Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Кеңес кезіндегі ұлт руханиятының құнсыздануы

575
Кеңес кезіндегі ұлт руханиятының құнсыздануы - e-history.kz

Қазақстанды кеңес кезіндегі әкімшілік басқару негізінен отарлау саясатын жалғастыру сипатта дамыды. Мысалы, әкімшілік басқаруда бастық және оның бұйрығын бұлжытпай орындаушы шенеунік ғана бар. Ол жерде қазақ ұлтына пайда тигізерлік тырнақтай әрекетке жол берілмейді. Барлық үлкенді-кішілі шенеуніктер осындай зиянды істен аулақ болуға тырысып өмір сүрді. Қазақ халқының мүддесін қорғайтын адам бұл жерде қызмет атқара алмайды. Ондай адамды аппаратта бір күн де ұстамайды. Мұндай жүйені қалыптастыру арқылы отаршылар өздерінің көзге көрінбейтін идеологиясы мен тәртібін орнатып, үстемдігін сақтады. 

Сондықтан болар, аппаратта аса өткір, ұлтшыл адам тұрақтамайды. Ол жерде өз ойын-пікірін айтып, дәлел келтіре алатын адамда құн болмайды. Аппаратта тіл алғыш, тапсырма орындағыш, көзге түспей өз жайымен жүретін адамдар ғана ұзақ отырады (Бекежан Тілегенов, «Тұйық өмірдің құпиясы», роман-толғау, «Дәуір». Алматы, 1992 ж. 36-б).

Жеке адамдардан арыз, шағым, өтініш, аз түспейді. Бір ғажабы сол арыздарға Орталық Комитет өзі тікелей жауап бермейді, ешқайсысын үлкен үйге шақырып, әңгімелеспейді. Арыз-шағымдарды келген жеріне қайтарады. Жергілікті басқару орны арыз иесіне ұрсады немесе шағымын қараған болып алдаусыратады. Ең соңында: «арыз иесіне бәрін түсіндірдік, тиісті шара қолдандық», - деп Орталық Комитетке жауап жазады. Сонымен арыз жабылады. Осылай жұмыс жүріп жатады. Ақыры ешкім ештемеге жауап бермейтін басқару жүйесі қалыптасады (Бекежан Тілегенов, «Тұйық өмірдің құпиясы», роман-толғау, «Дәуір». Алматы, 1992 ж37-б).

Сөйтіп, ұлттың тұрақты генофондындағы тексіздер мен жетесіздердің үлес салмағы өлшеусіз көбейді, керек десеңіз, басым көпшілікке айналды. ...Бүгінгі ел қамын ойлайтын бірлі-жарым алаш азаматтарын аяқтан шалған, төбеден ұрған, қайткен күнде өздерінің күйкі ой, теріс пиғылдарын күнделікті баспасөздерден – жоғары билікке дейінгі аралықта тоқтаусыз өткізіп отырған ұлтсыздықтың қуат-күші ең алдымен осындай жетесіздікте жатыр (Мұхтар Мағауин: Ұлтсыздану ұраны. «Алаш», Алматы – 2004. 57-58-бб). 

Билікке қолы жеткен қазақ отаршылға жағыну арқылы, қайткенде де жанын ғана емес, мансабын да сақтау амалына көшті. Бұрын жекеленген орын алған сатқындық енді жалпыға тән үйреншікті сыпатқа айналды. Міне, дәл осы кезде билікке жақын мемлекеттік қызметкер атаулының өз тұғырын нығайту үшін ойлап тапқан амалдарының бірі – төңірегіне топ жинау болды. Әлбетте, ойы келте, өрісі қысқа шенеунік пікірлес, тілектес іздемеді, жерлес, жемтіктес іздеді. Мүлде ұмытыла бастаған рулық ұжым аяқ астынан қайта тірілді (Мұхтар Мағауин: Ұлтсыздану ұраны. «Алаш», Алматы – 2004. 40-41 бб).

