Парламент Мәжілісінің депутаттары Айдарбек Қожаназаров пен Ардақ Назаров Ұлттық музей қорына Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлының қылышын тапсырды. Құнды тарихи жәдігерді музей директорының міндетін атқарушы Берік Әбдіғалиұлы салтанатты рәсіммен қабылдап алды
«Ұлттық музейдің негізгі миссиясы – тарихи жәдігерлерді жинау, толықтыру, халыққа жеткізу, сақтау. Жанашыр азаматтардың қолдауымен сыртқа кеткен кұнды жәдігерлерді елге қайтару, халықпен табыстыру жұмысы музейде жолға қойылған. Бізде біраз сондай заттар бар. Алда олар жайлы сыр шертетін жинақ шығарамыз. Өз қаражатымен музей қорын толықтыруға үлес қосқан азаматтардың тізімін, былайша айтқанда, «Алтын кітабын» дайындауды бастап жатырмыз»,-деді музей басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
Жанқожа Нұрмұхамедұлының қылышы – ХІХ ғасырға тиесілі жәдігер. Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров тарихи құнды жәдігерлерді музейге тапсырудың маңызы туралы айтты.
«Бірнеше уақыт бұрын маған атақты Жанқоша батырдың қылышын сатып алу бойынша ұсыныс келіп түсті. Аз қаражат емес, біраз ойлануға тура келді. Кейін әйтеуір бір келісімге келдік. Кәдімгідей ресми құжаты бар жәдігер. Қылыштың бір жағында «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге саурат (сыйлық)», екіншісінде «Созақ, 1845 жыл» деп жазылған. Содан не керек, ұлт-азаттық көтерілістің басында жүрген бабамыздың алмас қылыш семсерін бір-екі адам қызықтап отырғаны дұрыс емес, тұтас елге ортақ болсын деп Ұлттық музейге табыстап жіберген едік…Арада 3 күн өткен соң ойламаған жерден Қазалыға келемін. Ал Қазалы деген батыр бабамыздың туған топырағы, мазары да осы ауылдың төңірегінде…Енді осы қылыш Астанадағы Ұлттық музейдің төрінде тұрады. Міндетті түрде барып көріңіздер. Қысқасы батыр бабамыздың мұрасы бөтен елде қалмай, туған жердің топырағына оралды» деді Айдарбек Асанұлы.
Айта кетейік, Жанқожа Нұрмұхамедұлы - Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. 1774 жылы Қызылорда облысы, Қазалы төңірегінде дүниеге келген. Ол Кіші жүз Әлімұлы тайпалық бірлестігінің Кішкене Шекті руынан шыққан. Атасы Киікбай батыр кісі болған. Ол туралы Елекей Қасымовтың 1847 жылы Жанқожа батырға жазған бір хатында: «Менің атам Әбілқайыр хан болған кезде сенің атаң Киікбай оның батыры, әрі биі болды. Сол кезде екеуі бірігіп Сырдария өзенінің бойында көшіп-қонып жүрген қарақалпақтарды Хиуаға, Ырғыз бен Торғайды жайлап алған қалмақтарды қытай жерлеріне қуып тастап еді, біздің осы жерлерді еркін жайлап жүргеніміз – солардың арқасы», деп айтылған.