте жүруді; мақтағанға азбауды, ойнап болсын өтірік айтпауды; әркім өз ісін өзі атқаруы тиіс екендігін, бір нәрсенің пайда яки зарарына көзің жетпей тұрып жамандау мен мақтаудан сақтануды, орынсыз жомарттылық хақында, қанағатсыздықтың жамандығы, ақымақ кісілердің достығы ит пен мысық секілді бәсекеге толы болатындығын, үлкеннің сөзін тыңдамаған балалардың әлекке түсетіндігін қарапайым түрде ғана, күнделікті өмірде кезігетін мысалдар арқылы жас ерекшеліктеріне сай балаларды қызықтыра отырып, ұғынықты әрі түсінікті тілмен өмірлік жағдайлардан хабардар етеді [5, 28-46 б.]. Әрбір өлең мен шағын мысалдар бала санасында қатталып, өшпес өнеге, тәлім-тәрбие береді. Бұл ағартушының білімділігін ғана емес, тәжірибелігін де, оқулықтың жас ерекшелікке сай ескерілуі керегін де, ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауы бастауыш мектептегі оқу құралдарында жатқандығын да жете түсінуін көрсетеді.
Сөз түйінінде айтарымыз: Алаштың қайбір қайраткерін, қайбір арысын алып қарасаңыз да елінің болашағына бейжай қарамай, сол жолда бастарын бәйгеге тігіп, жанын аянбағанын көресіз. Көрсетушілер, домалақ арыздар толассыз болса да «өз елін» шексіз сүйді. Халықтың сауатын ашып, қазақ жастарының көптеп оқығанын көздеді. Мектептерді ашудан бастап, оның жай-күйі, оқытылудың сапасы, мұғалімдерді даярлау, әдістемелік көмек көрсетіп, қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазып, жаңа әліпбиді қалыптастырып, меңгертудің жолдарын үйретіп, талмай еңбектенді. Алаштың аяулыларына мәңгі қарыздармыз! Ұлыларды ұлықтау – сіз бен біздің басты парызымыз!
Ұлттық мектепті қалыптастырудың нобайы, түпқазығы Алаш ардақтыларының еңбектерінде жатқанын жете түйсінуіміз керек-ақ! Жаңашылдықтарды жаһаннан іздемей, жақұттарымыздың еңбектерін жаңғырта алсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Жаһандану заманында жұтылып кетемін демесең оқу-біліміңді, тәлім-тәрбиеңді түзе, Қазағым!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Оқулық. – Алматы, 2012. – 408 б.
2. «Қазақ» газеті. / Бас ред. Ә.Нысанбаев. // Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б.
3. Бес арыс. Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалары. // Құрастырған. Д.Әшімханов. – Алматы: Жалын, 1992. – 544 б.
4. Тұрысбек Р.С. Жүсіпбектану. – Алматы: Newbook, 2020. – 264 б.
5. Малдыбайұлы М. Иман һәм намаз яки мұсылмандық. Шығармалар жинағы. // Құрастырушы: Е. Тоқтарбай. – Астана: «Qyr balasy» ҚҚ, 2023. – 128 б.
6. Энциклопедия «Айқап». / Бас ред. Р. Нұрғалиев. // Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 366 б.
Қыран Алтай