  Бұл жерде алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың: «...Орыстың жақсы жағын жаттауға еліктеу –дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігіне еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтықтан қашыртуға еліктеу–үлкен мін, кемшілік. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетіп, сақ болуы керек...», - деген өсиеті жайында қалды («Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл).

  Кеңестік отарлаушылар әлеми-қазақы мәдени үлгіні терең меңгерген, яғни, Алашорда өкілдерін атып тастады да, одан қалды икемге көнгіш, орта ой өкілдерін төбесіне көтеріп, алдына ас, екі қолын бос қойды (Марат Қабанбай, «Қазақ, қайда барасың?» 1995 ж. Алматы қ.47-б).

Күндер өте келе сырт пішімі ғана қазақ, іші славян-еуропалық - әлемдік менталитетке ыңғайлы экономикалық, мәдени, саяси, сен тұр мен атайын дүбәра тайпа қалыптасып үлгерді. (Марат Қабанбай, «Қазақ, қайда барасың?» 1995 ж. Алматы қ.25-б).

****

Яғни, кеңес дәуіріндегі орыстандыру ісі патша кезіндегі «ұлттар мен ұлыстардың бірігуі» (слияние нации и народностей) атты ұранды «халықтар достығы–интернационализм» деген желеумен жалғастырды. Мысалы, 1926 жылғы санақтың қорытындысы бойынша Кеңес Одағының жерінде 194 ұлт пен ұлыс өмір сүрген болса, қазіргі таңда солардан жойылып кетпей тірі қалғаны–101 ұлт. Қалғаны, яғни 50 пайызы Кеңес дәуірінде-ақ жоқ болып кетті.

  Көрнекті ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов өзінің «Рухани» кәмпеске» деген мақаласында: «...Аса қатерлі мәселенің бірі – қазақ елін жер бетінен тұтас жоғалтып жіберу, ол жайлаған ұлан-байтақ, бай өлкені босату үшін жоспарлы бағдарламалар да болған. Бұл, әрине, Ресейдің жеті қат жер астында сақталатын мемлекеттік құпиясы. Сондықтан ол құжаттарды ешқашан қолмен ұстап, көзбен көре алмаймыз»,- деп жазады («Парасат», 2001, №9, 19-бет). 

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары КСРО басшысы Н.С.Хрущев тарапынан әдебиет-өнер саласындағы жат пиғылдармен күресу жайында тапсырма болды. Осыны орындау үшін Кеңестік Қазақ Республикасының бірінші хатшысы, ұйғыр Исмайл Юсупов пен оның идеология жөніндегі орынбасары Нұрымбек Жандилдин екеуі 1959 жылы 15-19 маусымда Алматыда Қазақ КСР Ғылым академиясы қазақ әдебиеті мәселелеріне арналған ғылыми-теориялық конференция өткізді. 

Осы жиында Юсупов пен Жандилдин бірінен соң бірі баяндама жасап, қазақы таным мен байырғы ұлттық құндылықтарға құбыжық ретінде қарау деген қорытынды шығарып, бұл дүниелер әсіресе, өнер мен әдебиет саласында көрініс тапса, оны жасаған адам қатаң жазалануы тиіс дегенге тоқталады. 

Сөйтіп, қазақ ауыз әдебиетінің 100 томға жуық құнды туындылары партия шешімімен қоғамға зиянды деп танылып, оларды пайдалануға тыйым салынды. Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың, филолог Есмағамбет Исмайловтың, Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Ахмет Жұбановтың, Мәриям Хәкімжанованың кейбір туындылары кітапханалардан алынып тасталды. (Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих, тұлға, теория. — Алматы: «Кітап баспасы» ЖШС, 2004, 83 б).

Осы оқиғадан кейін қазақ руханиятын гүлдендірудің жалғыз жолы – оның түп-тамырын еуропалық мәдениетке алмастыру қажет деген шешімге келді. Жазушыларды ұлттық таным мен тарихи санаға соқтырмай, тек қызыл сөзді көпіртіп, көркем әдебиет жазуға жарыстырып қоя берді. Онымен қоймай арнайы (өндіріс, ауыл еңбекшілері, халықтар достығы т.б.) тақырып таңдап беріп, мол қаламақы төлеп, жазған-сызған дүниелерін қатаң бақылап отырды. 

Осылай бақылауға алынған ұлттық құндылықтар ақын-жазушылардың туындыларынан көрініс берген жағдайда, оларды бірінің үстінен бірі шағымдануға, яки, домалақ арыз-хат ұйымдастыруға жағыдай жасап, адам айтқысыз сатқындықтың қазақ зиялылары арасында қалыптасуына үкімет өзі орай туғызды.

Кеңес заманында қазақ халқының тарихи санасына серпін берген дүние–жазушы Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары еді. Осы туындылар жарық көрген жылдары республиканың әдеби-мәдени істеріне қатысты жауапты қызмет атқарған Бекежан Тілегенов былай деп жазады: «Есенберлиннің кітабы шыққан сайын іле-шала Орталық Комитетке жамандап келушілер де көбейе түсетін. Шынын айту керек идеология саласын басқаратын жауапты қызметкерлер оған ешқашан араша түскен емес. Қайта жаңағы іштарлық, көре алмаушылықпен жазушының ізіне шырақ алып түскен жазушылар тобына жаңағы партия қызметкерлері мен идеология жетекшілері де қосыла кететін...» (Бекежан Тілегенов, «Тұйық өмірдің құпиясы», роман-толғау, «Дәуір». Алматы, 1992 ж. 44-б).

«Есенберлин жыл сайын бір роман жазады. Оның тарихи романдары халық арасында тез тарап, жұрттың сүйіп оқитын жазушысына айналды. Осыны басқа жазушылар кешіре алмады. Сол себепті, оның туындыларын ұлтшылдықты, жат идеологияны уағыздаушы деп бетіне бастық. Оны жамандаушылар Орталық Комитеттің есігін босатпайтын. Сондағы негізгі айып: Есенберлиннің тарихи романдары бізге жат, қазақ әдебиетіне абырой әкелмейді, ескіні аңсайды, аса қауіпті кітап, бұл кітаптарды шығаруға болмайды деген пікірлер...» (Бекежан Тілегенов, «Тұйық өмірдің құпиясы», роман-толғау, «Дәуір». Алматы, 1992 ж. 70-б).

Тіпті үлкен жазушы Сәбит Мұқановтың өзі Есенберлин туындыларын қабылдай алмаған. Ол өзінің сөзінде: «Кенесары бүкілодақтық масштабта әшкереленген адам. Оның әрекеті Ресейге қарсы жүргізілді. Кенесарының іс-әрекетіне көзқарас біреу болу керек. Ендеше Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берген. Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұранын көтеріп жүр. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз» (Бекежан Тілегенов, «Тұйық өмірдің құпиясы», роман-толғау, «Дәуір». Алматы, 1992 ж. 133-б).

Қазақтың әдет-ғұрып дәстүрінен үрке қашу жалғыз Жандилдиннің ісі емес, жалпы сол дәуірде ел басқарған  қазақ азаматтарының, партия–совет қызметкерлерінің, жоғары орындағы шенеуніктердің әдеті еді. Тегіс шетінен еуропалық мәдениетке қол жеткізуге құлшынып, ұлттық дәстүрді, жалпы ұлттық қасиет ұғымды, өмірден, тұрмыстан, аластатып, еуропалық мәдениеттің биігіне көтерілуге атсалысты. Бұл заңды құбылыс еді. Кеше ғана кедей шаруа тегінен шығып, отызыншы жылдары халықтың маңдайалды жайсаңдары құрбандыққа шалынғаннан кейін сол орынға қолдары жеткен белсенді шенқұмар азаматтар қазақтың құндылығынан аулақ тұруға тырысты. Шүлдірлеп шала сөйлесе де, орысшалап, үйінде бала-шағасымен тек орыс тілінде тілдесті, елдің бас көтерер азаматтарының сиқы осындай болды.

Сөйтіп кадр мәселесінде адамның талантына, қабілетіне қарап бағаламайтын, оның партиялығына, тілалғыштығына қарап бағалау әдеті орнады. Сондықтан жоғары билікте іскер, талантты адамнан гөрі ортаңқол, жылпос, адамдар тез көтерілді. Сөйтіп, қоғамды өрісі тар, тоңмойын, саяз адамдар басқаратын болды. (Бекежан Тілегенов, «Тұйық өмірдің құпиясы», роман-толғау, «Дәуір». Алматы, 1992 ж. 40-б). Осылардың тәрбиесі негізінде туған жұртына жатбауыр жаңа бір этнографиялық топ, бәлкім, мүлде жаңа, басқа бір халық дүниеге келеді. Қазақтың өз ішінде (Мұхтар Мағауин: Ұлтсыздану ұраны. «Алаш», Алматы – 2004. 54-б). Нәтижесінде, Орта Азия түріктерінің аузынан «қара орыс» деген қарғыс алдық (Марат Қабанбай, «Қазақ, қайда барасың?» 1995 ж. Алматы қ.151-б). 

Осындай жойқын отарланудың кесірінен ұлттық мәдениет түгіл, ұлттық бет-бейнемізден айырылып қала жаздаған ұрпақ (потерянное поколение) болып табыламыз (Марат Қабанбай, «Қазақ, қайда барасың?» 1995 ж. Алматы қ.154-б).

Пәтер, кресло, тағы басқа бір күндік «игіліктеріміз» үшін өмірлік принциптерімізді оп-оңай сата саламыз. Ойдың ұлы бостандығы жоқ. Тек қу тіршіліктің жерден бауырын көтермеген жаяу жарысының байқұстығы бар. Сорымызға қарай, бұл сорпа бетіне шығар академиктен өле жатқан аспиранттымызға дейін ішіп келген у, әлі іше бергісі келді. Бұқара алдында көсемсіп, жұлқынып сөйлеуге бармыз да, құжырада қарның ашып жатып, бас қаңғыртып, ми шайқалтып, әлеми ойлау жоқ. Не байлықты, не кедейлікті көтере алмаймыз... Үстел басында кім қонжиып отырса, әлгіні дереу жарық дүниені шырқ үйірген Күн системасындай көріп, соны күргейлеп, қажымай-талмай арсалаңдап би билейміз. Мұның бәрі өмір бойы жарымаған тақыр кедейдің психологиясы. (Марат Қабанбай, «Қазақ, қайда барасың?» 1995 ж. Алматы қ.152-153 бб). 

Келесі бір келеңсіз оқиға. Ел басқаруға детдомда тәрбиеленген адамдардың тартылуы. Бұл баяғыда патша ағзам заманында жоспарланған екен. Бұратана халықтарды жоюдың тағы бір жолы – әке-шешесіз жетім балаларды пайдалану деп тапты. Төңкерістің алдында Жетісу өлкесінің генерал-губернаторы Колпаковский қырғыз-қазақтың барлық жетімектерін жинап алып, Ыстықкөлде, тағы бірнеше жерде мектептер ашып, орыс рухында тәрбиелеуді бастаған болатын. Бұл саясат Кеңес Одағы орнаған алғашқы жылдары қатты қарқын алды. 

Бұлғақ жылдары жетім қалған мыңдаған балалар мен кедейдің ұрпағын әспеттеп жүздеген детдомдар (жетімдер үйі) ашып, қазақ балаларын орысша оқытып, қазаққа қарсы тәрбиеледі. Арнаулы адамдар шығып, мыңдаған жетімектерді жинап-теріп алып келді. 

Детдомда тәрбиеленген бала үкіметтің айырықша «жақсы көретін» тұлғасы болып саналды. Тіпті осындай тексіздік мақтанышқа айналды. Детдом балалары жаппай билікке келді. Қазіргі ұлт руханиятының осыншама құлдырап кетуіне бұл адамдардың қосқан үлесі ұшан-теңіз. 

Бұл оқиға туралы кезінде Мұхтар Әуезов: «...қазақтың жетім балаларын оқытып, «ізгілік, миссионерлік» әрекетке пайдалану етек алды...» – деп жазыпты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?